Бұл тіл теңділігі ме, әлде кемсітушілік пе?
Біз кей-кейде қай мәселенің де мәнісіне бармастан, бірден аттанға саламыз. Оның өркениетті де орынды түрде шешуге болатындығына ой жібермей жатамыз. Мұның аяғы жіргілікті жерден басталып, сонау республикалық деңгейге жетіп, тіпті саяси рең алып кететіндігі бар.
Бір ғана мысал. Қостанай облысындғы Рудный деген қалада Өзбекстаннан көшіп келген қандасымыз Талғат Ахметов деген азамат «Құтты мекен» атты коммерциялық емес жекеменшік мекеме ашып, сырттан және елдің оңтүстік облыстарынан көшіп келген ағайындарға ақпараттық-құқықтық көмек көрсетуді ұйғарған. Әбден құптарлық дүние. Бастамасы да өзекті. Алайда оның құжаттарын облыстық әділет департаменті орысша нұсқасы қоса ұсынылмағандықтан тіркеуден бас тартады. Бір жағынан қарағанда, бұлардікі де дұрыс. Өйткені еліміздегі «ҚР «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» заңының 6-бабына сәйкес мұндай жарғылар қазақ және орыс тілдерінде, яғни екі тілде ұсынылуы қажет екендігі тайға таңба басқандай етіп көрсетілген. Осы құжатқа сәйкес мұндағылар Ахметов мырзаға мұны түзетуге бір ай уақыт берген көрінеді. Алайда Ахметов болса, бұған көнгісі келмей: «Құтты мекен» деген ұйымға орыс тілінің қажеті не? Мен мұны сырттан келетін қандастар үшін жүзеге асырғым келді. Өз жерімде өз тілімнің заңды күші болмаса, несіне қазақпыз деп мақтанамыз? Қағидалы түрде құжаттардың орысшасын жасатпаймын! Оны департамент өкілдеріне әуел баста-ақ, айтқанмын», -дегенді алға тартады.
Бұл жерде осыған орай үлкен бір қайшылық көзге түседі. Мәселен, алдымен қазақ тілі еліміздегі Конституцияда мемлекеттік мәртебеге ие екендігі анық көрсетілген. Оның үстіне 1997 жылғы 11 шілдедегі № 151 «Тіл туралы» заңның 4-бабында: «Мемлекеттік тіл - мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі», - деп жазылған. Ал егер қисынға сиынсақ, бұл жерде орыс тілін қосақтаудың қаншалықты қажеті бар еді?
Алай әңгіме бұл жерде сол Конституциямызда орыс тілінің мемлекеттік тілмен тең қолданылатындығы туралы айтылғандығында болып отыр. Демек, қанша ойбайласақ та, бүгінгі таңда мемлкеттік мәртебе алған тіліміз бен орыс тілінің мәртебесі қағаз жүзінде бірдей болып отыр. Ал іс жүзінде ол тіпті, басым десе де болады. Жоғарыдағы біз айтқан заңды тұлғаларды тіркеу туралы заңның шығарылуы да осындай ымырашылдықтан туындап отыр.
Алайда, екінші жағынан қарағанда, осы терістік өңірдегі қаптаған орыс ұлтының өкілдері өз құжаттарын тек өз тілінде ғана емес, қатты қиналып, іштей буырқанып-бұрқанып жатса да біздің ана тілімізге аударып тапсыруының өзі де аз да болса жетістік емес пе? Өмірінде қазақ тілінің қалай жазылатындығын алғаш көрген орыс ұлтының таң қалғандығының да куәсі болдық.
Сонымен, бұл мәселені заңдық тұрғыда, айқай-шусыз шешу керек. Сосын, біз «неге олай, неге бұлай» деп отырып алып, пәлсапа соққанша, неге қолдан келген дүниені тындыра бермейміз. Мәселен, әлгі Талғаттың «еш уақытта орысша жазбаймын» деп қасарысқандығынан не түседі? Әзірге ештеңе де. Заңға бағынған әділет департаменті ол құжатты тіркемей қояды. Сонымен оның ойға алған игі ниеті мен жақсы істері біржолата тоқтап қалады. Бұдан кім зиян шегеді? Әрине, алдымен осы терістікке көшіп келген қандастарымыз әуреге түседі. Ендеше, қазақ тіліне шынымен жанашыр біреуі әлгі құжатты орысшаға аударып бере салса, үлкен бір сауатты іс емес пе? Қостанайда орысшасы онша емес қазақты табу қиын. Қайта керісінше шығар. Ендеше, қай нәрсені де іске зиян келтірмейтіндей етіп, жұмыла істесек, қандай да түйіннің шешілері сөзсіз.
Жайберген Болатов
Abai.kz