Жириновский біз жайлы не деп еді?
Кеше Ресей Думасының депутаты, РЛДП жетекшісі Владимир Жириновский дүние салды. Оның өлімі туралы ақпаратты Дума спикері Вячеслав Володин мәлімдеді. Ақпанның басында Жириновский ауыр хәлде ауруханаға жатқызылған. Дәрігерлер оның беті бері қарай қоймайтынын айтқан. Ал осыдан бірнеше апта бұрын Жириновскийдің дүние салғаны туралы ақпарат шығып, кейін оны жаңағы Володиннің өзі терістеген.
Жириновский 1946 жылы Алматыда туған. Кейін Ресейге қоныс аударған. Ол әр жылдары Қазақстанға қатысты түрлі қитұрқы әрі шовинистік, басқыншылық пиғылдағы пікірлер айтып жүрді. Солардың бірсыпырасы мінекей:
2014 жылы:
«Біз жаңа шағын Ресейді құруымыз керек. Ресейдің бір Федералды автономиялық округін құрып, астанасын Харьков қыламыз. Ресейдің түкпір-түкпіріндегі мыңдаған жас жігіттер Украинадағы орыс бауырларымыздың құқығын қорғауға көмектескісі келеді. Орыс тілінде сөйлегені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатқанын көріп, бей-жай қарап тұра алмаймыз.
Сонымен қатар Ресейдің шекарасын оңтүстікке қарай кеңейтуіміз керек. Бұл бірінші кезекте Қазақстан мен Тәжікстанға қатысты. Оңтүстік бағытымыздың Түркияға, Иранға, Ауғанстанға тағы да басқа көрші елдерге қатысы бар. Жапондар мен Қытайлар «кім сары, кім мықты» деп таласа берсін. Мұнда орыс-түрік шекарасы болуы керек», - деген.
2015 жылы:
«Қазақстан – менің кішігірім отаным. Мен тіпті, Алматыдағы Масанчи көшесінің атауын Жириновский деп өзгертсе де қарсы емеспін. Ал №25 мектепті Жириновский атындағы деп те атай берсін. Мүмкін болашақта солай істегісі келетіндер табылар? Есесіне туристер көп келетін болады. Бұл өздеріңе тиімді. Сондықтан алдын-ала келісімімді беремін», - деп сөйлеген.
2020 жылы:
«Егерде мектептерде балалар сол елдің тілімен оқымаса, мектепке бармаса, ол тілдің қажеті қанша? Бізде Алматыда орыс тілі мен қазақ тілі болды. Қазақ мектебін ашты, бірақ, ешкім барған жоқ. Бүкіл қазақтар орысша сөйлейді, қазақ тілінің қажеті қанша? Қазақ театры ашылды оған ешкім бармайды. Қазақ және орыс тілдерінде газеттер шығатын, орысшасын барлығы алатын, ал қазақшасы мүлдем өтпейтін. Қазақтардың өздері қазақша газеті оқығылары келмейді, қазақша сөйлегісі келмейді, балаларын қазақ балабақшасына бергілері келмейді. Сондықтан ол тілдің қажеті жоқ», - деген.
2021 жылы:
«Орта Азиядағы жағдай ушығып кетуі мүмкін. Мен өзім сол жерден шықтым, өзімнің жерлестеріме жағдай шиеленесіп, қақтығыс басталып кетпей тұрып Ресейге көшіп алыңдар дер едім. Біз ішкі істер министріне Орта Азия мен Қазақстандағы барлық орыстарға паспорт беруді жеделдетіп, бір-екі жыл емес, бір ай ішінде беруін сұрап хат жолдадық. СІМ Орталық Азия мен Қазақстандағы барлық консулдық қызметтерге жұмысты күрт күшейтіп, штабты ұлғайтуға нұсқау беруі керек. Кеткісі келетін адам тезірек кетіп қалуы үшін», - деген.
«Қазақстан, Павлодар қаласы. Орыс атымен аталатын 30 көшеге қазақша ат бермекші екен. Сіздер қазақ қаласын тұрғызып, көшелеріне қазақша ат қоя беріңіздер. Өзгенікін ауыстырып не қыласыздар? Бірінші Петрдің кезінде ол жерде тұз шығарушыларды қорғайтын Коряков форпосты болған. Ол жерде ешқандай мемлекет болған жоқ. Көшпенділер көшіп-қонып жүрді. 300 жыл бойы қайда қалдыңыздар, Қазақстан? Ол кезде сіздер болған жоқсыздар. Жоңғар тайпалары болды, бірақ жоңғар мемлекеті болған жоқ. Бәрінің атын ауыстырып жатыр, ауыстырып жатыр. Тарих ұмытылып, бәрі тек қазақтарға қалады деп ойлайсыздар ма? Ешкім ештеңені ұмытпайды. Орыс әлемі, орыс кеңістігі өзінің шекарасын қалпына келтіріп, бәрін реттейді», - деп сөйлеген.
2022 жылы:
«Ұлттық қысым. Менің балалық шағымда орыстар көп болатын, бір сыныпта 30 оқушы болса, соның бір-екеуі ғана қазақ болды. Қазір бәрі керісінше. Орыстарды қудалап жатыр, олардың жартысы кетіп те қалды. Қазақ тілі бұрын қосымша сабақ ретінде оқытылатын, қазір мәжбүрлі түрде оқытады. Мұның бәрі орыстардың және басқа да ұлттардың ызасын туғызады. Республика бұрын іс жүзінде атеистік көзқараста болды, қазір мұсылмандыққа өтті. Бұған Түркияның ықпалы тиді. Тілдері басқа болса да, қазақтарға түріктердің идеологиясы мен мәдениетін таңып отыр. Алматының көтерілген себебі: қала «астана» мәртебесінен айрылып қалды. Верный қаласын кезінде орыс казактары салған. Ол Мәскеу сияқты ең мәдени, ең бай қала болды», - деген еді «Қаңтар көтерілісі» туралы.
«Сыртқы елдердің әсері. Біріншіден, жан-жағын қоршаған мұсылман елдеріндегі діни көтерілістердің әсері. Билікке тәліптер келген Ауғанстан сияқты. Екіншіден, америкалықтар Ресейді Орталық Азиядағы бір жақтасынан айырғысы келді. Сүйтіп, Армения мен Молдавадағыдай бейтарап режим орнатып, аймақты Ресейден бөліп алуды ойлады. Оларға ендігі кезекте Ресейдің ықпалын біржола жою үшін Өзбекстанның билік режимін өзгерту ғана қалды. Мен туып-өскен қаламның өртеніп жатқанына тыныш қарап отыра алмаймын. Ол жердегі орыстар халықтың бір бөлігі ретінде сезініп, кез-келген демократиялы елдегідей тең құқыққа ие болады деп үміттенем», - деген.
Айжан Темірхан
Abai.kz