Шәріпхан Қайсар. Ақтаудағы сот ашық та әділ өтті
(ШЕТЕЛДІК БАЙҚАУШЫЛАРДЫҢ ПІКІРІ)
Ақтауда «Алға» белсенділері Сапарғали мен Козловтың, сондай-ақ ереуілшілердің басты арандатушыларының бірі Әминовтің үстінен Ақтауда өткен сот отырысы оған шет елдерден келген халықаралық байқалушылар мен құқық қорғаушылардың қатысуымен ерекшеленді. Олардың барлығы сот ісіне араласпағанмен, оның қаншалықты заңға, халықаралық талаптарға сәйкес, қаншалықты ашық өтіп жатқанын бақылап отырды. «Алғалықтардың» өкініштеріне орай Ұлыбританиядан, Ресейден, Польшадан, Германиядан солардың өздері шақырып алдырған бақылаушылар мен Қазақстандағы көптеген шетел елшіліктерінің өкілдері сот отырысы барысында қандай да бір ауыз толтырып айтарлықтай заң бұзушылық болмағанын айтып жатыр. Олардың айтуынша, керісінше, әлеуметтік араздықты қоздырушы қылмыскерлердің үстінен болған қылмыстық іс барынша ашық, әрі транспарентті түрде өткен.
«Сот отырысына еркін қатысуға болады» дейді Еуропарламенттің депутаты П.Борыс
(ШЕТЕЛДІК БАЙҚАУШЫЛАРДЫҢ ПІКІРІ)
Ақтауда «Алға» белсенділері Сапарғали мен Козловтың, сондай-ақ ереуілшілердің басты арандатушыларының бірі Әминовтің үстінен Ақтауда өткен сот отырысы оған шет елдерден келген халықаралық байқалушылар мен құқық қорғаушылардың қатысуымен ерекшеленді. Олардың барлығы сот ісіне араласпағанмен, оның қаншалықты заңға, халықаралық талаптарға сәйкес, қаншалықты ашық өтіп жатқанын бақылап отырды. «Алғалықтардың» өкініштеріне орай Ұлыбританиядан, Ресейден, Польшадан, Германиядан солардың өздері шақырып алдырған бақылаушылар мен Қазақстандағы көптеген шетел елшіліктерінің өкілдері сот отырысы барысында қандай да бір ауыз толтырып айтарлықтай заң бұзушылық болмағанын айтып жатыр. Олардың айтуынша, керісінше, әлеуметтік араздықты қоздырушы қылмыскерлердің үстінен болған қылмыстық іс барынша ашық, әрі транспарентті түрде өткен.
«Сот отырысына еркін қатысуға болады» дейді Еуропарламенттің депутаты П.Борыс
Көптеген қазақстандық блоггерлер мен қарапайым адамдар интернет бетіне «бұл не, саяси шоу ма, әлде айыпкерлердің қылмысын анықтайтын сот па? Бұл Қазақстанның ішкі ісі емес пе, өзгелердің не шаруасы бар? Олар не бітіріп жүр? Мақсаттары не?», - деп, Ақтауда өткен сотқа қаптап келіп қатысқан шетелдіктер туралы түсінбестік білдіріп жатты.
Дегенмен, олардың қайсысы қандай мақсатпен келгеніне қарамастан, ертең сот үдерісі аяқталғаннан кейін, сөз қуып, бықсытып жүрмеуі үшін Ақтаудың барлық есіктері айқара ашылды. Одан қалды шетелдік бақылаушылардың кейбіреулері, нақтырақ айтқанда Еуропарламенттің депутаты («Азаматтық платформа» партиясы), Орталық Азия жөніндегі комиссияның мүшесі Петр Борыс адвокаттар тарапынан куәгер ретінде қатысты.
Ол 2011-жылдың қыркүйек айында Еуропарламент депутаттарының «Алға» ұйымының мүшелерімен өткен Жаңаөзендегі мұнайшылардың ереуілдері турасындағы кездесуі жөнінде, сонымен қатар 2012-жылдың ақпан айында болған Маңғыстау облысына сапарының қорытындылары туралы айтып берді. Қорғаушылар мен айыптаушылардың сауалдарына жауап бере отырып, Петр Борыс талқыға түсіп отырған мәселе туралы жалпы хабардар екенін білдірді. Ол сотқа қазақстандықтардың былтыр күзде Польшаға жасаған сапарының дайындығына қатыспағандықтан, ол сапар туралы толығырақ білмейтінін айтты, сол кездесудегі басты баяндамашы Сақтағановты тіпті есіне де түсіре алмады, «Алға» белсенділері ереуілге шыққан мұнайшылардың арасына таратқан үнпарақтар туралы бірінші рет естіп отырғанын айтты.
Сот отырысының арасында журналистерге сұхбат берген ол айыпкерлердің Жаңаөзен оқиғасындағы рөлі туралы сауалға, өзі ондай баға бере алмайтынын мәлімдеді. Сол сұхбатында Петр Борыс Козлов ісіне қатысты қандай да бір ақпарат алуда ешбір қиындық болмағанын, өзі әкімшіліктің, прокуратураның, Германиядағы Қазақстан елшілігінің өкілдерімен еш кедергісіз кездесіп, әңгімелескенін айтты. Козловқа, Сапарғали мен Әминовке қатысты өтіп жатқан сот отырысына пікірін білдіргенде ол сот үдерісі барынша ашық та транспарентті екенін атап өтті.
«Сот отырысына қатысуға байланысты ешқандай да проблема жоқ. Мен соның нақты мысалымын. Сотқа қатысқысы келген адамдардың барлығы, еуропарламенттің депутаттарынан бастап, қарапайым қазақстандықтарға дейін қалаған отырыстарына қалағанынша қатыса алды» деді П.Борыс.
«Козлов мұнайшылардың проблемаларын мүлдем көтерген емес» дейді Сақтағанов
Ақыры, мұнайшылардың Варшаваға сапары туралы сөз қозғаған екенбіз, Ақтаудағы сот отырысы барысында Алғаның Маңғыстау жеріндегі қызметінің бұл қыры да толығымен ашылғанын айта кеткеніміз жөн болар.
«Варшава сапарында Козловтың Еуропарламент депутаттарына жолдаған үндеуінде Жаңаөзенде ереуілге шығып жатқан мұнайшылардың проблемалары туралы бір ауыз да айтылған жоқ», - деді Ақтаудағы сот отырысына куәгер ретінде қатысқан бұрынғы мұнайшы Талғат Сақтағанов.
Талғат Сақтағанов Жаңаөзендегі мұнайшылардың ереуілі кезінде ең белсенділердің қатарында болған азамат, ол былтыр мұнайшылар проблемасы көтерілуі тиіс болған Варшавадағы Еуропарламент депутаттарымен кездесуге қатысып қайтқан болатын. «Мен сол сапардың мәнін ақыры түсінбедім, қазір сонда барғаныма өкінемін. Ол жерде айтылған әңгімелердің барлығы тек бос сөз болды. Козлов Еуропарламент депутаттарының алдында сөйлеген сөзінде тек біздің мемлекетті сынға алумен болды, ал мұнайшылардың проблемалары туралы бір ауыз сөз де айтылған жоқ», - деді Сақтағанов.
«Ешқандай проблема болған жоқ» дейді М.Ленинг
Ақтауда Германия үкіметінің адам құқықтары жөніндегі уәкілетті өкілі Маркус Ленинг Ақтаудағы сот ісіне байланысты арнайы баспасөз мәжілісін өткізді.
Онда Маркус Ленинг сот үдерісінің аса жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.
«Сот залына ену үшін бізде ешқандай да проблема болған жоқ. Мен еш кедергісіз өттім. Сот отырысы ашық болды. Бізден басқа көптеген халықаралық ұйымдардың және жергілікті құқық қорғау ұйымдарының өкілдері де болды. Соттың есігі барлығына айқара ашық жатты, біз ешқандай проблема көрген жоқпыз», - деді ол.
М.Ленингтің айтуынша, «Алғаның» көптеген мүшелерінің байбаламдаған түрлі пікірлеріне қарамастан ол осынау сот үдерісін ешқандай саяси деп атай алмайды. «Мен бұл сот үдерісін саяси немесе саяси емес деп біржақты айта алмаймын. Әрине, іс барысында оны саяси сахнаға қарай сүйрелеу элементтері болды, дегенмен, мен соттың шешімі таза қылмыстық іске қатысты болды деп сенемін. Рас, былтырғы желтоқсан айында болған оқиғадан кейін көптеген түрлі комиссиялар құрылды. Олар өз тергеулерін жүргізді», - деді Маркус Ленинг.
«Сот отырысы ашық режимде өтіп жатыр» дейді Д.Ярчив
Козлов, Сапарғали және Әминов үшеуінің үстінен жүргізілген сот ісіне Қазақстандағы АҚШ елшігінің жанындағы саяси - экономикалық бөлімнің қызметкері Джессика Лини Ярчив те қатысты.
Сот күнінің аяқталуына орай ол журналистерге шағын брифинг өткізіп, онда өзінің Ақтауға келгендегі мақсаты осы сот үдерісін бақылау екенін атап өтті.
Д.Ярчивтің сөзіне жүгінсек, Қазақстандағы АҚШ елшілігі осы сот үдерісін ғана емес, жалпы Қазақстанның сот жүйесінде жүргізіліп жатқан реформаларды асқан қызығушылықпен бақылап отыр.
Брифингі барысында Джессика Ярчив соттық тыңдау барысы қалай өтіп жатқанына өзінің көңілі толатынын жеткізді.
«Біз сот үдерісінің ашық режимде өтіп жатқанына ризашылығымызды білдіреміз. Біздің осы сот залының ішіне кіруімізге ешқандай кедергі болған жоқ және осыған дейін мен қандай да бір проблеманы немесе кемшілікті байқаған емеспін», - деді АҚШ елшілігінің қызметкері.
Қысқасы, Ақтаудағы сот отырысы халықаралық байқаушылар тарапынан оң бағаға ие болды.
«Аbai.kz»