Сәрсенбі, 12 Тамыз 2026
Ақмылтық 467 0 пікір 12 Тамыз, 2026 сағат 13:17

Қоғамға бірен-саран бай емес, миллиондаған сауатты азаматтар керек!

Суреттер: qamshy.kz, facebook.com, el.kz сайттарынан алынды.

Абайды Абай еткен негізгі күш - Құнанбайдың малы емес, оның табиғатынан бөлек жаратылған ақыл қуаты, білімге деген тойымсыз құмарлығы мен үздіксіз ізденісі еді!

Әрине, Құнанбайдың дәулеті Абайдың алдынан белгілі бір есіктерді ашты, жақсы ортаға араласуына, білім іздеуіне, тұрмыс тауқыметінен біршама еркін болуына жағдай жасады. Бірақ мүмкіндік пен қабілет бір нәрсе емес. Ақша кітап сатып әпере алады, алайда сол кітаптың терең мағынасын түсінетін ақылды сатып ала алмайды. Ақша адамға бос уақыт бере алады, бірақ сол уақытты ойын сауыққа емес, ғылым мен философияға жұмсауға мәжбүр ететін танымдық құмарлық бере алмайды. Сондықтан Құнанбайдың дәулетін Абайдың ұлылығының себебі емес, оның қабілетінің ашылуына көмектескен сыртқы жағдайлардың бірі деп қараған дұрысырақ.

Абайдың шын феномені оның қандай кітаптарға қол жеткізгенінде ғана емес, сол кітаптарды түсініп оқи алғанында жатыр. ХІХ ғасырдың қазақ даласында туған, бүгінгідей интернеті, іздеу жүйесі, ютубтағы видео лекциялар, электронды энциклопедиясы жоқ адамның Дрэпер мен Бокль секілді ауыр авторларға бойлауының өзі таңғаларлық құбылыс. Дрэпердің Еуропаның ақыл ойының даму тарихы деген еңбегінде ежелгі грек философиясынан бастап христиандықтың қалыптасуы, ислам өркениеті, араб ғылымы, Коперник пен Галилей, геология мен адамзат ойының эволюциясына дейінгі аса күрделі мәселелер қамтылады. Мұндай кітапты қазіргі жоғары білімі бар қайсымыз оқып, түсіне алып жатырмыз?  Соларды оқыған, оқыса түсініп, талдап бере алатын қазақ көп пе қазір?  Ал Абай осы еңбектерді орыс тіліндегі аудармалар арқылы оқып, түсінбеген ұғымдарын білімді адамдармен талқылап отырған. Бұл жай ғана кітап оқуға жағдайы болған ауқатты адамның әрекеті емес, білімге деген асқан құмарлықтың белгісі.

Абайдың Александр Леонтьевтен индукция мен дедукцияның айырмасын сұрауы да осы тұрғыдан ерекше мәнді. Бұл екі ұғым жай жаттап алатын термин емес, ғылыми ойлаудың екі іргелі тәсілі. Индукция жеке деректерді, бақылауларды жинап, солардан жалпы заңдылыққа қарай көтерілуді білдірсе, дедукция жалпы қағидадан нақты қорытынды шығаруға негізделеді. Яғни Абай оқыған авторлардың не айтқанын ғана емес, олардың ойды қалай құрғанын түсінуге тырысқан. Бұл жерде адамның тек есте сақтау қабілеті емес, абстрактілі ойлауы, логикалық құрылымды ажыратуы, түрлі идеяларды өзара байланыстыра білуі қажет. Осындай қасиеттер Абайдың интеллектуалдық табиғатының қатардағы адамнан өзгеше болғанын аңғартады.

Бокльдің еңбектері де жеңіл оқылатын кітаптар қатарына жатпайды. Ол тарихты патшалар мен соғыстардың тізбегі ретінде емес, қоғамның дамуына әсер ететін климат, экономика, білім, дәстүр, ғылым, еркін ой секілді көптеген фактордың өзара байланысы ретінде қарастырады. Бір халық неге дамиды, екіншісі неге тоқырайды, білім мен қоғамдық орта адамның мінезіне қалай ықпал етеді деген үлкен сұрақтарға жауап іздейді. Мұндай дүниелерді түсіну үшін оқырман тарихты ғана емес, философияны, қоғамтануды, логиканы да қоса меңгеруі керек. Абайдың осындай әдебиетті таңдап оқуының өзі оның сана көкжиегінің қандай кең болғанын көрсетеді. Сондықтан мәселені тек Құнанбайдың малына тіреп қою Абайдың осы ішкі интеллектуалдық еңбегін тым қарабайыр түсіндіру болып шығады.

Тарихта мұндай адамдарды кейде феномен деп атаймыз. Олар өзгелер көріп жүрген дүниеден басқа нәрсе көреді, өзгелер оқып шыққан кітаптан өзге қорытынды шығарады, көпшіліктің басына келмейтін сұрақтарды ерте қоя бастайды. Илон Масктың да жасөспірім кезінен өмірдің мәні туралы ойланып, Шопенгауэр мен Ницше секілді ауыр философтарды оқуы, программалауды ерте меңгеріп, он екі жасында компьютерлік ойын жазуы осындай ерекше танымдық бейімділіктің бір мысалы. Миллиондаған баланың үйінде кітап та, компьютер де бар, бірақ олардың бәрі он екі жасында программа жазып сатпайды немесе жасөспірім шағында өмірдің мәнін философиядан іздемейді. Демек, мүмкіндік пен адамның ішкі қуатын тағы да ажырата білуіміз керек. Сыртқы жағдай есік ашады, бірақ сол есіктің ар жағында қанша жер жүретініңді адамның өз табиғаты, ынтасы мен еңбегі анықтайды.

Сондықтан Абайды тек байлықтың жемісі деп түсіндірудің қисыны әлсіз. Егер байлықтың өзі данышпандық тудыратын болса, Құнанбайдың өзге балаларының арасынан да бірнеше Абай шығуы керек еді. Одан да бай әулеттердің бәрінен ғалым, философ, ақын, реформаторлар үздіксіз туып отырар еді. Бірақ тарих бізге бұлай емес екенін көрсетеді. Ұлы тұлғалар байдың үйінен де, орташа отбасынан да, кедейдің шаңырағынан да шығады. Байлық олардың жолын жеңілдетуі мүмкін, бірақ табиғи интеллектуалдық әлеуетті, табандылықты, шығармашылық қуатты және білімге деген құмарлықты өздігінен тудыра алмайды.

Осы жерде мәселені одан да кеңірек қарастырған жөн. Ұлттың мақсаты бірнеше дәулетті адамды көбейтіп, солардың балаларынан жаңа Абайлар шығаруды күту болмауы керек. Мұндай қоғамда таланттың тағдыры туған отбасының қалтасына тәуелді болып қалады. Байдың баласы жақсы мектепке барып, жақсы кітапқа, жақсы ұстазға қол жеткізеді де, дәл сондай қабілетті кедейдің баласы өмір бойы күнкөрістің қамымен жоғалып кетуі мүмкін. Бұл ұлт үшін орасан шығын. Сондықтан әділетті қоғамның міндеті таланттың кімнің үйінде туғанына қарамай, оның алдынан мүмкіндік ашу болуы керек.

Еуропаның дамуын да тек байлардың көбеюімен түсіндіруге болмайды. Оның үлкен тарихи жетістіктерінің бірі білімді біртіндеп ақсүйектер мен дәулетті адамдардың жеке артықшылығынан шығарып, кең халыққа тарата алуында жатыр. Мектептер көбейді, университеттер дамыды, кітапханалар ашылды, ғылым жеке ғұламалардың ермегі емес, қоғамдық институтқа айналды. Қарапайым адамның баласына да оқу мен мамандық игерудің жолы ашыла бастады. Соның нәтижесінде қоғам бірен саран данышпанға емес, миллиондаған сауатты азаматқа сүйенетін деңгейге көтерілді. Өркениеттің беріктігі де осында, өйткені бір адам өледі, бір бай кедейленеді, бір әулет жоғалады, ал жақсы құрылған институт ұрпақтан ұрпаққа қызмет етеді.

Мен байлықты жаман құбылыс деп есептемеймін. Адал еңбекпен келген дәулет кәсіп ашуға, жұмыс орындарын құруға, ғылымды қаржыландыруға, мәдениет пен білімді қолдауға қызмет етсе, оның қоғамға пайдасы зор. Бірақ бір халықтың келешегін бірнеше бай адамның адамгершілігі мен қайырымдылығына байлап қоюға болмайды. Бүгін бір бай мектеп салады, ертең оның баласы сол мектепті сауда орталығына айналдыруы мүмкін. Азаматтың білім алу құқығы біреудің көңіл күйіне немесе жомарттығына тәуелді болмауы тиіс. Нағыз азаматтық қоғам дегеніміз адамның өмірлік мүмкіндігін жеке байлық емес, әділетті заң, сапалы білім, ашық бәсеке және жұмыс істейтін қоғамдық институттар қамтамасыз ететін орта.

Сондықтан менің арманым Қазақстанда мыңдаған Құнанбайдың пайда болуы ғана емес. Қазақтың байы да көбейсін, кәсіпкері де көбейсін, бірақ одан бұрын білімді, ойлайтын, жауапкершілігі бар азамат көбейсін. Қарапайым қойшының баласы мен миллиардердің баласы бірдей қабілетті болса, екеуінің де ғылымға, жақсы мектепке, университетке жету жолы ашық болсын. Сонда біз кедейдің үйінде туған Абайды жоғалтпаймыз, шалғай ауылда туған Фарадейді қара жұмысқа көміп қоймаймыз, өзгеше ойлайтын баланың талабын жоқшылық тұншықтырмайды. Данышпандарды қолдан жасай алмаймыз, өйткені олар сирек туатын табиғи құбылыс. Бірақ қоғам сол сирек туған дарынды танып, оның жолын ашатын жүйе жасай алады.

Сондықтан мен үшін мәселенің түйіні өте қарапайым. Құнанбайдың малы Абайға мүмкіндік берген шығар, бірақ сол мүмкіндікті ұлылыққа айналдырған Абайдың өзі. Ақша кітапқа жеткізді, ал кітаптың ішіндегі ойға жеткен Абайдың ақылы болды. Байлық сыртқы жағдай жасады, ал Дрэпер мен Бокльдің күрделі дүниесін қорытып, оны қазақтың рухани әлемімен сабақтастырған Абайдың интеллектуалдық қуаты еді. Сондықтан біз «Құнанбайлар көбейсе, Абайлар көбейеді» дегеннен гөрі, «әр қазақ баласының алдынан Абайдың алдынан ашылғандай мүмкіндік ашылсын» деген мұратты жоғары қоюымыз керек. Өйткені ұлтты бірен саран бай көтермейді, ұлтты білімді, еркін ойлайтын, қабілеті тұншықпайтын халық көтереді.

Ахметбек Нұрсила

Abai.kz

0 пікір