Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Ғибырат 9398 1 пікір 24 Наурыз, 2022 сағат 12:48

Жауапкершілік арқалаған ғалым

Қабиболла Сыдиықов

Филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі Қ. Сыдиықовтың өмірі жөнінде мақала Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің құжаттары негізінде дайындалды.

XX ғасырда қазақ фольклоры мен әдебиет тарихындағы ақын, жырау, жыршы мәселесін терең, жан-жақты зерттеумен айналысқан ғалымдардың бірі – Қ. Сыдиықов. Ғалымның ақын, жырау мұрасын зерттеуге көп жылдарын жұмсағандығы жайында және ғылыми еңбектеріне арқау болған деректердің архивте сақталғандығы жайында сөз етпекпіз.

Қабиболла Сыдиықов өмірбаянында 1934 жылы 18 наурызда Атырау облысы Жылыой ауданының (қазіргі Маңғыстау облысы Бейнеу ауданы) Қарақұм ауылында кедей-шаруа отбасында дүниеге келгендігін, әкесі Сыдиық Ишанұлы ауыл молдасынан хат танып, аңшылықпен айналысқандығы, шешесі Ағия Кеңесқызы үй шаруасындағы адам болғандығын, өзінің балалық шағының Қарақұм алқабында өткендігін және бірнеше мектептерде оқығандығын жазған. Тұңғыш барған мектебі Гурьев облысының Құлсары поселкесіндегі Куйбышев(1-6класс), Аманкелді(7кл.) және Абай атындағы орта мектептерде (8-10кл.) білім алған(1950), бала кезінен өлең жазуға құштар болып, 15 жасында «Социалистік ауыл» газетінде «Халқыма оқылмасам қандай пайда?»(1949) деген сықақ өлеңі жарық көрді. Алғашқы қызметін Гурьев облысының Жылыой ауданындағы «Алға  Коммунизм» газетінде тілші болудан бастаған және мәдениет, өндіріс, ауыл шаруашылық саласы бойынша мақалалар мен фельетондар жазған. Ол 1950 жылдан аудандық білім саласында жұмыс жасаған, атап айтсақ, Аманкелді, Макаренко, Пансион және Микоян атындағы жеті жылдық мектептердің 5-7 класстарына қазақ тілі және әдебиетінен мұғалім ретінде сабақ берумен қоса қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысқан. 1953 жылдан «Білім қоғамының» құрамында болып, облыстағы тұрғындар арасында дәріс оқыған, 1954 жылы Гурьев облысы Жылыой аудандық сауда бөлімінің штаттан тыс инспекторы, 1955 жылы «За отличную учебу» газеті редакциясының тілшісі қызметтерін атқара жүріп сол жылы Гурьев Мемлекеттік педагогикалық институтының тіл және әдебиет факультетін сырттай оқып бітіре салысымен-ақ С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіндегі қазақ тілі және әдебиет бөліміне оқуға түседі, 1960 жылы университетті тәмамдап Гурьев Мемлекеттік педагогикалық институтында мұғалім  болған және доценттің міндетін атқарған (1960-1969), сонымен қатар «Социалистік құрылыс» облыстық газетінің редакциясында мәдениет және тұрмыс бөлімінің штаттан тыс жетекшісі (1961), Гурьев облыстық Радиохабарлау жөніндегі комитеттің «Спутник пионера» радиогазетінің редакторы (1962), қазан айынан бастап Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтында қазақ тілі мен әдебиет кафедрасының аға мұғалімі ретінде XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ әдебиеті бойынша дәріс оқып, кеңес әдебиеті мен әдебиеттану кіріспесі бойынша арнайы семинар, тәжірибелік сабақтар жүргізген. [1]

Ол 1964 жылы Қазақстан Журналистер одағына мүше болып тағайындалады. 1966 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіндегі Кеңестің шешімімен Қ. Сыдиықовқа филология ғылымдарының кандидаты деген ғылыми дәрежесі берілді. 1967-1968 жылдары Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтындағы қазақ, орыс және шетел әдебиеті, сонымен қатар педагогика және психология кафедраларында аға оқытушы, 1969 жылы Ғылым академиясының М.О. Әуезов атындағы өнер және әдебиет институтында кіші ғылыми қызметкер болумен қоса Алматы қаласы Фрунзе аудандық халық сотының қосшы биі (1973) болып сайланған. 1975 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясы Президиумының шешімімен Қ. Сыдиықов КСРО халықтарының әдебиеті мамандығы бойынша аға ғылыми қызметкер болып бекітілді. 1982 жылы Қазақ КСР Мәдениет министрі Ж. Еркімбековтың бұйрығымен Қ. Сыдиықов «Т.Г. Шевченконың мемориалдық-музей кешенінің» директоры қызметіне тағайындалады, 1984 жылы Алматы қаласына отбасымен көшуіне орай арнайы жолдамамен өнер және әдебиет институтынында қайтадан аға ғылыми қызметкер ретінде жұмысын жалғастырады, 1993 жылдан Жазушылар одағының мүшесі болып қабылданады, 1997-2001 жылдары жетекші ғылыми қызметкер болып қызмет атқарған. [2]

Қ. Сыдиықовтың ғылым жолында алдымен дереккөздерді табу негізгі мақсаты болды. Сол себепті 1959-1989 жылдары Шығыс Қазақстан /Тарбағатай, Зайсан/ өңірін, ел аузынан халқымыздың әдеби, мәдени мұраларын жинады. Ол үшін өмірінің 30 жылын жұмсады. М.О. Әуезов атындағы институтының әдеби және музыкалық мұралар жинау жөніндегі ақын-жыраулар мұрасы, халық әндері, жыр-күйлері, ауыз әдебиеті нұсқалары, шежірелер мен тарихи деректер сияқты халқымыздың рухани қазынасын жинауда елеулі еңбек етті. [3]

Қ. Сыдиықовтың ғылыми сапарлары жайында Ә. Манатиға берген сұқбатында толық айтылған: «Гурьев педагогикалық институтында  істеген он жыл ішінде мен елді біраз араладым. Жол үстінде асханалар мен базарларда, жиналыстар мен той-садақаларда, пішеншілер мен малшылар ортасында, әбден қартайып қалжыраған қариялардың көне үйлерінде көкірегінде сәулесі мол, жадында жамырап жатқан асылдың ұшқындары бар адамдарға кезіктім. Әрқилы көлік түрімен, кейде жаяулап та Гурьев, Орал, Ақтөбе, Маңғыстау, Түрікмен, Қарақалпақ аймағын араладым. Ол кезде магнитафон, фотоаппарат менде болған емес. Бәрін де көзбен көріп, қолмен жазуға тура келді. 1986 жылы Тәжікстан, Өзбекстан, Маңғыстау(1987), Түрікменстан (1989), Қарақалпақстан экспедицияларына ғылыми жетекшілік еткенмін. 30 жыл ішінде сапараларда мол мұра жиналды. Сол рухани қазынаның ішінде өлең, жырлар, шешендік сөздер, аңыздар, ата-тек шежірелер т.б. әдеби, мәдени, тарихи деректер бар» деген. Бұл сапарларға қатысты Қ. Сыдиықовпен бірге деректер жинағандардың бірі – жазушы, аудармашы, КСРО Журналистер одағының мүшесі Т. Жанаевтың «Айырдан туған Жампоз еді» атты көлемді мақаласында  да баяндалған: «1985 жылдың қазан айында Қазақ тарихи және мәдени ескерткіштерін қорғау қоғамының тапсырмасымен Қабекең екеуміз Атырау облысына іссапарға бардық. Жолшыбай Майкөмгендегі көнекөз қария, сұңғыла шежіреші Боқанов Қайшыбайға сәлемдесуге келдік. 95-тегі қарт шежіре бойын тіктеп ұстап, балуан саусақтарымен сақалын салалап, әңгіме айтып отыр. Балжігітов Құдайберген деген кісіден де ұмыт болған ақындардың жыр үзінділерін жазып алған. Қарашүңгіл сапарынан кейін, Қабекең Қызылқоға ауданындағы Алып Ана, Түкті Ата, Көк мешіт қорымдарына барып, тарихи мәні бар мазар, құлпытастарды суретке түсіртіп, басқадай мәдени жәдігерліктерді іздестіруге мені жұмсады. Алты беттік материал жазып, қырыққа жуық фотосурет әкелдім. Қабекең біздің ауылға таяу Шибұлақтағы атақты ақын Шернияздың үйіне де келіп, оны зерттеп, мақала жазғанын ауыл тұрғындары осы күнге дейін айтып отырады» деген. Осы орайда Қ. Сыдиықовтың зайыбы Гүлшат Омарқызының сұқбатынан үзінді келтірдік: « - Жалпы Қабекең аяқтай жүріп, көп ізденді ол кезде көлік тасымалы қат. Маңғыстауға жылына екі рет қатынайды. Жаңа Өзен, Жетібай кен орындарының жаңа ашылып жатқан кезі. Бір кеткенде екі ай мерзім уақыт аралығында жол сапарда жүрді. Жаяу, атпен, арбамен жүріп ауыз әдебиетінің барлық мұрасын жинады ғой. Сәттіғұл атамен, Жанжігіт домбырашымен кездескен. Ылғи жауапкершілік жүгінің ауыр екенін сезінетін. Қабекеңнің бір қасиеті – біреуден жақсы сөз естіді ме дереу жазып алып, астына «бәленшенің» аузынан естідім деп жазып қоятын. Мен осы қасиетін өте жақсы бағалаймын» деп өткен күннен сыр шертеді. [4]

Ғалым 1960-1998 жылдары әдебиеттің әртүрлі жанрларында 500 ден аса еңбек жариялаған. Көпшілігі ғылыми еңбектер болып табылады. Олар жеке монография мен кітап болып  жарыққа шыққан, ұжымдық зерттеулер мен ғылыми жинақтарға енген, журналдар мен газеттерде жарияланған. Ең негізгілері: «Ақын, жыраулар» (1974), «Дала жыршылары» (1989), «Көркемдік өрнектер» (1992), «Сарқылмас қазына» (1996), «Халқымен қайта табысқандар» (1997) т.б. [5]

Кітаптар мен жинақтарда, мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған еңбектері Шәлгез, Абыл, Махамбет, Мұрын, Мұрат, Қашаған, Ақтан, Аралбай, Қарасақал Ерімбет, Елбай, Шынияз, Насихат, Досы, Бала Ораз, Кердері Әубәкір, Мақыш, Ғұмар Қараш, Сәттіғұл, Түмен, Елбай Қалнияз, Досжан, Қашқынбай, Қайып, Өскенбай т.б. ақын, жыраулардың шығармашылығын зерттеуге арналған. [6]

Қ. Сыдиықұлы жазған зерттеулер мен мақалалар 12 томдық «Қазақ совет энциклопедиясы», «Қазақ КСР энциклопедиясы», «Қазақ әдебиеті тарихының мәселері» (1976), «Ерте дәуірдегі қазақ әдебиеті» (1983), «Қазақ фольклоры мен әдебиет шығармаларының текстологиялық зерттелуі» (1983), «ХІХ ғасырдағы қазақ ақындары» (1988), «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті» (1994), «Маңғыстау энциклопедиясы» (1997) деп аталатын ұжымдық еңбектерге енген.

Ғалымның мұраларына және азаматтық тұлғасына жоғары баға бергендердің қатарындағы Қазақстан Республикасының ғылымға еңбегі сіңген қайраткер Ш. Сәтбаеваның пікірінше: «Мұның барлығы – кішіпейіл, қарапайым, әркімге де жақсылық тілейтін ғалымның көп жылғы еңбегінің нәтижесі, талапты да таланттылықтың, ыждағаттылық пен еңбеккерліктің кепілі» депті. Қ. Сыдиықов кітаптар жазып қана қоймай, сонымен қатар тұлғалар есімін жаңғыртуға себепші болған десек те болады. Ол жөнінде ақын, журналист А. Өтегенов былай деген: «Сейсен-Атадағы Сүйінқара батырдың бейітін анықтауға мұрындық болды. Бір кезде Қабекең жаяу-жалпылап жүріп тағзым етіп кеткен Қашағанның, Абылдың, Досанның, Сәттіғұлдың, Есірдің, Мұрынның т.б. бастарына мавзолей орнатылған. Әрине оларды тұрғызған халық. Ал халықтың талантты перзенттеріне деген махаббатын оятқан осы Қабекең» деп ғалымның жасаған жұмыстарына тоқталып өткен. Сонымен қатар түркітанушы, филология ғылымдарының докторы Ғ. Айдаровтың айтуынша: «Қабиболла еңбектері түрікмен, башқұрт, татар, тағы басқа туысқан халықтар арасында танымал. Халық Қабиболланы ғалым, әдебиетші, ұстаз ақын, азамат ретінде таниды. Бұл – үлкен бақыт» депті. [7]

2000 жылы Қ.Сыдиықов жеке қорының құжаттарын ҚР ОМА мемлекеттік сақтауға өзі тапсырды. 2021 жылы қосымша құжаттарын  ғалымның зайыбы Г.Омарқызынан қабылдадық, ғылыми-техникалық сипаттама жасалды, енді қоймаға өткізу жұмыстары жүзеге асырылып жатыр. Қ.Сыдиықовтың архивтегі қоры оның ғылыми еңбектерінің қолжазбаларымен, хаттарымен, шығармашылық, жеке және қызметіне қатысты құжаттарымен, Қ.Сыдыиқов жөнінде мақала, естелік, еңбектеріне жазған рецензиялар т.б. құжаттармен толықтырылды. Қордағы ғылыми еңбектері мен зерттеулеріне жинаған құжаттарының арасында Уфа, Қазан қалаларынан әкелінген кітаптармен олардың көшірмелерін айтып өткен жөн:  «Х.Досмұхамбетұлының «Аламан», Сопы Аллаяр әл Бұхаридің «Китаб мустатаб уа шарип әл мабб саббатил ғажизина», «Сөз өнері»(авторы берілмеген) атты кітаптары, С. Сейфуллиннің «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» және Ғабдолла Мұштақ Бөкейліктің «Сұлтан Шәңгерей Бөкеев. Шайыр» деген кітаптарының фотокөшірмелері; Б. Тәуекеұлының «Қабанбай деген керейдің батыры», А.И. Лызловтың «Скифская история», Г.С. Саблуковтың «Собрание монет кипчакского орды»,  «Очерк внутреннего состояния кипчакского царства» атты кітаптарының негативтері; Н.Нигматуллиннің «Әдебиет қазақия» атты Әбубәкір молданың сөздерінен тұратын кітаптың ксерокөшірмесі; Х. Досмұхамбетұлының «Мұрат ақынның сөздері» деген кітабының машинкаға басылған нұсқасы т.б. кітаптар». [8]

Жоғарыда аталған құжаттар қандай елдерден әкелінгендігі жөнінде       Қ.Сыдиықовтың жеке қорына енген істерді қарап білуге болады. Мысалы, 1977 жылы ақпан айындағы экспедиция материалдары Уфа қаласы (КСРО Ғылым академиясының Башқұрт филиалы жанындағы Ғылым архивінің қолжазба бөлімі) 1976 жылы 1 маусымда Башқұрт АССР-ы Чишминский ауданының Ар деревнясынан табылған (6-археографиялық экспедиция материалынан) құжаттар бар. Ол Қазандағы Лобачевский атындағы кітапханасына (Сирек кездесетін кітаптар мен шығыс қолжазбалар қорынан) ғылыми іссапармен барған жылдары тапсырыс берген, ал құнды қолжазбалардың фотокөшірмелерін Татар Мемлекеттік архивінің зертханасы жасағандығы жазылған. [9]

Филология ғылымдарының кандидаты Қ.Сыдиықовтың атқарған еңбегі еленіп оның әдеби, мәдени қазынамызды жинап, зерттеп, насихаттау саласындағы көп жылғы жемісті ғылыми зерттеу еңбектері үшін Атырау облысы мәдени қызметкерлері кәсіподақ ұйымдары обкомының (1968), Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің (1984), Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясы Президиумының (1982,1994) Құрмет грамоталарымен және Маңғыстау облыстық атқару комитетінің (1984) грамотасымен, «Еңбек ардагері» медалімен (1990) марапатталған. 1994 жылы 30 мамыр күні Жылыой ауданының әкімі М. Қилыбаевтың және депутаттардың аудандық мәслихат хатшысы Қ. Ермековтың Қаулысымен Қ. Сыдиықов мәдениет тарихына қосқан үлесі үшін  «Құрметті азаматы» атанады және маусымның 1-күні Жылыой ауданының әкімі М. Қилыбаевтың өкімімен Ақкиізтоғайда Қ. Сыдиықовтың 60 жылдық мерейтойы атап өтіледі, Ақкиіз селолық округінің әкімі А. Ұлағатовтың шешімімен «Ақкиіз тоғай селосының Құрметті азаматы», Атырау облысы, Жылыой ауданы Құлсары поселкесінің әкімі Қ.Төремұратовтың өкімімен (6 маусым күні) мөлтек ауданды «Қабиболла Сыдиықов» есімімен атау туралы шешім қабылданды.[10]

Сонымен қатар Қазақстанның батыс өңірінің әдеби, мәдени, тарихи мұраларын жинап, жариялаудағы және зерттеудегі елеулі еңбегі үшін Қ. Сыдиықов Форт-Шевченко қаласының (1991), Ақшымыр-Қызан (Маңғыстау ауд.,) ауылдарының (1996) «Құрметті азаматы», Ақтау қаласындағы Маңғыстау облыстық кітапханаға есімі беріліп, Құлсары қаласындағы «Қабиболла Сыдиықов» ықшам ауданында бюст-ескерткіш (2006)  орнатылды.

2001 жылы наурыздың 23-күні филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі Сыдиықов Қабиболла Сыдиықұлы қайтыс болды. [11]

Қорыта айтқанда Қ. Сыдиықов ғылым жолында зерттеуге бүкіл өмірін арнады, экспедицияларға қатысып және ұзақ іссапарларға шығып дана тұлғалармен жүздесу арқылы құжаттар жинады, жеке тұлғалар жайында  мақалалар жазды, кездесу кештерінде дәрістер оқыды, көлемді кандидаттық диссертациясын жазды, ұжымдық еңбектерге атсалысты, жеке кітаптары жарық көрді, сондықтан да «Жауапкершіліктің ауыр жүгін арқалаған ғалым» болып ұрпақтар жадында мәңгі қалады.

Пайдаланған деректер тізімі:

  1. ҚРОМА, 2283-қор, 2 тіз., 185-186, 188-192-істер.
  2. ҚРОМА, 2283-қор, 1 тіз., 62-іс, 1-6-пп.; 2 тіз., 189, 201-202-істер.
  3. ҚРОМА, 2283-қор, 2 тіз., 199-іс.
  4. ҚРОМА, 2283-қор, 2 тіз., 169, 217, 238- істер.
  5. ҚРОМА, 2283-қор, 2 тіз., 3-6, 54, 56-57-істер.
  6. ҚРОМА, 2283-қор, 2 тіз., 73-92-істер.
  7. ҚРОМА, 2283-қор, 2 тіз., 216, 234-істер.
  8. ҚРОМА, 2283-қор, 2 тіз., 380-412-істер.
  9. ҚРОМА, 2283-қор, 2 тіз., 128-129, 199-істер.
  10. ҚРОМА, 2283-қор, 1 тіз., 69-іс, 1-п.; 2-тіз., 192, 195, 205-206-істер.
  11. ҚР ОМА, 2283-қор, 1тіз., 196-іс.

Гүлназ Шамқызы,

Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің жеке тектік архивтермен және тарихи-құжаттық топтамалармен жұмыс жасау бөлімінің архивисі

Abai.kz

 

 

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052