Смағұл Елубай: Президентті сақтау – мемлекетті сақтау
Белгілі жазушы, кинодраматург Смағұл Елубай «Аlmaty» телеарнасына берген сұхбатында осылай деді деп хабарлайды Abai.kz.
Украинадағы қазіргі жағдайға және елімізде қаңтар айында орын алған оқиғаларға қатысты өз ойын ортаға салған қаламгер бұл жағдайлардан сабақ алуымыз керек екенін баса айтты.
«Украина Қазақстан сабақ алатын төбе көрсетті. 25 ақпанда Ресей әскері Украинаға басып кіргеннен кейін күллі украин халқы, олардың танымал басшылары бәрі бір адамға айналып кетті. Бәрі бір тудың астына жиналды. Бұл – бізге сабақ болатын ғажайып үлгі. Тарихтың өзі Қазақстанның ертеңінде болатын сынақта бір жұдырықтай қалай жұмылу керек екенін осы соғыс көрсетті», - деді жазушы.
Сондай-ақ, ол еліміздің Украина мен Ресей арасындағы шиеленіске араласпаған шешімінің оң болғандығын алға тартып, «Біз абырой болғанда Украинадағы соғысқа араласқан жоқпыз. Қасым-Жомарт Тоқаев араласудан бас тартты. Сондықтан, оған сұмдық қысым болды деп ойлаймын. Содан кейін бізде қаңтар оқиғасы орын алды. Сол қаңтар оқиғасында оның негізгі қозғаушы күші қарапайым қазақтың кедейленген жастары болды», - деді Смағұл Елубай.
Ол осы орайда, жаңа Қазақстанның басты жауы – жұмыссыздық екенін, ал оның соңы тапқан-таянғаны күнделікті ас-суы мен пәтерақысына жетпей жүрген жастардың көшеге шығуына, сосын оны басқа күштердің өз мүдделеріне пайдалануына әкелгенін айтты.
«30 жылға созылған жоқшылық, жұмыссыздық, қазақтың жастарын көшеге айдап шықты. Қазір жаңа Қазақстанның жауы жұмыссыздық деп білемін. Ағайындар, екі миллион жасың жұмыссыз жүрген болса, жаңа Қазақстан болмайды. Кез келген уақытта олар қайтадан көшеге шығады. Сондықтан жұмыссыздықпен жаппай күрес жүруі керек», - деген ол қаңтар оқиғасы кезінде егер Президент Ақорданы тастап шыққанда елімізде шын мәнінде майдан орын алып, ол кландардың қақтығысы мен азамат соғысына алып келер еді деді.
«Мемлекет басшысы шұғыл шешім қабылдап, соның арқасында Көк туымыз құламай аман қалды. Құдай бізді сақтады. Ендігі жерде жұмыссыздықты, жемқорлықты жеңуіміз қажет. Содан кейін жаңа Қазақстан басталады. Оның бәріне шыдам керек. Актердан Президентке айналған Зеленскийге бұрын жұрт күлуші еді. Ал мемлекеттің басына күн туған кезде сол Зеленский батыр болып шықты. Өйткені, ол дұрыс бағытты ұстанды. Киевтен қашқан жоқ. Осы жағдайда жұрттың бәрі оның қасына жиналды. Дәл қазір Зеленскийді сақтау Украинаны сақтаумен бірдей болып қалды. Қазақстан дәл сондай жағдайда тұр. Алдымызда дәл сондай күн тууы да мүмкін. Ендеше, Президентті сақтау – мемлекетті сақтау. Ол көк тудың төңірегіне топтасумен бірдей. Ата-баба аманаты сол кезде ғана ақталады», - деп түйіндеді Смағұл Елубай.