Ресейдегі қандастарды неге ұмыттық?
Ресей мен Украина арасындағы соғыстың жүріп жатқанына да екі аптадан асты. Әлгінде Астрахан аймағының тумасы Арман Қасымұлы Нарымбаев деген жігіт сол соғыста қаза тапты.
Бұл жайында аймақ басшысы баспасөз хабарламасында сөз етті. Ресейдегі қандастарымыз бұл Путин билігі кезіндегі бірінші қаза емес деп отыр. Олар: «Ресейдегі ата-баба жерінде тұрып жатсақ та, 30 жылдан бері Тәуелсіз Қазақ өкіметі бірде-бір рет біздің ұлттық құқығымызды қорғаған емес», - деп зар қағады.
Қазақтар шоғырланған өңірден әскерге шақырылып, Украин әскерилерінің қолына тұтқынға түскен 19-20 жастағы қос қазақтың әлеуметтік желіде бейнебаяны да жарияланды. Селт екткен ешкім жоқ.
Неге біз Алматы мен Нұр-Сұлтандағы Ресей елшілігі алдында пикет жасап, Ресейдегі өз ата-бабаларының жерінде тұрып жатқан қазақтардың бұл соғысқа қатыспауын талап етпейміз?.. Таяқиясын басқаша өзгерткен «Аманат» нағыз мемлекетшілдік рухтағы партия болса, осы мәселені неге қолға алмайды? Неге Ресейдегі қандастарымыздың амандығына сұрау салмайды?
Еліміздегі өзге саяси қозғалыстар Ресейдегі қандастарымыздың зарына неге құлақ аспайды? Сонда олар ешкімге керексіз жандар ма деген сауал көңілді тырмалайды. Олар армияға барудан бас тартып, түре көтерілсе, «Отанына опасыздық жасады» деп жазаға тартатындығын алға тартып, Қазақ елінен дәрмен күтіп отыр. Біз Ресейдегі қазақтарды неге ұмыттық? Оларды әділетсіз соғыстың құрбаны болудан қорғай аламыз ба!?
Әбіл-Серік Әліакбар
Abai.kz