Мемлекеттік сыйлық иесін тапты
Елбасының Жарлығына сәйкес, Әдебиет пен өнер саласындағы 2012 жылғы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына жазушы Сәбит Досанов - «Жиырмасыншы ғасыр» роман-эпопеясы үшін; ақын Несіпбек Айтұлы - «Арқатірек» поэмалар жинағы үшін; әнші Әлібек Дінішев - Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығына арналған концерттік бағдарламасы үшін; скрипкашы Гауһар Мырзабекова - «А.Вивальди-А.Пьяцолла «8 сезонов», «Intrabaroque» концерттік бағдарламалары үшін ие болды.
Елбасының Жарлығына сәйкес, Әдебиет пен өнер саласындағы 2012 жылғы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына жазушы Сәбит Досанов - «Жиырмасыншы ғасыр» роман-эпопеясы үшін; ақын Несіпбек Айтұлы - «Арқатірек» поэмалар жинағы үшін; әнші Әлібек Дінішев - Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығына арналған концерттік бағдарламасы үшін; скрипкашы Гауһар Мырзабекова - «А.Вивальди-А.Пьяцолла «8 сезонов», «Intrabaroque» концерттік бағдарламалары үшін ие болды.
Біз аламан бәйгеде топ жарып шыққан тарланбоздарды жеңістерімен құттықтай отырып, бір-бір ауыз пікірін білген едік.
Сәбит ДОСАНОВ, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері: Ел мен Елбасыға қызмет ете беремін
- Мемлекеттік сыйлық - мемлекетіміздің ең үлкен сыйлығы! Жасыратыны жоқ, оны алуды өзіміз армандадық. Еңбегіміз ақталды. Елбасымыз Н.Назарбаевтың жүргізіп отырған кемел саясатының арқасында менің осындай дәрежеге қолым жетті деп ойлаймын. Себебі елде тыныштық, ұлтаралық келісім болмаса, кейбір елдерді көріп отырмыз, ондай роман жазбақ тұрмақ, басыңмен қайғы болып кетесің. Сондықтан шығармашылық адамдарына қамқорлық пен шығарма тудыруға жағдай жасағаны үшін алдымен Елбасыға шын жүректен рақмет айтамын.
Қазіргі қазақ әдебиеті - дамыған елдердің әдебиетімен иықтасып тұрған мықты әдебиет. Көркем әдебиеттің деңгейі қандай болса, мемлекеттің, халықтың да деңгейі сондай болады. Әдебиет дамыған жерде мемлекет те, қоғам да дамиды. Мен өзім мемлекеттік комиссияның Мемлекеттік сыйлық беру туралы шешімі шыққаннан кейін жаңа роман жазуға кірісіп кеттім. Бұл дүниеден өткенше, жүректің күші жеткенше, алдағы уақытта да Ел мен Елбасыға қаламыммен қызмет ете беремін.
Несіпбек АЙТҰЛЫ, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері: Бәйгеде жеңіп шығу оңай болған жоқ
- Әрине, пенде болғандықтан, осындай үлкен сыйлыққа қол жеткізгеніме өте қуаныштымын. Үлкен бәйге - өлеңнің бәйгесін бұйыртқан Мемлекеттік комиссияға рақмет! Бұл сыйлықта жеңіп шығу оңай болған жоқ. Басында әдебиет бойынша 21 адам бәйгеге түстік. Кейіннен солардың арасынан сегізіміз қалдық. Осы азаматтардың барлығының да әдебиетке еңбегі сіңген, шығармаларының көркемдігі жоғары, жоғары сыйлыққа лайықты адамдар деп ойлаймын. Кейбіреуінің кітаптарының шыққан жылы деген сияқты, конкурстың шарттарына сәйкес келмей қалғандықтан, бәйгеге ілінбеген болуы керек. Оларға жұғысты болсын деймін. Жалпы, біздің қазақ әдебиеті, менің ойымша, биік деңгейлі әдебиет! Кейде «әдебиетіміз бұрынғыдан гөрі құлдырап кетті» деген әңгімелер айтылады, мен оған сенбеймін, артымыздан өте талантты жастар келе жатыр. Солар барда, тәуелсіз елдің әдебиеті бұдан да зау биікке көтеріледі деп сенемін.
Әлібек ДІНІШЕВ:
- Қырық жылға жуық уақыт қазақ өнері мен мәдениетіне еңбек сіңіріп келе жатқан азаматпын. Осы уақыт ішінде қай жерде ән айтпайын, қандай ән орындамайын, бар ынта-ықыласыммен, шын жүрегіммен халыққа адал еңбек етуге тырыстым. Ешқашан ізденуден жалыққан емеспін. «Болдым-толдым» деген ой менің басыма кіріп-шыққан жоқ. Осы еңбегім еленіп, еліме деген құрметім бағаланып жатқаны мен үшін үлкен қуаныш. Осыған дейін де талай жоғары дәрежелі наградаларға ие болып келемін. Мемлекеттік сыйлықтың да өз орны бар, әркім менде болса деп армандайтын, адамға айрықша қуаныш әкелетін марапат екені анық. Сондықтан менің қызметімді елеп, ескеріп, мәртебемді асырып жатқан Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлына, тыңдармандарыма, жалпы, өнерсүйер қауымға үлкен ризашылығымды білдіремін. Менің шығармашылығымды насихаттап, мен туралы жүрекжарды сұхбаттар жариялап жүрген «Айқын» газетіне де алғысым шексіз!
Дайындағандар
Ақтан ҚОҢЫР,
Ә.МӘУЛЕН
"Айқын" газеті