Ресей Думасы: Мемлекеттік туымыз - КСРО туы болсын!
Күні кеше ғана сөзін тыңдайды-ау деген алыс-жақын бірнеше елдің басшы-қосшыларын жиып, ҰҚШҰ (ОДКБ) жиынын өткізген Мәскеу бүгін мемлекеттің туын ауыстыру жайын сөзталқыға салып жатыр.
Ресейдің мемлекеттік Думасы Ресейдің қазіргі туын – КСРО туымен алмастыру жайлы айтты. Бастамашы болған адам – Михаил Шеремет деген дөңшеке депутат.
Әлгі, Шеремет:
«Бүгін Батыс елдері «Жеңістің қызыл туына» қарсы соғыс ашты. Олар «Жеңіс туын» көтеруге тыйым салып жатыр. Олар бұл тудан қорқады. Өйткені, «Жеңістің қызыл туы» оларға біздің мемлекетіміздің нағыз айбарын көрсетеді. Сондықтан, «Жеңіс туын» Ресейдің мемлекеттік туы етіп танитын кез келді деп есептеймін. Отан соғысы кезінде біздің аталарымыз дәл осы тудың астында соғысқан. Бүгін де дәл осы тудың астында біздің сарбаздарымыз Украинадағы неонацистерге қарсы күрес жүргізіп жатыр», - депті.
Ол әрі қарай: «Мен біздің қазіргі туымызды мақтан тұтамын. Бірақ, дәл қазіргі кезеңде бізге «Жеңістің қызыл жалауы» ауадай қажет. Біз осы «Қызыл жалаумен» супердержава боламыз», - депті.
Михаил Шеремет дегеніңіз кезінде Ресей Украинадан аннекциялап алған Қырымнан сайланған адам. 2016 жылдан бері РФ Думасында. Путин басқаратын «Единая Россия» дейтін партияның өкілі. 2014 жылы Қырымда бүлік шығарып, «Орыс бірлігі» сеператистік тобын құрғандардың бірі. 2014 жылдың ақпанында Михаил Шеремет сеператистер отрядын басқарып, Қырымның Жоғарғы кеңесін басып алған, сөйтіп, онда Ресей туын тіккен. 2 жыл Қырымның министрлер кеңесін басқарып, артынан Ресейдің мемлекеттік Думасынан бірақ шыққан. Қысқасы, бұл Шеремет – сол Шеремет.
Шындап келгенде, бұл Шереметтің шешенсініп, тапқан жаңалығы емес. Бұл сөздің, бұл идеяның автры – Владимир Путин.
Ресей билігі КСРО-ның тарауын үлкен геосаяси трагедия санайтынын жасырмайды. Ол туралы Ресей президенті Владимир Путин сан мәрте айтты. Алғаш 2005 жылы Федералды Кеңес алдында сөйлеген Путин: «КСРО-ның құлауы XX ғасырдағы ең ірі геосаяси апат болды», - деп атады.
2015 жылы Путин: «КСРО құлағаннан кейін орыс халқы әлемдегі бөлшектеніп, әр елде шашырап қалған ең ірі халықтың бірі болды», - деді.
Ресей басшысы Украинаға 2014 жылы соғыс ашқаннан кейін, аталмыш сипаттағы мәлімдемені көбейтті. Ал биыл Украинаға соғыс ашардың аз-ақ алдында Ресейдің мемлекеттік телеарналарынан бір сағаттан аса «дәріс» оқып: «Украина деген болмаған, барлығы да Ресейге тиесілі еді, Украинаның пайда болуына тікелей КСРО саясаты әсер етті», - деді.
Жалпы дәл осы Путин бастаған «Украина соғысы» Путиннің КСРО туралы ностальгиясын ашық көрсетуде. Ресей әскері Украина жеріне КСРО-ның қызыл жалауын төбелеріне көтеріп барып, уақытша жаулап алған аумақтарға КСРО туын тігіп жатқан сәттер де болды.
Осыдан тұп-тура бір ай бұрын, сәуірде Геннадий Зюганов дейтін кәрі шал басқаратын Думадағы Коммунистер арнайы заң жобасын әзірлеп, талқыға ұсынған. Олар да Ресейдің мемлекеттік туын КСРО-ның қызыл байрағына алмастыруды айтқан.
Ал Ресейлік тағы бір депутат Анжелика Глазкова: «Дәл осы тумен біз Отан соғысында жеңіске жеттік. КСРО осы тумен барлық жетістікке қол жеткізді. Бұл ту біздің жеңісіміз бен жемісіміздің көрінісі, нышаны. Біз ЛХР мен ДХР тұрғындары біздің әскерді қызыл тумен қалай қарсы алғанын көрдік. Халық дәл Кеңес одағына оралуды қалайды. Менің ойымша жеңіс туы болуы тиіс», - деп сөйлеген.
Түйін. Бүгінгі Ресей билігіндегі тұлғалардың бір арманы – ол КСРО-ны қайта құру. Батыс сарапшылары Путин тарихта Ресей жерін жинаушы деп қалғысы келетінін айтады. Ол осы мақсатта Грузияға басып кірді, Украина жерлерін тартып алып, ашық соғыс ашты. Кремль мен оның төңірегіне топтасқандар соңғы жылдары қазақ жеріне де алакөзденіп қарап, ашық арандатушылықтар жасап жатыр. Ал бұндай саясат әрине, Қазақстан үшін қауіпті екені даусыз...
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz