Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 3832 0 пікір 4 Қазан, 2012 сағат 09:22

ҚАСИЕТТІ АСТЫ ҚОРЛАУ ЕМЕС ПЕ?!.

Газетіміздің (6 қыркүйек, 2012 жыл) №36 санында ойлы оқырманымыздың «Ұлттық асымызды әжуаға айналдырып...» деген шағын мақаласы жарық көрген болатын. Еліміздегі телеарналардың ұлттық тағамымыз - етті «бесбармақ» немесе «бешбармақ» деп әжуаға айналдырғаны туралы ашына жазған автор қазақтың тұрмыс-салтынан, әдет-ғұрпынан хабары жоқ телеарна тілшілерін түйреп өткен. Осыдан кейін телеарна басшылары қателігін мойындап, сыннан нәтиже шығарар деп үміттендік. Салғырттық па, әлде самарқаулық па, әйтеуір телеарна тілшілері астың үлкені - ет тағамын бірде «бесбармақ», бірде «бешбармақ» деп айтудан жаңылар емес.

Сорақысы сол, басқаларды айтпағанда, қазақтілді тілшілердің өзі ата-бабаның қасиетті асын «бесбармақ» деп кекетіп тұрғанын қалайша білмейді? Қазақ қашан ұлттық асын - «бешбармақ» деп атаған? Бұл біздің қазақ болғалы тұрмыстық өмірімізде мүлдем ұшыраспаған атау ғой. Ендеше, сөздің парқын түсінбейтіндердің іс-әрекетін неге жатқызамыз?

Газетіміздің (6 қыркүйек, 2012 жыл) №36 санында ойлы оқырманымыздың «Ұлттық асымызды әжуаға айналдырып...» деген шағын мақаласы жарық көрген болатын. Еліміздегі телеарналардың ұлттық тағамымыз - етті «бесбармақ» немесе «бешбармақ» деп әжуаға айналдырғаны туралы ашына жазған автор қазақтың тұрмыс-салтынан, әдет-ғұрпынан хабары жоқ телеарна тілшілерін түйреп өткен. Осыдан кейін телеарна басшылары қателігін мойындап, сыннан нәтиже шығарар деп үміттендік. Салғырттық па, әлде самарқаулық па, әйтеуір телеарна тілшілері астың үлкені - ет тағамын бірде «бесбармақ», бірде «бешбармақ» деп айтудан жаңылар емес.

Сорақысы сол, басқаларды айтпағанда, қазақтілді тілшілердің өзі ата-бабаның қасиетті асын «бесбармақ» деп кекетіп тұрғанын қалайша білмейді? Қазақ қашан ұлттық асын - «бешбармақ» деп атаған? Бұл біздің қазақ болғалы тұрмыстық өмірімізде мүлдем ұшыраспаған атау ғой. Ендеше, сөздің парқын түсінбейтіндердің іс-әрекетін неге жатқызамыз?
Күз - телеарналардың жаңалық енгізетін шағы. Қазір әрбір телеарна жобаларын жарнамалауға кірісіп кетті. Әдеттегідей отандық телеарналардың жаңа маусымға дайындаған өнімдерінің көпшілігі ойын-сауық һәм жеңіл-желпі бағдарламаға негізделген. Мәселен, «Жетінші арнада» «Қуырдақ» скетч-шоу, ал «КТК»-да «Бешбармақ-шоу». Жарайды, мұндай жеңіл-желпі бағдарламаны ұлттық тағамымыздың атымен атағандары үшін кінәлаудың реті жоқ шығар. Әрине, біздің кез келген телеарнаның саясатына, ішкі асханасына бас сұғуға оншалықты қақымыз жоқ. Бірақ та бұл телеарналар миллиондаған көрерменге хабар таратады ғой. Дүйім жұрт көк жәшіктен өзіне керектісін азық ретінде алатынын ескерсек, керісінше оларға кері тәрбие беріп, санасын улап жатқан жоқпыз ба? Әр елдің, әр телеарнаның, тіпті әрбір адамның да өз ұлтына, тіліне деген құрметі болу керектігі сөзсіз. Сонда біздің ұлттық асымызды «бешбармақ» деуіміз құрметке лайық атау ма? Тіпті, телеарна қызметкерлерінің шолақ тіліне «Сыбаға-шоу» деген тіркес неге оралмады екен деп те ойлайсың. Әрбірден соң, біз ауызекі тілдің өзінде «Қазанда «бешбармақ» қайнап жатыр ма?» деп айтпаймыз ғой. Кез келген қазақ «Ет асып жатырсыз ба?» немесе «О-о, буы бұрқырап ет қайнап жатыр екен ғой...» дейді марқайып. Ал біреу-міреу өзбектің ұлттық асы - палауды бұрмалап, басқаша малау-жалау деп айтып көрсінші. Сол мезетте хаммасы оның кәлласын жұлып алудан тайынбас еді. Ал біздің марғау, бойкүйез қоғамға бәрібір.
«Бешбармақ-шоудың» алғашқы көрсетілімін қарадық. Бұған қатысуға ниет білдірген адам ет тағамын әзірлеуден сайысқа түсетін көрінеді. Яғни, ұлттық асымызды дәмді дайындаудың құпиясын ашатын қонақ ет қайнатып, жайма жаюы керек. Ал тағамды бағалау үшін мейрамханалардан арнайы аспазшылар мен шоу-бизнестің өкілдері мен қоғам қайраткерлері шақырылады екен. Сол қазылардың ішінде қасқайып отырған М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының директоры Есмұхан Обаев мырзаны көрдік. Ол алдындағы еттің дәмін татқан кезде «Шіркін, қазақтың «бешбармағына» жететін ас жоқ қой», - деп салғанда көптеген көрермен өз құлағына өзі сенбеді. Басқа-басқа, ұлттық асымызды «бешбармақ» деу Есмұхан ағадай белгілі азаматқа жараса ма? Шыны керек, біз Есмұхан ағадан басқаны күткен едік. «Бұл кісі көпті көрген, оқыған-тоқыған зиялы азамат. Не де болса, ұлттық асымызды әжуаға айналдырып жүргендердің меселін қайтаратын осы кісі болар» дедік өзімсініп. Өкініштісі сол, Есмұхан аға күллі көрерменнің алдында «бешбармақ» деп аузын толтырып, бірнеше мәрте қайталағанда үкілі үмітіміз су сепкендей басылды. Қазақтың білдей зиялысы осылай деп отырса, басқадан не үміт, не қайыр?!
Есмұхан Обаев ағамыз сонау зұлмат жылдары Қазақстанды басқаруға келген Ф.Голощекиннің Орталық Комитетке: «Қазақтар етті көп пайдаланады екен және қолымен жейді. Сондықтан да оны «бесбармақ» деп атайды екен», - деп есеп бергенін бізден жақсы біледі. Миллиондаған қазақтың қынадай қырылуына мүдделі болған империялық күш бізді жабайы халыққа теңегісі келді. Қазақтың ұлттық тағамын мазақ ету ойымен «Бешбармақ» деген атау­ды мәңгіге қалдырып кеткен де сол Ресей отаршылары. Әр қазақ кірпияз, көбісі бес уақыт намазын қаза етпейтін, дәрет алып, алдыға дәм келерде қолы-басын ыждағатпен шаятынына қарамай, «Қазақтар ешқашан жуынбай, тағамдарына қол салып, қоғамайлана жей береді» деген көргенсіз әңгімелер де сол заманда айтылған. Міне, отаршылдықтан қалған сарқыншақ атау өмірімізге дендеп бара жатқаны соншалық, бұрын еліміздің мейрамханалары мен дәмханалары ас мәзіріне «Қазақша ет» деп жазса, қазір жаппай «бесбармақ» деп атауға көшіп кетіпті. Осы тұрғыда еске түседі, 2000 жылы айтыскер ақын Қонысбай Әбіл Астанадан мейрамхана ашып, оған «Бешбармақ» деген ат берген кәсіпкерді сотқа дейін сүйреген еді. Оған марқұм Ақселеу Сейдімбек, профессор Қойшығара Салғара ағаларымыз араласып, мейрамхананы «Бешбармақ» деп атауға жол бермеген-тұғын. Сондағы Ақселеу Сейдімбектің: «Бешбармақ» деген қазақты кемсітіп, қорлап айтылған сөз. Бұл «калбит» деген сөздің екінші баламасы. Орыс отаршылары бізді мәдениетсіз, қалай тамақ жеуді білмейді, көрсоқыр, надан деп, етті қолмен жегеніміз үшін осылай келекелеп атаған. Бұндай отаршылар енгізген итаршы сөз Астананың төрінде тұрғаны құлдықтың айқын белгісі» деген пікірі біраз жанға ой салғаны жадымызда. Осыны біле тұра, Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында 200 келі ет асып, әлемдік Гиннес кітабына «қазақша ет» емес, «бешбармақ» атымен кіргенімізді қалай түсінеміз?
Оған ең алдымен, телеарнаның сауатсыз, тілбұзар тілшілері кінәлі. Ал олардың жіберген өрескел кемшілігін бетіне басып, күллі қазақ халқын келемежден құтқаруға тиіс әлгіндей зиялы қауым өкілдерінің де ойланбайтындығына опынудан басқа амал бар ма?

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

"Түркістан" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053