Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 3905 1 пікір 18 Сәуір, 2022 сағат 12:42

Қиранды әдебиетті қорғау жолында…

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін неміс қаламгерлері бас қатыратын сұрақ көп болды. Соның бірі: «Алты жылдық соғыс кезіндегі өмір сүру дағдысы өзгерді және ескі мәдениет жойылуға шақ қалды, тіпті бұрынғыдай өмір сүру мүмкін емеске айналды; соғыстан кейін бұрынғы мәдениетті дәл сол қалпында ешкім қабылдай алмас еді; енді қалай жазу керек?». Бұл сұраққа Генрих Бёлль өзінің атақты манифесінде жауап берді.

1945 жылдан кейін жаза бастаған біздің ұрпақтың туын­дылары «қиранды әдебиет» деп аталып, қаламгерлерді ешкім көзге ілмеді. Біз бұл атқа қарсы шықпадық, себебі дұрысы осы. Шығармаларымызға арқау еткен адамдардың бәрі, шынымен қирандылар арасында өмір сүретін, соғыстан титыққан еркектер, әйелдер, тіпті балалар болатын. Олардың көзі ашық еді және ештеңені назарынан тыс қалдырмайтын. Бейбітшілік орнады деп айтқанымызбен, сол кездегі адамдардың ортасында, сезімінде, олардың өзінде һәм айналасында идиллия болмады. Біз қаламгерлер, қарапайым «кішкентай адамдармен» жақын болғанымыз сонша, қара базардағы саудагерлер мен солардан жапа шеккендерден, босқындардан, отанынан айырылғандардан, ең бастысы өзіміз өкілі болған және адам айтса нанғысыз оқиғаларға тап болып, үйіне оралған буыннан айырмашылығымызды байқай алмадық. Олар ешкім аяқталады деп ойламаған соғыстан оралды.
Міне, біз солай майдан хақында, оралу жайында, соғыста не көргенімізді, қирандылар туралы жаздық. Сол үшін жаңа әдебиетке осы үш сөз байланып қалды: «соғыс әдебиеті», «оралғандар әдебиеті» және «қиранды әдебиет».
Бұл атаудың барлығын ақтап алуға болады: алты жылдық ұзақ соғыс болды; біз сол қанды майданнан қайтып оралдық; оралған соң талқандалған қалалар­ды көріп, қираған тағдырлар туралы шығарма жаздық. Мәселе атауында емес. Дегенмен сол атау­ды айтқандағы дауыс ырғағы қызық, тіпті үрейлі естілетін еді. Соғыстың болғанына, бәрінің қиранды астында қалғанына бола бізді ешкім кінәламады деп ойлаймын, бірақ соғысты және соның салдарын көріп жүргеніміздің өзі өзгелер үшін оғаштау еді. Алайда бәрін өз көзімізбен көрдік, көріп қана қоймай асқан қырағылықпен қарадық. Себебі жазушының көзі – жазу құралының бірі. Замандасты идиллиялық әлемге алып кету – қатігездік, ал оның қираған әлемде оянуы – қорқынышты түске тап болғандай әсер қалдырар еді. Болмаса бір-бірімізбен соқыртеке ойнауымыз керек пе еді?! Француз революциясы басталғанда француз ақсүйектерінің таңданысы қорқынышқа ұласып, басына найзағай түскендей әсер қалдырды, бұлай болады деп ешкім ойламады. Ғасырға жуық уақыт идиллиялық елес қуған ханымдар мен мырзалар «малшы рөліне» еніп, ойдан шығарылған пейзажда серуендеп, ән айтып, ойнап-күліп, кітаптағы провинциялық махаббатқа елігіп, іріп-шіруге шақ қалған жан-дүниесімен провинциялық тазалық пен пәктікті сомдап, соқыртеке ойнаумен өтті.
Бірақ француз халқы бұл идиллиялық ойын­ға революциямен жауап берді және оның нәтижесін көріп отырмыз. Бір жарым ғасыр өткеннен кейін, оның қайдан шыққанын ұмытып жүрсек те, революция сыйға тартқан еркіндікке қол жеткіздік.

ХІХ ғасырдың басында Лондонда бір жас жігіт болды. Өмірі сүреңсіз еді: әкесі тақырға отырып, қарыздың қармауына түсті, ал өзі оқуын түзеп, қашан тілші болғанша аяқ киім майын шығаратын фабрикада жұмыс істеді. Содан кейін ол роман жаза бастады. Түрмелерге, кедейлерге арналған баспаналарға, ағылшын мектептеріне жазушының көзімен қарады – көргенінің бәрі сұрықсыз болса да, жазды. Тіпті оның кітаптары оқырманын тапты: көп оқылды, қаламгерлердің бәріне бірдей бұйыра бермейтін бақ бітті, жетістікке қол жеткізді. Мұның арқасында түрмелер таратылып, кедейлерге арналған баспаналар мен мектептерге көпшіліктің назары ауды, бәрі өзгеріп сала берді. Жігіттің есім-сойы – Чарльз Диккенс. Оның көзі шөлдей құрғап та, көлдей тұнып та емес, көктем таңындағы шөп секілді ылғалданып тұратын. Ал «ылғал» латынша humor (юмор – А.С.) деп аталады. Чарльз Диккенс өткір көздің һәм өткір юмордың иесі еді. Әр нәрсені жіті бақылайтыны соншалық, ешқашан кездестірмеген нәрселердің өзін суреттей алатын еді; үлкейткіш әйнекті керек етпеді, дүрбіге де жүгінбеді.

Қайталап айтуға мәжбүрмін: жазу­шы­ның көзі, тіпті ешқашан көрмеген нәрселерді көре алатын өткір көз – жазу құралының бірі. Мысалы жазушы жертөлеге көз тігеді: сол жердегі үстелдің жанында нан илеп тұрған адам бар, ұн ұнтағынан беті аппақ болған ол – наубайханашы. Жазушы оны Гомер, Бальзак, Диккенстей көреді. Бізге нан пісіріп тұрған адам әлемнің құрдасы, сол секілді кәрі және ол ақырзаман болғанша жоғалып кетпейді. Бірақ жертөледегі адам темекі шегіп, киноға барады, ал оның ұлы Ресейде қайтыс болып, бұл жерден 3000 шақырым қашықтықтағы бір ауылдың шетінде жерленген, алайда оның моласын сүріп тастаған, бейітінің басында крест те жоқ. Бұның бәрі – сабырлы, жүзі солғын тартқан, бізге нан пісіретін адамның әлемі; осынау мұң да, сирек қуаныш та – жертөледегі наубайханашынікі.
Ал фабриканың шаң басқан терезелерінің сыртында жазушының көзі жұмысшы қызға түседі, ол станоктың жанында тұрып, түйме жасайды. Онсыз біздің үстіміздегі киім киім емес, көркімізді ашпайтын, жылытпайтын жамылғы ғана болар еді. Бұл бойжеткен жұмыс күні аяқталғаннан кейін ерніне далап жағып, киноға барады, темекі шегеді және автокөлік жөндейтін немесе трамвай жүргізетін жас жігітпен кездеседі. Ал анасының қирандылар астында қалғаны да – оның әлемінің бір бөлшегі. Бойжеткеннің шешесі әк араласқан қалың қирандылардың астында жатыр және оның моласына да, наубайшы ұлының басына да крест қойылмаған. Тек кейде, жылына бір рет, бойжеткен шешесі жатқан қирандыға келіп, гүл қойып кетеді.

Наубайханашы да, бойжеткен де – біздің уақыттың адамдары. Екеуі де уақыт пен кеңістік арасында қалықтап, соны тор секілді қармап алады. Оларды осы тордан босатып жіберу – өмірін қиюмен тең, бірақ жазушы өмірсіз жаза алмайды және қиранды әдебиет болмаса, олардың өмірін кім сақтап қалады? Көзін тарс жұмған жазушы өзінің ішіне үңіледі, өз әлемін жасай бастайды. ХХ ғасырдың басында Германияның оңтүстігіндегі бір түрмеде әлдебір жас жігіт қалың кітап жазып шықты; ол жазушы емес еді әрі жазушы бола алмады да, дегенмен өте қалың және оқуға ыңғайсыз кітапты жазып шықты. Алайда жаңағы жас жігіт жазған кітаптың миллион данасы таралып, Інжілмен бәсекеге түсті. Бұл жан-дүниесінде ашу мен ауру, жиіркеніш пен өзге де бәледен басқа ештеңе жоқ көрсоқыр адамның туындысы еді. Біз көзімізді ашсақ болды, қайда қарасақ та қирандыларды және зағип, образдары жалған, стилі адам төзгісіз, өмірді адамның көзімен емес, жан дүниесінің айнадан шағылған бейнесі арқылы елестеткен, өзін Адольф Гитлер деп атаған адамның құрдымға кеткен жан-дүниесін көреміз.

Кімнің көзі тұмшаланбаса, сол шын­дық­ты анық көре алады. Ал біздің ана тіліміздегі «көру» сөзі оптикалық категорияға ғана жатпайды, сонымен қатар көзі ашық адам үшін әрненің іші мәлім және тіл құралы арқылы бар дүниенің ішіне үңілуге болады. Жазушыға адами әрі «сатылмайтын көз» керек. Соқыртеке ойнаудың қажеті жоқ. Қызғылт, көгілдір, қара түсті көзілдіріктер бар емес пе – солар өмірді қажет түске бояй алады. «Қызғылт түсті көзілдіріктер» үшін жақсы ақша төленеді: қаншалықты «танымал» болса, сатып алуға соншалықты оңай. «Қара түсті көзілдірік» те арасында сәнге айналып тұрады және сол тұста оған да жақсы ақша төленеді. Бірақ біз әлемді адамның көзімен, қалай бар, солай көргіміз келеді. Ал сол адамның көзі шөлдей құрғап та, көлдей тұнып та емес, көктем таңындағы шөп секілді ылғалданып тұратын. Ал ылғал латынша humor екенін еске саламыз. Біздің көзіміз шөлдей құрғап та, көлдей тұнып та тұруы ықтимал, бұл юмордың жолын жабады. Әр күн сайын адам көп нәрсе көреді: нау- байханашының, фабрикадағы қыздың және моланың да бейнесі көз алдымыздан кетпейді. Қирандыларды, қираған қалаларды, молаға айналған елді мекендерді және зираттардың айналасында сахна тәрізді тізіліп тұрған, адам тұрмайтын үйлердің саны өсіп жатқанын байқаймыз. Шын мәнінде, сол адамдардың сақтандыру компанияларының клиенттері, мемлекеттің қол астындағы жұмысшылар, әлдебір қаланың азаматтары, қарыз берушілер мен борышкерлер ретінде басқарылатынын көреміз.

Біздің мақсатымыз – адам тек біреудің қол астында басқарылып жүру үшін өмір сүрмейтінін, әлемді қирататын күш тек сырттан келмейтінін және бірнеше жылда бәрін қалпына келтіруге болатындай сол күштерге мән бермей жүре беруге болмайтынын ескерту.

Батыс еуропалық білімді әлем үшін Гомер күдіктен ада: Гомер – еуропалық эпостың бастаушысы; бірақ ол Троя соғысы жайында, Трояның қирауы мен Одиссейдің оралуы туралы айтады. «Соғыс әдебиеті», «қиранды әдебиет», «оралғандар әдебиеті» – біз бұдан ұялмауымыз керек.
1952 жыл

Тәржімалаған Абзал Сүлеймен,

«Солақайлар» әдеби клубы

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5443