Жексенбі, 24 Қараша 2024
Ақмылтық 2579 0 пікір 25 Наурыз, 2022 сағат 17:34

Бұқаралық ақпарат құралдарына жаңа көзқарас керек!

Қазақстан егемендікке қол жеткізгелі бері әлемдегі саяси, экономикалық, қоғамдық жағдай мен ахуалда өзіне тіисті орнына ие болды. Осы өзімізге тиселі орнымызды әлемге  мәдениетіміз бен ұлттық құндылықтарым жағынан таныту үшін де БАҚ-тың теңдессіз үлесі бар. Дүние жүзінде жаһандану дәуірі XXI ғасырда орын алды. Көптеген ірілі-ұсақты мемлекет өз алдына тәуелсіздігін алып, жаңа ғасырдың есігін жаңа леппен ашты. Міне, сол мемлекеттердің қатарында біздің азат еліміз Қазақстан да бар. Бұл жаңа дәуір ғасыры бүкіл әлемді жаһандану дәуіріне алып келді, барлық ел даму жолында білім аясын кеңейтуде. Түрлі технологиялар, түрлі жаңа ғасырлық топтамалар жарық көруде. Осындай ұтымды жаңалықтар көбейген сайын БАҚ қызметтерінің ауқымы кеңейе түскенін айта кеткен жөн. Жаңалықтың жаршысына айналып, елінің даму сәтін халыққа барынша жеткізу жолында БАҚ өкілдері аянбай еңбек етті.

Өйткені адамзат қоғамдастығы ақпараттық қоғамға өту, желілілік коммуникациялардың кең таралуы жағдайын бастан кешіп отырған қазіргідей қарқынды сапалық өзгерістер (трансформация) кезеңінде еліміздің аталған саласын соған сай құру және ХХІ ғасыр талабы алдымызға тартатын ықтимал сұраныстарды ескеру әрі еңсеру – айрықша жауапты да өзекті міндет болып табылады. Сондықтан кезінде БАҚ өкілдерінің көпшілігі Ақпарат және коммуникациялар министрлігін құру туралы шешімнің қабылдауын –  жаңа реформаларға жол ашатын маңызды қадам деп қабылдады. Бірақ бұл сенім ақталмады. Неге ақталмағаны біздің сайтымызда осы уақытқа дейін кеңінен жазылып келеді. Үмітті тек «Жаңа Қазақстан» концепциясы оятты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің отырысында жасаған «Қасіретті қаңтар» сабағы: Қоғам тұтастығы – тәуелсіздік кепілі» атты баяндамасы 30 жылдан бергі қордаланған түйткілді дүниелердің басын ашып бере алды. Онда «Жаңа Қазақстан» концепциясы алға тартылды.

Бұл турасында "Ол баршаңызды үлкен жасампаз процеске – жаңа Қазақстанды құруға үндейді. Бұл алға жылжуы үшін барлық салауатты қоғамдық-саяси күштерді біріктіруді және шоғырландыруды көздейді.

Жаңа Қазақстан нені білдіреді? Бұл кейбір сарапшылар ұсынғандай, мемлекеттік аппаратты жаңарту ғана емес. Бұл, ең алдымен, қоғамдық құндылықтарды қайта жаңғырту. Радикализмнен, экстремал көзқарастар мен әрекеттерден бас тарту, шығармашылық мотивті нығайту. Қоғамдағы барлық кемшіліктерді жеңу. Бұл кезең-кезеңімен және жүйелі реформаларды жалғастыруды білдіреді. Мемлекет саясатының гуманитарлық өлшемі және адами капиталға қатысу үлесі", - деп жазды Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин.

Кезінде Қанағат Жүкеш: «...қазақтілді бұқара саяси сауаты ашылмаған, құқықтық мәдениеті төмен, азаматтық білімі таяз, өз құқықтары мен мүдделерін қорғауды білмейтін, ұрса – қашатын, қырса – қырылатын, бұйығы, рухани әлжуаз күйде қалып отыр» деген өз көзқарасын жария етті . Бұл қазақ тілді БАҚ қатысты зиялы қауымның пікірін қаққа жарды.

Барлық ақпараттық өріс географиялық орналасу шеңберінде дамитынын назарға ала отырып, БАҚ-тағы түрлі оқиғаларды жариялай отырып, белгілі бір оқиға болған аумақ туралы да қандай да бір бейне қалыптасады деген қорытынды жасау керек. Тиісінше, ақпаратпен бірге қандай да бір мемлекеттің геосаяси имиджі анықталады.

Бүгінгі күні мемлекеттің сауатты ақпараттық саясатын құруда бұқаралық ақпарат құралдарының дәстүрлі түрлерін ығыстырып, әлеуметтік желілер үлкен рөл атқарады. Тиісінше, халықпен сауатты құрылған қарым-қатынас стратегиясына мемлекеттің имиджі тікелей байланысты.

«Жаңа Қазақстан» құрамыз деп жатырмыз. Оның мемлекеттік тілдегі БАҚ жүзеге асырылуына басты назар аударылғаны жөн. Және орыс және басқа әлемдік тілдердегі материалдар мазмұнында қазақ ұлтының мүддесін көздеуді басты орынға қоятын кез келді. Осыдан аттай алты жыл бұрын біздің сайтта филология ғылымдарының кандидаты Нұрлан Асқаровтың «ҰЛТТЫҚ БАҚ ЖҮЙЕСІН МОДЕРНИЗАЦИЯЛАУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ» мақаласы жарық көрді.

Осы жөнінде біздің сайт Ақпарат және коммуникация министрлігінің отандық бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) саласы бойынша стратегиялық бағытын тұжырымдауға қатысты жеті бірдей ұсыныс жасаған болатын енді осыларды саналай кетейік.

Ең алдымен, ұлттық БАҚ жүйесін қазіргі заман талабына сай модернизациялаудың концептуалдық платформасын қалыптастырған жөн. Өйткені осы кезге дейін БАҚ саласы бойынша көптеген өзгерістер іске асырылғанымен, олардың ешқайсысының ғылыми тұжырымдалған концепциясы болған жоқ (Ақпараттық Қазақстан -2020», т.б. нормативтік құжаттарда БАҚ саласы ішінара ғана қамтылған). Мақсат және соған қол жеткізер ресурстар мен потенциалымыз анық болмаған соң, бұл саладағы өзгерістер негізінен стихиялық даму сипатында жүрді. Сондықтан Ұлттық БАҚ жүйесін модернизациялау концепциясын дайындаудың өзектілігі айқын.

Жасыратыны жоқ, біз әлі күнге постсоветтік қалыптан толықтай арыла алмадық. Сондықтан осынау 25 жылдық уақытты постсоветтік кезеңнің ықпалындағы сәт десек, енді бұдан былайғы кезеңді постсоветтік дәуірдің аяқталған, жаңа ұлттық кезеңнің басталған шағы деп тануымыз керек. Бұған айғақ боларлық айқын дәлелдер мен белгілер жеткілікті. Бұл процеске елдегі этнодемографиялық ахуал да оң әсерін тигізбек. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметіне жүгінсек, ел халқының 40%-ын 1991 жылдан кейін өмірге келген ұрпақ құрайды. Оның 85% - қазақтар. Демек, ел халқының жартысы – советтік ұғым-түсініктерден, қалыптасқан қасаң қағидалар мен қарым-қатынастардан санасы азат ұрпақ. Мүлдем жаңа буын. Этнодемографиялық, жас ерекшелігі, саналық, сапалық, ұлттық, ментальды тұрғыдан алғанда, бұлар – жаңа реформаларға дайын ұрпақ. Сонымен қатар, бұл буынның Интернет заманында, ақпараттық қоғам жағдайында, желілік қарым-қатынас (сетевая коммуникация) үстемдік еткен шақта өмір сүріп отырғанын ескерсек, онда советтік дәуірде қалыптасқан БАҚ жүйесінің бұдан былайғы кезеңде жұртшылық сұранысын қанағаттандырмайтыны дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Жаңа құбылыстарды, жаңа сананы, балама ақпарат көздері мол саланы бұрыннан қалыптасып қалған тәртіппен реттеу және басқару ақылға сыйымсыз және ол ақыр соңында жүйенің ыдырауына әкеліп соқтырады.

Осыған орай ендігі кезекте елімізде билік пен қоғам арасында вертикалды қарым-қатынастан горизонталды қарым-қатынастың басымдық танытатынын болжау қиын емес. Демек, желілік қарым-қатынас осыған әкеледі.

Желі (сеть) тек хабар тарату, хабар алысу, коммуникация құралы ғана емес, ол – жаңа философия, жаңа сұраныстар, жаңа қарым-қатынас мәдениеті. Осыған орай бұл процесс елде жаңа коммуникациялық мәдениеттің қалыптасуына алғышарт жасауы мүмкін. Мемлекетімізде іске асырылып жатқан «Электронды үкімет» жобасы, т.б. – осы бағыттағы игі қадамдар.

Осы жағдайды және әлемдік трендтерді ескере отырып, ақпарат және коммуникация саласындағы мемлекеттік саясат алдағы уақытта мынадай концепттерге негізделгені жөн деп есептейміз:

- мемлекеттік ақпарат саясатынан медиасаясатқа көшу;

- әр алуандылықтың үйлесімді біртұтастығына қол жеткізу;

- сенімге негізделген қарым-қатынас орнықтыру;

- біртұтас ақпараттық кеңістік қалыптастыру;

- ақпаратқа қолжетімділік және ашықтық;

- коллаборациялық мәдениет элементтерін ендіру.

Осында келтірілген және Батыс әлемінде (Еуропа, АҚШ) соңғы кездері кеңінен таралып отырған бұл қағидаттар қазақтың дәстүрлі дүниетанымында бұрыннан бар және әлі күнге бірге жасасып келе жатқан жүйе құраушы құндылықтар екендігін еске алған артық болмайды.

Жалпы, әлемдік тәжірибеде стратегиялық жоспарлаудың мынадай сатылары қолданылады:

- тұрақтылықты сақтау стратегиясы (стратегия выживания);

- инерциялық стратегия (инерционная стратегия);

- мақсатты стратегия (стратегия достижения);

- уақытты ұтып, қарыштау стратегиясы (стратегия опережения).

Еліміздің ақпараттық саласындағы ахуалын барлап қарасақ, біздің әлі күнге заман талабы туындатқан сұраныстарға сай кезеңдік шараларды жоспарлау арқылы тұрақтылықты сақтау мен инерциялық жоспарлау деңгейінде жүргеніміз байқалады. Сондықтан біз қазіргі кезде алдымыздан ашылып отырған осындай мүмкіндіктер сәтін пайдалана отырып, өзге елдердің жүріп өткен ескі сүрлеулері мен соқпақтарын шиырлай бермей, уақыттан мойын оздыратын өз жолымызды таңдағанымыз және оны батыл да табанды түрде іске асырғанымыз абзал.

БАҚ саласындағы жүйе құраушы ұғым – «Бұқаралық ақпарат құралы» (БАҚ) терминін қайта қарап, басқаша жаңа атау беру. Өйткені «БАҚ» термині советтік кезеңде қалыптастырылған ұғым. Мұнда «БАҚ» авторитарлық теорияға негізделіп, негізінен үгіт-насихат, тәрбиелеу құралы ретінде қарастырылады. Яғни, мұнда «БАҚ» бір жақты жоғарыдан төмен ақпарат тарататын құрал ретінде қызмет атқарады. Нақтырақ айтқанда, бұл ретте билік пен социум қарым-қатынасы, коммуникация «субъект-объектілік» басқару парадигмасы схемасы бойынша құрылады. Ал Батыс елдеріндегі «массмедиа» ұғымы «делдал», «аралық буын» ұғымы ретінде қарастырылып, екі жақты тең қарым-қатынасты бейнелейді. Мұндай қарым-қатынас либертариандық теорияға негізделіп, азаматтық қоғамдағы демократиялық құндылықтарға сай горизонталды тіл қатысуға, сұхбатқа құрылады. Бұл қарым-қатынас «субъект-субъект» парадигмасына сүйенеді. Қазіргі дамыған елдердегі негізгі коммуникациялық модель ретінде осы үлгі есептеледі. Қазақстанда осы аталған модельге көшу процесі жүруде, соған сай құқықтық алғышарттар да қаланған. Бірақ еліміздегі нақты өмір шындығы әлі күнге екі модельдің арасында жүргенімізді, яғни аралық модель сатысында тұрғанымызды көрсетеді. Жоғарыда келтірілген дәстүрлі коммуникация үлгісі бір бағытты қарым-қатынас болып саналады. Ал Интернеттің пайда болуына орай екі бағытты немесе қос тарапты қарым-қатынас үлгісі пайда болды.

Біздің ойымызша, бұл екі модель де көпшілік (массовый) коммуникацияның үздік үлгісі бола алмайды. Адам, қауым, қоғам табиғатынан туындайтын табиғи қажеттіліктерге толықтай жауап бере алмайды. Қазіргі кезеңде ғылыми жұртшылық арасында осы мәселе бойынша бірқатар ізденістер жүріп жатқанымен, бірауыздан мойындалған бәтуалы байлам жасалған жоқ. Қалай болғанда да, советтік «БАҚ» атауынан және одан туындайтын қарым-қатынас үлгісінен бойды аулақ салу – қоғам қажеттілігі.

2009 жылы Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңына БАҚ анықтамасына қатысты енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес бұдан кейінгі кезеңде интернет-ресурстардың барлығы БАҚ-қа жатқызылды. Демек, осы анықтамаға сай Интернеттегі барша әрекет көрінісі БАҚ, ал онда қандай-да бір жазба жасаған, таратқан жандардың барлығы бірдей журналистке айналмақ. Ал БАҚ туралы заңда журналистке белгілі бір кепілдіктер қарастырылған. Олай болса, Интернет кеңістігінде әрекет еткен кез-келген тұлғаны сол кепілдіктермен қамтамасыз етуге тура келеді. Бірақ бұл мүмкін емес және ол кәсіпқой журналистің деңгейін түсіріп, таратылатын бұқаралық ақпараттың сапасын төмендетуге әкеліп соқтырады. Сондықтан бұл мәселе қайта қарауды талап етеді.

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5570