Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3481 0 пікір 23 Шілде, 2009 сағат 16:33

Шалқар Естен. «Астаналық» Альберто Контадор мен Лэнс Армстронг алдыңғы лекте келеді

Әлем жұртшылығының назарын өзіне аудартқан ең мәртебелі веложарыс - «Тур де Франс» көпкүндігі үш аптадан бері жалғасып келеді. Бейсенбіге дейін бұл дүбірлі доданың 17 кезеңі артта қалды. Велошабандоздар енді бар-жоғы 4 кезеңде сынға түспек. Ел үмітін арқалаған «Астана» діттеген мақсатына күн өткен сайын жақындай түсуде. Көш бастап, сары жейдені үстінен тастамай келе жатқан астаналық испан жігіті Альберто Контадор жалпы есепте топ жаруға мықтап бел буды. Өткен аптада ғана біраз мамандар Контадор даңқты әріптесі Армстронгтің жолында құрбандық болуы мүмкін дегенді алға тартып еді. Осыған ерегескендей, тау жолындағы бәсекеде Контадор жасындай жарқырап, жеңіс жолында ешкімге есесін жібермейтінін дәлелдеп берді.

Әлем жұртшылығының назарын өзіне аудартқан ең мәртебелі веложарыс - «Тур де Франс» көпкүндігі үш аптадан бері жалғасып келеді. Бейсенбіге дейін бұл дүбірлі доданың 17 кезеңі артта қалды. Велошабандоздар енді бар-жоғы 4 кезеңде сынға түспек. Ел үмітін арқалаған «Астана» діттеген мақсатына күн өткен сайын жақындай түсуде. Көш бастап, сары жейдені үстінен тастамай келе жатқан астаналық испан жігіті Альберто Контадор жалпы есепте топ жаруға мықтап бел буды. Өткен аптада ғана біраз мамандар Контадор даңқты әріптесі Армстронгтің жолында құрбандық болуы мүмкін дегенді алға тартып еді. Осыған ерегескендей, тау жолындағы бәсекеде Контадор жасындай жарқырап, жеңіс жолында ешкімге есесін жібермейтінін дәлелдеп берді.

Жарыстың 12- кезеңінде «Saxo Bank» командасының өкілі даниялық Ники Соренсен 211,5 шақырымды 4 сағат, 52 минут, 24 секундтың ішінде жүріп өтіп, жеңімпаз атанды.  Одан 48 секундқа қалып қойған Лоран Лефевр (Франция, BBox Bouygues Telecom) мәреге екінші болып жетсе, Франко Пелицотти (Италия, Liquigas) үздік үштікті қорытындылады. Бұл күнгі жарыста жалпы есептегі жағдай көп өзгере қойған жоқ. Италиялық Ринальдо Ночентини (AG2R La Mondiale) сары жейдені өзінде сақтап қалса, астаналық Контадор мен Армстронг те одан алысқа ұзай қойған жоқ. Өкінішке қарай осы кезең барысында «Астананың» тағы бір белді мүшесі америкалық Леви Лайфаймер жарақаттанып, жарыстан шығып қалды.

Жұма және сенбі күндері жалғасын тапқан көпкүндіктің 13 - 14 - кезеңдерінде де жалпы есептегі үздіктердің өзара ара салмағы сақталды. 13- кезеңде Виттел мен Колмар елді-мекендерінің арасын қосқан 200 шақырымды «Cervélo TestTeam» ұжымының велошабандозы неміс Хайнрих Хаусслер бірінші болып артқа тастады. Осы жарыс кезеңінде көңіл жабырқатар оқиғалар тіркелді. Испаниялық Оскар Фрейре («Rabobank») мен жаңазеландиялық Джулиан Динге («Garmin-Slipstream») еріккен бұзақылар пневматикалық мылтықпен оқ атқан. Бірі аяғынан, бірі бөксе тұсынан аздап жарақат алған қос спортшыға да дәрігерлік көмек көрсетілген. Бір тәуірі екеуі де сол күнгі жарысты ары қарай жалғастыра алды. Бұл бұзақылыққа қатысты жергілікті тәртіп сақшылары қылмыстық іс қозғады.

14- кезеңде ресейлік «Катюшаның» бағы жанды. Осы ұжымның бетке ұстары Сергей Иванов кезең жеңімпазына көрсетілер құрметке бөленді. Өкінішке қарай бұл күнгі жарыста да жағымсыз оқиға орын алды. Спортшыларға еріп отыратын ұйымдастырушылардың мотоциклі күтпеген жерден жолды кесіп өтпек болған әйелді қағып кеткен. Соның кесірінен рөлге ие бола алмай қалған жүргізуші жол бойындағы тағы бірнеше жанкүйерді жарақаттаған.

Көпкүндіктің 15- кезеңінде қазақстандықтар көптен күткен қуанышқа кенелді. Алдымен Канчеллараның, соңынан Ночентинидің тасасында қалып келген астаналық Контадор жалпы есепте алға шығып, көпшіліктің қошамет көрсетуімен жеңімпазға тиесілі сары жейдені киді. Жарыс басталған тұста аузы дуалы мамандар көп нәрсе тау жолдарындағы бәсеке кезінде анықталады дегені бар еді. Расында да жазықта жүйткіп, үш рет кезең жеңімпазы атанған Марк Кавендиш сияқты біраз велошабандоз өрге қарай жарысуға келгенде сыр бере бастады. Әлгі Кавендиштің тауға келгенде құлдырағаны сонша, қазір жалпы есепте 141- сатыда тұр. Бұл тұста «тау маманы» деген құрметті атаққа ие болған Контадорлардың асығы алшысынан түсті. Понтарьлер мен Верьбе арасындағы 207,5 шақырымдық тас жолда тас-түйін мінез танытқан испан перісі алдына жан салмай, мәреге бірінші болып келді. Тау жолдарында тәуір жүре алатындардың бірі саналатын люксембургтік Энди Шлеек (Saxo Bank) екінші орынға көтерілсе, италиялық Винченцо Нибали (Liquigas) жеңіс тұғырының үшінші сатысынан табылды. «Тур де Франстың» жеті дүркін жеңімпазы Лэнс Армстронг мәре сызығын тоғызыншы болып кесті.

Дүйсенбі күні тынығып, сейсенбіде жарыс жолына қайта шыққан велошабандоздар Мартини мен Бур-Сант-Морис арасындағы 159 шақырымға созылып жатқан тас жолда бәсекеге түсті. Бұл жолы испаниялық Микель Астарлоза  «Euskaltel - Euskadi кезең жеңімпазы болып танылды.  Қос бірдей француз - Санди Касар («Française des Jeux») пен Пьетрик Федриго («BBOX Bouygues Telecom») тисінше екінші және үшінші орындарға жайғасты. Жалпы есепте астаналық Альберто Контадордың алдына ешкім шыға алмады. Велоспорт мамандары мен жанкүйерлері осы күні жігерлі Армстронгке тағы бір мәрте риза болысты. Кезеңдік бәсеке басталған тұста ол басты қарсыластарынан көп артта қалып қойды. Осы тұста биылғы жарыс Армстронг үшін аяқталды-ау деп ой түйгендердің қарасы көп болғаны анық. Бірақ күтпеген жерден қайта серпіліп, екінші тынысы ашылған америкалық жалғыз өзі келе жатып-ақ жылдамдықты арттыра түсіп, ара қашықтықты қысқарта алды. Бұл туралы ол: «Кіші Сен-Бернар соншалықты тік асу емес. Жылдамдықты үдету үшін мен градиенттің жеті-сегіз пайызға көтерілуін күттім. Әйтпесе шабуылым өнбес еді. Мен жастар сияқты жылдамдықты бірден арттыра алмаймын. Менің өз техникам, өз қарқыным бар» - дейді.

Жарыстың 17- кезеңіндегі бәсеке 170 шақырымға созылған жол бойында өрбіді. Бұл сында «Team Saxo Bank» клубының намысын жыртатын Люксемибург елінің ұланы Фрэнк Шлеек жеңіске жетті. Өткен жолы, 15- кезеңде топ жарған оның ағасы Энди Шлеек болса мәреге үшінші болып жетті. Ал Альберто Контадор олардың арасына сынадай қағылып, екінші орынға ие болды. Сөйтіп, 17- кезеңнен кейін «Астана» клубының капитаны испаниялық Контадор жалпы есептегі жағдайын бұрынғыдан бетер нығайта түсті. Жарыс басталмай жатып, болжам жасағандар биылғы француз көпкүндігінде де Контадор топ жарады дегені есімізде. Енді сол болжам расқа айнала бастағанына көптің көзі жете түсті.

Контадор екінші келген 17- кезеңді Франция президенті Николя Саркози арнайы келіп, тамашалапты. Ол жарысты жай ғана көріп қайтып кетпей, өз пікірін де ортаға салса керек. Саркози ең алдымен «Астананың» өкілі америкалық Армстронгтің құдыретіне таңғалатынын айтқан. «Бұл спортшы «Тур де Франста» жеті рет жеңімпаз атанды, рак ауруын да жеңіп, спорттан қол үзген болатын, ал 37 жасында ол жасөспірімге тән жеңіске деген құштарлықпен қайта оралды. Менің ойымша, бұл - бірегей өнеге-үлгі. Ол жарыстан ләззат алу үшін қайта оралды. Біз рак сияқты қатерлі дертті де еңсеруге болатынын түсіндік. Бұл көңілге сенім ұялатады».

Шынында да жасы қырыққа таяп қалса да жиырмадан жаңа асқан талай жігерлі жастың алдын орап кетіп жүрген Армстронгтің табандылығы мен қажыр-қайратына қайран қаласың. 17- кезең қорытындысы бойынша әйгілі Армстронг жалпы есепте төртінші орында келеді. Алда әлі төрт кезеңдік бәсеке бар. Ендеше осы көпкүндікте жеті рет үздік шыққан америкалықтың жеңіс тұғырынадағы тепкішектердің бірінен көрініп қалуы да ғажап емес шығар.

 

17- кезеңнен кейінгі жалпы есептегі жағдай

1

Альберто Контадор (Испания)

Астана

72:27:09

 

2

Энди Шлеек (Люксембург)

Team Saxo Bank

72:29:35

+  00:02:26

3

Фрэнк Шлеек (Люксембург)

Team Saxo Bank

72:30:34

+  00:03:25

4

Лэнс Армстронг (АҚШ)

Astana

72:31:04

+  00:03:55

5

Андреас Клеоден (Германия)

Astana

72:31:53

+  00:04:44

6

Брэдли Уиггинс (Ұлыбритания)

Garmin - Slipstream

72:32:02

+  00:04:53

7

Винченцо Нибали (Италия)

Liquigas

72:32:18

+  00:05:09

8

Кристиан Вандевельде (АҚШ)

Garmin - Slipstream

72:35:17

+  00:08:08

9

Кристоф Ле Мевель (Франция)

Française des jeux

72:36:28

+  00:09:19

10

Микель Астарлоcа (Испания)

Euskaltel - Euskadi

72:37:59

+  00:10:50

...26

Аймар Субельдия (Испания)

Астана

72:58:08

+  00:30:59

...35

Сержиу Паулинью (Португалия)

Астана

73:06:44

+  00:39:35

...129

Грегори Раст (Финляндия)

Астана

75:07:11

+  02:40:02

...142

Дмитрий Муравьев (Қазақстан)

Астана

75:20:10

+  02:53:01

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2280
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3601