Мыс емес, мыстан жасалған кабель сатайық
Енді біз тауардың құнын арттыруды ойлауымыз керек. Қай сала әлсіз болып тұр, солардан құтылуымыз керек.
Мәселен, мыс емес, мыстан жасалған кабель сатайық. Ол қымбаттау болады. Мыс құймасын арзанға сатқанда да, дайын кабельді сатқанда да жеткізуге сондай ақша кетсе, демек қымбаттауын сату керек қой?
Шикізатты сол күйінде емес, оны өңдеп, қымбаттау бағаға сатуымыз керек. Бұны арнайы бағдарлама аясында істеуіміз керек. Әйтпесе жеткізуге бүкіл ақшамызды жұмсап, отыра береміз.
Қазба байлықты жерден алып шығып, сата беруге көп ақыл керек жоқ. Ол байлық және қалпына келмейді. Біз бір тонна мұнай немесе бір тонна мыс шығарсақ, сол мөлшерде кедейлендік деген сөз.
Шынында біз оны балаларымыз бен немерелерімізден алып жатырмыз. Сондықтан, шикізатты экспорттау арқылы пайда табатын жолды таппайынша, бүкіл экспортты жауып тастау керек.
Қазақстанның сыртқа шығаратын негізгі өнімі – шикізат. Біз осы уақытқа дейін оны негізінен Ресей арқылы шығарып келдік. Ресейдің темір жолдары, Ресейдің порттары, Ресей арқылы өтетін құбырлар – енді осының бәрі сенімді болмай қалайын деп тұр.
Мен бұрын да айтқан бір сөзім бар. Бір ел өзінің валютасын ойлап шығарса, ол ә дегенде жай ғана қағаз болады. Елдің ішінде сауда жасауға жарайды, сыртқа шықса, түкке татымай қалады.
Егер сол елдің басқа елдерге ұсынатын құнды заты болса, сол кезде ғана төл валютасы құнды бола бастайды. Біз экспортқа бірнәрсе шығарсақ, кейін сол ақшаға сырттан бірнәрсе ала аламыз деген сөз.
Мұхтар Жәкішев
Abai.kz