Сәрсенбі, 1 Қазан 2025
Әдебиет 191 0 пікір 1 Қазан, 2025 сағат 14:10

Кәрағаның көркемдік көкжиегі

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан алынды.

(ақын, көсемсөзші Кәрібек Шопатовтың шығармашылығы хақында)

Қазақ халқы елдік, ерлік рухты жырлап, ұлттың арман, мақсат, мұңын азаматтық мұратына айналдырып, шығармашылығына арқау еткен, етіп жүрген сөз зергерлеріне кенде емес. Осындай қалам қайраткерлерінің сапында азаматтық үні, ұстанымымен ұлт руханиятында өзінің айшықты қолтаңбасы, стилімен дараланып жүрген ақын, көсемсөзшілердің бірі – Кәрібек Мұхаметқалиұлы Шопатов. Сөз зергерінің өлеңдері – тек қана поэзиялық әуез емес, ұлт жүрегінің дүрсілі, туған жердің тынысы, заманның сыры. Табиғат пен адам тағдырын, тарих пен болашақ арасын тоғыстырған ақын жырлары бүгінгі оқырманды да бей-жай қалдырмайды. К.Шопатов өз шығармашылығымен оқырманына рух беріп, жырымен жас ұрпаққа ізгі құндылықтарды насихаттап жүрген сөз шебері.

Мақаламыздың бас кейіпкері К.Мұхаметқалиұлы шығармашылығының көркемдік көкжиегі, қаламгерлік әлеуеті, шығармашылық лабораториясына тоқталмас бұрын, оның өмір жолы туралы мәліметке кезек берейік.

Ол 1955 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы, Еңбек ауылындағы Жидебай қыстағында дүниеге келді. Бала жастан ғылымға, білімге құштар болып өскен Кәрібек Мұхаметқалиұлы 1962 жылы Қаратоғай орта мектебінің табалдырығын аттап, оны 1972 жылы үздік нәтижемен тәмамдап шықты. Сол жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының фармацевтика факультетіне оқуға түсіп, 1977 жылы жоғары білім алып шықты. Осылайша кәсіби жолы басталып, өмірін денсаулық сақтау, дәріхана саласына арнады. Бірінші дәрежелі провизор.

Елу жылға жуық ғұмырын халық денсаулығы жолындағы еңбекке арнаған тәжірибелі маман әр жылдары Тарбағатай аудандық орталық №14 дәріханасында меңгеруші, аудандық өндірістік «Фармация» кәсіпорнында директор, 1995-2005 жылдар аралығында аудандық орталық ауруханасында дәріхана меңгерушісі, 2005-2011 жылдары «Тарбағатай аудандық муниципалдық ауруханааралық дәріхана» МҚКК директоры, 2011 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін «Тарбағатай аудандық муниципалдық дәріхана» ЖШС директоры болып қызмет атқарып, аудан тұрғындарын сапалы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде ерекше еңбек сіңірді.

Кәсіби мамандық жолындағы қажырлы еңбегінен бөлек, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Сегіз жыл аудандық сотта «Халық алқа биі» (заседатель – автор), сегіз жыл Тарбағатай аудандық орталық ауруханада кәсіподақ комитетнің төрағасы болған. Ақжар округі әкімінің жанынан құрылған қоғамдастықтың төрағасы, ауылдық «Ақсақалдар алқасының» алқа мүшесі ретінде ел ішіндегі бірлікті нығайтуға атсалысты. Еселі еңбегі бағаланып, Шығыс Қазақстан облыстық Дәріхана басқармасының, ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының, облыстық «Санитарлық үйі» мекемелерінің тарапынан «Құрмет грамоталармен» марапатталған.

К.Мұхаметқалиұлы – тек медицина саласының білікті маманы ғана емес, қаламы жүйрік ақын әрі публицист-қаламгер ретінде танылған сөз зергері. Ол тарихи, этнографиялық, танымдық көптеген зерттеу мақалалардың да туындыгері. «Тарихқа толы Тарбағатай» кітабының төртінші томында көлемді мақалалары жарық көріп, аудандық, облыстық басылымдарда өлеңдері мен мақалалары жиі жарияланып тұрады. 2021 жылы ақынның «Уақыт иірімдері» атты кітабы оқырманға жол тартты.

Қаламгерлік жолындағы табыстары да аз емес. Түрлі жыр мүшәйраларында топ жарып, жүлделі орындардан көрінді. Сайболат бабаға арналған мүшәйрада, Мұхтар Мағауиннің 80 жылдығына арналған республикалық байқауда жүлделі орындарды, сондай-ақ “Өтірік өлең” сайысында бас жүлде иегері атанып, өзінің шығармашылық қарымын, әлеуетін кеңінен таныта білді.

Ақын С.Жұматов басқаратын «Жұматов жыр жәрмеңкесі» атты халықаралық әдеби-шығармашылық тобының, «Барқытбелде жыр-жебе» бірлестігінің, А.Пушкин кітапханасы жанынан құрылған «Төр Алтай әдеби әлемі» клубының мүшесі ретінде әдеби ортада да өзіндік орны мен қолтаңбасы бар тұлға. Әлем халықтары жазушылар одағының мүшесі. Өмірлік серігі Гүлнар апай екеуі үш бала тәрбиелеп, бүгінде он бір немере, бір жиен-шөбере сүйіп отырған асыл ата-әже. Ұрпақтары әр салада абыройлы еңбек етіп, елінің, әулетінің мерейін асырып жүр. Халықтың денсаулығын нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау жолында қалтқысыз қызмет етіп қана қоймай, шығармашылықта да өзіндік қолтаңбасын айшықтаған К.Мұхаметқалиұлы – еліне еңбегін сіңіріп жүрген абзал азамат.

Елінің рухани, денсаулық сақтау, қоғамдық игілігі жолына саналы ғұмырын арнаған, арнап келе жатқан сөз зергері К.Шопатовтың шығармашылығы, поэзиясы, танымдық, әдеби, тарихи мәні зор тағылымды мақалалары, зерттеулері – жүректен шыққан азаматтық үн, туған жер мен туған елге деген шексіз махаббаттың айғағы. Өлең сөз шеберінің жырларында ұлттың арман-аңсары, табиғаттың тылсым сыры, уақыттың ащы шындығы қатар өріліп жатады. Ақын үшін өлең – тек әдемі сөздердің тізбекті ұйқасы  емес, ол – ұлт намысының айнасы, ел болашағына айтылған аманат.

К.Шопатовтың шығармашылығы – бір жағынан сыршыл поэзия болса, екінші жағынан өткір, тағыдлымдық, танымдық мәні бар публицистика. Ақын үшін жыр – жеке көңілдің, жан-дүниенің сыры ғана емес, қоғам алдындағы азаматтық парыздың үні. Мәселен, «Өзіммен сырласу» атты автобиографиялық өлеңінде:

Жер жаһанның пендесімін,

Жаратқан жанның жүрегімін,

кеудесімін.

Еркелеп еркін өскен Алтай тауда,

Бір шалдың сүт кенжесімін...

 

...Ашық еді, айшықты еді әрбір таңым,

Ешкімнің әз көңілін қалдырмадым.

Мұздай болған мұңымды ерітіп өлең,

Жанымды жадыратты жаңбыр дарын.

 

Жаралған жәудіреген жырдан жаным,

Ешкімнің ештеңесін қызғанбадым.

Өрілген өлеңімді түсінетін,

Бар болса жетіп жатыр тыңдарманым. – деп, өзіне риторикалық сауал қоя отырып, адамдық, азаматтық, ақындық миссиясын өлең жолдарына өрнектейді. Бұл ақынның лирикалық «мені», ішкі толғанысы ғана емес, әр қазаққа, әрбір оқырманына дидатикалық, аксиологиялық, онтологиялық мәні терең ой тастайды. Өлең сөз шеберінің азаматтық үні «Ақтаңдақ» атты өлеңінде ерекше айшықталады. Қазақ халқының дүниетанымындағы киелі жануар саналатын ақбөкеннің қырғынына алаңдаған ақын халықтың ар-ұжданын оятуға шақырады:

Киігін неге атасың қазағымның,

Арқалап тіршіліктің аза-мұңын.

Жүктедің қалай ғана мойыныңа,

Ойламай ар-ожданның тазалығын.

 

Даламның неге атасың құралайын?

Сұлуына сұқтанбай жүр ағайын!

Сұмдықты естігенде у ішкендей,

Ауыр тартып барады тұла бойым...

 

...Кие қонған домбыра мен киік егіз,

Тыңдасақ дала жырын сүйінеміз.

Бебеу қаққан ішектегі аза күйге,

Қосылып шыдай алмай күйінеміз... Бұл – экология мәселесіне арналған жыр ғана емес, оқырманын ұлттың рухани коды болған кие, обал-сауап, адамгершілік ұғымдарына шақыру, үндеу, аталған құндылықтардың  жауапкершілігін қаншалықты сезіне алатынымызды түсінуге, өзімізді ар-ұжданымыздың тезіне  сала отырып қалай және қаншалықты жауп бере алуға жетелейтін сауал. Табиғатты қорғау – елді қорғау, болашақты қорғау деген ойды ақын көркем әрі өткір тілмен жеткізеді.

Сөз шебері К.Шопатовтың тағы бір қыры – халық жадын сақтаушы, нсихаттаушы ақындық миссиясы. «Қара шаңырақ – Шешек бұлақ аңызы» атты өлеңі тарихи тақырыпты арқау еткен мифопэтикалық туынды. Он алты шумақтан тұрса да сюжетті поэманың жүгін арқалаған тарихи маңызы жоғары шығарма. Сақ, ғұн, түркі бабаларымыздың өрлік, ерлік рухы, олар мекендеген сайын даланың этнонимдік (ел, халық атауларына байланысты атаулар), антропонимдік (кісі атаулары), ойконимдік (ауыл, кент, қала), ономастикалық (кісі, халық, ел, жер-су, жануарлар, аспан денелері атаулары), топонимдік (географиялық жер атаулары), гидронимдік (су нысандарының атауы), оронимдік (тау, қырат, шоқы атаулары)  атаулары, Алтай,  Кеңгір-Тұра, Шешек ойығы, Шешекбұлақ, Желдіөзек тәрізді жер-су атаулары туралы құнды мәліметтер берілген. Өткен тарих пен бүгінгі ұрпақ арасын жалғаған рухани көпір жатыр. Өлең сөз иесінің жырларында табиғат пен адамның тағдыры бір арнаға тоғысады. «Дауылды жаңбыр» өлеңінде аспан мен жердің «айқасын», табиғаттың «күшін» паралелль түрде суреттей отырып, адамның жан-дүниесіндегі арпалысты да жеткізеді. Ал «Зауза айы туғанда» көктемнің қайта түлеген сәтін бейнелей келе, жаңа өмірге деген үміт пен сенімді насихаттайды. Табиғат пен адам арасындағы осындай сабақтастық ақын шығармашылығын айрықша құнды етеді. «Көңіл перне» өлеңі – адамның жан дүниесі мен көңіл күйінің құбылмалы болмысын бейнелейтін лирикалық туынды. Ақын көңілді сағымға, көктем мен күзге, жүрек пен жырға теңей отырып, өмірдің өткіншілігі мен тағдырдың сынақтарын суреттейді. Сонымен қатар сейсана (бейсана емес) концептісін өлеңге астармен өріп, туындыға философиялық, психологиялық мән, реңк үстейді. Өлеңнің өзегінде ізгілік пен махаббаттың мәңгілік құндылық екендігі айқындалып, лирикалық кейіпкердің философиялық толғаныстары көрініс тапқан. Шығарманың негізгі сарыны – көңілдің нәзік пернесін шерту арқылы адам болмысының рухани тереңдігін ашу. Ақын шығармаларының түп қазығы – елдік пен ерлік идеясы. Ақын өлеңдері туған жердің әр тасы мен бұлағына деген іңкәрлікке, халықтың болашағына деген сенімге толы. Ол үшін поэзия – елдік рухты сақтап қалудың, ұлттық құндылықты ұрпаққа жеткізудің ең асыл құралы.

Сөз зергері К.Шопатов туған халқының болмыс, дүниетанымын жүрегінен өткізіп, елдік рухты өлеңге айналдырған ақын. Ақын поэзиясында жеке тағдырдың ғана емес, тұтас халықтың тағдырының шежіресі көрініс табады. Табиғат пен адамның, тарих пен болашақтың, аңыз бен ақиқаттың тоғысқан тұсында ақын үні айқын естіледі. Оның жырларында туған жерге адалдық, табиғатқа қамқорлық, ұлтқа жауапкершілік идеясы өріліп жатады. Бұл қасиеттер ақын шығармашылығын биікке көтеріп, уақыт өткен сайын құнын арттыра түседі. К.Мұхаметқалиұлының шығармашылығы – бүгінгі ұрпаққа ғана емес, келер заманға да арналған рухани тәрбие құралы.

Ақын, көсемсөзші Кәрібек Мұхаметқалиұлы Шопатовты жетпіс жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, сөз зергерінің шығармашылығы қазақ руханияты, әдебиеті, тарихы, мәдениеті, дүниетанымының көкжиегін кеңейтетін құндылық құбылысы деп тұжырымдаймыз.

Дәурен Бақдәулетұлы,

әдебиет зерттеуші, Журналистер одағының мүшесі

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Заң және Тәртіп:

Профилактика бытового насилия

Алмаз Ещанов 280
Қауіп еткеннен айтамын

Жау жоқ деме – жар астында...

Қуат Қайранбаев 370
Әдебиет

Кәрағаның көркемдік көкжиегі

Дәурен Бақдәулетұлы 191