Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Білгенге маржан 4044 3 пікір 24 Наурыз, 2022 сағат 13:40

Дэн Сяопин және Қытайдың әскери стратегиясы

Басы...

Еуропа отқа оранып, туысқан халықтар өзара қырқысып жатыр. Қатыгез соғыс айларға созылды. Миллиардтаған ақша сағат сайын отқа жанып, адамдар қынадай қырылуда. Олардың ішінде атың өшкір осы бір соғысқа еш қатысы жоқ қарттар, әйелдер және бейкүнә сәбилер бар. Бұл соғыстың нәтижесі біз болжағаннан мүлде басқаша аяқталатынға ұқсайды. Путиндік Ресейдің жеңімпаз болмайтындығы күн өткен сайын айқындалып келеді. Осының себеп-салдарына тереңірек үңілетін болсақ, мемлекеттің қорғаныс қабілеті мен  қауіпсіздігінің кепілі, айналып келгенде, мемлекеттің экономикалық әлеуетімен тікелей байланысты болады екен.

Екінші дүниежүзілік соғыста ауыр жарақаттанған жапон генералы өлері алдында: «Жапония соғыстың алғашқы кездерінде жеңіске жеткенімен, АҚШ-тың  қуатты экономикалық әлеуеті бәрін жаншып-таптап кетті», - деген болатын. Фашистік Германияның генералдары да Германияның жеңіліс табуын ең алдымен экономикалық соғыстағы жеңілісінен іздеген. ХХ ғасырдың 60-70 жылдары Кеңес Одағының АҚШ-пен әлемге қожа болуға таласуының басты себебі де Кеңес экономикасының дамуы сол жылдарда АҚШ-тан әлдеқайда жоғары болғандығымен байланысты еді. Сол сияқты ХХ ғасырдың 80-жылдарына келгенде Кеңес Одағы әскери қуатының әлсіреуі де оның экономикалық дамуының тығырыққа тірелуімен байланысты болды. Біз күні кешеге дейін «тентек шоқпар жияды» дегендей, жыл сайын 60 млрд АҚШ долларына тең жойдақсыз қорғаныс бюджетін шығындап, Ресей халқының тапқан-таянғанының аса ауқымды бөлігін қарулануға жұмсап, айналасына айбат шегіп, жолындағыны күл-талқан етіп таптап кететін дүлей күш саналатын Ресей армиясының масқара жеңілісі де осы алып елдің Оңтүстік Корея секілді аядай мемлекеттің экономикасымен пара-пар деңгейге түсіп қалған бейшара күйімен байланысты екені сөзсіз. Ұлан-ғайыр аумақты алып жатқан және түгін тартсаң, майы шығатын, лықсыған байлықтың үстінде отырған Ресей не себепті кедейленіп барады? Себебі біреу ғана. Авторитарлық, диктаторлық және жемқор билік Ресей халқының сорына айналды.

Әрине, Қазақ елінің қорғаныс қабілеті де жырғап тұрмапты. Бұл жағдайды биліктің ұшар басындағылары да сезіп-біліп отыр екен. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 11 қаңтарда мәжіліс отырысында сөйлеген сөзінде Қазақстанның Қарулы күштерінің қазіргі жағдайын «баса назар аударуды қажет ететін проблема» деп бағалағаны мәлім. Демек, еліміздің қорғаныс әлеуетін күшейту, қарулы күштерді реформалау кезек күттірмейтін мәселе. Мен еліміздің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетінің өсуіне мысқалдай болса да пайдасы тиеді-ау деген үмітпен өзіме ерекше қанық, ұзақ жылдардан бері шұқшия зерттеп жүрген «Қытай реформасының бас жобалаушысы» атанған Дэн Сияопин стратегиясының мемлекет қорғанысына байланысты зерттеу еңбегімді ұсынуды жөн көріп отырмын.

Армияға шыдай тұруға тура келеді

1985 жылы маусымда Дэн Сяопин әскери істер комитетінің кезекті бір жиналысында төртті осы замандандыру мен әскери істердің қатынасы жөнінде сөз сөйлеп, армияның біраз жыл шыдай тұруы қажеттігін айтқан болатын. Оның шыдай тұру дегендегісі – Үкімет әскери шығынды қысқартуды жоспарлар отырғандығын айтқысы келгендегісі еді. Дэн Сяопин шынында солай істеді. 1971 жылы Қытайдың әскери шығыны жалпы халықтық кірістің 17,5%-ын құраса, 1985 жылы 7,5% ғана болды.

Әскери шығындарды қысқарту армияның ішінде өкпе-ренішті тудыратындығы сөзсіз. АҚШ-тың әскери стратегі Джон Коллинс: «Мемлекеттің қауіпсіздік мүддесінен туындайтын қаржылық, адами және саяси ресурстарға қажеттілік ел ішіндегі басқа да қажеттіліктер мен арман-мұраттарға үнемі қарама-қарсы келіп отырады. Қайткенде экономика деп аталатын осы бір күлшені ең үйлесімді етіп бөлу ежелден бері, тіпті, мәңгілік талас пен тартыс тудыратын мәселе болып қала береді», - деген болатын.

Дэн Сяопин оны түпкілікті шешудің жолы - экономика деп аталатын осы күлшені барынша үлкен етіп жасау керек деп шешті. Олай болмаса, бәрі де түлкі құрсақ тірлік кешуге мәжбүр. Ешкімнің де қарнын тойдыра алмайсың. Сол кездерде Жапонияның әскери қаражаты салыстырмалы түрде айтқанда жалпы ұлттық кірістен ұстайтын бөлігі көрініске мардымсыз ғана болатын. Бірақ олар осы қаржыны жалпы ұлттық кірістің бір пайызына жеткізген күннің өзінде олардың әскери шығыны Қытайды бес-алты есе орап алар еді. Қытайдың 1992 жылғы бүкіл бір жылдық әскери бюджеті ядролық қозғалтқыш орнатылған авиатасымалдағыштың біреуін сатып алуға да жетпейтін.  Ал әскери шығындарды 15, тіпті 20% көбейткен күннің өзінде де,  экономиканың өзіндік қуаты әлсіз болғандықтан айтарлықтай нәтиже бермейтін еді. Бұл туралы Дэн Сяопин: «Армияны жабдықтауды шынайы осы замандық деңгейге көтеру үшін тек қана халық шаруашылығының біршама жақсы негізін қалыптастырғанда ғана мүкін болады», - деген болатын.

Сол кездегі жағдайды дұрыс пайымдай алған Дэн Сяопин мемлекеттің экономикалық қуаты тым әлсіз болғандықтан, шекті қаржылық мүмкіндіктерді экономикалық құрылыс пен ғылым-техниканы дамытуға жұмсаудың бәрінен де маңызды екендігін сезіп-біле алды.

Англияның әйгілі тарихшысы Пол Кеннеди: «Мемлекеттің қорғаныс шығынын екінші орынға сырғыту Қытайдың барлық күш-жігерін экономиканы дамытуға бұрған айнымас шешімінің ең маңызды дәлелі саналады. Оны Кеңес Одағының әскери қауіпсіздікке жанын сала кірісу идеясымен, және Рональд Рейган үкіметінің көл-көсір қаржыны армияны қаруландыруға жұмсауымен айқын салыстырып, түсінуге болады», - деген еді. Көптеген сарапшылар Қытай экономикасының сол кездегі өсімін алып қарағанда, осымен ұқсас мезгілдегі қорғаныс шығынынан әлдеқайда көп қаржы жұмсауға қауқары жетер еді деп топшылады. Бірақ Қытай олай істеген жоқ. Сол кездегі Дэн Сяопиннің сенімі бойынша, тек қана ішкі жалпы өнім мен қоғамдық байлықты бірнеше еселегенде ғана Қытайдың ұлттық қауіпсіздігі ұзақ жылдарға кепілдікке ие болады.

Дэн Сяопиннің бұл ойы негізсіз емес болатын. 80-жылдардың орта шенінен бастап, батыс пен шығыс қарым-қатынасы біртіндеп жақсара бастады. Дүниежүзілік соғыстың қаупі сейіліп келе жатқандай болатын. Кеңес Одағының әлсіреуі Қытайдың шекара аймақтарындағы қорғаныс жүктемесін жеңілдете түсті. Қытай осы орайды пайдаланып, барлық қаржылық және материалдық мүмкіндігі мен экономикалық құрылысты қарқынды дамыту арқылы мемлекеттің күш-қуатын еселей түсуге мүмкіндік алды. Бұл ХХІ ғасырдағы дамуға негіз қалау үшін болатын. Бұл жөнінде Дэн Сяопин: «Сол заманға барғанда біздің экономикалық қуатымыз күшейеді. Біз де ақшаны аямай жұмсап, армиямызды ең озық қарулармен жасақтайтын боламыз. Мемлекеттің қуаты артқанда ғана атом бомбаларын, зымырандарды жасап, қару-жарағымызды жаңартып, аспанда, жерде, теңізде болсын, өз қорғаныс-қуатымызды озық деңгейге көтеруге мүмкіндік аламыз», - деп армандайтын.

Дэн Сяопиннің бұл саясатын батыс басылымдары мен беделді сарапшылар да жоғары бағалады. Олар: «Қытай армиясы экономикалық реформаның тұтас барысында ерекше төзімділік танытты. Мұның қарымтасын олар күндердің күнінде қайтарып алатын болады. Былайша айтқанда, егер Дэн Сяопин мырзаның экономиканың жалпы даму жоспары сәтті іске асатын болса, Қытай өндірісінің жалпы өнім мөлшері 1980 жылдардан 2000 жылға дейінгі аралықта төрт еселенеді. Демек, 10-15 жылдың ішінде Қытай экономикасы жеткілікті қаржылық қуатты жинап үлгереді. Содан соң, барлық күш-қуатымен армиясын жасақтап-жарақтандырып, қорғаныс қабілетін қуатты деңгейге көтеруге мүмкіндік алады. Сол кезге барғанда Қытайдың көршілері мен алпауыт елдер Қытай армиясы туралы мықтап ойлануына тура келеді. Бұл тек уақыт мәселесі ғана», - деп болжаған еді.

«Ісікті қайтару» және «қан құю»

Дэн Сяопиннің армияны жөнге салудағы ең ерекше бір міндеті «ісік қайтару» болатын. Бұл жай ғана армияны тәртіпке салып, жөнге келтіру, машықтандыру мәселесі ғана емес еді. Армия ісіп-кебу ауруына душар болғандықтан, оған үлкен ота қажет болатын.

1975 жылы екінші рет билікті қолына алған Дэн Сяопин армияны жөнге келтіруге күш салғанда, армияның жағдайына қатысты бес ауыз сөз айтыпты. Соның біріншісі – ісіп-кебу болатын. Кейін Дэн Сяопиннің биліктен құлауына байланысты бұл үрдіс тоқтап қалды. Арадағы бірнеше жылдық үзілістен кейін армияның шамадан тыс ісініп кеткендігі байқалды. Армияның басқару құрылымдары тым далиып кетіпті. Армия қатарының көптігі адам шошырлық. Соның ішінде сардарлардың қатары тіпті көбейіп кетіпті. Әрине, бұл армияның қуаттылығының көрінісі емес, көрінбейтін қатердің белгілері болатын. Бұл туралы Дэн Сяопин дөп басып былай деді: «Қолбасшылық құрылымдарының мұндай далиып кетуі егер шын мәнінде соғыс бола қалса, соғысқа қолбасшылық етуді былай қойып, қолбасшылық құрылымдардың өзін бір жерге жасырудың өзі қиынға соғады. Армияның соғыс қуатын арттырып, қолбасшылық шеберлікті шыңдау үшін мұндай далиған құрылымдардың көзін құртпай, болмайды».

Бұдан тыс, тағы екі маңызды мәселе бар болатын. Армия мен қолбасшылық құрылымдардың далиып кетуінің кесірінен мемлекеттік бюджеттің шығыны да жойдақсыз көбейіп кетіпті. Ол өз кезегінде экономикалық құрылыстың дамуына кері әсерін тигізеді. Мемлекеттің қорғаныс шығыны шекті болған жағдайда әскери қосындардың шамадан тыс көптігі ақшаның көбін сол сарбаздардың киімі мен тамағына жұмсауға тура келеді екен. Бұл тағы өз кезегінде армияның қару-жарағын осы замандандыруға да кесірін тигізеді. Дэн Сяопин әскери қосындарды қысқартып, үнемделген ақшаны қару-жарақтарды жаңартуға жұмсауды, одан асқан ақшаны экономикалық құрылымдарға жұмсауды талап етті. Қорытып айтқанда, төртті осы замандандыру құрылысы болсын, армияны сұрыптап соғыс қуатын көтеру болсын – бәрін де ісіп-кебудің көзін құртудан бастау керек. Ісіп-кебу ауруын қалай емдейміз деген мәселеге байланысты Дэн Сяопин ең алдымен оның себебімен күресуді тапсырды. Армияда мемлекеттік әкімшілік құрылымдар сияқты науқастың түп-тамыры офицерлер санының шектеусіз көбейіп кетуімен байланысты болатын. Офицердің дәрежесі оның еңбегінің, лауазымының бірден-бір өлшемі сияқты еді. Офицер болған соң - дәрежең болады. Дәреже болған соң – соған сәйкес жалақы алып, жағдайыңды  жасайсың. Оның үстіне, армия пролетариат диктатурасының алтын діңгегі деп әспеттелгендіктен, оның қолбасшылары өзін аспанды тіреп тұрғандай сезінетін. Соғыссыз, бейбіт заманда мұндай жақсы орынға кім қызықпайды?! Қолы жеткендер балаларын армияға жібереді. Тамыр-таныс тауып, шенін көтеріп, дәрежесін өсіреді. Ал мұндай армия ісіп-кеппегенде қайтеді?! Бір қызығы, негізгі сатылардағы, мысалы, рота, взвод деңгейіндегі жүйелі әскери білім алған офицерлер жетіспейді екен. Ал полк, дивизия, әскери құрамаларда басқарушы кадрлар өте көп. Орын жетіспеген соң, түрлі-түсті әскери мансаптар жомарттықпен таратыла беріпті.  Мысалға, полковник дәрежелі құпия қызмет өкілі,  майор дәрежесіндегі әріп теруші деген сияқты мансаптардан сүрініп жығыласың.  Ал мұндай қолбасшылық мекемелер ісіп-кеппегенде, қайтеді?! Жарыларға шақ тұр екен. Дэн Сяопиннің көзі жеткен бір шындық әскери қосындарды қысқартудан бұрын, ең алдымен, офицерлердің қатарын аяусыз тазалау керек екен. Әрине, олардың қатары аз емес. Және бірден лақтырып тастап, қаңғыртып жіберуге де болмайды. Олардың да бағып отырған бала-шағасы, кемпір-шалы бар дегендей. Бәрі де заңға сәйкес болуға тиіс. Бір қызығы, сол кездегі Қытайда қатысты заң – тәртіптер мүлде жоққа тән екен. Көп құрылымдар уақытша әкімшілік бұйрықтармен жұмыс істеп кетіпті. Әр мекеме - өзінше бір парламент. Осының бәрін бір ізге келтіру, осындай жағдай енді қайтып келместей етіп тәртіпке салу және оны шегелей бекіту үшін заң керек екен. Бірақ, оны күтіп отыруға да уақыт көтермейді. Қазір тек барымен базар болып, қолда бар ереже-тәртіптермен жұмыс істей тұру керек.

Әскери құрылымдардың далиып кетуінің тағы бір себебі қарулы күштердің түрінің көптігі де кісі шошырлық жағдайға жеткен екен. Құрылым реформасы барысында аудан деңгейіндегі қарулы күштерді таратып, оны жергілікті әкімшіліктердің құзырына беру. Темір жол армиясын таратып, темір жол министрлігінің құзырына беру. Негізгі құрылыс армиясын таратып жіберу. Зеңбірекшілер қосыны, бронотехникалар қосыны, құрылыс армия қосыны дегендерді лайықты ықшамдап, әрбір армия құрамаларының құзыретіне беру, басы артықтарын қысқарту, тіпті, таратып жіберу қажет. Ал қысқартудан кейінгі армия қосындарына қатаң штаттық режим енгізіп, басы артық бірде-бір адам қабылданбайтындай жағдайға жеткізу керек деп шешті.

Бұл барыста Дэн Сяопин дамыған батыс елдерінің армияны жасақтау тәжірибелерін мұқият зерттеуді тапсырды. Сөйтсе, қуатты экономикасы бар алып елдердің өзі армияның штаттық санын заңмен реттейді екен. Мысалы, Жапонияда 1980 жылғы қорғаныс министрлігіне қатысты заңнамада әуе-теңіз және құрлық армиясының жалпы саны 272 мың 162 адам болып белгіленіпті. Егер осыған 1 адам қосылса немесе кемісе, Жапония парламентіне арнайы заң қабылдауы қажет болады екен. Ал қытайлар штат дегенді ойыншыққа айналдырып жіберген көрінеді. Мысалы бір генералда қанша көмекші, қанша хатшы, қанша жүргізуші, қанша қорғаушы, қанша орынбасар болатындығын ол өзі шешеді. Тіпті, аспаздардың өзіне салық төлеушілердің есебінен ақша төленгенімен, оның мөлшерін белгілейтін де генералдың өзі. Дэн Сяопин мәселені дәл осы арадан заңдастырып, барлығын өз орнына қойды. Ал қысқарылған адамдар қайда кетеді? Әрине, қатардағы сарбаз бен төмен шенді сардарлардың жағдайын шешу онша қиынға түспейді. Олардың көбі жас және еңбегін бұлдай қоятындай қан кешіп, соғысқан адамдар емес. Бұл жердегі ең қиыны осы республиканы құрысқан, еңбегі елеулі қарт генералдардың мәселесі. Олардың көбісі жасы егде адамдар. Оларды басқа салаға ауыстыруға да, немесе қайтадан бір жаңа кәсіпке баулу да мүмкін емес. Лақтырып тастауға тағы келмейді. Амалсыз Дэн Сяопин оларды әкімшілік құрылым реформасындағыдай ақылшылар етіп қайта тағайындауға мәжбүр болды. Ақылшылардың да өз билігі бар. Бұрынғыдай жақсы жалақы алады, жақсы үйде тұрады, жақсы көлік мінеді дегендей. Бірақ оларға нақты жұмысқа билік айтып, шешім жасау құқығы берілмеген. Бір ауыз сөзбен айтқанда, оларды өле-өлгенше бағып-қағу керек. Ал қалғандары бұрын қай жақтан келді – сол жаққа бару керек. Мысалы, өзінің туған ауданына, ауылына деген сияқты. Осыған байланысты жергілікті орындарға да арнайы тапсырма берілді. Мүмкіндігінше осы адамдардың далада қалмауы, жұмыспен қамтылуы мәселесін арнайы қадағалау үшін жауапты болуын өз міндетіне алуға. Әрине, олардың көбіне бюджеттен біржола қол үзу үшін қомақты қаржы да төленді. Мемлекеттен қаржы алған әскери қызметкерлер ендігі жерде өз бетімен кәсіп ашуға және мемлекеттік құрылымдарға ендігәрі масыл болмауға уағдаласты.

Армиядағы шал-шауқандардан құтылу және оларды бағып-қағу қазынаға кәдімгідей салмақ түсіргенімен, тағы бір қырынан олардың орын босатуы осы заманғы жүйелі әскери тәрбие алған жас сардарлардың  шынайы қолбасшылық орынға өсіп, сардарлар қосынының осы замандану және жастасу үрдісіне игі ықпалын жасады. Дэн Сяопин де бұл тәжірибені аспаннан алған жоқ, сол баяғы озық, дамыған капиталистік елдердің тәжірибесін қорытындылау негізінде қалыптастырды. Мысалға, аса құдіретті қарулы күштері бар АҚШ-тың өзі әр жылы 10% сардарларын отставкаға жіберіп, қолбасшылар құрамын жаңартып, жасартып отырады екен. Ол елде үнемі тазарып, жастасып отырған соң, 30-40 жастағы генералдың өсіп шығуы да таңғаларлық жағдай емес көрінеді. Осыдан бұрын Қытай армиясында қолбасшылық құрылымы тым қартайып кеткендігі көзге ұрып тұратын. Соғыс көрген, қан кешкен қарт генералдардың тәжірибесі де қымбат шығар, бірақ уақыт өте келе бәрі ескіреді. Қазіргі заман озық қарулардың заманы. Ал қарт генералдар қанша жерден тәжірибелі, данышпан болғанымен, осы заманғы соғыстың қажетінен мүлде кенжелеп қалған. Міне бұл Дэн Сяопиннің армияны ісіп-кебуден арылту операциясының шешуші тұсы болатын.

Армияны сұрыптауда Дэн Сяопин 1985 жылы шешуші қадам жасады. Сол жылы маусым айында шақырылған орталық әскери істер комитетінің кеңейтілген мәжілісінде ол екі жылда армияны 1 млн адамға қысқарту шешімін жария етті. Нәтижесінде, бүкіл Қытайдағы 11 әскери округтың төртеуі қысқарды. Ал корпус дәрежелі әскери қосындардан 31-і қысқарса, дивизия, полк дәрежесіндегі әскери қосындардың 4054-і қысқарды. Оған қоса, армия қатарында қара көбейтіп жүрген нақты әскери істермен қатысы жоқ мәдениет, саяси үгіт-насихат қызметкерлерінен 450,000 адам армия қатарынан шығарылды. Орталық әскери істер комитетіне тіке қарайтын қолбасшылық штабтың тең жарымы жұмыстан босатылды. Осы сұрыптаудан соң армияның жалпы саны үштен бірге қысқарып, 4 млн 200 мың адамнан 3 млн-ға азайды. Бұл сандық мәлімет салыстырмалы түрде алғанда бүкіл Қытайдың жан басына шаққандағы әскерилердің саны 0,3% құрады. Бұл тұрақты армия ұстауға шектеу қойылған Жапониядан (0,27%) сәл-ақ жоғары болып, әлемде алтыншы орынға тұрақтады. Сол кезде Кеңес Одағының армиясы 5 млн 110 мың адам болатын.

Мемлекет болған соң, әскери қорғаныстың қажеттілігі дау тудырмайды. Сол дәуірде әлемдік соғыс қаупі сейіле бастағандықтан, Дэн Сяопин бұл қадамға саналы түрде барғаны шындық. Бірақ ғаламдық жағдай аяқ астынан құбылып, соғыс қаупі қайта төнсе, не істеу керек, Дэн Сяопиннің осы шешімі тым асығыстық болған жоқ па деген сияқты күдік-күмәндар Қытайдың билік элитасында аз болған жоқ. Бірақ Дэн Сяопин мұндай күдік-күмәндарға бір ауыз сөзбен: «Ғаламдық жағдай жаманға бет алып, соғыс қаупі қайта төнсе де армияны сұрыптаудың қажеттілігі дау тудырмайды. Тіпті ол сөзсіз қажеттілік. Соғыс қаупі төне түскен сайын армияны одан бетер сұрыптау керек. Бұл әскери қосындарымызды соғысқа шындап жасақтау үшін қажет», - деп кесіп айтты.

Өткен дәуірлерде Мао Цзэдуң Қытай армиясы көптігімен жеңеді деп ойлайтын. Шынында, Мао «адам теңізі» соғыс әдісімен билікке жетіп еді. Кез-келген диктаторға билік бәрінен қымбат. Ол үшін адам тағдырының, оның өмірі мен денсаулығының, бостандығы мен құқығының құны көк тиын. Сол үшін де Мао «адам көп болса, күш көп болады» деген сандырақты ойлап тауып еді. Ол үшін адамның көптігі соғыста құрбан беру үшін ғана керек. Әйтеуір қара нөпір қытайды ешкім де қырып, тауыса алмайды ғой деген сәуегейлік болатын. Сталин де екінші дүниежүзілік соғыста 27 млн Кеңес Одағының халқын, оның ішінде 600 мың Қазақстандықтың өмірін құрбандыққа шалу арқылы жеңіске жетті. Ал Дэн Сяопин ширек ғасырдан астам әскери қосындарға қолбасшылық еткен тәжірибесі мен Еуропалық білімінің арқасында осы заманғы соғыста жеңіс пен жеңілістің кілті армияның көп-аздығында емес, оның шынайы сұрыпталған соғыс өнерінде екендігін жақсы білетін. Егер Қытай армиясы бұрынғыдай көптігімен қоса қолбасшылық штабтарының ісініп-кепкен, далиған құрылымдарымен соғыспақ түгілі, қорғануының өзі қиынға түсер еді. Бейбіт заманда тұрақты армия тек қана сұрыпталған, соғысқа сақадай сай қосындардан ғана құралуға тиіс. Армияның көп болуы халық шаруашылығының дамуын тежеп қана қалмастан, армияның осы заманғы жабдықталуына да кесірін тигізеді. Ол өз кезегінде мемлекеттің қорғаныс стратегиясын әлсірететіндігі сөзсіз.

Дэн Сяопиннің армияны сұрыптап, әскерді қысқарту стратегиясы бірден үш түрлі нәтиже берді:

- Біріншісі. Мемлекет адами және заттық ресурстарды жұмылдыра отырып, төртті осы замандандыру құрылысы мен экономикалық реформаларды тереңдетуге мүмкіндік алды;

- Екінші. Армия үнемделген әскери шығындардың есебінен осы заман қару-жарақтарымен жабдықтануға мүмкіндік алды;

- Үшінші. Сұрыпталған әскери қосындарды осы заманғы соғыс қажеттілігіне қарай машықтандыру және оқытып тәрбиелеу арқылы сардарлар мен сарбаздардың жауынгерлік қуатын өсіріп, биік стратегиялық қорғаныс деңгейіне жеткізді.

Сол кезде батыстың кейбір әскери сарапшылары «Қытайдың миллионнан аса әскерін қысқартуы оның қорғаныс қабілетіне қылдай кесірін тигізген жоқ, қайта Қытай халық азаттық армиясының жауынгерлік қабілетін одан бетер өсіре түсті» - деп бағалаған болатын.

Тарихта Кеңес Одағы азамат соғысы аяқталғаннан кейін қызыл армия қосындарын қысқартып, армияның ең таңдаулы маршалдары мен генералдарын оққа байлап еді. Соның кесірінен Финляндиямен соғыста оңбай жеңілді. АҚШ та бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін өз армиясын қысқартудың кесірінен Перл-Харбор портына жапон армиясының тұтқиыл соққысы кезінде күйрей жеңілді. Осылармен салыстырғанда Дэн Сяопиннің 1 млн әскерді қысқарту шешімі іс жүзінде Қытай армиясының жауынгерлік қуатын еселеп арттырған ерекше оқиға болды.

Дэн Сяопиннің әскерді қысқартып, армияны сұрыптау стратегиясы жайдан-жай экономикалық қажеттіліктен ғана туындаған ора-шолақ жоспар емес еді. Ол Қытай армиясын қайта жасақтауды мынадай үш түрлі абзалдықты шебер жүзеге асырды:

- Біріншіден. Армияны қысқарту, әйтеуір, бір бөлім адамдарды армия қатарынан шығару үшін жасалған жоқ. Ол мұқият саралау мен сұрыптау арқылы соғыс қимылдарына ешқандай пайдасы жоқ басы артық адамдарды, кәрі құртандарды және осы заманғы соғыстың қажетіне жарамайтын сардарлар мен сарбаздарады армия қатарынан тазалауға мүмкіндік алды;

- Екіншіден. Әскер қысқарту тек қана сандық қана ұғым емес, ол сонымен бір уақытта құрылымдық реттеу болатын. Мысалға ірі әскери округтерді қысқарту және өзара қосу арқылы бас штабтың құзыретін айтарлықтай өсірді. Оған қоса, әскери округтердің аймақаралық стратегиялық қорғанысын бекемдеуге мүмкіндік алды. Әскери құрамаларға жасалған реформалардың нәтижесінде бір әскери құраманың құрамында зеңбірекшілер армиясы, бронотехникалар армиясы, құрылыс армиясы және химиялық соғыстардан сақтану армиясы қатарлы бұрынғы дербес әскери құрамаларды өзара біріктіру арқылы әскери құрамалардың дербес соғыс қабілетін өсіріп, осы заманғы соғыстың қажетіне бейімдей алды;

- Үшіншіден. Әскер қысқарту басы артық адамдардан құтылумен бір уақытта осы заманғы соғыс қажетіне үйлесетін жаңа жауынгерлік күштерді қатарға қосуға мүмкіндік берді. Бұл жерде армия қатарынан адамдар тек қана кетіп жатыр екен деген қате түсінік тумауға тиіс. Кеткендердің көп болғандығы дау тудырмайды. Бірақ олардың орнына бірі онға татитын жаңа күштерден армия қатарын толықтырып жатты. Мысалға, кәрі-құртаң қарт генералдардан тартып әскери қатарындағы мәдениет қызметкеріне дейін неше жүздеген мың адам армия қатарынан шығарылғанымен, ерекше екі шеп сұрыптаудан, таңдаудан өткен осы заманғы білімге ие, жүйелі әскери білім алған жас сарбаздар түрлі деңгейдегі қолбасшылық орындарына жайғасып, армияның жауынгерлік қуатын бұрын-соңды болмаған деңгейге көтеріп тастады. Орталықтағы қолбасшылық құрылымдарының төрттен бірі қысқарды. Ірі әскери округтердің қолбасшылық құрылымының қысқаруы 50% жетті. Ал олардың орташа жас мөлшері бұрынғы 64,9 жастан 56 жасқа дейін қысқарды.

Бұрында айтқанымыздай армияның әскери қуаты оның санында емес, сапасында екендігін, ұйымдық құрылым мен қару-жарағының сапасына байланысты болатындығын әскери өнерден әліппелік сауаты бар адамдардың бәрі біледі. Дэн Сяопиннің әскер қысқартуын қысқарту дегеннен гөрі, електен өткізу деп түсінген дұрыстау болады. Ол армия қатарын толықтырып, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жан бағып жүргендердің бәрін басы артық, тіпті зиянды адамдарға балап, армия қатарынан түгелдей аластады. Және соған сәйкес соғыс қимылдары үшін ерекше зәру мамандар мен дарынды жас қолбасшыларды әскери қатарына сұрыптап қабылдады. Міне бұл, Дэн Сяопиннің әскер қысқартып, армияны сұрыптау арқылы Қытайдың қорғаныс қабілетін өсіруге бағытталған аса маңызды стратегиясы болатын. Дәл сол кезде АҚШ пен Кеңес Одағы әскери бәсекені қалай бәсеңдетеміз, қорғаныс күштерін қалай қысқартамыз деп саудаласып жатқанда Дэн Сяопин көріністе 1 млн әскер қысқартқан кейіп танытып, көрер көзге ғаламдық бейбітшілікке үлкен үлес қосқан тұлға болып көріне білді.

Жалғасы бар...

Рақым Айыпұлы

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1546
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3341
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6149