Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 5756 10 пікір 13 Сәуір, 2022 сағат 13:00

Фрейд. Путин. Лавров...

Әрине, адамның аласы ішінде: Кімнің ішінде қандай ой, пиғыл жатқанын біле бермейсің. Бірақ, психологияда «Фрейдке сәйкес байқамай айтылып қалған сөз» деген құбылыс бар. Яғни, адам өзінің санасының терең түкпіріндегі, елден жасырып жүрген ойынан сыр беріп қояды.

Кеше дәл сондай оқиға болды.

Алдымен Украинаға қарсы соғыс ашуының себептерін бұрын да жиі тілге тиек етіп жүрген Ресей президенті Путиннен бір дәйексөз келтірейін (оны ол біздің Байқоңырдың орнын алмастыруға тиіс ресейлік «Восточный» ғарыш айлағынын құрылысына барып айтты): Украинадағы Ресейдің арнайы әскери операциясының мақсаттары «абсолюттік түрде түсінікті әрі игілікті», ол дегеніңіз «Донбастағы елге қол ұшын беру». «Солай болады да. Оған күмән келтірудің керегі жоқ» деген ресейбасы Донбасс тұрғындарын құтқарумен қатар Ресей өз кауіпсіздігін қамтамасыз еткісі келетінін де қоса жеткізді.

Оның ойынша, «Украинаны Ресейге қарсы плацдармға айналдырып жатты» және «онда бұрыннан да бар ұлтшылдықтың өскіндерін баптап, көбейте түскен». «Ресейдің ол күштермен қақтығысуы болмай қоймайтын еді».

Міне, бүкіл дүниежүзі тарпанына айыпталып, әбден қарабет болған Ресейдің ресми түсініктемесі осы. Оны бұрын да естіп жүрміз. Кеше Путин оны тағы да шегелеп қойды.

Бірақ, қараңыз, Путиннің ең жақын серіктесі, Сыртқы істер министрі Лавров ақай жоқ, ноқай жоқ, осы идеологеманың шынайы негізін айтып қалды. Және де, бір байқағаным, ешбір БАҚ не сарапшы Кремльдың бас дипломатының осы сөзіне назар аудармаған сияқты.

Лавров «Россия 24» телеарнасына берген сұхбатында: «Арнайы әскери операция АҚШ пен оның одақтастарының әлемде басымдыққа ие болуына кедергі жасау үшін қолға алынды», - деп, Айды аспанға бір-ақ, шығарды.

Яғни, бірі Донбасс халқының мүддесін бірінші кезекке қойса, екіншісі соғыс бастаған Кремльдің түпкі мақсат-мүддесі Украинадан мыңдаған шақырымдағы АҚШ-пен геосаяси тұрғыдан тайталасу екенін жасырмай айтты!

Украина қайда, АҚШ қайда?!

Меніңше, осынау кереғарлықтың өз себептері бар.

Біріншіден, Кремльдің о баста (2014 жылы Қырымды аннексиялаған кезде) уәж ретінде келтірген «қандастарымызды, орыс тілін қорғаймыз» деген тұжырымы тұрлаусыз да тұрақсыз, бір сөзбен айтқанда, далбаса боп шықты! Бомба мен оқ Донбасс пен Луганск тұрғындарын ұлтына немесе тіліне қарап бөлмейді ғой: ешнәрсеге қарамай, қынадай қырып салады! Ресей емес, әлемдік БАҚ сюжеттеріне қарасаңыз дәл солай боп жатыр емес пе?!

Екіншіден, өзінің блицкригі жүзеге аспаған және Батыс санкцияларының астында қалып, экономикасы құрдымға бара жатқан Ресей о бастағы байламдарынан безіп, жаңа, болашақ Гаага сотында уәж ретінде келтірілуі мүмкін дәйектер іздей бастаған іспеттес. Содан барып, осындай сәйкессіздіктер туындауда.

Үшіншіден, Путин ішкі аудиторияға, яғни ресейлік «ура-патриоттарға», өзінің электоратына қарайласа, Лавров, өз қызметіне сай, шетел аудиториясына көбірек көңіл бөледі. Сондықтан да екеуінің басымдықтары екі түрлі боп тұр.

Төртіншіден, бүкіл өркениетті дүниені өзін қарсы қойып алған Путин бүгінде сөздерінің сабақтастығы мен қисыны туралы ұмыта бастаған сыңайлы. Телеарнада қағазға қарамай сөйлеген сөздерінде экспромт көбейіп барады. Эмоцияға беріліп қалады. Ашу шақырады. Ал, оның бәрі, сол баяғы Фрейдке салсақ, әлсіздіктің, өз ісінің дұрыс еместігін түсіне бастауының бірден бір симптомы!

Меніңше, таяу арада біз әлемдік саяси сахнаның ең басты жағымсыз кейіпкерлеріне айналған кремльдік труппаның бұдан да сорақы оқыс, бір-біріне қабыспайтын сөздері мени оғаш қимыл-әрекеттерін көретін боламыз.

Мұны «агония» дейді.

Орыстың «чем дальше в лес, тем больше дров» деген мәтелі бар.

Оған атам қазақ «қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көрерсің», - деп, алдын-ала болжам жасап та қойған!

Әміржан Қосан

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1475
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5458