Қазақстан халқы Украинаға гуманитарлық көмек жіберді
11 наурызда таңертең астанадан 40 тонна гуманитарлық жүк тиелген екі фура Украинаға аттандырылды. Украина елшісі Петр Врублевскийдің сөзіне қарағанда, жүк көлігінде азық-түлік, дәрі-дәрмек және өзге де қажетті заттар бар.
Ол Украинаға көмек акциясына өте көп адамның үлес қосқанын айтып, қазақстандықтарға алғыс білдірді.
Елшілік өкілдерінің айтуынша, бұл Қазақстаннан Украинаға құрлық үстімен жіберілген алғашқы гуманитарлық көмек. Бұған дейін шамамен 25 тонна жүк тиелген борт ұшақ арқылы Украинаға жеткізілген.
Жүк көліктері Әзербайжан, Түркия, Грузия, Болгария, Румыния арқылы Украинаның Киев облысына жеткізілуі тиіс.
"Петропавл, Өскемен, Қарағанды, Ақтау, Атырау, Қызылорда, Алматы және өзге өңірлерден ғана емес, Қазақстанға жақын елдердегі азамататтар да үлес қосып жатқанына қуандық. Бізге көмек береміз деп Қытайдан жазды. Ресей, Беларусь сияқты оннан астам елден азаматтар жауап қатты" дейді еріктілердің бірі Рахымбек Әбдірахманов.
Еріктілердің айтуынша, Қазақстан бойынша "Ел болашағы" бастамасы арқылы 150 млн теңге жиналған. Оған негізінен дәрі-дәрмек, мерзімі өтпейтін тамақтар сатып алынған. Ол бойынша есеп келесі аптада толық жарияланады. Он мыңдаған адам дәрі-дәрмек, гигиена заттары, балалар киімі, аяқ киім сияқты заттар әкелік көмектескен. Он мыңдаған адам ақша жіберген.