Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2865 0 пікір 1 Қараша, 2012 сағат 13:08

КІМГЕ СЕНЕМІЗ? ЖӘМІШЕВКЕ МЕ, СТАТИСТИКА АГЕНТТІГІНЕ МЕ?


Жуырда Мемлекет басшысы Жолдауының негізгі ережелерін Қазақстан халқына түсіндіру бойынша Республикалық ақпараттық насихаттау тобының халықпен кездесуінде Қаржы министрі Болат Жәмішев Қазақстандағы 6 миллион адамның ипотекалық несиемен пәтер ала алмайтындығын айтып, айды аспаннан бір-ақ  шығарды.


Жуырда Мемлекет басшысы Жолдауының негізгі ережелерін Қазақстан халқына түсіндіру бойынша Республикалық ақпараттық насихаттау тобының халықпен кездесуінде Қаржы министрі Болат Жәмішев Қазақстандағы 6 миллион адамның ипотекалық несиемен пәтер ала алмайтындығын айтып, айды аспаннан бір-ақ  шығарды.
Олай демеске лажымыз жоқ, еліміздегі Статистика агенттігінің 2012 жылғы тамыз айындағы көрсеткіші бойынша қазақстандықтардың орташа айлығы 104 мың 546 теңгені құрапты. Ресми мәліметтерге жүгінсек, біз мұндай көрсеткішпен көршілес Азия мемлекеттерін әлдеқашан шаң қаптырып, ендігі Еуроодақ елдерімен құйрық тістесіп қалған көрінеміз. Осыған дейін елдегі орташа жалақы көлемі қалайша 104 мыңды құрауы мүмкін деп ешкім Статистика агенттігінің дерегіне дау тудырып, күмән келтіріп көрмепті. Бәлкім осы тоңмойындығымыз әлі де жалғаса берер ме еді, кім білсін,  жуырда Болат Жәмішев айдай  әлемге әлде әдейі, әлде аңдамай айтқаны белгісіз, еліміздегі орташа жалақы көрсеткіші 89 мың теңгені құрайтынын әйгіледі. «Ал бұл дегеніміз, нақты жалақы - сатып алу қабілеттілігін есепке алғанда айына 53 мың теңге», - деп тағы нығыздап қойды. Бас қаржыгердің мұндай оқыс мәлімдемесіне сенер-сенбесін білмей, біраз жұрттың қапелімде аңтарылып қалғаны рас. Сенейін десе, еліміздегі «сан-сифырға» жауапты білдей бір Статистика агенттігінің келтіріп отырған дерегі анадай. Сенбейін десе, «елдегі қаржының есебін менен жақсы білер ешкім жоқ» дегендей сенімді сөйлеп отырған министрдің мәліметтері ауадан алынбағаны тағы анық. Бұл деректі бас қаржыгер Статистика агенттігіндегі әріптестерінің есеп-қисабын жоққа шығарып, еңбегін еш қылайын деп келтірген жоқ, әрине. Оның айтпағы мүлдем басқа нәрсе еді. «Елдегі орташа жалақы 89 мың теңге екенін ескерсек, еңбекке жарамды белсенді 8,5 миллион халықтың 6 млн-ы ипотекалық қарыз жағдайында тұрғын үй сатып ала алмайды», - деді ол мәселенің мәнісін түсіндіріп. Қаржы мәселесінің жілігін шағып, майын ішкен Бөкең сөзін одан әрі үстемелей келіп: «Еліміздің көптеген тұрғындары ипотекалық несие міндеттемелерін орындай алмайтындығына көзі жете тұра, көтере алмайтын шоқпарды беліне байлап, құрылыс компанияларын да ұятқа қалдырды», - деді ашынып.
Орташа айлық төңірегіндегі бас қаржыгердің дерегі әлгіндей. Шамасы ол Статистика агенттігінің ресми дере-гін байқамай қалды. Әйтпесе қос бірдей құзырлы органның екі түрлі сөйлеп, елді жаңылыстыруын қалай түсінеміз? Жә, Жәмішевтің өз есебі өзінде дегеннің өзінде, егер Статистикалық агенттіктің есебін басшылыққа алатын болсақ, онда еліміздегі ипотекалық несие ала алатын тұрғындар саны өзінен-өзі көбейіп шыға келмей ме? Сенбесеңіз Статистика агенттігінің төмендегі көрсеткіштеріне көз жүгіртіп көріңіз. 
Биылғы тамыз айындағы көрсеткіш бойынша қазақстандықтардың орташа айлығы өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 12,3 пайызға артқан көрінеді.
Салалық құрылымдарды салыстырғанда ең көп жалақы алатындар тау-кен өнеркәсібіндегілер. Олардың жалақысы 204,9 мың теңгені құрайды. Кәсіби, ғылыми және техникалық саладағылар 196,2 мың теңге, қаржы және сақтандыру қызметкерлері - 180,5 мың теңге алады. Ең төменгі жалақы ауыл шаруашылығы, орман және балық ша-руашылығы еңбеккерлерінің үлесіне тиеді. Олар республикалық орташа жалақыдан 47,5 пайызға төмен айлық алып, 54,9 мың теңгені місе тұтады.
Аймақтардың ішінде мұнайлы Атырау өңіріндегі орташа жалақы 199,4 мың теңге, солтүстік қазақстандықтар 71 мың теңгені талғажау етеді. Оңтүстік облыстар жөнінде мәліметтерді толығымен сараптап шығаруға статистикалық агенттік құлықсыз. Себебі, ол өңірде: «айлық жалақыға қарап, қатып-семіп қал!», - деген, жек көретін адамына ғана айтылатын, жаман қарғыстың түрі бар. Бұл қарғыстың анық-қанығын кейін аңғардым. Бірде Әділет министрлігінің жастары футбол ойнайтын болып, соны жазуға редакция тапсырмасымен бардым. Департамент директорымен әңгімелесіп тұрып, қарапайым қызметкерлердің жалақысы 23 мың, бөлім бастығының жалақысы 32 мың теңге екендігін сұрап білдім. Сол кездегі Әділет министрі Зағипа Балиеваның құлағына жететіндей етіп проблемалық мақала жазайын деп оқталдым. Әңгімемізді мұқият тыңдап тұрған футбол бапкері маған  ым қағып, иегімен  шенеуніктердің машинасы жақты нұсқады. Қызметіне орналасқанына бірер жыл ғана болған қарапайым қызметкерлер кемі 35 мың доллар тұратын судай жаңа бір-бір «Тойота Камриге» аяқ артып жатыр. Нөмірлері жеке иеліктікі. Таңғалдым. 
Кеңес дәуірінде мынадай анекдот болды. Мемлекет басына келген Хрущевке Брежнев: «қатты қиналғаныңда, аш», - деп, үш хат тапсырыпты. Бірде әбден қажыған Никита хатты ашып қараса:  «шаруашылықтағы бар жаманатты маған жаба бер», - депті. Тағы бірде қатты қиналғанда келесі хатты ашыпты. Онда: «алыс болашаққа арналған тәтті арманға толы, бағдарлама қабылда», - депті. Одан да қатты қиналғанда үшінші хатты ашыпты. Онда «өзіңнен кейінгіге осындай хат тапсыр да, орныңды босат!», - депті. 
Сондағы екінші нұсқа секілді Қаржы министрі Болат Жәмішев қазақстандықтар «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы аясында 10 миллион шаршы метрге дейін тұрғын үй салады, бәріміз қарқ боламыз деген пікірде. Орташа айлық көлемі 89 мың теңгені құраса, ол қалай қолжетімді баспана болмақ? Әлде Статистика агенттігінің бұдан гөрі тәуірлеу дерегіне сеніп жүре бергеніміз дұрыс па?..
Ескендір ЕРТАЙ

"Халық сөзі" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5354