Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 7490 0 пікір 25 Қазан, 2012 сағат 10:45

Думан Анаш. Алматы, Медеу бай һәм оның ұрпақтары

«Ит үреді, керуен көшеді» дейді қазекең. Айналасы бір ғасырдан астам уақыттың өзінде Алматыда да тарих тегершігі талай айналды ғой, несін айтасыз. Уақыт тас екеш тасты да тоздырады. Әйтпесе, бір заманда осы шаһардың төрінде пайымы бөлек, парасаты биік небір жайсаңдар, игі жақсылар да жүрді емес пе?! Келер күнді жарық қылғысы келгендер де, түнек еткісі келгендер де кешегі дауыл соққан қым-қуыт кезеңдердің куәсі-дүр. Уақыт уатып, құмға сіңген тамшыдай жоғалғаны қаншама?.. ХХ ғасырдың қызыл террорынан жапа шеккен әулеттердің тағдыры қазақтың тағдыры ғой. Соның бірі, бірегейі - бүгінде есімімен Алатаудың үлкен шатқалы, әйгілі мұз айдыны һәм Алматының дамыған, үлкен бір ауданы аталатын Медеу Пұсырманұлы әулетінің тағдыры.

«Ит үреді, керуен көшеді» дейді қазекең. Айналасы бір ғасырдан астам уақыттың өзінде Алматыда да тарих тегершігі талай айналды ғой, несін айтасыз. Уақыт тас екеш тасты да тоздырады. Әйтпесе, бір заманда осы шаһардың төрінде пайымы бөлек, парасаты биік небір жайсаңдар, игі жақсылар да жүрді емес пе?! Келер күнді жарық қылғысы келгендер де, түнек еткісі келгендер де кешегі дауыл соққан қым-қуыт кезеңдердің куәсі-дүр. Уақыт уатып, құмға сіңген тамшыдай жоғалғаны қаншама?.. ХХ ғасырдың қызыл террорынан жапа шеккен әулеттердің тағдыры қазақтың тағдыры ғой. Соның бірі, бірегейі - бүгінде есімімен Алатаудың үлкен шатқалы, әйгілі мұз айдыны һәм Алматының дамыған, үлкен бір ауданы аталатын Медеу Пұсырманұлы әулетінің тағдыры.

Ауылда жүргенімізде үлкендердің қолынан «Медео» жазуы бар темекі қорабын ілеуде бір көріп қалушы едік. Осыдан 20 шақты жыл бұрын екінің бірінің қолы жете бермейтін темекі қорабының атауы біз үшін мүлде беймәлім болатын. Ұлттық атаулар тұрмақ, ұлттың өзі жойылып кете жаздаған қоғам болғанын осы қораптағы жазу аңдатқандай екен-ау деген ойға қаламыз осы күні. «Медео» шылымының қорабы арқылы Алматыда тұмса, сұлу шатқалдың барын білген едік. Міне, Алатаудың сол ну бөктергісі Абаймен замандас қазақ байының, бай болғанда шық бермес Шығайбайдай емес, ел-жұртына қалқан, шаһар жұртының шырайын ойлаған шарапатты, шын қайраткер болған тұлғаның ен жайлаған жайлауы болғанын біліп жатқанымыз да тәуелсіздікпен жеткен оң өзгерістеріміз емес пе!..

Медеу Пұсырманұлының зираты - Алматы іргесіндегі Ащыбұлақ ауылында

Жуырда атақты Медеу бай жерленген қорымды көруге арнайы бардық. Газетіміздің авторларының бірі, жер-су аттары мен тарихына жетік, ардагер картограф Молдияр Серікбаев, Медеудің тікелей ұрпағы Бақытжан Нүсіпбеков және екі жақты жиені болып келетін Нұрсұлтан Сейітжанов, фототілшіміз Сәрсенбек Қызайбекұлы және осы жолдардың авторы бар, ертеңгілік қала орталығына асыққан нөпір көлікке қарсы, шаһардың солтүстік-батысына бет алдық. Осы уақытқа дейін таудағы шатқалды жайлаған Медеу байдың қаланың төменгі жағына жерленгенін түсінбей жүргенмін. Біз мінген көліктер тұмсығын тірей тоқтаған Алматы облысының Іле ауданындағы Ащыбұлақ ауылы бір кездері Медеу байдың қыс қыстайтын қыстауы болған екен. Әйгілі меценат осындағы өзінің қыстауында жерленген. Соған қарағанда, қыс маусымында дүниеден өтсе керек.

Жолбасшымыз Бақытжан Мұқанұлы Нүсіпбеков Медеудің жатқан жерін көрсеткенінде, бір кездері дүниені дүбірге толтырып, мыңдап жылқы айдаған байдың зираты елеусіздеу, тіпті, қораш көрінгенін де жасырмаймыз. Дегенмен, Медеу Пұсырманұлының 1908 жылы 58 жасында қайтыс болғанын еске алсақ, бір ғасырдан астам уақыт бұрын мұнда сол заманға сай сәулетті қорым болғанын болжауға болады. Оның ізі де жоқ емес. Қорымның дуалмен қоршалғанын бүгінде мүжіліп, төбе болып қалған үйінді сұлбасынан аңғарасыз.

Медеу Пұсырманұлының халыққа, қаланың дамуына істеген қызметіне орай, оның зиратын қайта көтеру жәйлі сұрағанбыз. Бұл бағытта «Медеу Пұсырманұлы» қоғамдық бірлестігі жүйелі жұмыс жасап жатыр екен. Жалпы, Медеу Пұсырманұлының ұрпақтары 2005 жылы жиналып, бас қосқан жиында қоғамдық бірлестік құрылып, оның төралқалығына 10 адам мүше болып сайланған. Аталған бірлестік алдымен «Медеу» мұз айдыны кешенінде Медеу Пұсырманұлы туралы қысқаша мәлімет жазылған мемориалды ақпараттық тақта қоюды жоспарлап отыр. Оның мәтінін жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы дайындапты. Сондай-ақ, Медеудің бейнесі бедерленіп салынбақ. Ұрпақтары сонан кейін барып, Ащыбұлақтағы зиратты реставрациялау жұмыстарын жүргізгенді құп көреді.

«Біз бұл ретте Мәдениет және ақпарат министрлігіне сауал жолдағанбыз. Осы сауалға берілген жауап негізінде «Медеу» мұз айдынына, қала әкімдігіне, Медеу ауданының әкімдігіне, Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық саябағына өтінішімізді жолдаймыз. Аталған мұз айдынының тарихи атауы анық болуы үшін бұл жердің бір кезде Медеу Пұсырманұлы әулетінің жайлауы болғандығы, оның қаланы гүлдендіруге, көркейтуге қосқан үлесі, меценаттығы тайға таңба басқандай жазылып тұруы қажет. Мемориалды тақтаға ұзындығы мен ені 3 метр көлемінде жер телімі бөлінсе болды. Ал, мемориалды тақтаға қажет қаржыны ұрпақтары жинамақ. Сондай-ақ, Медеу ұрпақтарының ішінде елімізде және шет елде білім алуды қалағандары болса, оны да қаржыландыру көзделіп отыр. Тағдыр бізді әр тарапқа тарыдай шашып жібермеуі үшін, біз бір-бірімізді танып, біліп отыруымыз қажет. Бұл бірлестік Медеу Пұсырманұлының қоғамдық қайраткерлігін паш ету мақсатында қызмет атқарады», - деді Бақытжан Нүсіпбеков.

Әзірге Медеудің зираты баласы Шаяхмет орнатқан темір қоршаумен қоршалып тұр. Ал, мәрмәрдан жасалған белгітас 1983 жылы Медеудің немерелері мен жиеншарлары Қанат Медеуов, Қадыржан Айдарбеков, Сабыржан Айдарбеков, Мұхит Айдарбеков және Бақытжан Нүсіпбековтің тікелей мұрындық болуымен қойылған.

Бақытжан ағамыз Медеу Пұсырманұлы әулетінің қорымы негізінен екі жерде, таудағы жайлауда және Ащыбұлақтағы қыстауда бар екендігін айтты. Ащыбұлақта Медеу отбасының бейіті, яғни, Медеудің үш әйелі (Қырмызы, Тәтік(Тәтіжан), Әдиша) және олардан тараған ұрпақтары жатыр. Төртінші әйелінің бейіті қай жерде екенін ешкім білмейді. Сондай-ақ, бұл қорымда Медеудің інісі Батырбек те жерленген. Жалпы, Медеу - үш ағайынды. Ағасының аты - Күртібай, інісінің аты - Батырбек. Ал, шежіреге келсек, Шапыраштыдан Еміл, одан Есқожа, Есқожадан Сары, Сарыдан Болай туады. Болайдан Боранғазы және Шақа тарайды. Боранғазы әулетінен тараған ұрпақ қазіргі Алматы облысы Жамбыл ауданының Қарақастек ауылында тұрады. Ал, Шақадан Құл, Құлдан Пұсырман мен Күзембай (Күзембайдың Беделбай, Тоқтамыс есімді балалары болған) туады. Пұсырманнан туған Медеуден 12 ұл, 8 қыз, 34 немере тараған екен. Мұнда Батырбектің ұлы Мүштайдың зираты да бар. Медеудің атын ұлықтап, ұрпақтарының береке-бірлікте болуына Мүштай Батырбекұлы көзі тірісінде көп үлес қосқан екен. Ол Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің проректоры қызметін атқарған. Аталған университеттің профессоры болып, ғылымға да елеулі еңбек еткен.

Медеудің бүгінгі ұрпақтары әйгілі аталарының қорымының қазіргі ахуалына алаңдаушылық білдіріп отыр. Өйткені, мұнда соңғы жылдары күрдтер де марқұм болған ағайындарын жерлей бастаған.

«Әрине, олар да мұсылмандар. Бірақ, олардың жерлеу рәсімі тіпті басқаша. Сондықтан, біз Ащыбұлақ ауылдық округінің әкіміне шағымданғанбыз. Дегенмен, ауыл әкімдігі тарапынан бұған еш тоқтам салынған жоқ. Ал, Медеу өз заманында қоғам қайраткері, меценат болған танымал тұлға. Сол себепті, оның қорымын өзгелердің мазалауы дұрыс емес», - дейді Бақытжан Нүсіпбекұлы.

Кие

Жолбасшымыздың тағы бірі - Нұрсұлтан Сейітжанов Медеу Пұсырманұлының екі жақты жиені болып келеді. Медеудің үшінші әйелі Әдишадан Сәпия деген қыз туады. Ол осы қыздан туған Ілімбайдың баласы. Ал, Медеудің бәйбішесі Қырмызыдан Ахметбек деген кенже баласы туады. Кенже ұлдан Нұрсұлтанның шешесі Ажар туған екен. Яғни, әкесі де, өзі де Медеу атасына жиен болып келмек. Жиен әйгілі нағашысы туралы біраз әңгіме тиегін ағытты.

Медеу байдың бізге беймәлім киесі болғандығы анық. Себебі, бір жылдары қорымның қоршалған дуалы құламай тұрған кезінде әлдебір басшылық өкілдері осы аумақты егістікке айналдырмақ болыпты. Сонда бейітті бұзбақ болған трактор бұзылып, істен шығып қалғанында бір күрд әйелі келіп: «Бұл жерге тимеңдер. Мұнда Меккеге үш мәрте қажылық сапар жасаған, қалың елге шарапаты тиген адам жатыр» депті. Сөйтіп, Медеу бай жерленген қорым егістікке айналудан бір аман қалған екен. Осыған ұқсас аңызға бергісіз оқиға Медеу өз қолымен отырғызған ағаштарға да қатысты орын алған. Бұл туралы кейінірек тоқталамыз.

Нұрсұлтан Сейітжанов Медеу байдың кенже ұлы Ахметбектің қолында өскендігін жеткізді. «Ахметбек атамыз қорымды беталды қозғауға болмайтынын, оның мұсылманшылыққа жат екенін, егер шын ниет болса, мал сойып, Құран оқытып барып жаңғыртқан ләзім екенін айтқан еді», - дейді Сұлтекең.

Көшеге тас төсеткізіп, мектеп салдырған

Ол заманда Алматы шәрінің «Верный» атанғаны белгілі. Медеу Пұсырманұлы Жетісудың ағайынды Кузнецовтар, И.Ғабдулуәлиев, Н. Пугасов, А. Юсупов сынды көпестерімен өзара қарым-қатынас орнатқан. Н.Селиванов өзінің «Қазақстандағы орыстар» атты кітабының 103-бетінде «...Көпестің туған үйі судағы өткелден алыс емес еді. Қазір бұл орында жүз жасаған емен мен үлкен әдемі үй тұр» деп жазады. Бұл үйді бірінші дәрежелі көпес Н.Я.Пугасов 1887 жылы салдырған екен. Мұнда оның үй-жайы (усадьбасы) болған. Қазір бұл орында «Пугасов» мейрамханасы тұр. Әрине, отар елдің кедей отбасынан шықса да, Жетісудағы осындай ірі буржуазиямен бәсекелесіп, қаланың гүлденуіне үлес қосқан Медеудің өзгеше тұрпатты тұлға болғандығына таңғалуға болады.

Ажар Ахметбекқызы өз балаларына Медеу Пұсырманұлының Петерборға барғанын айтқан болатын. Тағы бір деректерде, Медеу бай Меккеге жасаған қажылық сапарына Петербор арқылы барған деседі. Қалай десек те, оның Петербор барғаны рас.

Медеу Пұсырманұлы Петерборға текке барып-келмей, ол жақтан қыштан құйылған тастарды алып келеді. Әрине, Петерборда бұл өндіріс дамыған болатын. Медеу өзі салғызған үйлердегі пештің сыртын осы тастармен қаптатқызған көрінеді. Сондай-ақ, қыштан құйылатын төсеніштерді көшеге төсеу арқылы лай-батпақтан қорғауға болатынын айтып, оны іс жүзіне де асырған екен. Оның «Каменское платада» тас төсеніштерден салғызған жолының жұрнақтары сақталған.

Сондай-ақ, ол «Медеу» мұз айдынына барар жолдағы экологиялық бекеттің қасында мектеп салғызған. 1896 жылы Верный ерлер гимназиясында 226 адам оқыса, соның iшiнде 22 қазақ болған екен. Қазақтарға ар­на­лған гимназия жанынан пансионат ашқан да осы Медеу болыс болып табылады.

Қазіргі мұз айдынының орнында ол кезде Медеудің он екі қанат ақ үйі тігіліп тұрады екен. Оның түпкі атақонысы қазіргі Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Қарақастек ауылы болатын. Ащыбұлаққа қоныс аударып, кедей болса да өз ісін бастап, байыған Медеу үйіне орыстың қара ләпкесін іліп қояды екен. Бұл - қайдан шыққанымды ұмытпайын дегені. Кейбір жандар жағдайын айтып, алдына келсе, үйінен шығып, іргесінде көсіле жатқан малының ортасына апарып, «көзіңе түскенін ал да, ісіңді баста» дейді. Ұрлыққа, масылдыққа жаны қас адам болған. Егер әлгі жан екінші мәрте келсе, бетін қайтарып тастайды. Әр жұмада ел-жұртқа құдайы тамақ таратып отырған. Медеудің жалшылары отыратын ауылды «Қара ауыл» деп атайтын. Бұл жер қазір «Қарауыл» аталып кетті.

Дінмұхамед Қонаевтың әкесі Ахмет пен Медеу Пұсырманұлы жақсы қарым-қатынаста болған. Өйткені, екеуі де өз еңбектерімен ел қатарына қосылып, ауқатты болған адамдар.  Димекеңнің әкесі белгілі «Қызыл таң» дүкенінде іс басқарушы болып еңбек еткен. Ахмет ақсақалдың балаларымен Шаяхмет, Ахметбек, Нүсіпбек бастаған Медеудің балалары да жақсы араласатын. «Дегенмен, кеңес өкіметі болғандықтан, біз аталарымыздың достығын сылтауратып, әр нәрсеге жүгіре берген жоқпыз. Ол заман мен қазіргі заманды салыстыруға болмайды. Ол заманда бізге байдың тұқымдары ретінде шынтақ батыратын. Бірақ, Д.Қонаевтың арқасында Медеудің есімі ауданға, мұз айдынына берілді. Медеудің есімін ұлықтауға алғаш рет еңбек сіңірген тұлға - Д.Қонаев. Сонымен қатар, Медеудің атын ауданға бергізуге үлес қосқандардың бірі - Серік Құрманғалиев. Секең сол кезеңде Фрунзе ауданы әкімінің орынбасары болып еңбек еткен болатын», - деді Нұрсұлтан Сейітжанов.

Медеу отырғызған бақтар

«Медеу» мұз айдыны салынғанға дейін, бұл жерде ағаштан қиып салынған қарапайым мұз айдыны болыпты. Өйткені, су мол болатын. Бөгет құрылысына байланысты су тартылып қалды. Кеңес Одағы кезінде мұз айдынын салуға қолайлы орын іздеген екен. Сонда, мамандар одақтың түкпір-түкпірінен іздеген мекенін Алатаудан тауыпты.

Колпаковскийдің кезінде Медеу Пұсырманұлы Алматыны көгалдандыруға ауқымды қаржы құйған. Ол заманда да көпестер, түрлі байлар көп болған. Бірақ, орталарында бой көрсеткен жас мырза болса-дағы көпшілік байларға қарағанда, ол көгалдандыру мақсатына артық ақша беріп отырыпты. Бұл оның Колпаковскиймен жақындығына байланысты болуы да мүмкін.

ХХ ғасыр басталған ал­ғаш­қы жылдарда Верныйда 27 мың адам тұрыпты. 1893 жылы жүргiзiлген санақ бойынша Верныйда 1935 түтiн болған екен. Және шаһардың ең басты көшесi - қазiргi Достық көше­сiнiң iзiмен болған, ол кезде Кол­па­ковский көшесi аталған. Осы көшедегi бақтар мен Тянь-шань шыршалары жә­не қала­­ның бiршама бөлiгi тiке­лей Пұсырманұлының ие­лiгiнде бол­ған. Өзiне қара­ған аумақта ол ағаш­тан қиып салын­ған бірнеше үй­лер тұрғызған. Оның бастамасымен қалада көптеген бау-бақтар егiлген. Мәселен, Медеуге барар жолда қайың тоғайы, Терiсбұтақ, Беделбай өзенi және Бағанашыл аумағындағы бақтар, бұрынғы «Түрксiб» санаторийiнiң аяқ жағындағы емен тоғайы, т.б. жерлерге тоғайлар мен бақтар өсiрiлдi. Яки, Медеу Пұсырманұлы көшпелi өмiр салтымен бірге бағбандықты, бау-бақша егудi, құрылысты, сауда-саттықты ұштастыра бiлген өз заманының айшықты тұлғасы. Верный уезiнiң №3 ауылында тұрған Медеу­дiң туысқан ағасы Беделбай 15 гектарға жуық жерге алма бағын отырғызып, өсiрсе, Медеудiң ұлы Айдарбек түрлi ағаш тұқымдарынан үлкен тоғайларды өсiруге атсалысқан екен. Оның көбi бүгiнге дейiн сақталған, бiразы 30-жыл­дары оталып кеткен.

1972 жылы Медеудiң ұлы Нүсiпбек Медеу шатқалына барып қалады. Дәл осы уақытта бұл жердегi ғимараттың аты «Қазақстанның он жылдығы» аталып тұрған болатын (кейiн бұл ғимарат «Медеу» демалыс үйi атанды). Нүсiпбек барған кезде барлық ғимаратты бұзып, сол орынға «Медеу» қонақ үйiн салмақ болып жатады. Нүсiпбек сол мезетте құрылысшылардың әкесi мен ағалары отырғызып кеткен әдемi Тянь-шань шырша­ларын қырқып жатқанына наразылық танытып, құры­лысты басқарып тұрған В.З.Кацев есiмдi басшыға барады. Оған шыршаларды түп-тамырымен жоюға болмайтынын, оның киесi бар екенiн айтады. Бiрақ, Кацев құлақ аспай, жұмысты жалғастыра бередi. Бiр кезде шыршаны балталап жатқан жұмысшының балтасы ұшып кетiп, оны өлiмшi етiп жаралайды. Кацев осы сәтте жанында тұрған тракторды пайдаланбақ болады. Алайда, қуатты техника да сол сәтте iстен шығады. Келесi келгенiнде Кацев Медеудiң ұлына жердiң киесi бар деп ескерткенi үшiн ерiксiз алғыс айтып, кешiрiм сұраған екен.

Жалпы, Медеудің әулиелігі ерекше болған дейді, ол жолдың екі шетіне ағаштарды бөліп отырғызған екен. Бір шетіне отырғызған ағаштарды - ұлдарым, оның қатарына отырғызған ағаштарды - қыздарым деп атап, тағы бір шетіне - келіндерім деп отырғызыпты. Мұны көрген ел-жұрт ағаштарды неге бөліп отырғыздыңыз десе, келіндерім менің ұрпағымды жалғастырады ғой, ұзақ болып, өз жолымен кете берсін депті. Міне, осы ағаштарды шабамыз деген өзге ұлттың сөзі жүрегіне шаншудай қадалған Нүсіпбек қарттың ертесіне қан қысымы көтеріліп, ауруханаға түсіп, дүние салады.

Верный уезi Кiшi Алматы болыстығының болысы Медеу Пұсырманұлының Жетiсу губернаторына жазған хаты мұрағатта сақталған. Бұл өтiнiш-хатта Медеу Пұсырманұлы Верный уезiнiң әкiмшiлiгiнен «Кiм асар» сайындағы генерал Колпаковскийдiң саяжайы жанынан ағаштан қиып үй салу туралы рұқсат сұраған екен. Оған жауап ретiнде болыс пен оның туған-туыстарына рұқсат берiлгенi айтылады. Яғни, өз уақытында Медеу болыс Верный қаласы әкiмшiлiгiнiң алдында өте абыройлы болған.

Медеудің баласы Жайшыбек тоған салумен де айналысқан. Қуаңшылық жылдары егін суарып, аштық болмаудың алдын алған. Ол ұзындығы 20 шақырым болатын «Қаратоған» каналын қаздырған екен. Бұл туралы белгілі зерттеуші Румянцев «Верный уезі» кітабында жазады. Жайшыбек өз қолымен еккен ну тоғай қазір оталып бітті. Ал, жасыл белдеуді қалпына келтіру көптеген жылдарды қажет ететіні анық.

«Сол замандарда суармалы егістікті дамытумен Ащыбұлақта Жайшыбек, Түргенде Әжібек шұғылданса, Шудың бойында Биназар батыр 60 шақырымдық канал қаздырған. Байзақ датқа 100 шақырымдық канал қаздырса, Түлкібаста Жиенбай тау ішімен 20 шақырымдық канал жасаған. Мұның барлығы халықтың келешегін ойлаған адамдар», - дейді Молдияр ақсақал.

Ардагер геологтың Алматы іргесіндегі тарихи атауларды, байырғы жер-су аттарын қайтару туралы көтерген мәселелерін бұрын да жазған болатынбыз. Мәселен, ол қазіргі «Көкжайлауды» Шақа әулетінің жайлауы, «Мохнатканы» Болай тауы, «Три брата» тауын Беделбай жотасы, «Каменское платаны» Терісбұтақ деп аталуы керектігін айтады. «Бірақ, салғырттығымыз әмбеге аян ғой. Тіпті, 1997 жылы Үкімет қаулысымен өзгертілген Жарбұлақ атауының нұсқаулық белгісі әлі қойылмаған», - дейді қарт. Медеудің кенже баласы Ахметбек қарт шежіре кісі болатын. Қазіргі «Широкий щел» деп жүргеніміз Ботпай сайы екен. Мұны Ахметбек қарт ұрпақтарына айтып кетіпті. Алайда, бұрынғы атау адыра қалып, орысшадан Кеңсай деп тікелей аударма жасай салған күйі қолданылып жүр.

«Соңғы алтыныңды бір кесе тарыға айырбастайсың»

«Көппен көрген ұлы той». Медеу әулеті де ХХ ғасыр басындағы алақұйын кезеңнен аман-есен өткен жоқ. Ахметбек атаның естелігі бойынша сөйлесек, ашаршылық жылдарында Медеудің бір қарындасы туғандарына жан сауғалап келіпті. Алайда, өзіміз аман қаламыз ба, қалмаймыз ба деп отырмыз деген соң, еш реніш білдірмей, тіріде кездессек кездестік, кездеспесек, не шара деп жылап кетіпті. Туғандары Медеудің қарындасын ашаршылықтан кейінгі жылдары көрген жоқ. Одан тараған ұрпақ бар ма, жоқ па, белгісіз.

Ал, Ахметбек өзінің Сара, Ажар, Шекар есімді үш қызын аштан аман алып қалу үшін балалар үйіне өткізген. Ажар есімді ортаншы қызы ширақтау болып, балалар үйі беретін өлшеулі нанды жемей, тығып қалады екен де, қыздарының есендігін білуге келетін шешесіне береді екен. Мұндай жағдай екі-үш мәрте қайталанған соң шешесі шыдамай, өлсек бірге өлейік деп, балалар үйінен қыздарын алып кетеді. Ахметбектің отбасы ашаршылықтан аман-есен шығады.

Сұлтекең анасы Ажар Ахметбекқызының ашаршылық жылдарындағы Алматы туралы естелігін айтып берді.

«Каменское платадан» құлдилап базарға түсеміз. Ол кезде қазіргі Достық көшесі тар болатын. Жолдың жағасында адамдар отырады. Аш. Олардың арасынан ат арбамен, шанамен өтеміз. Базардан қайтар жолда әлгі аш адамдардың ендігі өліп жатқанын көреміз. Өліктерді ат арбаға, шанаға тиеп, «Түрксіб» шипажайының ар жағындағы үлкен сайға апарып төге салады екен. (Қазір бұл жерде зәулім коттедж үйлер салынуда. Құрылыс барысында адамдардың сүйектері шығып жатыр). Аштан өлгендердің арасында өзбектер де болған. Ала шапанының іші толған ақша. Бірақ, аштан өлген», - деп еске алады екен Ахметбектің ортаншы қызы Ажар.

«Шешемнен әзілдеп сұрайтынмын: «Сіз байдың қызы болдыңыз ғой, тығып қойған алтын-күмісіңіз қалған жоқ па?» деп. Сонда шешем: «Соңғы алтынға бір кесе тары алуға келісетінбіз» деп жауап беретін», - деді Нұрсұлтан Сейітжанов.

Медеу байдың Рахым атты баласы болды. Осы Рахым кәмпескелеуден құтылу үшін асыл тұқымды қара жылқыларын айдап, тауға қашады. Есесіне, қызылдар Медеудің кенже ұлы Ахметбекті тұтқындайды. Сонда араға адамдар түсіп, Ахметбекті шығарып алмақшы болады. Алайда, қызылдар бай деп күпсінбеуін, әйтпесе, атып тастайтындықтарын айтып, Рахымның асыл тұқымды жылқыларын әкеліп өткізуін талап етеді. Інісін арашалау үшін Рахым жылқыларын таудан түсіріп, кеңес өкіметіне өткізіп, өздері өмірінің соңына дейін жалшы болып, өз жылқысын бағады. Медеу жылқысының қымызын сол кездегі Ораз Исаев, Ораз Жандосов, Нығмет Нұрмақов сынды кеңестік басшылар да келіп ішіп тұрған. Бiр кездерi «Медео» аталып кеткен Медеу Пұсырманов есiмiнiң бұрмалануына әсер еткен комиссар-жазушы Д.А.Фурманов болатын. Ол 1920 жылы Медеудегi бұрынғы Орман мектебiнiң ғимаратында қымызбен емдейтiн демалыс аймағын ашу туралы бұйрыққа қол қойғанда құжаттағы «Медеу» деген жазуды орысшалап «Медео» деп сүйкей салса керек. Бұл кеңестік саясаттың салдарынан аш-құрсақ, ауру атанған жандарды да Медеу жылқысының қымызымен емдегенін көрсетеді.

«Кәпірсайдағы» құрбандар

«Балқаш» демалыс үйінің қасында «Кәпірсай» деген сай болатын. Мәжит деген орманшының Шора атты баласы Аққайыңда тұрады. Бір құдалықта Шора ақсақал әңгіме үстінде «Кәпірсайда» тұратындығын айтып қалды. Оған қызығушылық танытқан жұрт сайдың неліктен «Кәпірсай» аталынғандығын сұрамай ма?! Әкесі орманшы болған соң біледі екен деп, құлағымызды түрдік. Қария әлгі сай қия, шөбін шабу қиын болғандықтан солай аталған деді. Шыдамай, «аға, қазақтың шөп шапқанын қашан көрдіңіз? Қазақта жер жетеді ғой» дедім. Шындығында, бұл жер кеңестік қуғындау кезінде өлшеусіз төгілген нақақ қанға куә болған. Большевиктер тұтқынды атарында: «Үйіңе хат жаз, отбасыңа тыққан дүниелерің болса айтып қал, біз жеткізіп береміз» дейді екен. Сонда амалы таусылған тұтқын үйіне қай жерде қандай дүниесі тұрғанын айтып, соны берсек, жанымыз қалады деп хат жазады. Осылайша, мүлік-мүкәмалдың қай жерге тығылғанын білген чекистер тұтқынды атып тастап, әлгі дүниені де тәркілейді. Құла жарда атылған кінәсіз тұтқындардың қаны сасыған және большевиктердің қанқұйлы ісі болған соң бұл жер «Кәпір сай» аталыпты», - деді Нұрсұлтан Сейітжанов.

Біз әңгімелескен Сұлтекеңнің әкесі Ілімбай Сейітжановтың Медеуге жиен болып келетінін жоғарыда айттық. Осы Ілімбайдың шешесі бірде түс көрген екен. Түсінде: Медеу ата ақ түйелерге жүк тиеп алып, Медеуден Бутаковкаға асатын жолда келе жатқан көрінеді, жолай көрген адамдар: «О-о-о, байеке, үйге түсіңіз» десе, «Жоқ, кірмеймін, мына таудың ар жағында Ілімбай деген немерем бар. Соған бара жатырмын» депті.

- Сөйтіп, әкемізге келіп, «Балам, мына дүниеге ие бол» деп түйедегі буылған теңдерді шашып жіберіпті. Әжеміздің осы түсі әкемізге оң болды. Ілімбайды да ашаршылық кезінде балалар үйіне өткізген екен. Оны балалар үйінен Медеудің балалары қыздарын алып қайтуға барғанында, бірге ұрлап алып келген. Ілімбай Ұлы Отан соғысында «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынылады. Алайда, штабтағылар оған атақты бермеді. Жоғары шенді офицерлер батыр атағынан бас тарстаң, еліңе қайтарамыз деп алдайды. Аман-есен туған еліне қайтуды ойлап, атақтан бас тартқан Ілімбайды штрафбатқа айдап жіберген. Осылайша, ол Берлиннен бір-ақ шығады. 1960 жылдары «Горный Гиганттың» алмасын Мәскеуге апарып, апорттың даңқын шығарып, медаль алады. Ілімбай да нағашысы Медеу әулеті іспетті таудан қарағайлар қидырып, Қарақастекке ат шанамен жеткізіп, туған-туыстарына ағаштан үй салып берген екен, - дейді Ілекеңнің ұлы. Ілімбайды балалар үйінен ұрлап әкеткен Ахметбек ақсақал Алматыда Медеу салдырған үйлерді бертінге дейін сұрап отырыпты. Соның бірі, «Целинный» кинотеатрының қасында Қабанбай батыр мен Масаншы көшелерінің қиылысында орналасқан ағаш үй болған. Кейін бұл үй де бұзылып кеткен.

Медеудің отбасы Алматыда бір ғасыр бұрын болған селден де жапа шеккен. Таудан құлаған орасан сел бірнеше отбасыны киіз үйімен бірге алып кеткен. Мәселен, Медеудің баласы Нүсіпбектің әйелін үш қызымен бірге сел алып кеткен. Бұл - Қазан төңкерісіне дейін болған оқиға. 1921 жылы болған селдің де орасан болғаны соншалық, оның екпінімен таудан құлаған қойтастар қазір Республика сарайы аумағында әлі жатыр. Осы селге Медеудің келіні Көкман түскен екен. Ол өзінің қазақы көйлегінің арқасында, яғни, судың екпінімен үрленген етегі қайың бұтағына ілініп, «Балқаш» демалыс үйінің қасында сел тасқынынан құтылып, аман қалған. Бұл кісі бертінге дейін жасап, 1982 жылы қайтыс болды.

«Менің бар-байлығым мал-мүлкім емес, бала-шағам болмақ» депті

Жалпы, Медеудiң Жайшыбек, Омарбек, Айдарбек, Ахметбек, Рақым, Мамытбек, Шаймерден, Шаяхмет, Нәдiрбек, Сейдахмет, Нүсiпбек, Шайкамал атты ұлдары болған. Үлкен ұлы Жайшыбек бар-жоғы 40 жыл өмiр сүрсе де, өте дарынды әрi белсендi жан болған деседi. Ол Верный ерлер гимназиясында Тоқаш Бокинмен бiрге оқыған екен. Алматыда ертеректе Жайшыбек тұрған үйден бастап Қырғыз көшесі аталғанын да қала тарихынан білеміз. Оны кеңестерден жеңiлген ақгвардияшылар атып өлтiрген. Тағы көптеген туыстары мен үрім-бұтағы Ұлы Отан соғысынан оралмаған.

Медеудің туған немересі Әшімбек Ахметбекұлының қазір көзі тірі, тың. Тау жақта тұрады, тоқсаннан асса да шөп шабады. Сәл ертерек Аққайыңнан Ащыбұлаққа ата-бабаларының рухына Құран бағыштау үшін бір күннің ішінде жаяу келіп, жаяу қайтады екен.

«Орнында бар оңалар» деген. Ахметбек ақсақал «Медеу» мұз айдыны ашылғанда Медеу Пұсырманұлы ұрпақтарының санына жете алмай қойғаны бар. Ол кісі өзіне дейінгілердің барлығын біледі. Десе де, Медеуден туған 20 баланың ұрпақтары өсіп-өркендеді емес пе!», - дейді Бақытжан Нүсіпбеков.

Шарапатын Жамбыл жәкеңнің өзі жырға қосқан Медеудің: «Менің бар-байлығым мал-мүлкім емес, бала-шағам болмақ» деген бір сөзі бар екен. Жоғарыда ағаштарды ұлдары мен қыздарына, келіндеріне арнағанын, бау-бақшаны да келешек ұрпағының игілігі үшін біліп еккендей болғанына еріксіз бас шайқайсың. Осыған қарап, әулие адам ғой демеске әддің жоқ!

1 - cуретте - Медеу Пұсырманов

«Алматы ақшамы», №129, 25-қазан, 2012 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5300