Ғылым деп уды жегізді...
немесе қазіргі мектеп оқулығындағы олқылықтар туралы
Сөздің ең ұлысы,
ең сипаттысы – тарих
Ахмет Байтұрсынұлы
Елдің елдігін сақтайтын –
әдебиеті, тарихы, жол-жорасы.
Мағжан Жұмабаев
ҚР Білім және ғылым министрі
А.Аймағанбетовтың назарына!
Тарих ғылымы барлық ғылымдардың ішіндегі ең сипаттысы, ең ұлысы. Әр халық өз тарихын біліп, одан сабақ алып, бүгінін бүтіндейді. Бүгіні бүтін елдің келешегі кемел болмақ. Тарих барлық ғылымдардың төресі ғана емес, ол бүтін бір мемлекеттің, ұлттың ұлттық идеологиясын қалыптастырушы басты фактор. Олай болмаса ол халық болашаққа бағдарсыз көш бастағанмен бірдей болмақ. Ал ондай елдің келешегі кемел, ұлттық идеологиясы айқын деп кім айта алады?
Ахмет Байтұрсынұлы: «Сөздің ең ұлысы, ең сипаттысы – тарих»дейді. Мағжан Жұмабаев: «Елдің елдігін сақтайтын – әдебиеті, тарихы, жол-жорасы», - деп, көрсеткен. Дегенмен, сөздің ең ұлысы, ең сипаттысы болатын, елдің елдігін сақтап, болашаққа бағдар беретін ол қандай тарих? Жалпы жазылған тарихты елдің елдігін сақтап, болашаққа дұрыс бағдар бере алады деп айта аламыз ба? Әрине жоқ. Ал, Алаш зиялылары көксеген қай тарих? Қазіргі қазақ тарихы, әсіресе мектеп оқулықтары Ахметтер айтқан сөздің ең ұлысы бола алды ма, немесе ұлттық идеологияның негізі бола алды ма? Енді осы сауалдарға жауап беріп көрейік.
Қазіргі біздің тарихымыз, әсіресе мектеп оқулықтарында ұлттық тарихымыздың қоғамдық дамуды жеделдетуге тигізер зор ықпалы мен тарихтың тәлім-тәрбиелік мәні, мақсаты көрсетілмеген. Сол секілді мектеп Қазақстан тарихы оқулықтарында ұлттық тарихымыздың теориялық-методологиялық негізі болатын төл дереккөздерден мәліметтер келтірілмеген. Ал, ұлттық дереккөздер мен ұлттық идеология, ұлттық таным тұрғысынан жазылмаған тарихты қалайша тәлім-тәрбиелік мәні бар тарих деп айта аламыз?
Сондықтан да ұлттық таным мен ұлттық идеология тұрғысынан жазылмаған оқулықтар оқушылардың бойында тарихи сана, ұлттық рух, қазақы мінез қалыптастыра алмасы анық. Өйткені ол оқулықта тарихты оқудағы негізгі мақсаты айқындалмаған.
Мәселен Жалпы білім беретін мектептің 10 сыныбына арналған авторы Джандосова З.А. жазған Қазақстан тарихы оқулығында: «Шыңғыс хан империясы және оның мұрагерлері» Шыңғыс ханның дүниежүзілік тарихтағы рөлі» атты §31 параграфында: «Моңғол шапқыншылығының басталуы», «Моңғолдар Қазақстан аумағында», «Моңғолдар басқыншылығының жалғасуы» сияқты тақырыпшалар бар.
Сол секілді «Қазақстан аумағында ұлыстық жүйенің дамуы» атты §32 параграфында: «Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан моңғол дәуірінде» атты тақырыпшада былай жазылған: «Жетісу Жошы, Шағатай және Үгедей ұлыстарының түйіскен жерінде орналасқан. 1260 жылы империяда тақ үшін күрес басталған кезде Жетісу моңғол және түркі тайпалары жинақталған орынға айналды. Бұл өлкедегі қалалардың және отырықшы-егіншілік мәдениеттің толықтай құлдырауына әкеп соқты. Моңғол шапқыншылығы кезінде зардап шекпеген қалалар өзара соғыстар кезеңінде апатқа ұшырады. Жетісу таза көшпелі аймаққа айналды. Сырдария бойындағы қалаларға (Түркістан қалалары) келетін болсақ, олар моңғолдардың шапқыншылығы кезінде зардап шеккен еді. Отырар мен басқа қалалар қиратылды.» делінген.
Бұл жерден нені байқауға болады? Әрине халқымызды қынадай қырып-жойған кеңестік қызыл империяның ұлттық хандарымыз бен ұлтқа қорған болған батыр бабаларымызды халық жауы деп, өз тарихын өзіне жиіркенішті етіп көрсеткен советтік идеологияны анық байқауға болады.
Кеңес үкіметінің өзге ұлттар мен ұлыстарды қырып жойып, бас көтерген зиялы қауымын атып-асып, жойып жібергеннен кейін, ұлтсыздандырудың ендігі саясаты идеологиялық тұрғыда қатты жүргізілген болатын. Оның айқын дәлелі – ұлтты ұлт ретінде сақтап қалатын тарихи сана мен ұлт руханиятына қарсы бағытталдығы еді.
Әріге бармай-ақ қазақтың соңғы ханы хан Кененің ұлт тарихындағы тәуелсіздік күресін тарихи шындық негізінде жазған тарихшы Е.Бекмахановтың сотталу себебінен де қазақ халқына өз ұлттық хандарын оқытпау, оларды халық жауы ретінде санап ұрпаққа жиіркенішті көрсету саясатын аңғаруға болады.
Ұлттық тарихымызды бұрмалап, хандарымызды ұрпаққа құбыжық етіп көрсеткен кеңестік идеологияның негізгі қайнар көзі болған бес томдық Қазақ ССР тарихы IV тарау «Қазақстанды маңғолдардың жаулап алған дәуірі» §7 «Қазақстанның маңғол езушілігінің кезіндегі шаруашылығы және оның тайпаларының қоғамдық қарым қатынастары» атты параграфында: «Маңғолдар жаулап алған облыстардың астан-кестеңін шығарды, оларды сансыз шығынға ұшыратты. Маңғолдар Орта Азия мен Қазақстанның көп қалаларын, соның ішінде Сырдария бойындағы қалаларды да, қиратып жіберді», «Қазақстанның көшпелі аудандары да бүліншілікке ұшыраған», «Бұл көшпелі аудандарда өндіргіш күштер қатты кеміп кетті. Көптеген малды жаулаушылар тартып алды» делілген.
Енді екі оқулықты салыстырып қарасақ, жалпы білім беретін мектептің 10 сыныбына арналған авторы Джандосова З.А. жазған Қазақстан тарихы оқулығында: «Моңғол басқыншылығы», «Моңғол шапқыншылығы», «Моңғолдардың шапқыншылығы кезінде Сырдария бойындағы қалалардың зардап шеккені» т.б. жазбалары ұлт тарихына қарсы жазылған Қазақ ССР тарихындағы: «Маңғол басқыншылығы», «Маңғол шапқыншылығы», «Маңғол шапқыншылығы кезінде Сырдария бойындағы қалаларды да қиратып жіберді» дегенін айныптпай қайталап тұрғанын аңғаруға болады.
Бұл нені білдіреді? Бұл - қазіргі Қазақстан тарихының, әсіресе мектеп оқулықтарының кеңестік идеология тұрғысынан әлі де арыла алмағандығын аңғартады.
Осылайша жалпы білім беретін мектептің 10 сыныбына арналған Қазақстан тарихы оқулығының теориялық-методологиялық негізі ұлт тарихына қарсы бағытталған кеңестік идеологияға негізделгендігін аңғартып тұр.
Алаш алыбы М.Дулатұлы: «Тарих ғылымында қанша тарих жазушылар шығып, қанша кітап жазып шығарды. Солардың арасында қазақтың асылын анық қып айтқаны жоқ. Арапша, түрікше, орысша біз көрген кітаптарда қазақ турасында жазылған сөздердің бәрі де хақиқатқа харап, шіп-шикі өтірік. Қанағат табарлық ешбір сөз жазылған жоқ.»,- /М.Дулатұлы. Шығармалары. 2-том. - Алматы: Мектеп, 2003-61 б./ дейді.
Яғни, біз туралы жазылған өзгелердің тарихын осылай деп көрсеткен еді. Арапшасын да, орысшасын да, түрікшесін де түгелімен өтірік, деп, қазақтың асылын анық қып жазған деп ешбірін айтпаған. Бұл жерден байқайтынымыз әр ұлттың өз төл тарихын өз ұлттық мүдде тұрғысынан қарап, ұлттық сана елегінен өткізіп жазуы керек. Сонда ғана әр елдің шынайы тарихы жазылады. Бұл жөнінде орыс тарихшысы В.О.Ключевски: «Қоғамның саяси-әлеуметтік құрылымы, оның толып жатқан проблемалары бөгде елдік зерттеушіге толы көріне бермейді, көрінген күннің өзінде ол басқа көзқарас пен өзгеше өлшем тұрғысынан бағаланады» дейді.
Ал, бізде қалай? Революцияға дейін ұлт тарихын П.И.Рычков, А.И.Левшин, Н.Н.Постухов, Н.А.Катанов, Н.А.Аристов сияқты орыс тарихшылары жазса, кеңес заманының алғашқы жылдарында В.В.Бартольд, Б.Я.Владимирцев, Б.Д.Греков, С.И.Руденко, А.Б.Чулошников сынды бөгде елдің зерттеушілері жазған болатын. Ал, көптеген отандық тарихшылар отарлық-империялық көзқарас негізінде жазылған аталған авторлар еңбегіне сүйеніп, олардың деректеріне сілтеме көрсетуден аса алмай отыр.
Белгілі кәсіпқой тарихшы Қ.Атабаев оның мынадай себептерін көрсеткен: «Біріншіден жерлестеріміздің империялық пиғылдан айырыла қоймаған белгілі бір тобы өздерінің қазақ жерінде өмір сүріп жатқандықтарын, сол халықтың тілін, тарихын білулері керектігін мойындағылары келмейді. Сондықтан сол топтан шыққан тарихшылар үшін бет-бейнесі белгісіз, бәріне де ортақ, қандай деректерге сүйеніп жазсаң да, қай тілде жазсаң да бола беретін Қазақстан тарихы туралы жазған тиімді. Екіншіден, белгілі бір әлеуметтік топтың өкілі болып табылатын, қазақ тарихшыларының бір бөлігі өз тілінде оқи да, жаза да білмейді. Демек, төл тума деректерімізді дереккөзі ретінде пайдалана алмайды. Сондықтан олар Қазақстан туралы орыс тілінде пайда болған деректер негізінде, сол тілде еңбектер жазып, ғылыми атақ-дәрежеге ие болды және ие болуда.» /Қ.Атабаев. Реформа жасалмай, отандық тарих оңалмайды.Қазақ тарихы №1. 2007-8 б./ дейді.
Тарихшы Х.Әбжанов: «Қазақ – тарихқа айрықша мән берген халық. Шежіре тарқату, бай ауызша әдебиет, музыкалық фольклор, тастағы таңбалар мен жазулар бәрі ұлттық тарихымыздың теориялық-методологиялық негізіне кірпіш болып қаланғаны абзал. Қазіргі жастар, әсіресе орыстілді Тойнбиге, Попперге, Фукуямаға т.б. Шетелдік белгілі авторларға жүгінуге, сілтеме жасауға құмар-ақ. Білмесін демейміз, білсін. Бірақ тарих тәрізді таза ұлттық ғылым бөтеннің теориясы мен методологиясына көне бермейді ғой» / Х.Әбжанов. Тарихымыз ұлттық нұсқада дәйектелсін. Қазақ тарихы №3,2007-10 б./ деп, тарих ғылымы бөтен теория мен методологияға көне бермейтіндігін жазған болатын.
Парсы жұрты табынып келген зороастризм дінінің қасиетті кітабы «Авеста» (б.з.д. ІІІ ғасырда көне парсы тілінде хатқа түскен) өздері Афрасиаб деп атаған Алып Ер Тоңаны парсыларға қарсы жау ретінде көрсетіп отырады. Тіпті, ұлы ақын Фирдоусидің «Шахнамасында» да Афрасиаб парсы жұртының жауы ретінде суреттелді емес пе?... «Авеста» мен ортағасырларда жазылған «Шахнамада» Афрасиаб тұлғасын ирандықтар өз таным тұрғысынан бағалауына түсіністікпен қараған жөн. Өйткені, олар Алып Ер Тоңаны өз Отаны мүддесі тұрғысынан қарап жырлаған. Ал Алып Ер Тоңаны түрік ақыны Жүсіп Баласағұни «Құдатғу білік» дастанында бұл танымға қарама-қарсы бағытта, Тұран елі түрғысынан асқақтата жырлаған. / М.Мырзахметұлы. Түркістан Тараз арасы...Астана: Білге, 2002 ж. «Тұранның ұлы қағаны».159-162-бет./
Хазарлар туралы жазатын орыс зерттеушілері, соның ішінде біз еңбегін сөз етіп отырған С.А.Плетнева, тарихи оқиғаларды баяндағанда мұсылмандық жағдайдан шала-пұла баяндап, христиан мен иудейлер дініне іш тартатынын жасыра алмайды. Мәселен, араб әскерінің қолбасшысы Мерван 735 жылы Хазарияны жеңгеннен кейін қағанға «мұсылмандыққа өтіңдер» деп талап қойыпты, қаған бұл талапты қабыл алып, мұсылман болыпты. Осы жағдайды С.А.Плетнева хазар қағанның намысын аяққа басқандық деп сипаттайды; ал Хазария елін бір жағы Византия екінші жағы еврейлер өз уысынан шығармау үшін жасаған әрекеттерін табиғи құбылыс деп қарайды... М.И.Артамонов еңбегінде көне араб, Византия, армян, еврей мәнберлеріне табан тірей отырып, Еділ мен Қара теңіз арасында кезек дәуірлеген ғұндар, аварлар, болгарлар, хазарлар бірлестіктері мен мемлекеттері жаында пікір өрістетеді. Бұл кітаптың пайдалы жақтарымен қатар сын көзімен қарауды керек ететін жерлері де бар. Мәселен, М.Н.Артамонов тілге тиек еткен Хазария қағаны Иосифтің Испания алпауыты, еврей Хасдаймен өзара жазысқан хаттары делінген «құжаттардың» да күмән туғызатын жерлері аз емес. Ал, Византия, Армения тарихшыларының пікірлері көбінше христиан дінінің мүддесі тұрғысынан берілген. М.Н.Артамонов зерттеуінде мұсылман мәнбелері (источниктері) тым жұтаң пайдаланылған. /Р.Бердібай: Бестомдық шығармалар жинағы. 2-том. Алматы Қазығұрт. 2005 ж. «Хазария қасіреті» 75-76-77-бет./
Бұл мысалдарды неге келтірдік. Өйткені кез-келген ел өз тарихын өз ұлттық мүддесі тұрғысынан жазғанда ғана өзінің шынайы тарихы жазылады.
Міне осындай шынайы тарихымыз ғана Алаш зиялылары Міржақып, Мағжан, Ахметтер айтқандай: «елдің елдігін сақтайтын», «сөздің ең сипаттысы мен ұлысы» болмақ.
Академик тарихшы М.Қозыбаев қазақ тарихын жазуда халқымыздың рухани дүниесі, бай мұрасы – ауыз әбебиеті, шежіресі, жыр-дастандарын айрықша атап: «Ендеше ауызша тарих айту дәстүрінсіз, шежіресіз қазақ халқының тарихын жасау мүмкін емес»-дейді. Сол секілді тарихшы Х.Әбжанов: «Қазақ – тарихқа айрықша мән берген халық. Шежіре тарқату, бай ауызша әдебиет, музыкалық фольклор, тастағы таңбалар мен жазулар бәрі ұлттық тарихымыздың теориялық-методологиялық негізіне кірпіш болып қаланғаны абзал» деп, халымыздың төл деректерінсіз ұлт тарихын жазу мүмкін еместігін айтқан.
Енді акдемик, тарихшы М.Қозыбаев, Х.Әбжановтар айтқан ұлттық тарихымыздың теориялық-методологиялық негізі саналған ұлттық төл деректер мен Алаштың асыл мұрасында Шыңғыс қаған туралы не дейді?
Сыпыра жырау:
Мен бабаңмын, бабаңмын,
Мен нелерді көрмедім,
Мен қай жерде жүрмедім.
Әкей хан мен Жәкей хан –
Мұны көрген бабаңмын.
Шына қыздан туған ұл
Сенің бабаң Шыңғыс хан –
Мұны көрген бабаңмын.
Толғау айтқан бабаңмын /Сыпыра жырау. Жеті ғасыр жырлайды. 1 том, Жазушы баспасы. 2008, 7-б/ дейді.
Қашаған Күржіманұлы:
Жүсіптей асыл нұр өткен,
Әзіреті Әлі Шер өткен,
Шыңғыстай асқар шың өткен.
Көреген Темір дүр өткен.
Сан пайғамбар, сахаба,
Құдайдың досы бұ да өткен деп, Шыңғысты асқар шыңға теңеген.
Ш.Құдайбердіұлы:
Кім білмес кешегі өткен Шыңғыс ханды,
Жартысын дүниенің түгел алды
Талайын Европаның бас игізіп,
Қорқытып Қытайға да алым салды...
Рақымды қол астына кірген елге.
Не дінге, не ғұрыпқа қол сұқпаған,
Ой жібер міне осындай кемеңгерге – деп, Шыңғыс хан ерлігін жырға қосады. /Ш.Құдайбердіұлы. Шығармалары 2-том. Алматы «Жібек жолы» 2007 ж. «Қазақтың түп атасы». 203-204 бб/.
М.Жұмабайұлы:
Тумайды адамзатта Шыңғыстай ер,
Данышпан, тұңғиық ой, болат жігер.
Шыңғыстай арыстанның құр аты да
Адамның жүрегіне жігер берер. /М.Жұмабайұлы. Жеті ғасыржырлайды. 2-том. Жазушы баспасы. Түркістан, 475-б/.
Ғұмар Қараш:
Шыңғыс, Батый хандық құрып тұрған ел,
Қара қыпшақ Қобыландылар туған ел,
Қарсылаған дұспан жауын қуған ел,
Емес пе едің, жұртым саған не болы? /Ғұмар Қараш. Жеті ғасыр жырлайды. 2-том. Жазушы баспасы. 364-б/.
Сұлтанмахмұт Торайғыров:
Ер Түрік ұрпағымын даңқы кеткен,
Бір кезде Еуропаны тітіркенткен.
Кіргені есік, шыққаны тесік болып,
Күнбағыс, Күншығысқа әмірі жеткен.
Кешегі хан Шыңғыстың ұрпағына,
Талай царь, талай князь тәжім еткен.
Мен қазақ, қазақпын деп мақтанмын» деп, Шыңғыс қағанның тарихи ерлігін дәріптеген.
Жалпы білім беретін мектептің 10 сыныбына арналған авторы Джандосова З.А. жазған Қазақстан тарихы оқулығындағыдай: «Шыңғыс қаған қазақ тарихында шапқыншы, басқыншы монғол» болса, ал «монғол басқыншылары ұлттық тарихта басқыншылық жасаған, ортағасырлық қалаларды күйретуші «басқыншылар болса» онда неге академик М.Қозыбаев айтқан ұлттық тарихтың негізгі теориясы мен методологиясы болып табылатын төл тарихи деректерде Шыңғыс қаған қазақтың бабасы ретінде суреттелген?
Егер автор жазғандай Шыңғыс хан басқыншы монғол болса, онда неге бабамыз Сыпыра жырау: «Сенің бабаң Шыңғыс хан – Мұны көрген бабаңмын» дейді?
Тіптен кешегі өткен алаш зиялылары мұраларында неге Шыңғыстың ерлігін жырлап, Мағжандар: «Тумайды адамзатта Шыңғыстай Ер» деп дәріптеді? Сонда Шәкәрім, Сұлтанмахмұт, Ғұмар, Мағжандар қазіргі мектеп оқулығында жазылғандай «басқыншы моңғолдың ханын» дәріптеді ме?
Ғұмар Қараш: «Шыңғыс, Батый хандық құрып тұрған ел, Қара қыпшақ Қобыландылар туған ел, Қарсылаған дұспан жауын қуған ел, Емес пе едің, жұртым саған не болды?» деуінен де Шыңғыс қаған мен оның немересі Батыйды қаһармандық жырлардағы тұлға Қобыландымен қатар дәріптегендігін аңғарамыз.
Тарихшы Шәкәрім дананың өзі: «Рақымды қол астына кірген елге. Не дінге, не ғұрыпқа қол сұқпаған, Ой жібер міне осындай кемеңгерге» деп, Шыңғыс қағанды «кемеңгер» санап, қазақ хандарының түп атасы ретінде тарихтағы әділдігіне оң баға берген.
«Алаш туы астында, күн сөнгенше сөнбейміз» деп ұрандаған Сұлтанмахмұт Торайғыров: «Ер Түрік ұрпағымын даңқы кеткен, Бір кезде Еуропаны тітіркенткен. Кешегі хан Шыңғыстың ұрпағына, Талай царь, талай князь тәжім еткен. Мен қазақпын қазақпын деп мақтанамын» деп, Еуропаны тітіреткен даңқты Ер Шыңғыстың ерліктерін мақтан еткен.
Міне ұлттық тарихымыздағы бабалардың даңқты ерліктері ғасырлар бойы Сыпыра жыраулардың жыраулық поэзиясы арқылы және ауыз әдебиетінің асыл үлгілері арқылы ұрпақтан ұрпаққа жетсе, кешегі Алаш ерлері де сол дәстүрді жалғап, бабалардың ерлігін өз шығармаларына арқау етіп, тіптен Шыңғыс қағанды мақтан тұтып, шынайы ұлттық тарихымыз арқылы ұрпақ бойында қайсар рух пен ұлттық мақтаныш сезімін қалыптастыра білді.
Міне тарих деп осыны айт. Міне тарихи сана, міне ұлттық рух, міне ұлттық мақтаныш, міне қазақтың ұлттық тарихы деген осындай болу керек.
Мектеп баласы алаш алыптары қалдырған осындай төл тарихты оқығанда, бойында патриоттық сезімі оянып, бабалар ерлігінен рухтану керек.
Бабаларының әлемді билеген өр рухын, қайсарлығын оқыған бала өзін ел иесі, жер иесі екендігін сезіну керек.
Шәкәрім дана: «Сөнген ойды жандыруға, жан берерлік сөз керек» дейді. Яғни, мектеп баласы өз тарихын оқығанда «Еуропаны тітіреткен» бабалар рухын сезу керек, «Бес мың жылдық тарихы бар қытайды қорқытып қорған салдырған» бабалар ерлігі баланың бойында отаншылдық сезімді оятуы керек.
Академик М.Қозыбаев: «Келелі проблемалардың бірі – тарих ғылымының тәрбиелік мәнін барынша пайдалану. Тарихтың тәлім-тәрбиелік мәні, оның қоғамдық дамуды жеделдетуге тигізер ықпалы орасан зор екені бұл күні баршаға аян. Оның өткеннен сабақ, тағылым, жақсысын үйреніп, жаманынан жиренбей, бүгінгі күнге асқан жауапкершілікпен қарамай, ертеңгі күнде асқан үміт артуға болмайды. Мұны біздің тарихшыларымыз әрдайым мықтап есте ұстағаны жөн» - деп, тарих тағылымын тарихшылардың әрдайым мықтап есте ұстау керектігін, яғни тарихты жазудағы оның негізгі мақсатының айқын болуы керектігін баса айтқан.
Дегенмен, академик ағамыздың айтқан тарих ғылымының бұл негізгі қағидасын, ұстанымын осы күнгі жазылған тарихтан, әсіресе біз мысал еткен мектеп оқулығынан аңғару қиын.
Ұлттық тарихымыздың теориялық-методологиялық негізі саналған ұлттық төл деректер негізінде жазылмаған тарих ол қалай «тарихтың тәрбиелік мәнін аша алады?»
Сондықтан да ұлттық тарихымызды ұлттық төл дереккөздер негізінде қайта жазып, тарихтың тәлім-тәрбиелік мәнін ұрпақ санасында жаңғыртатын шынайы тарихымызды қайта жазатын уақыт келді деп ойлаймыз.
Құрметті Асхат Қанатұлы!
Жалпы білім беретін мектептің 10 сыныбына арналған авторы Джандосова З.А. жазған Қазақстан тарихы оқулығындағы кеңестік көзқарас тұрғысынан жазылған ұлттық тарихымызға қайшы келетін тұжырымдарды қайта қарап, ұлттық мүдде тұрғысынан ұлт тарихының жазылуын талап етемін!
Отыз жылда ұрпақ бойындағы ұлттық рухтың әлсіз болуының себебін де міне осындай мектепте оқытылатын «рухсыз», «ұлтсызданған» тарих оқулықтарының себебінен деп білемін!
Өз елімізде, өз жерімізде жүріп, өзімізді ел иесі, жер иесі екенімізді де толыққанды сезіне алмай, өз елімізде өгей баланың күнін кешкен, өз тарихын мақтаныш санамайтын кейпіміздің де себебі осындай ұлттық идеяға қарсы жазылған мектеп оқулықтарының және ұлттық идеологияның жүйелі жүргізілмеуінің себебі деп білемін!
Алаш алыбы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай: «Оқу-тәрбие ісі түзелмей, ел ісі түзелмейтіндігін» ескерсек, оқу-тәрбие ісіндегі осындай олқылықтарды түзеп, егемен еліміздің тұғырының берік болуына бір кісідей қызмет етейік!
Әзірет Сатылғанов,
«Bilim-orkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының басшысы
Abai.kz