Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Аймақ 4387 3 пікір 11 Мамыр, 2022 сағат 14:27

Қостанай «Жаңа Қазақстанды» түсінде ғана көрер...

Біз кейде орыстар жайлы тым артық кетіп қаламыз. Олардан да үлгі алатын жерлері бар. Мәселен, Қостанай облысында билікке алақан жайып, олардың жетістіктерін жатпай-тұрмай мақтайтын он шақты жергілікті газет бар. Оларға жыл сайын жарты миллиард теңгеден астам қаржы бөлінеді.

Халықтікі ғой, несін аясын?.. Алайда бұлардың ешқайсысы да осы елдің көкейінде жүрген ең бір өзекті деген мәселелерді, толғауы жеткен проблемаларды өлсе көтермейді. Өйткені ол билікке жақпай қалуы мүмкін. Ал мұндай қаны сорғалаған дүниелерді мемлекеттен көк тиын алмайтын «Наша газета» деген апталық басады. Әрине, бұл үшін жемеген таяғы да жоқ. Билік бизнесмендерге қысым көрсетіп, жарнама бергізбей шөміштен қысады. Одан айылын жинап жатқан ол да жоқ. Бір ғажабы, осы газетті Миролюбов деген шағын бизнесмен көк тиын пайда таппаса да, жалғыз өзі шығарады. Ал енді осындай батырлыққа, ең бастысы қып-қызыл шығынға Қостанайдың сасыған байының бірде-бірі бармайды. Мен бірде осы мәселені көтергенде, бәрі бірден басын алып қашқан. «Қостанайлық патриотизм» деген осы болар...

Айтпақшы, мына шап-шағын көршіміз Көкшетауда қазақ тілінде тәуелсіз «Бұқпа!» газеті шығып тұр. Ал біздің жергілікті газеттер «Архимедті мақтауда қайсымыз алдымен көзге түсеміз» деген жарыстан қолдары босамай жүр. Сірә, Қостанай «Жаңа Қазақстанды» түсінде ғана көрер. Оянып кетіп жүрмесе.

Жайберген Болатов

Abai.kz

3 пікір