Жаңабек ШАҒАТАЙ. «Байқоңыр синдромы» һәм берекесіздік
Қазақстан ғарыштан бас тарта ма?!
Қазақстан ғарыштан бас тарта ма?!
Әлдеқандай бұлдыр әрi түсiнiксiз сезiмдердiң жетегiмен әрi алып Ресейдiң астыртын итермелеуiмен Қазақстан ойда жоқта ғарыш державасына айналуға құштар болып шыққаны баршаға белгiлi. Осындай құштарлықтың шынайы астарында қандай маңызды ой, мақсат жатқаны қоғам үшiн әлi күнге жартылай жұмбақ, күңгiрт.
Аталмыш аса күрделi, өте қиын саладағы елiмiздiң әлеуетi, ғылыми, техникалық дайындығы мен жетiстiктерi зiлмауыр шоқпарды белге қыстыруға еш мүмкiндiк бермейтiндiгiне қарамастан "Бала өзi болғандай, келiн өзi келгендей" үстiрт қадамдар жасалуы - Қазақстанның ғарыштық державалардың клубына толыққанды мүше болып қосылуынан гөрi, көбiне көп бiрдеңенi бүлдiрген тентек баладай көзiмен жер сүзуiне ғана әкелiп соғуда. Тiптi, елiмiзде соншалықты насихатталған, ғарыш саласындағы теңдессiз ерлiгiмiз бен жеңiсiмiз деп жарияланған "ҚазСат" жерсерiгi қан майданда хабарсыз кеткен жауынгердей жоғалып кеткен тұста Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов мырза да кеткен қателiктердi ерiксiз мойындап: "Осы саланы дамыту жолында бiз көп қателiктерге жол бердiк. Бұл - халықтың, мемлекеттiң ақшасы. Сол себептi мен мынадай шешiм қабылдадым. Шикi болған "ҚазСаттың" iсiне қатысы барларды анықтау үшiн арнайы топ құрылды. Оларды анықтап, қоғам алдында, ел алдында жариялайтын боламыз. Өзiңiз тағайындалған уақыттан бастап, барлық iске өзiңiз жауап беретiн боласыз", - деп Талғат Мұсабаевқа жауапкершiлiк жүктеген едi. Ал "ҚазҒарыш" Ұлттық агенттiгiнiң төрағасы Талғат Мұсабаев жерсерiгiне қатысты жауапкершiлiктен жалтарып: "Өйткенi, мен бұл жұмыстар басталған уақытта тiптi Қазақстанда да болған жоқпын", - дегенi баршаға мәлiм.
Сонымен "ҚазСат" жерсерiгiн сақтандыруға жұмсалған 65 млн. доллар Ресейден толық қайтарып алынды ма, кiнәлiлер анықталды ма, оларға қандай шара қолданылды? Мiне, мұның бәрi де қоғам үшiн әлi күнге жұмбақ болып отыр. Әсiлi, әлгiндей кiнәлiлер толық анықталып, олар хабарсыз кеткен "ҚазСатты"тауып келуге ашық ғарышқа ұшырып жiберiлсе құба-құп болар едi. Жә, бұл туралы төменде тереңiрек әңгiмелермiз. Әдетте өмiр шындығына, нақты мүмкiндiктерге негiзделмеген орынсыз тiлек, әсiреқұштарлықтың "әттеген-айы" көп болатыны ғана айқын. Сондықтан да Қазақстанда соңғы жылдары орын алған түрлi синдромдарды санамалап шығуға екi қолдың саусағы жетпейдi. Солардың ең өрескелi әрi күңгiрт тұсы көп, ерекше бiрi - "Байқоңыр синдромы". Яки, Қазақстанның ғарыш державасына оп-оңай айналуға тым құштарлығы осындай түсiнiксiз жағдайға - "Байқоңыр синдромына" тұмсық тiретiп отыр. Бұл туралы атақты жазушы Шерхан Мұртаза ағамыз "Бiр кем дүние" кiтабында: "...Мен:
- Байқоңыр қорлығы. Байқоңыр намысы деген ұғым туды. Унизительный и оскорбительный Байқоңыр.
Байқоңырды өзiмiз игере алмайды екенбiз, тетiгiн, техникасын бiлмейдi екенбiз. Бұған бiлiмiмiз жетпейдi екен. Ендеше, несiне кекiрейемiз?!
...Ұлы ұрлық дәуiрi. Сөз бiттi".
Әбiш Кекiлбаев қолдады. "Байконурский синдром", - дедi. (6.08.1995 ж.).
Бұл қай, қандай кем дүние?!" ("Түркiстан" газетi, №24.18 маусым, 2009 ж.) - деп жаны күйзелiп жазғаны белгiлi. Гәптiң бәрi осы айтылған "Ұлы ұрлық дәуiрiнде" жатқан сияқты.
Жалпы Қазақстанда ғарышкерлердiң отрядын құруды Елбасыға 1994 жылы Ресейдiң және Қазақстанның ұшқыш-ғарышкерi Талғат Мұсабаев мырза ұсынды делiнедi. Мамандардың айтуынша, бұл ұсыныс елiмiздiң Ұлттық агроғарыш агенттiгiнде жан-жақты сараптаудан өтiп, мұқият талқыланған. Ал 1999 жылғы сәуiрде көршi екi ел басшыларының кезектi кездесуi кезiнде Ресейдiң бұл мәселеде - Қазақстан ғарышкерлер отрядын құруда көмектесетiнi жөнiнде маңызды келiсiмге қол жеткiзiлдi. Кәсiби ғарышкерлер болуға тiлек бiлдiрушiлердiң саны бiрнеше мыңға, тiптi, кейбiр деректерде ондаған мың адамға жетiп, үш жыл бойына өте мұқият iрiктеу жұмыстары жүргiзiлдi. Осыдан жетi жыл бұрын, 2002 жылдың соңына таман Қазақстанда ғарышкерлер отряды құрылғаны қуанышпен мәлiмдендi. Қазақ ғарышкерлерiнiң ұшуына айрықша мемлекеттiк мән берiлгенi соншалық, бұл мәселе талай рет Ресей және Қазақстан президенттерiнiң жоғары деңгейдегi әңгiмелерiне арқау болғаны бар. Содан берi де бiрталай жылдар өттi. 1994 жылдан санасақ - 15 жыл, 1999 жылдан есептесек - 10 жыл!
Тү-у, ерiнбей санасақ өзендерде талай су ағып, елiмiзде талай өзгерiстер орын алыпты-ау. Жабайы жекешелендiру жылдары артта қалып, Қазақстан айтарлықтай экономикалық даму, гүлдену жылдарын бастан кешiптi. Ол ол ма, әлемдi бiр тарының қауызына сыйдырған соңғы қаржы, экономикалық дағдарыс та әнi-мiнi аяқталуға таяу. Сырдарияның жағасындағы көптеген елдi мекендер талай рет су астында қалып, жаңа жерлерге де көшiрiлдi. Сарыарқаның кеңжазира төсiнде әсем қала - ұлы Астана салынып, әлемнiң көзiн сүйсiндiруде. Тiптен 11 жылдық тойын да мерекелеп үлгерiптi-ау. О-о, менiң Әнуарбек досым немерелi болып та үлгердi! Бiрақ... бiрақ әлi күнге бiрде-бiр қазақ ғарышкерi - Қазақстан азаматы ғарышқа ұша алмай мысы құрып отыр.
Сонымен 2002 жылы 9 қарашада Астанада ғарышкерлерге үмiткерлердi iрiктейтiн Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жанындағы ведомствоаралық комиссиясының мәртебелi мәжiлiсi болып бiр өттi. Аталмыш комиссияға сол кездегi Энергетика және минералды ресурстар министрi Владимир Школьник мырза төрағалық еткен болатын. Қазақстандағы аса маңызды стратегиялық салаларда - атом мәселесiнде, қазақтардың ғарышқа ұшуында бiраз жылдардан берi батагөй абызымыз Владимир Школьник мырза болып жүретiнi ежелден қалыптасқан жағдай ғой.
Осынау құзырлы комиссияның құрамында Ресейдiң Ю.А. Гагарин атындағы ғарышкерлер дайындау орталығының бiлiктi мамандары, оның iшiнде Талғат Мұсабаев мырза және Медико-биологиялық проблемалар институтының (ИМБП) жетекшi ғалымдары болды. Бiр сөзбен айтқанда, әрбiр үмiткердiң мүмкiндiгiн, денсаулығын, әлеуметтiк жағдайын, өмiрбаянын жан-жақты сарапқа салған аталмыш комиссия Қазақстан ғарышкерлер отрядына төрт адамды ендiру жөнiнде шешiм шығарған. "Росавиакосмос" және Қазақстанның Аэроғарыш агенттiктерi толық сенiм артқан олардың екеуi - Айдын Айымбетов пен Мұхтар Аймаханов көп ұзамай атақты Жұлдызды қалашыққа келiп, барлық қатаң сынақтардан сүрiнбей өттi және емтихандарды сәттi тапсырды. Бiрi - Армавир жоғары әскери әуе училищесiн, екiншiсi - Чернигов жоғары әскери әуе училищесiн тәмамдап, үздiк қызмет атқарып жүрген таңдаулы азаматтар 2005 жылы "ғарышкер-сынақшы" атағын иелендi. Шын мәнiнде, кәсiби ғарышкерлерге айналды. Ендi бiр ғана қадам... ғарышқа ұшу ғана қалып тұр. Дегенмен, өткен жылдар iшiнде елiмiзге айтарлықтай еңбек сiңiрiп үлгеруге талай мүмкiндiктерi болған таңдаулы қос азаматтың ғарышқа ұшуы сол жылдардан берi ылғи кейiн шегерiлiп келсе, биыл тiптi олар ғарышқа ұшады деген үмiт бiржола үзiлгендей. Яғни, барша дайындықтар құмға сiңген судай болатын түрi бар. Қазақстан Әскери әуе күштерiнiң подполковнигi Айдын Айымбетов те, 1998 жылы табысты компания - "Алтынконсалт" жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгiнiң бас директоры қызметiн атқарған Мұхтар Аймаханов та әлi күнге ғарышқа ұшуды армандаумен ғана күн өткiзуде. Ал олардың негiзгi мiндеттi атқаруы - ғарышқа ұшуы кейiнге шегерiлген сайын елiмiздегi салық төлеушiлерге түсетiн салмақ көбейе түсетiнi бесенеден белгiлi. Бюджеттiк шығындар ерiксiз ұлғая бермекшi. Биылғы жылы Қазақстанның бюджет комитетi қазақ ғарышкерлерiнiң ұшуына бөлiнетiн қаржыны анағұрлым азайтты. Сонда атпал қос азаматтың төккен тер, көрген қиындықтары зая кеткенi ме? Иә! Қалыптасқан қазiргi жағдай осындай қорытынды жасауға итермелейдi. Iле-шала қазақстандық ғарыш турисiн - өз ақшасымен ресейлiк медициналық комиссияның барлық сынақтарынан сәттi өткен белгiлi кәсiпкердi көк аспанға ұшыру жөнiндегi идея дүниеге келген болатын. Сәл болмағанда ол да жүзеге аса жаздады. Дегенмен, 2008 жылдың қазан айында "Роскосмос" пен Қазақстан тарапы арасында 2009 жылдың күзiнде "Союз" ғарыш кемесiнде қазақ азаматының борт инженер болып ұшуы жөнiнде келiссөздер жүргiзiле бастағаны да аян.
Ал соңғы кездерi Қазақстан Ұлттық ғарыш агенттiгiнiң төрағасы Талғат Мұсабаев мырзаның: "Роскосмос" Қазақстан ғарышкерiнiң ұшуы тек ақша төленсе ғана жүзеге асырылады деп қатаң талап қойып отыр. Бұл мақсатқа 900 млн. рубль керек. Одан бiр тиын да кем емес", - деуiне қарағанда, екi ел арасында қол жеткiзiлген барлық мақтаулы келiсiмдер құрғақ, мәнсiз сөз болып шыққан секiлдi. Өйткенi, осыншама ақша жұмсалып, аса лауазымды адамдар уағдаласпай-ақ төлемақы төлеген талай адам - еркектер де, әйел туристер де, қарттар да, кәсiпкерлер де елiмiздiң территориясында орналасқан Байқоңырдан Ресей ғарыш кемелерiмен сапарлап қайтты. Осының нәтижесiнде Ресейдiң қазынасына қомақты қаржы құйылды және болашақта да тоқтаусыз құйыла беретiнi сөзсiз. Ал соншалықты ұзақ мерзiм бойына зор шығын жұмсап, Ресейде дайындығын өткiзген қос азаматтың бiрде-бiрiн ғарышқа ұшыра алмаған Қазақстан тағы да ұятқа толы көзiмен жер шұқып, жыртық астау құшақтаған күйде қалып отыр. Тiптi, аталмыш қос азаматтың бiрiн әке-көкелеп ғарышқа ұшырғанымызбен де өзiмiз соншалықты ниет еткен, жан-тәнiмiзбен ұмтылған ғарыштық державалар клубына толыққанды мүше болып ене алмайтынымыз бесенеден белгiлi. Өйткенi, КСРО кезiнде де Байқоңырдан сандаған социалистiк елдердiң өкiлдерi - Куба, Въетнам, Моңғолия, Венгрия, т.б. елдердiң алғашқы ғарышкерлерi ғарышқа ұшырылғаны аян.
Бiрақ, бұл жағдай аталмыш елдердiң барлығы бiр мезетте ғарыштық державаға айналып шыға келдi деген сөз емес.
Қазiр Қазақстан 900 млн. рубль - орташа есеппен 25 млн. доллар төлеуге қауқарсыз. Бiздiң iрi кәсiпкерлер, әйгiлi "Форбс" журналына енген олигархтарымыздың өлшемiне салсақ, бұл соншалықты қомақты сома да емес секiлдi. Бiрақ, Қазақстан мұны төлеуден түбегейлi бас тартып отыр. Бұл - дұрыс та! Өйткенi, сандаған жылдардан берi Қазақстан Байқоңырдың жалақысын ұлғайтпай ұстап келедi. Яғни, "Береген қолым алаған" дейтiн тұс нақ осы кез. Осыған қарамастан Ресейдiң арнаулы бағдарламалар басқармасының бастығы Алексей Краснов: "В ходе переговоров Роскосмос шел на максимально возможные уступки, соглашаясь на оплату 40% суммы в 2010 году, т.е. после выполнения полета. Субсидирование же иностранных проектов за счет бюджетных средств противоречит законодательству РФ", - дейдi. ("Новая газета", №22, 11.06.2009 г.). Яғни, ресейлiктер ғарышқа адам ұшыру мәселесiнде В.Путиннiң әйгiлi "Котлет бiр бөлек, көк шыбын бiр бөлек" деген ұстанымынан табан тайдырғысы келмейтiнiн айқын танытуда. Тiптi, Қазақстан мен Ресей президенттерiнiң өзара келiсiмдерi болғандығына да көңiл аударғылары жоқ. Сондықтан да Алексей Краснов: "На данном этапе затруднительно говорить о возможностях реализации договоренности, так как мы ориентируемся на полномасштабное использование российского сегмента МКС, что потребует трех российских космонавтов", - деп шiкiрейедi.
Сонымен Қазақстан жағы наурыз айында бюджеттен ақша бөлiнбеуiне байланысты бұдан бұрын белгiленген ғарыштық бағдарламадан бас тартатынын мәлiмдедi. Мұның нәтижесiнде осы уақытқа дейiн қос ғарышкердi дайындауға жұмсалған қаржының бәрi желге ұшырылғаны айқын. Өйткенi, әлемдiк экономикалық дағдарыс аяқталып, Қазақстан қайтадан аяғынан нық тұрғанша, сөйтiп әлгi 25 млн. долларды төлеуге қабiлеттi болғанша аталмыш қос сынақшы-ғарышкерлерiмiздiң денсаулығы баяғыша мықты болып тұрады деуге еш кепiл жоқ.
Әңгiме онда да емес, гәп мүлдем басқада болып отыр. Өзiмiз Байқоңырды пәленбай жылдан берi жалға берiп, тiптi, алдағы 50 жылда да оның бар пайдасын Ресей көретiнiн қамтамасыз етiп отырсақ та Қазақстанның нәйетi бiр ғарышкерiн тегiн ұшыруды қамтамасыз ете алмағанымыз елдiгiмiзге, атымызға өшпес таңба болып қалмақшы.
Әңгiмемiздiң жоғары жағында сөз етiлген "ҚазСат-1" жерсерiгi мәселесiн осы тұрғыдан қайта сөз етуге тура келерi айқын. 2006 жылы маусым айында ұшырылған жерсерiгi екi жылға жетер-жетпесте өз қызметiн тоқтатты. 2008 жылы Қазақстан БАҚ-тары "ҚазСат" жерсерiгiн сақтандыруға жұмсалған 65 млн. доллар жөнiндегi екi ел арасындағы келiсiм-шарт қайта қаралып жатқанын, бiрақ Ресей тарапы ақшаны нақты қайтару туралы уәде берiп отырмағанын, тек құжатты қайта қарауға келiскенiн ғана мәлiмдеген болатын. Содан берi бұл мәселеде ештеңе айқындалмаған сияқты. Қалай десек те, Қазақстан әлгi аты-шулы 65 млн. долларды толығымен қайтарып алды деген нақты дерек жоқ. Бар болса, қоғам одан бейхабар.
Оның үстiне Байқоңырдан ұшырылған Ресейдiң бiрнеше "Протон" зымырандары Қазақстан территориясына құлап, қоршаған ортаға орасан зор зиян шектiргенi, экологиялық апат қауiпiн төндiргенi де жадымызда. Аты-шулы гептиль мәселесiнде Қазақстан либералдық саясат ұстанып, екi ел арасындағы стратегиялық әрiптестiк, мәңгiлiк достыққа қылау түсiрмеу үшiн мардымсыз ғана өтемақы талап еткен-дi. Тiптi, осы мардымсыз өтемақыны да Ресей үнемi сөзбұйдаға, демагогияға ұштастырып, қайыршыға ұстатқан садақаның кебiн кигiздi.
Ең бастысы, Байқоңырды жалға алғаны үшiн Ресей Қазақстанға сандаған жылдардан берi санаулы ғана ақша ғана ұстатып келе жатыр және осылай болып қала берер сиқы бар. Ал Байқоңыр жөнiндегi келiсiм-шарт алғаш жасалғалы берi жағдай өзгергенiн, ең бастысы, доллардың құны айтарлықтай төмендегенiн ескерiп Қазақстан бұл келiсiм-шартты қайта қарауға толық құқықтық негiз туындап отыр. Тiптi, Қазақстан ғана емес, халықаралық терроризмге қарсы бiрлесе күресетiнi жөнiнде мәлiмдеген, көптеген халықаралық келiсiмдерге қол қойған Қырғызстанның өзi таяуда Қант әуежайын АҚШ-тың пайдалануы жөнiндегi келiсiмдi қайта қарауға, өтемақыны анағұрлым көп мөлшерде төлеуге қол жеткiздi. Американдарға өтемақыны көбейтпесеңдер мұхиттың арғы жағындағы ауылдарыңа қайт дедi. Бұл жеңiс - Қырғызстанның сыртқы саясаттағы айтарлықтай табысы екендiгiне еш дау жоқ. Ал Байқоңырды жалға алғаны үшiн Ресейден көп жылдардан берi мардымды ақша алып көрмеген - кейбiр деректерге сенсек, оның өзi пайдаланудан шыққан, әбден көнерген техника және құрал-жабдықтар ғана екен - Қазақстан "Байқоңыр синдромының" ауыр зардаптарын бастан өткеруде. Бұл салада ұлттық, мемлекеттiк мүддемiз мүлдем қорғалмай отырғаны өкiнiштi-ақ. Осы тұйықтан шығар жол жоқ та сияқты...
«Түркістан» газеті, 16.07.2009