Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 3179 5 пікір 11 Мамыр, 2022 сағат 15:12

Тарихқа жазылмаған қанды қасап

Әттең, қанды қасаптың қылышына туралып, қыршын кетті шетінен. Бір эшалон адамнан бір адам тірі шыққан жоқ.

- Тарихшымын дедің ғой, тыңда. Тарихқа жазылмаған да "тарих" бар. 194.. жылдың қарашасы еді. Ит жығыс түсіп жатқан кезіміз. Орысша-қазақша сауатым бар, адъюдант едім. Бір күні казармаға шақыртты. "Бар, сенің қазақтарың келді. Шетінен тіл білмейтін мақаулар. Аудармашы керек", - кекете күлді шенділер.

Бұл келген Торғай мен Ырғыздың қазақтары екен. Үстерінде жалбағай тон, аяқтарында жіппен шандыған байпақ, басына түлкі тымақ киіп, тонның сыртынан белбеу буа салған. Өңкей 18-19 жастағы өндірдей жастар. Көбінің сауаты шамалы, адрес толтыра алмайды. Анығы қайда келгендерін білмейді. Әскери даярлықтан өтіп те жарытпапты. Түнімейін олардың жазған хаттарын толтырдым. Мыңға тарта адам, үлгере алмай "ертең келем" деп рұхсат сұрап кеттім. Келесі күні келсем, бәрін "маңызды тапсырмаға дайындауға әкетті", - деп күледі лейтенанттар.

Әлі керзі етік киіп үлгермеген ауыл балаларына қандай маңызды әскери тапсырма жүктелуі мүмкін? Оны қарғыс атқан сол түні білдім.

"Бүгін фашистердің ұясын анықтайтын боламыз", - деді командирім. Арнайы мамандар картаға түсіріп отырады. Бәрі анықталған кейін ауыр артелерия шабуылға шығады. Біздің міндет қорқақтар пайда бола қалса, соларды "сабасына түсіру".

Қою қараңғылық орнады. Орман шетінде тұрмыз. Алдымыз ашық алаңқай. Сол маңда жаудың күші орналасқан деген ақпар бар. Бірақ тап қай нүктеде екенін білмегендіктен бір аптадан бері аңдысып жатқанбыз.

Кенет, шабуыл белгісі берілді де, орман ішінен тағы бір орман бөлініп шыққандай жөңкіле жөнелді. Құлағыма "алға", "аруақ" деген таныс дауыстар естілді. Фашистер де соны күтіп жатқандай жан-жақтан прожекторларымен осқылап, оқ жаудыра жөнелді. Сары тоны далпылдап, түлкі тымағы жалпылдаған мыңдаған "қызыл әскер" баудай түссе де тоқтайтын түрі жоқ, жауған оққа тайсалмай салып барады. Бір қызығы біздің жақтан мылтық дауысы шықпайды. Тек айқай мен ұран.

"Жарайсың, қазақтарым" деп командирім жатыр айызы қанып. Бір сағаттан кейін "атыс" тоқтады. Жау дзоты орналасқан нүкте "сәтті анықталып", көп өтпей біздікілер атқылады. Бекініс алынды! Сөйтсе, жаудың негізгі күшін анықтау үшін әкелінген бұл жігіттер...

Келесі күні майдан болған жерге бардым. Мыңға тарта жігіт қолында таяқ, қырылып қалыпты. Алды жау шебіне тақап барып жүз қадам жетпей шаһид бопты. Біреуі тірі қалмапты. Қаудырлаған тонын кебін қылып, бір күн бойы көмдік", - деп сөзін аяқтады ардагер...

Абылай Мауданов

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1471
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5419