Жексенбі, 24 Қараша 2024
Алашорда 3322 0 пікір 31 Наурыз, 2022 сағат 13:23

Мейірман Ермектасовты еске алды

Наурыздың 29 күні (29.03.2022) Алматы облысы, Ақсу  ауданы, Еңбек ауылында орналасқан «Қарасу мектебінде» белгілі ағартушы, мемлекет және қоғам қайраткері, мұғалім Мейірман Қашқынбайұлы Ермектасовқа мемориялдық тақта орнатылды.


Мейірман Ермектасовтың қысқаша ғұмырбаяны

Мейірман Қашқынбайұлы Ермектасов 1888 жылы 2 қыркүйекте, Алматы облысы Ақсу ауданында туылған. 1900-1908 жылдары Қапалдағы татар мектебінде білім алады. 1908-1910 жылдары Қарағаштағы «Мамания мектебінде» мұғалім болды. 1910-1914 жылдары Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесінде тәлім алды. Ғалия медресесін үздік бітірген соң, «Мамания мектебінде» мұғалімдік қызметін жалғастырды.

(«Ғалия» медерсесін бітіргені туралы шаһадатнамасы)

1920 жылы Жетісу губернесі Алматы қаласында ашылған мұғалімдер даярлайтын губерналық курстың басқарушысы болып қызмет істейді.

1922 жылы Талдықорған уиезінің уиездік оқу-ағарту мекемесінің жұмысын басқаруды қолға алып, мұғалімдер даярлайтын курстар ашып, ағарту жұмысының өркендеуіне үлес қосады.

1923-1926 жылдары Лепсі уиезінің ағарту мекемесін басқарды. Лепсі уиезінде мектептер ашу, жетілдіру істеріне басшылық жасайды.

1926-1929 жылдары Қарасу ауылындағы мектепте басшылық қызмет атқарады.

1930 жылдың соңында Қытайға өтіп, Қаратас деген жерде қоныстанады.

1932-34 жылдары Бұлғыншы ақалақшының ауылында «Жабықбай мектебін» жаңаша үлгіде қайта салдыру ісін қолға алып, оқу-оқыту істерін жандандырады. Орыс, татар, ұйғыр тілдеріндегі оқу құралдарын өзі аударып, мұғалімдерге пайдалануға береді. Бұл мектепте 1942 жылға дейін басқарады.

(1932 жылы салынып, 1933 жылы мектеп басталғанда Жабықбай ақалақшы және осы мектепті жобалаған Мейірман Ермектасовтар бастаған ауыл адамдарымен бірге оқу бастау салтында түскен сурет (Ортаңғы қатарда солдан 3-адам Жабықбай Бұлғыншы ұлы  ортаңғы қатарда солдан 5-адам Мейірман Ермектасов))

1935 жылы Іле аймағындағы «Қазақ-қырғыз ұйышмасы» ұймдастырған, мұғалімдерге арналған «Тура-асу» жаздық курсында, басқарушы және оқытушылық қызмет атқарады. 1942 жылға дейін осындай түрлі орындарда ашылған мұғалімдер білімін жетілдіру курстарына басшлық жасап, сабақ береді.

1943 жылы Сүйдін (Қорғас) ауданындағы Сарыбұлақ көпірлі мектебіне ауысып, мұғалім және басшылық жұмысын атқарады.

1945 жылы Уақытша үкіметтің оқу-ағарту мекемесінде жұмыс істейді.

1946 жылы Іле аймақтық сот мекемесінің орынбасары болып жұмыс істейді.

1947 жылы Үрімжідегі өлкелік сиезге өкіл болып қатынасады. Осы жолы кенет ауырып, Құлжаға қайтады.

1950 жылы науқастан айыға алмай, 3 мамырда қайтыс болады.

1956 жылы ұрпақтары елге оралды.

***

Айтулы іс-шараға Қызылорда, Тараз, Алматы, Талдықорған қаласынан келген ұрпақтары, зерттеушілер, журналистер, ауыл тұрғандары және мектеп ұжымы қатысты. Алматы облысы, Ақсу ауданы әкімінің орынбасары  – Есжанов Ғазиз Отарбайұлы, Ақсу ауданының Ардагерлер кеңесінің төрағасы – Айтбаев Амантай  Айтбайұлы, Ардагер ұстаз – Нұрханова  Сәулетхан, Ақсу ауданы Молықбай мәдениет үйінің  директоры Досмуханбетов Асхат Сейденұлы қатарлы азаматтар құттықтау сөздерін сөйледі. Мейірман Ермектасовтың ұрпақтарынан: немересі Мейірманова Майра  Зекенқызы, Мейірманова Зоя Зекенқызы жиналған қауымға, ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып, аталарын еске алып жатқан ел-жұртына ризашылық білдірді. Мейірман Ермектасовтың бажасы Мықтыбаев Нүсіпбайдың ұлы , Жексенбек ақсақал  (85 жаста) есте қалған естеліктермен бөлісті. Өлкетанушы, Ілиястанушы, Алматы облыстық "Жетісу" газетінің тілшісі Қажет Андас, зерттеуші Абай Мырзағали Мейірман Ермектасовтың ағартушылық және шығармашылық жолындағы еңбектері туралы баяндамалар жасады. «Қарасу мектебінің» директоры Сағадиев Мухтар Лебекұлы Мейірман Ермектасовқа арналған музейге экскурсия жасады. Шара соңында Еңбек ауылындағы мешітте ас берілды.

«Ер есімін ел сақтар» деп бабаларымыз бекер айтпаса керек. Туған өлкесі Жетісуда және Іле уалаятындағы қазақ халқының халық ағарту жолында аянбай еңбек сіңірген ағартушы, мемлекет және қоғам қайраткерін еске алып, есімін жаңғыртудың бұл бастамасы ғана деп білеміз.

Осындай игілікті іс-шараға қолдау көрсетіп, қаржылық жағынан демеушілік жасаған Мейірман Ермектасовтың ұрпақтарына, немерелеріне, Жанатаева Сағат, Сағындықова Ляззат, Сағындықова Сымбат, Сағындықов Құдайберген қатарлы азаматтарға тәңір жар болсын!

Абай Мырзағали

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5566