Дүйсенбі, 24 Маусым 2019
Жаңалықтар 1914 0 пікір 1 Қараша, 2012 сағат 05:53

Досай Кенжетай. Зайырлы ел болу мен дін ұстау мәселесі

Зайырлылық негізінен араб тілінде «захири» (зайырлы) яғни ашық, сыртқы деген мағыналарда қолданылады. Діннің сыртқы мәні, яғни, шариғат ұстанымын қамтитын термин ретінде қабылданған. Оған қарама қарсы мәндегі «батини» сөзі де арабтың ішкі мән, сыр деген мағынадағы ішкі танымға негізделген сопылық тауил ұстанымын білдіреді. Ал енді осы қазақ мұсылмандық түсінігіндегі захири ұғымын «зайырлылық» ретінде батыстан келген, яғни республикалық жүйедегі мемлекеттік басқарудың басты ұстанымы «лаицизмнің» баламасы ретінде қолданып келеміз.

Лаицизм құбылысы пайда болғалы көптеген қарама қайшы мәндегі мағыналарда қолданылып әрдайым пікірталастарға жол ашып келеді. Шындығында адамзат қоғамы үздіксіз дамып, өзгеріп отыратын динамикалық үдерістерден тұратындықтан қоғамның да құрылымдық тұрғыдан дамуы мен өзгерісі заңды. Қоғамды ұстап тұратын құндылықтар жүйесі негізінен дінге барып тірелгендіктен, діннің қоғаммен қатысты қыры да өзгеріп отырады, ал діннің ішкі мәні яғни сенімі мен доктриналық қыры өзгермек емес. Сондықтан да уақыт ішінде құқық та дінмен бірге болып, кейде өзара бөлектеніп, қоғамның уақыттың шарттарына қарай құбылып, діни бұйрықтар мен құқықтық нормалар ретінде бөлек әрі бірге өмір сүріп келеді.

Зайырлылық негізінен араб тілінде «захири» (зайырлы) яғни ашық, сыртқы деген мағыналарда қолданылады. Діннің сыртқы мәні, яғни, шариғат ұстанымын қамтитын термин ретінде қабылданған. Оған қарама қарсы мәндегі «батини» сөзі де арабтың ішкі мән, сыр деген мағынадағы ішкі танымға негізделген сопылық тауил ұстанымын білдіреді. Ал енді осы қазақ мұсылмандық түсінігіндегі захири ұғымын «зайырлылық» ретінде батыстан келген, яғни республикалық жүйедегі мемлекеттік басқарудың басты ұстанымы «лаицизмнің» баламасы ретінде қолданып келеміз.

Лаицизм құбылысы пайда болғалы көптеген қарама қайшы мәндегі мағыналарда қолданылып әрдайым пікірталастарға жол ашып келеді. Шындығында адамзат қоғамы үздіксіз дамып, өзгеріп отыратын динамикалық үдерістерден тұратындықтан қоғамның да құрылымдық тұрғыдан дамуы мен өзгерісі заңды. Қоғамды ұстап тұратын құндылықтар жүйесі негізінен дінге барып тірелгендіктен, діннің қоғаммен қатысты қыры да өзгеріп отырады, ал діннің ішкі мәні яғни сенімі мен доктриналық қыры өзгермек емес. Сондықтан да уақыт ішінде құқық та дінмен бірге болып, кейде өзара бөлектеніп, қоғамның уақыттың шарттарына қарай құбылып, діни бұйрықтар мен құқықтық нормалар ретінде бөлек әрі бірге өмір сүріп келеді.

Негізінен лаицизм ұстанымы мемлекет пен діннің қарым қатынасын реттейтін ұстаным. Адамзат тарихында мемлекет өзінің қуатын діннен алып, дінді қорғау мақсатында өте қатаң шаралар қолданған, сонымен қатар мемлекет дінді өз бақылауында қысып ұстап, ең сорақысы дінсіз қоғам орнатқан кезеңдер де болған.

Рас лаицизм ұстанымы батыс өркениеті негізінде пайда болды. Шіркеу барған сайын салтанат құрып мемлекетті Алланың атынан билеп төстеп, орта ғасырларда қоғамның барлық саласын қамтығаны сонша, католик шіркеуінсіз ойлаудың өзі күнә болды. Бүгін теократияның ең жоғарғы шыңы ретінде тарихта қалды. Тарихи үдерісте мемлекеттің билікті өз қолына алуы өте ұзақ әрі қиын қыстау жолдардан өтті. Батыста лаицизм ұстанымының пайда болуымен бірге дін мен мемлекет аясының ажыратылуы идеясы алғаш ренессеанс пен реформалар қозғалыстары кезеңінде басталды. Мартин Лютердің протестанттық әрекеті папаның беделін түсіріп, ұлттық сананы оятып, лаицизмге жол ашты.

XVIII ғасырдың екінші жартысынан бастап Америка мен Францияда етек алған революциялар нәтижесінде мемлекет құрылымы, мемлекет пен дін байланысының жаңа жүйеге ауысуына ықпал етті. Басқа қырынан алып қарағанда сол ғасырдың ойлау жүйесіне негізделген ұлттық ерік пен сана қоғамдағы діннің рөлі мен ықпалын шектеп, азаматтық қоғам орнатуға бет алды. Яғни мемлекеттің билігі зайырлы болып жаңа мемлекет түсінігі қалыптасты. Мемлекетке енді құрушы халықтың тек қана осы дүниедегі қажеттіліктерімен ғана айналысатын мекеме ретінде анықтама берілді. Шіркеу де құдайлық биліктің үстемдігін емес енді өзінің болашағын қалай құру керек екендігі туралы жаңа ережелер қабылдауға мәжбүр болды.

Сонымен бүгінгі зайырлылық сөзі термин ретінде лаицизмнің орнына қолданылып келеді. Ал лаицизм сөзі "laique" латын (laicus) түбірінен енген француз сөзінен алынған. Талдап қарасаңыз сөздік мағынасы діни емес адам, зат, ой, мекеме, жүйе, ұстаным мағыналарына келеді. Католиктерде дін адамы емес, аскет, папа емес христиандарға зайырлы яғни, лаицист дейді. Осы сөзден алып бүгінгі лаицизмнің анықтамасы беріліп келеді. Сондықтан осы анықтама негізінде зайырлы құқық дегенде негізі дінге сүйенбеген құқық, ал зайырлы мемлекет дегенде діни сенім ақидаларға неізделмеген мемлекетті ұғынамыз. Бұрыннан Батыста шіркеу адамдарына клерикалдар ал олардан басқа христиандарға да зайырлы яғни, лаицист денілгендігі белгілі. Яғни, Батыста христиан әлемінде адамдардың өзі осылай екі жікке «каста» сияқты бөлініп келген. Ал ислам әлемінде мұндай дін адамы немесе дін адамы емес деген жік болмаған. Кез келген мұсылман имам болуға, керек кезде жаназа шығаруға құқылы әрі міндетті болған.

 

Лаицизмнің терминдік мағынасын талдап қарасақ жалпыға бірдей қабылданған ортақ мағына шығару қиын. Соған қарамастан лаицизмге түрлі анықтамалар берілген. Лаицизмнің мазмұнында дін және дүние, қоғамдық жұмыстардың өзара ажыратылуы, бір біріне араласпауы, адамдардың  діні немесе атеист болуына қарап бағаланбауы, төмендетілмеуі, еркін құлшылықтарын орындауы немесе орындауға мәжбүр болмауын қарастырған. Сонымен лаицизмді хақ және құқық еркінің діни емес ұстанымдарға негізделген саяси ұйым формасы деп қарастыруға болады. Саяси биліктің қуатын діннен алмауы, конституциясын дінге негіздемеуі, белгілі бір дінді қолдамауы, барлық дін өкілдеріне тең құқық беруі, дін және мемлекет істерінің ажыратылуы сияқты функцияларды қамтыған. Бірақ осы анықтамаларды сол қалпында орындап отырған бір де бір батыс мемлекеттері жоқ. Кейбір саяси партиялары діннен қуат алып билік басына келсе, белгілі бір дінді негізгі дін ретінде танып отыр. Білім беру жүйелерінде де дін негізгі бағдарлама ретінде бағаланып отыр. Ал енді Қазақстан да зайырлылық ұстанымын өзінің мемлекетінің мазмұнын құрайтын мәдениеттің тарихы мен құндылықтарына жауап беретін, сол арқылы қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заңын жетілдіргісі келсе, барлық европа ұйымдары өре түрегеледі. Олар керек десеңіз ішімізден қарсы жақтастар тауып қоғамдық тыныштықты бұзғысы келеді. Өз ішімізден «Ахмади» өкілдерін тауып алып, мәжілістерде оларға сөз беріп, заңдағы «ханафи» мазхабына деген құрметтің өзін сынап отыр. Демек лаицизм ұстанымы да бүгін әлемде саяси ойынға айналып кетті деген сөз.

Лаицизм негізінен ақылдың барша адамзатты тұтастыққа, бірлікке шақырушы қуатына маңызды орын береді. Сондықтан лаицизм рационалды ұстаным. Зайырлылық тек қана құлшылық пен сенім бостандығы немесе мемлекет пен діннің өзара ажыратылуы ғана емес. Зайырлылықтың негізгі мақсаты жеке тұлғаны діндердің және иделогиялардың қысымынан құтқару екендігін білуіміз керек. Бұл тұрғыдан келгенде Қазақстандағы діни экстремистік бағыттар, «салафилер» мен христиан миссионерлерге өз азаматтарын беріп қою, бақылаусыз қалдыру мемлекеттің қаіпсіздігіне қаншалықты зиян екендігін біреу білсе, біреу білмейді. Қазіргі қоғамдағы «салафилердің» барлық іс әрекеттері қоғам қауіпсіздігіне кері әсерін тигізіп отыр. Ал миссионерлік ошақтары жік шығарғалы қашан. Зайырлылық мемлекеттің демократиялық, рационалды ұстанымдарға негізделуін білдіреді. Зайырлылық әсіресе Батыстағыдай католик әлеміндегідей дін мен мемлекеттің емес, дін  мен шіркеудің өзара ажырауын білдіреді. Ал исламда жоғарыда айтқандай «дін адамы» немесе «дін адамы емес» деген бөлектену немесе  статус, «каста» болмаған. Олай болса, республикалық жүйедегі мемлекеттердегі «зайырлылық» ұстанымын әсіресе, ислам өркениеті мен мәдениетіне етене жақын немесе сол мәдениет негізінде құрылған мемлекеттер өзіндік комментарии жасау арқылы билік пен қоғам арасындағы үйлесімділікті қамтамасыз етуге ұмтылуы керек деп ойлаймын. Себебі исламда мешіт Батыстағыдай шіркеу сияқты бола алмайды. Өйткені шіркеу католиктерде рухани билік ретінде діннің ресми өкілі. Ал Батыстағы зайырлылық осы өкілдіктен тіршіліктің барлық кеңістігін, саясатты, құқықты, моральды, экономиканы шіркеудің және Інжілдің көзқарасы мен қысымынан құтқару үшін таңдалып алынған. Ал исламда мешіттің шіркеу сияқты Алланың атынан билік жүргізетін миссиясы жоқ. Сондықтан Батыс пен Шығыс немесе христиандық пен ислам арасындағы басты ерекшеліктерді негізге ала отырып зайырлылық ұстанымын өзіміздің мемлекеттіліктің баяндылығы мен қауіпсіздігі үшін өзіндік тексте қайта тұжырымдауға құқылымыз деген ойдамын.

Лаицизм теократиялық мемлекет жүйесіне қарсы, ешқашан дінге қарсы емес. Зайырлылық білім мен ғылымға, еркін ойға сүйенген ұстаным. Сондықтан дінге қарсы болу немесе дінге соғыс ашу деген мағынаға келмейді. Лаицизм тек қана мемлекет тіршілігіне тән әрекет, іс шара ұстанымы. Жеке тұлғаның жеке ісіне, сеніміне, от басымен қайшылыққа түспейді де діндарлығына да араласпайды. Лаицизмді дінсіздік деп ұғыну оны дұрыс түсінбеу деген сөз. Ал енді Қазақстандағы кейбір жағымсыз оқиғаларды Бақ беттерінен оқығанда еріксіз налисың. Бір сайтта әскерлер арасынан құлшылығын орындап жатқандарға қысым көрсетіп жатқандарын жазыпты. Сонда жеке тұлғаның діндарлығына қысым көрсетілді деген сөз. Қарапайым ақылмен таразылап көрсеңіз, имансыз адам құдайын танымайтын әскер елді қалай қорғайды.

Ал Батыста көптеген лаицизм анықтамаларының ішінде ешқандай да дінсіздік, дін дұшпандығы немесе дінге қарсылық сияқты түсінік жоқ. Анықтамалардың негізінен көп болуы лаицизмді әр қырынан түсіндіруге байланысты болып отыр. Мысалы философиялық тұрғыдан лаицизмді қасаң идеология ретінде танытқандар да бар. Яғни доктрина ретінде әрбір адамның зайырлы болуын, діннің адам өмірінен алынып тасталуын насихаттайды делінген. Тағы бір анықтамада, лаицизм деп, қоғамда мемлекеттің күшімен дінді тізгіндеу ретінде танытқан. Сондықтан лаицизмді милитан соғысқұмар қырымен танылған атеизмге де ауысып кететін тұстары бар ойлау жүйесі ретінде де танытқандар бар. Осы жерде қоғамды  түбегейлі, билікті басыбайлы құдайсыздандыру лаицизмнің ұстанымдық міндетіне кірмейтіндігін ескерте кетейік. Бірақ Батыста лаицизм атымен осылай әрекет еткісі келетіндердің бар екендігін де жасырмай жазып жүргендер де бар.

Сондықтан зайырлылық дегенде оның ішкі және сыртқы функцияларын өзіндік текстпен қоғамға түсіндіру қажеттілігі бар деп есептеймін. Оның үстіне өткен жылы қабылдаған жаңа заңымызда осы «...зайырлы ел» деген тіркестің ішкі мазмұны мен ұстанымдық функцияларына түсіндірмелер жасалу керек деп есептеймін. Ол түсіндірмелер де мәдени, тарихи сана мен діни, өркениеттік тәжірибемізді ескеріп жасалуы тиіс. Себебі дін құбылысы киелі, моральдық тұжырымы бар, діни ғұрыптық қырымен қоса, аксиологиялық сенім мен құлшылықтар институты. Адамның рухымен ожданымен таразыланып қабылданатын Құдайлық заң. Бірақ дін тек қана жеке адамды ғана емес тұтастай қоғамды, мәдениетті қалыптастырушы күш. Діннің әлеуметтік мәні зор. Әрбір қоғам отбасынан, отбасы жеке адамдардан тұратын болса, солардың әрбірі жеке ожданы, өзіне әлемге, мемлекетке тағы сол сияқты Жаратушыға қарсы жауапкершілігі бар тіршілік иесі. Оған қоса дін қоғамдық тәртіп пен жүйеге, жеке адамға, қауымдасып жасайтын амалдар бұйырады. Ал діндар тұлға үшін діннің бұйрықтарын орындау, тыйымдарынан қашу, құлшылық пен мінажаттарын жүзеге асыру ожданының тілегі, жауапкершілігі болып табылады. Олай болмаған жағдайда діни тұрғыдан күнә жасағаны. Осы нәрсе оның ожданында психологиялық күйзелісті туғызады. Бірақ сол адам өз қоғамының ішінде тек діндар ғана емес, сонымен қатар мемлекеттің азаматы. Сондықтан мемлекеттің заңы мен тәртібін мойындап, конституциясын қабылдап, құрметтеу оның азаматтық борышы, міндеті. Бұл тұрғыдан діндар тұлға екі міндет арасында қалып отыр. Бірі діни міндеті, екіншісі қоғам алдындағы мәдени міндеті. Сондықтан да қоғамның жетістігі мен жеке адамның ожданында тыныштық орнату үшін жаңа мемлекет құқығы зайырлылық ұстанымын таңдап алды. Міне осы жерде зайырлылық ұстанымының функциясы көмекке келуі тиіс.

Зайырлы мемлекетте дін еркіндігі дегеніміз -

билік жолы арқылы немесе жеке азаматтар тарапынан, заң арқылы немесе басқа жолдар арқылы қысым көрмей;

қорқыту саясатына ұшырамай қалаған дініне сену;

оның ақидаларын еркін орындау;

сенген дінінің құлшылығы мен мінажатын сол діннің негізі, ереже қағидасы және тілінде жүзеге асыру;

сол дін туралы ойлары мен білімін ауызша немесе жазбаша жаю;

сол дінді еркін үйреніп, басқасына еркін оқыту;

мемлекет тарапынан белгіленген заңға сай әрекет ету шартымен жеке немесе қоғамдық жағдайларда өзінің сенген дінінің жолымен жүру мүмкіндігі деген сөз. Республикалық жүйеде Заң шарттарын орындап діннің тыйымдарын жүзеге асыра алмаса, немесе заң талаптарын бұзбаймын деп діннің шарттарын орындай алмаса, кез келген азамат дін алдында күнә жасаған болып есептелмейді. Себебі ол діндар адам азамат ретінде осыны істеуге мәжбүр деген сөз. Ал мәжбүрлік исламда күнә емес.

Ал енді зайырлылық ұстанымы бар, бірақ оны негізге алмайтын мемлекеттерде діни фанатизм немесе саяси лаңкестік билікке үстемдік етеді. Діни фанатизм надан діндардың өзінің діни ақидаларын абсолюттік ақиқат ретінде қабылдап, басқа діни танымдағылардың жолына «ширк» ретінде үкім шығарып, саяси билікті өз ықпалына алып күн көрсетпейтін нағыз дін дұшпаны, мазхаб ерекшеліктерін құрметтемейтін, Алланың атынан сөйлеуге бейім, қағидашыл, қауға сақал бүгінгінің салафилері сияқты болады. Оның мысалын алыстан іздемей ақ өзіміздің Қазақстаннан көруге болады. Мысалы сондай күштердің сопыларды зынданға жаптыруының артында осы құбылыс жатыр. Ал саяси фанатизм белгілі бір тұлғаның саясат, қоғам  туралы өзінің жеке көзқарасы мен ойларын абсолюттік ақиқат деп басқаларды көзге ілмейтін надандықтың дұшпандығы. Сондықтан дін еркіндігін діни және саяси фанатизмге қарсы қорғаудың бірден бір жолы зайырлылық ұстанымы және оның көпқырлы функциялары болу керек деп ойлаймын. Зайырлылық негізінен өлшем, тепетеңдік жүйесі. Зайырлылықтың осы функциясы бойынша билік барлық діни танымдар мен діни жамағатқа бір көзбен қарау мүмкіндігін ешқандай топқа беріп қоймауы керек. Олай болса абыройдан айрылады. Сопылар мен қоғамдағы салафилерді табиғи диалектика ретінде қадағалап отырса билік те қоғам да ұтылмас еді. Есесіне діни білім, ғылым, таным мен діни сана тереңдей түскен болар еді.

Зайырлы елде мемлекет дінге араласпайды деген сөз, діннің иман, құлшылық, діни оқу және оқыту істеріне кедергі болмайды, сонымен қатар белгілі бір діннің жетегінде де кетпейді дегенге саяды. Олай болмаса, Қазақстан сияқты халқының 70 пайызы мұсылман елде халқының діни қажеттіліктерін қанағаттандыруға көмектеспейді деген сөз емес. Демократиялық үкіметтің ең басты міндеті халық үшін қызмет ету болса, сол халықтың діни қажеттіліктерін ескеріп, оларды қамтамасыз ету де үкіметтің басты міндеті болуға тиіс. Осыны жете түсінген Батыстық ел Англияны алып қарасаңыз, шіркеу шығындарының жартысы мемлекет тарапынан қаржыландырылады ал шіркеу барлық салықтан босатылған. Шіркеу барлық іс әрекеттерінде еркін. Мемлекет мектептерінде дін сабақтары ресми стандарттар шеңберінде оқытылады. Ал бізде стандарттан тыс жай факультатив ретінде 9 сынып оқушыларына онда да позитивистік тенденция бойынша оқытылып жатыр.

Ал Германияда шіркеу мемлекет арқылы салық салу құқына ие.  Яғни сол елдің азаматтары жаппай шіркеу салығын төлейді және шіркеу сол салық негізінде тіршілігін жалғастырады.

Испанияда дін қызметкерлері тұрғын үй салығынан босатылған, қатолик дін қызметкерлері мемлекеттен жәрдем ақы алады. Көпшілігі католик болғандығы себепті ерекше статус беріліп, заңдық негізде жеңілдіктерден пайдаланып отыр. Тек католиктер ғана барлық мектептерде, ауруханаларда, елді мекендерде уағыз жүргізу құқына ие. Мектептерде діни білім беру шіркеу тарапынан ұйымдастырылады.

Франция да өзінің қызметкерлеріне мемлекет діни қажеттіліктерін қамтамасыз етуде көмек көрестуде. Мектептерде, жоғары оқу орындарында, ауруханаларда, түрмеде, әскерде арнайы орталық ашылып, дін адамдарының қызмет көрсетуін мемлекет өзі ұйымдастырып отыр. Ал Қазақстанда әскерде құдайға құлшылық жасаған немесе жасағысы келгендерді ревизиялап, қудалап жатыр. Бұл  «бас ал десе шаш алумен» тең жағдай болып тұр өкінішке орай.

Сонымен лаицизм өлшем, тепе теңдікті қамтамасыз ететін жүйе. Бұл жүйеде дін мен мемлекет өзара автономды өмір сүруі тиіс. Бірақ Қазақстанда ғылыми тұрғыдан рационалды деңгейде зайырлылықтың анықтамасы жасалынбаса, заң және құқық кітаптарына енген жаңа термин ретінде үлкен қайшылықты пікірталас тудыруы мүмккін. Ол үшін бұл ұстанымға мемлекеттілігіміздің баяндылығын негізге алатын жаңа функциялар үстеп, қайта тұжырымдау шарт деген ойдамын.

Досай Кенжетай,

теология және философия

ғылымдарының докторы,

профессор.

Түркістан қаласы

«Abai.kz»

0 пікір