Сәрсенбі, 6 Қараша 2024
Құйылсын көшің 4961 1 пікір 21 Сәуір, 2022 сағат 12:06

Бүйректен сыйрақ шығармайық!

ҚР Мемлекеттік хатшысы
Е.Т. Қарин мырзаның,
ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы
М.Ә. Нұртілеу мырзаның назарына!

Біздің қазақта «Бүйректен сыйрақ шығарып...» және «Көлеңкесінен қорқып...» деген екі мәтел немесе тұрақты сөз тіркесі бар.

Менің «Наурыз реформасы» аясында Қазақстан Республикасының Конституциясына «Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде тұратын этникалық қазақтар басқа мемлекеттің азаматы болғандығына қарамастан жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға құқылы», - деген норма енгізіп, шекара сыртында қалған қандастарымыздың құқығын Ата Заңмен бектіу туралы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына жазған «Ашық хатым» жарияланғаннан бері, осы екі сөзге саятын пыш-пыш әңгімелер қылаң бере бастады.

Ол әңгіменің біреуі – «Қос азаматтық» туралы болса, екіншісі көрші елдердің ықпалын айтып, сақтық танытуы болды.

Мәселе – «Қос азаматтық» туралы мұндай әңгімелердің мен әңгімелескен кейбір депутаттардың және Конституциялық Кеңес пен Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстарды тұжырымдау жөніндегі жұмыс тобының бір-екі  мүшесінің аузынан шыққанында болып тұр.

Әрине, мен оларды «Бүйректен сыйрақ шығарып...» деп, кіналаудан аулақпын.

Себебі, бұл кісілер Көші-қон саясатымен күнделікті шұғылданып, оның заңдары мен нормативтік құжаттарын күнде парақтап жүрген жоқ.

Бірақ, Ішкі-сыртқы қандастар мәселесімен айналысу үшін арнайы құрылған, отыз жылдық тарихы бар Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары болып қызмет атқаратын Әділбек Ыбырайымұлының «Біздің Конституцияда қос азаматтыққа тыйым салынған. Жоғарыдағы норма, біріншіден, сол қағидаға қайшы келеді. Екіншіден, мұндай норманы Конституцияға енгізу заң жазу этикасына нұқсан келтіреді...» деуі, өзі нанын жеп отырған саланың қандастарымызға Қазақстан Республикасының азаматтығын беру тәртібін әлі күнге дейін білмейтіндігін, тіпті шеттегі алты-жеті миллион қазақтың қыл үстінде тұрған ертеңгі тағдыры туралы ойлап та қоймайтынын көрсетті.

Қысқасы, мен ұсынған жоба Қазақстан Республикасының Конституциясына енсе, онда осы норма аясында Қазақстан азаматтығын алған қандастарымыз «Қос азаматтыққа» ие болып, ол «Ата Заңға» қайшы келмей ме днген күдікті сұрақ туындап отыр.

Ал, оны Қазақ көшіне қарсы күштер әдейі іліп әкетіп, жұртты шатастыруы мүмкін.

Сол себепті, қолға қалам алып, осы мақаланы жазуды жөн көрдік.

Ұсынып отырған «Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде тұратын этникалық қазақтар басқа мемлекеттің азаматы болғандығына қарамастан жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға құқылы», - деген норманы біз ойдан құрап шығарып отырған жоқпыз. 1991 жылғы 20 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» заңының 16-1-бабында Жеңілдетілген тәртіппен (тіркеу тәртібімен) Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау шарттары көрсетілген.

Аталған бапқа сай, ЖЕҢIЛДЕТIЛГЕН ТӘРТIППЕН (тiркеу тәртiбiмен) Қазақстан Республикасының азаматтығына тұру мерзіміне қарамастан, Қазақстан Республикасының аумағында заңды негіздерде тұрақты тұратын қандастар қабылданады.

Қайталап оқыңыз, ҚАЗАҚТАР емес, ҚАНДАСТАР!

Демек, алыс-жақын шетелдерден Атажұртына заңды түрде көшіп келген этникалық қазақтар алдымен ТҰРАҚТЫ ТІРКЕУГЕ тұрады. Тұрақты тіркеуге тұрған азаматтың Қазақстан Республикасында тұрақты тұруын растайтын құжат – «ЫҚТИЯРХАТ» (вид на жительство) болып табылдады.

«ЖЕҢIЛДЕТIЛГЕН ТӘРТIП» дегеніңіз – осы.

«Ықтиярхатқа» ие болған ағайын, одан арғы жерде «ҚАНДАС» мәртебесін алып, Қазақстан Республикасының азаматтығына құжат өткізеді де, үш айдан кейін ол Қазақстан Республикасының азаматы атанады.

Әрине, мұның бәрі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұқият тексеріп, келісім беруімен жүзеге асады.

Бұрын шеттен көшіп келген қазақтар «Ықтиярхат» пен Азаматтыққа арт-артынан екі мәрте құжат өткізсе, қазір екеуіне бір мезгілде бір құжат өткізеді. Қазақстанның көк паспорты қолына тиген соң, өзі келген елдің Төлқұжатын сол елдің Қазақстандағы Елшілігіне тапсырып, бұрынғы азаматтығының күшін жояды.

Шеттен оралған қазақтардың Қазақстан азаматтығын алудың отыз жылдан бері жалғасып келе жатқан тәртібі – осы.

Демек, «Наурыз реформасы» аясында Қазақстан Республикасының Конституциясына «Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде тұратын этникалық қазақтар басқа мемлекеттің азаматы болғандығына қарамастан жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға құқылы», - деген норма енгізісе, ол «Қос азаматтыққа» апарып соқтырады деген бос әңгіме!

Сонымен бірге, аталған норма шекара сыртындағы қазақтарды барып, қолынан жетелеп әкелу үшін емес, өз аяғымен келетін қандастарымыздың көшін қазаққа қарсы ішкі және сыртқы саяси күштердің шайқалтпауы үшін керек екенін жете түсінген дұрыс.

Осы жерде реті келіп тұрғанда тағы бір түйінді баса айта кеткенді жөн көрдім.

Әлемде өз этникалық топтарына қатысты азаматтық алудың оңайлатылған тәртібін беру туралы конституциялық нормалар қабылдаған мемлекеттер аз емес. Германия (116-бап), Румыния (7-бап), Болгария (25-бап), Польша (34-бап) және Қырғызстан (50-бап) қатарлы мұндай тәжірибеге ие мемлекеттердің қатарында Өзіміздің Қазақстан Республикасын да атауға әбден болады.

Оған дәлел ретінде, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің 1990 жылғы 25 қазандағы №307-XII Қаулысымен қабылданған «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Мемлекеттік егемендігі» туралы декларацияның 12-бабындағы «Қазақ ССР-і Республикадан тыс жерлерде тұратын қазақтардың ұлттық-мәдени, рухани және тіл жөніндегі қажетін қанағаттандыруға қамқорлық жасайды», - деген нормасын көрсетуге болады.

Бұл норма кеңестік кезеңнің туы желбіреп тұрғанда қабылданғандығымен тарихи маңызға ие. Бірақ, бүгінгі күннің талабына жауап бере алмайды.

Керек болса, дәл осындай «Шет елдердегі қазақ диаспорасына ана тілін, мәдениеті мен ұлттық дәстүрлерін сақтау және дамыту, оның тарихи Отанымен байланыстарын нығайту мәселелерінде қолдау көрсету;» деген норма 2008 жылғы 20 қазанда қабылданған «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңының 6-бабында да жазулы тұр.

Өкінішке орай, «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңының шет елдердегі қазақ диаспорасына арналып қабылданған бұл нормасы өмірі орындалған емес.

Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасының бірінші орынбасары болып қаншама аты мен атағын ат көтергісіз тұлғалар келді, соның біреуі шеттегі қандастарымыз туралы шөп басын сындырған жоқ.

Қазақстан халқы Ассамблеясының атақты САУЫТБЕК АБДРАХМАНОВИЧ бастаған тоғыз депутаты Мәжілісте отыр, соның біреуі шығып қандастар хақында бір мәселе көтерді ме екен?!

Ары кеткенде, сол Сәукең «Отандастар қоры» дайындап берген сұрақтар негізінде депутаттық сауал жолдап, Үкіметтен өзіміз білетін жаттанды жауап алумен ғана келеді.

Демек, біздің ұсынысымыз ескеріліп, «Наурыз реформасы» аясында Қазақстан Республикасының Конституциясына «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңындағы секілді ӨЛІ НОРМА енгізіліп жатса, кесіп айтайын, оның барынан жоғы жақсы!

Бұл шеттегі қандастарымызды жарылқау үшін емес, әлде бір жұмыртқадан жүн қырқатын сұмпайлардың ақша жасау үшін әдейі заңға енгізген жемқорлық схемасы.

Ертең «Шет елдердегі қазақ диаспорасына ана тілін, мәдениеті мен ұлттық дәстүрлерін сақтау және дамыту үшін» Үкіметтен миллиардтап ақша бөлдіріп алып, дүниежүзін аралап шалқып жүргенін көресің. Мүмкін, сөйтіп жүрген де шығар.

Қазақстандағы жемқорлықтың гүлдеуіне жол ашатын осындай ӨЛІ НОРМАлар!

Сондықтан, Қазақстан шекара сыртында қалып бара жатқан алты-жеті миллион қазақтың алдындағы қарызын шын мәнінде өтеймін десе; Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстарды тұжырымдау жөніндегі жұмыс тобы мен Парламенттің қос палатасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз!» – деген жігіттікпен айтқан тарихи миссиясын қағаз жүзінде қалдырып, Президентімізді тарих алдында ұятқа қалдырмайық десе, туысқан Қырғыз Республикасы құсап Конституциямызға «Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде тұратын этникалық қазақтар басқа мемлекеттің азаматы болғандығына қарамастан жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға құқылы» деген норманы енгізіп, алыстағы ағайынға КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ҚҰҚЫҚ беруіміз керек!

«Бүйректен сыйрақ шығарып...», «Көлеңкесінен қорқып...» отыратын мезгіл емес бұл, нағыз реформа шынайы батылдықты талап етеді!

Құдай алдындағы шынымды тағы бір мәрте қайталап айтайын, өз басым бірегей қолдаушысы ретінде Қазақ көшіне қатысты бір «ҚАРА ДАҚ» Қасым-Жомарт аға билік тізгінін ұстаған жылдардың еншісінде қалмаса екен деп шырылдап жүрмін!

Алашшыл бауырлар, Сіздер де соны қатаң ескерсеңіздер екен!!!

Ауыт Мұқибек,

«Құрмет» орденінің иегері

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1093
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 1878
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 1854