Каспаров: «Путиннің түбіне өзінің жақтастары жетеді»
Ресейлік атақты шахматшы әрі оппозиционер Гарри Каспаров украиналық журналист Дмитрий Гордонға берген сұхбатында «Путиннің өлімі» туралы өз болжамын айтыпты.
Шахматшының сөзінше, Путиннің ақыры белгілі бола бастаған. Оның түбіне өз төңірегіндегілер жетеді. Путин өз ажалымен өлмейді. Украинадан жеңіліс тапқан күні-ақ, оны өз адамдары құрбанға шалып жібереді.
«Оның тағдыры белгілі. Путин үшін шексіз биліктен асқан өмір жоқ. Бұл билік оның жеңілмейтініне әрі жазаланбайтынына кепіл берген тас қорғаны болды. Украинадағы соғыс сол қорғанның быт-шытын шығарады», - деді Каспаров.
Шахматшы Путиннің Украинадағы жеңілісі Ресей мемлекетінің күйреуіне әкеледі және оған диктатор ғана жауапты екенін айтады.
«Қалай болатынынын білмеймін, өз араларында шеше жатыр. Бірақ бір нәрсе анық: Украина әуелі Путинді саяси жағынан өлтіреді, сосын барып денесін көмеді», -деді Каспаров.
Оның ойынша, Украина бұл соғыста жеңіске жетеді. Бұл жеңіс - тек қана әскери жеңіс емес. Жаһандық деңгейде баға берсек, қатігездіктің жеңілісі болмақ.
«Бұл жеңіліс - бүгінгі күні Путин жасап отырған зұлымдықтың белгісіндей болып қалады. Дәл қазір Украина әлемді XXI ғасырдың «фашизм» атты нәубетінен құтқарып отыр. Украинаның жеңісі тарихи маңызы бар оқиға болмақ», - дейді шахматшы.
Abai.kz