Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 3461 0 пікір 11 Мамыр, 2022 сағат 14:07

«Қазақстан – Түркиядан ешқашан зиян көрген жоқ»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 10 мамырда Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның шақыруымен Түркия Республикасына мемлекеттік іссапарға кетті. Президент Тоқаевты Түркияның вице-президенті Фуат Октай, Анкара губернаторы Васип Шахин және басқа да бірқатар ресми тұлғалар күтіп алған.

Ресми делегациялардың қатысуымен екі елдің президенті арасында келіссөздер жүргізілді. Екі жақ Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық серіктестікті одан ары дамытудың перспективаларын жан-жақты талқылап, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ерекше көңіл бөлді.

Сондай-ақ, мемлекеттер басшылары ғаламдық және аймақтық өзекті мәселелерді қарастырып, халықаралық құрылымдардағы өзара ынтымақтастықты талқылады.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркия – Қазақстанның Еуразия құрлығындағы ең маңызды әрі сенімді серіктестерінің бірі, досы һәм бауырласы» екенін атап өтті.

«Түркия – Қазақстанның негізгі 5 сауда серіктесінің бірі. Алыс-берісіміз жылдан жылға артып келеді. Мысалы, 2021 жылы 5 миллиард долларға жеткен. Осы қарқынды азайтпай, сауда-саттықты 10 миллиард долларға жеткізуіміз керек.

Бұдан бөлек, Түркия Қазақстанның ең ірі 10 инвесторының қатарында. Экономикамызға 4 миллиард доллардан астам инвестиция құйды. Қазақстанның Түркияға салған капиталы – 1 миллиард доллардан астам. Соңғы екі жылда Қазақстанда 16 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Қазір 10 жаңа жоба пысықталып жатыр. Қазақстанда жасыл экономика, IT-технология, ғарыш, өндіріс сияқты салалар толық игерілмеген. Сіздерді осы салаларда бірлесе жұмыс істеуге шақырамын. Біз түрік инвесторларының барлық бастамасын қолдауға және оларға қолайлы жағдай жасауға дайынбыз.

Мен Түркияның ірі инвесторларымен кездесетін болдым. Онда инвестициялық ынтымақтастықты дамытудың жолдарын талқылаймыз. Кездесудің қорытындысы бойынша бірқатар коммерциялық келісім-шарттарға қол қойылады. Олардың жалпы сомасы 1 миллиард доллар болмақ», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Түркия – біздің тәуелсіздігімізді алғашқы болып мойындаған ел. Оны қазақ халқы ешқашан ұмытпайды. Қазақстан –Түркиядан ешқашан да, ешқандай да зиян шекпеген ел. Әлі де солай жалғасып келеді. Қазақстан мен Түркия – тамырлас, бауырлас, достас мемлекеттер. Біздің шетелдегі алғашқы елшілігіміз Анкарада ашылған. Мұның символдық мәні зор. Қазақстан мен Түркия арасында дипломатиялық қатынас орнағанына биыл 30 жыл толды. Осы кезеңде біздің ынтымақтастығымыз нығайып, стратегиялық серіктестікке айналды. Ауқымды шарттық-құқықтық негіз қалыптасты. Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыс, жаһандық және өңірлік құрылымдар аясындағы ықпалдастық ойдағыдай дамып келе жатыр», – деді президент Тоқаев

Өз кезегінде Түркия Президенті екі ел арасындағы қарым-қатынасты одан әрі дамытуға мүдделі екенін, Қазақстанның жүргізіп отырған реформаларын қолдайтынын айтты.

«Біз әріптестігімізді кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейіне көтердік. Түркия мен Қазақстан – ортақ тарих, тіл, дін және мәдени құндылықтардан қуат алған әрі мықты байланыс орнатқан бауырлас мемлекеттер. Біз Түркия елі Қазақстанның тұрақтылығы мен тыныштығына ерекше көңіл бөлеміз.  Сіздің Жаңа Қазақстанды құру жолындағы күш-жігеріңіз бен табандылығыңызды құрметтеймін. Осы бағыттағы ауқымды реформаларыңызды қолдаймын», – деді Режеп Тайып Ердоған.

«Қазақ бауырларымыздың тұрақтылығы мен тыныштығына аса мүдделі екенімізді және сауда-экономикалық, мәдениет, қауіпсіздік салаларында бірге болатынымызды айтқым келеді. Біз екіжақты және көпжақты қатынастарымызды нығайта береміз деп келістік. БҰҰ, Ислам ынтымақтастық ұйымдарындағы бірлігімізді арттырамыз. Атамекенімізден келіп отырған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мырза мен оның құрметті делегациясының келгеніне аса қуаныштымыз», – деді Режеп Тайып Ердоған.

Екі жақты жиынның нәтижесінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойды.

Кездесу барысында өңдеу және қайта өңдеу өнеркәсібі, құрылыс саласындағы  және агроөнеркәсіп кешеніндегі бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, көлік-транзиттік серіктестікті нығайту, Транскаспий халықаралық көлік бағдарының әлеуетін толық пайдалану мәселелері кеңінен талқыланды. Цифрландыру және озық технологиялар, туризм және білім беру салаларындағы өзара ықпалдастыққа назар аударылды. Сондай-ақ, Түркия тарапына іргелі техникалық университеттерінің филиалдарын Қазақстанда ашу туралы ұсыныс айтылды.

Қазақстан мен Түркия мемлекеттері арасында жаңа 14 құжатқа қол қойылды. Атап айтсақ:

  1. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Түркия Республикасының Президенті жанындағы мемлекеттік архивтер басқармасы арасындағы ынтымақтастық туралы хаттама.
  2. Қазақстан республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Түркия Республикасы Президентінің аппараты жанындағы коммуникация басқармасы арасындағы БАҚ саласы бойынша ынтымақтастық туралы меморандум.
  3. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы халықаралық құрамдастырылған жүк тасымалдары туралы келісім.
  4. Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы көрсетілетін қызметтер саудасы туралы келісімге Техникалық тапсырма.
  5. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы ақпарат алмасу ісін ұйымдастыру және кедендік бақылау рәсімдерін оңайлату туралы келісім.
  6. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мен Түркия Республикасы Ауыл және орман шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы бас басқармасы арасындағы орман шаруашылығы саласы бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандум.
  7. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласы бойынша ынтымақтастық туралы келісім.
  8. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Түркия Республикасы Индустрия және технология министрлігі арасындағы ақпараттық технологиялар салалары бойынша ынтымақтастық туралы меморандум.
  9. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы әскери барлау саласы бойынша ынтымақтастық туралы хаттама.
  10. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы әскери архивтер, әскери тарих, музейтану және әскери жарияланымдар салалары бойынша ынтымақтастық туралы хаттама.
  11. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы білім беру саласы бойынша ынтымақтастық туралы келісім.
  12. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігі арасындағы кинематография саласы бойынша  өзара түсіністік туралы меморандум.
  13. Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Түркия Республикасы Жастар және спорт министрлігі арасындағы жастар саясаты саласы бойынша өзара түсіністік туралы меморандум.
  14. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Түркия Республикасы Қоршаған орта, урбанизация және климаттың өзгеруі министрлігі арасындағы қоршаған ортаны қорғау саласы бойынша ынтымақтастық туралы өзара түсіністік меморандумы.

Дайындаған Айжан Темірхан

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383