NewTimes.kz директоры Дмитрий Кимнің айтуынша, 14 сәуірде басылым редакциясы Ресейдегі БАҚ-ты реттейтін мекемеден ескерту алған. "Роскомнадзор" бұл сайтта "заңды бұзатын ақпарат жарияланғанын" ескерткен.
"Нақты сілтеме көрсетілген. Онда Еуроодақтың жаңа санкциялары туралы мәлімет берілген. Біз оны BBC News-тің Орыс қызметіне сілтеме жасай отырып жариялағанбыз. Ескертуде "Ресей Федерациясы Қарулы күштері өткізіп жатқан арнайы әскери операциясының қоғамдық маңызы жөнінде жалған ақпарат" жарияланғаны айтылған”, — дейді Дмитрий Ким.
Сайт директорының айтуынша, "Роскомнадзор" ескерту жолданған уақыттан бір тәулік ішінде мәліметті алып тастау керектігін жазған. Талапты орындаудан "бас тартқанда немесе ешқандай әрекет болмағанда" хостинг-провайдер сайтқа шектеу енгізуге міндетті, деп мәлімдеген ресейлік мекеме.
"Ескерту бізге қазақстандық хостинг компания арқылы келді. "Роскомнадзор" оған өз уәжін жолдап, "ақпарат ресурсына тез арадаға хабардар етуді" міндеттеген. "Роскомнадзор" хостинг компания арқылы әрекет ететінін ескерсек, мұндай ескерту бізден басқаларға да жолданған деген тұжырым жасауға болады", - дейді Ким.
NewTimes.kz директорының хабарлауынша, 15 сәуірде сайттан "Роскомнадзорға" ұнамаған мәлімет алынған. "Көп ойлануға уақыт болмады. Бізге бір тәулік қана берді. Ресейдегі аудиторияның біздің сайтқа кіре алмай қалғанын қаламадық", - дейді Ким.
"Роскомнадзор" 24 ақпанда Украинадағы соғыс басталғалы бері Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысына бірінші мәрте араласып отыр. Ресей Украина аумағына басып кіргелі бері федерация аумағында цензура күшейді. Ресей билігі көптеген тәуелсіз және шетел басылымдарын бұғаттады. Олардың арасында Азаттық радиосы мен оның жобалары да бар.
Abai.kz