Сәрсенбі, 27 Қараша 2024
Ақмылтық 5288 26 пікір 20 Мамыр, 2022 сағат 12:34

Екі Президентке - бір талап, бір өтініш

1. Екінші Президенттен ел нені күтеді?

 «Нұреке, сіз жазар кітап бұл емес еді ғой!..»

«Шынайылыққа негізделмеген ешбір
игілікті іс баянды бола алмақ емес»
Теодор Драйзер

Құрметті Президент!

...Қызметінің соңғы сегіз жылында Гурьев облысын (Маңғыстау ол кезде бірге) басқарған Нұртас Оңдасынов, ұрдажық Хрущев 1963 жылы 59 жасында зейнеткерлікке шығарып жіберген соң, алты ай жұмыс таппайды... Амалсыз Мәскеуге, қайын жұртына көшеді. Сонда отырып, «Арабша-қазақша түсіндірме сөздік» пен «Парсыша-қазақша түсіндірме сөздікті» жазып шығады. Алматыға бір келгенінде баға жетпес бұл қазынаны Бауыржан Момышұлына  сыйлайды. Оны қарап шыққан Баукең өзіне тән тік мінезімен: «Бір институттың жұмысын бір өзіңіз атқарыпсыз! Бірақ, Нұреке, сіздің жазар басты кітабыңыз бұл емес еді ғой!» - дейді. Мына сөз ауыр тисе де, сабырлы Оңдасынов сыр бермей: «Ол қандай кітап еді?»- деп сұрайды. Баукең сонда: «Қазақ республикасының ең ауыр кезеңінде, 1938-жылдан 1952-жылға дейін 14 жыл Министрлер Кеңесін басқарған сіздің жазар басты кітабыңыз - басыңыздан кешкеніңіз жайлы мемуарыңыз еді ғой!» деген екен...

Құрметті Президент мырза! Сіздің де 2022 жылғы «қаңтар қырғынынан» бергі (арғы жағында тұсаулы тұлпардай күн кешкеніңіз көпке мәлім) атқарар басты ісіңіз – жаңадан сайланған президентіміз үстіне қолын қойып тұрып ант беретін (басқа елдерде көбіне Құран немесе Библия), бірақ, бүгін түзетуден көз тұнып, ұсынуға ұят халге жеткізілген қырық жамау Конституциямызға тағы да майда-шүйде 56(!) өзгеріс енгізу емес, «жемқорлар дәуірінің» келмеске кеткені, «елдің қамын ойлар ерлер дәуірінің» мәңгілікке келгені рас па деп, күллі халық барлық үмітін артып отырған жаңа қоғамның, «өлер ия қалар» өте ауыр, нағыз өтпелі кезеңге бүгін тап келген ұлтыңыздың мүддесі тұрғысынан, преамбуланы да «Біз, Қазақстан халқы» демей, әлемдік үрдіске сай «Біз, қазақ халқы...» деп өзгертуден бастап қайта жазып, жаңа Конституция ұсыну  емес пе еді? Отыз жылдың ішінде Тілден, Діннен, Несібеден қақ бөлінген (бұндай болады-ау деп 1991 жылы ешкім ойламаған), соның салдарынан Ділінен де қақ жарылып, қыстағы қырғыннан әуелі Алла, сосын Сіздің батылдығыңыздың арқасында аман қалған (сол мезетте, одан кейін де біраз қателік жіберсеңіз де, бопсаға шыдаған ерлігіңізді айтпай, «атаңызға рахмет!» демей кетуіміз әділетсіздік болар еді) қазақтың басын қайтадан біріктіруді бастау емес пе еді? Ол үшін ең алдымен қазақтың Рухын көтеру керек емес пе еді? «Рухын көтеру» дегеніміз бірінші кезекте өзінің көзі тірісінде-ақ «Қазақ ұлтының рухани көсемі» атанған Ахмет Байтұрсынұлының биылғы 150 жылдық мерейтойын ұлы Абайдың тойынан бір мысқал ғана кем етіп, оның кітабы әр қазақтың үйінде тұратын етіп, жүз мыңдаған тиражбен шығарып, бүкіл ел болып тойлау емес пе еді? Ал, біз, тіпті айтуға ұят, Ахаңның  аулына апаратын жолды  да әлі  бастаған жоқпыз...

Қазақ үшін Рух дегеніміз  ең алдымен - Тіл. Оның бары да, нары да, малы да, жаны, ары да, бәрі-бәрі – Тілі!.. Тілінен айрылған қазақ бәрінен айрылады! Біздің «тіл, тіл!» деп шырылдай беретініміз де содан. Ал, өзіңіз ұсынған өзгеріс жобасында тіл жайлы бір ауыз сөз жоқ, бұл қалай?!.. Қазақтың үлесі 90 пайызға жақындаған Астанамыздың көшесінен қазақша сөйлейтін адам таппайсыз, отыз жылда жетеміз деген жеріміз осы ма еді?!..

«Мың өліп, мың тірілген» Қазақ есімді феникс-құстың екінші қанаты Жері еді ғой. Ал, жаңа заң мынадай түрде ұсынылыпты: «3. Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Жер, сондай-ақ заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін». Өзгеріс – тұтас екінші сөйлемнің қосылғаны және 1-сөйлемдегі «...мемлекет меншігінде» сөзінің «...халыққа тиесілі» болып жазылғаны. Бұл – «тасты жапалақпен ұрсаң да, жапалақты таспен ұрсаң да жапалақ өледінің» керін келтіру емес пе?

Ендеше, қазаққа қатысты ең маңызды екі мәселеде ешқандай нәтиже бермейтін заң жобасын, амандық болса алда әлі талай өзгеретін Конституцияға енгізіп әуре болғанша, әрі ұсыныстың  бәрін  жұмыс ретімен Парламентте шешуге болатындықтан, уақыт пен қаржыны пайдасыз іске шашпай, ниеттеніп қойған екенсіз, құрметті Қасым-Жомарт мырза, артқа да шегінбей, 5-маусымға дейін, «Жер ешкімге ешқашан сатылмайды, тек республика азаматтарына, жыл сайын (АҚШ-тағыдай – Ө.А.) ұзартыла отырып, 99 жылға дейін жалға беріледі» деп, «Қазақ Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Биыл, 2022 жылы жасалатын арнайы бағдарламаға сәйкес кезең-кезеңімен іске асырылып, 2026 жылдың 1-қаңтарына дейін барлық саланың мемлекеттік тілге көшуі қамтамасыз етіледі» деп шегелеп тастаған, 1993 жылғы Конституцияның негізінде жаңа Конституциясының жобасын ұсыныңыз. Жобаны екі ай асықпай, Исландияның жаңа Конституция қабылдаудағы теңдессіз тәжірибесін де талқылап, әбден пісіріп барып, 5-тамыз күні қабылдаған дұрыс болар. Себебі, Конституция жазылмауы керек (рас, Конституциясы жоқ, бірақ, Ұлыбритания секілді дамыған елдер де бар), ал, жазылса өзгертілмейтіндей (АҚШ Конституциясына 1787 жылдан бері 27 ғана өзгеріс енгізілген және бәрі негізінен адам құқығына ғана қатысты) болуы тиіс емес пе?..

Құрметті Қасым-Жомарт мырза! Жаңа Конституцияны қабылдау, өзіңіз уәде еткен, халық  бес айдан бері сізден Құдайдай күтіп  отырған нағыз «саяси реформа» сол болмақ.  Осы жерде, «ұсынбасаң – сынама!» деген ұстанымдағы журналист ретінде екі-үш ауыз өз пікірімізді білдіре кетсек дейміз.

Біздіңше, саяси реформа дегеніміз тез арада барлық саяси партияларды, қос палаталы Парламентті, Қазақ Халқы Ассамблеясын тарату, қыркүйек айының ортасына қарай 40 орынды Парламент Мәжілісі сайлауын өткізу болмақ. Бүгінгі партияларды қалдырып, жаңа Парламент сайлауын өткізу – өзімізді алдау ғана. Себебі, өзіңіз жария еткен «Жаңа Қазақстанды» құру үшін біз Бірінші  Президент өз құлағының тыныш болуы, өзге ұлт өкілдеріне жақсатты көріну, заң шығарушы билік пен сот билігін де уысында ұстау, сөйтіп елді жеке-дара билеп-төстеу секілді өзінің ішкі мүддесі үшін ғана енгізген, ісінің бәрі соны дәлелдеп тұрған, унитарлық елдің Мәжілісіне қосарландырып Сенатты кіргізуі мен Мәжілістің 9 депутатын заңсыз сайлау құқығын өзі сыйлаған, әлемдік тәртіпке сай елдің халқын біртұтас қазақ халқы болуға бастаудың орнына өзге ұлт өкілдерін бөлектеп, оларға арнап Қазақстан Халқы Ассамблеясын құруы, депутаттардың біразын да өзі тағайындауы тәрізді сорақы мұралардан тезірек арылуымыз керек емес пе? (АҚШ-тың конституциясында Конгресс депутаттарының тағайындалуы жайлы бір сөз жоқ, жалпы «депутатты тағайындайтын» үрдіс бізде ғана бар шығар). Мұндай мұрамен біздің ешқашан «Жаңа Қазақстан» құра алмайтынымыз, жоғарыда аталған нонсенстердің ертелі-кеш бәрібір саясатымыздың сахнасынан сыпырылатыны айдан анық көрініп тұрған жоқ па? Көрініп тұрса неге жақсылыққа асықпаймыз? Дарий патша: «Кешеуілдеу өліммен тең» деген жоқ па?

Партиялар төменнен құрылғанда ғана шынайы саяси күш бола алатыны белгілі. Бірақ, қай партияға мүше болса да, депутаттар бір мандатты округтен жасырын дауыспен тікелей сайланатын, халық алдында есеп беріп тұратын тәртіп болуы тиіс. Депутатты халық сайламай, «биліктің шынайы көзі – халыққа» ғана бағынышты болмай, ол ешқашан «халық қалаулысы» бола алмақ емес.

Онсыз да  Нұрекең бір рет Жоғарғы Кеңесті «өз еркімен» тарауға мәжбүрлеп, екінші рет бір ғана сайлау округіндегі «бір ғана Таньканың арызын сылтау етіп» (О.Сүлейменов) күшпен таратып, Парламентті президент не айтса да қолдай жөнелетін органға айналдырып қойған жоқ па еді? Сол Парламент түгелдей дерлік бүгін сіз не айтсаңыз соны құптап ала жөнеліп жатқан жоқ па? Принципі жоқ бұндай Парламенттің қазаққа керек еместігін жұрт әлеуметтік желіде жаппай жазып жатыр, ал, Сізге керек пе?.. (Мына бір өзіме қатты ұнайтын сөзді сол пәннен дәріс оқыған адам ретінде түпнұсқада жазбай кете алмадым, кешірерсіз: «Первый неписаный закон сопромата гласит: «нельзя опираться на тот материал, который не сопротивляется»)

Ол ол ма, Конституциялық Сот пен  Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасын (Сенаттың келісімімен десек те) Атқарушы биліктің жетекшісі Президент тағайындаса, Сот билігінің тәуелсіздігі жайлы қандай сөз болуы мүмкін?!

...1936 жылы 61% дауыс алып, екінші рет сайланған АҚШ президенті Ф.Рузвельт парламенттің екі палатасында да демократиялық партияның басымдыққа ие екенін пайдаланып, «Жаңа курсының» жұмысын жеделдетуге кедергі келтіріп отырған Жоғарғы соттың судьяларын 70 жаста зейнетке шығару және олардың санын алты адамға арттыру жайлы ұсыныс түсіргенде, екі палата да оны өткізбей тастайды. Неге? Демократтар қанша жерден саны басым екенін пайдаланып, Жоғары соттың құрамын өздеріне ыңғайлап ауыстырып алуға және «Жаңа курсқа» заңнамалық тұрғыдан қолдау көрсетуге қызығып тұрса да, олар бүгін сот тәуелсіздігіне күмән келтірсе, ертең-ақ плюралистік саяси институттардың өмір сүруін қамтамасыз етіп отырған және заң шығарушы биліктің өзін де президенттің ойына келгенін істеуден қорғап отырған, сөйтіп, биліктің үш тармағындағы тепе-теңдікті сақтап отырған жүйенің бұзылатынын түсінді.

Біз де бүгін сот жүйесін шынайы түрде тәуелсіз ете алмасақ, жоғарыдағы мысалда келтірілгендей ұлт тағдыры шешілер кез туса, өзін қызметке  қойып отырған Президентке ол қалай қарсы шықпақ?

Саяси реформа сот судьялары сайланбай толыққанды бола алмаса керек. Кеңес өкіметі кезінде «Сот сайлауы» бар болатын, біз де бүгін, бұрынғыдай баламасыз емес, баламалы түрде еліміздің «Халық сотына» (кеңес кезінде ол солай аталатын) қанша «халық судьясы» керек, соншасын халық өзі жасырын дауыспен тікелей сайлап алатын етейік. Судьялар сосын өздерін нақты қызметке тағайындайтын  Жоғарғы Сот Кеңесінің мүшелерін, ал олар да өз ішінен Төрағаны сайлап алсын. Судьяларды сайлаумен қатар олардың  әр тоқсанда өзін сайлаған халық алдында есеп беру тәжірибесін тірілту де ауадай қажет. Және, жаңылыспасақ, судья жеке-дара үкім шығармайтын, екі «народный заседатель» болушы еді, қажет кезінде олардың біреуі судьяны алмастыруға да хақысы бар еді, солармен ақылдасатын. Бұны да жаңғыртсақ, ұтпасақ ұтылмаспыз.

Қазақтың Тілі мен Жері, т.б. да барлық мүддесінің тұрғысынан жазылған, қазақтың алаң көңілін тыншытып, алабұртқан жүрегін жайландыратын, қазақтың елін мәңгілік ел етуге даңғыл жол ашатын Конституцияны, сосын жылдың аяғына дейін АҚШ-тағыдай талантты мен дарындыны ғана емес, ойы, идеясы, талабы бар жай ғана белсенді әрбір адамның өзін компьютер секілді алға қарай жетелеп, ынталандырып отыратын  заңдар пакетін қабылдаңыз да, қазақтың қажыр-қайратын сонда көріңіз, қазақ тау көтерер Толағайға айналмаса, тауды бұзып, тасты жармаса, болат қорғанды қамалдың бірінен соң бірін алмаса, асқар шыңның бірінен соң бірін бағындырмаса,  соңыңыздан ермесе, басына хан көтермесе, сонда айтыңыз...

Қадірлі Президент!

Істің дұрысына көшсек, сіздің ең алдымен істер ісіңіз – ғылым мен техниканы қолға алу болуы тиіс еді. (Бірақ, экономика саяси шешімдерге тәуелді болғандықтан, әуелі жаңа Конституция қабылдамасақ болмас). Себебі, ғылымы дамымаған мемлекет дами алмайды. Сондықтан халықаралық үрдісте ғылымға жылына өзінің жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) 3 %-дан кемін бөлетін мемлекет дамитын ел деп есептелмейді. Соңғы 30 жылда Қазақстан ғылымға 3 % тұрмақ, 0,3 % да бөліп көрген емес! 2018 жылы ...0,12 % болды (Израильдікі – 4,95 %). ЖІӨ көлеміне келетін болсақ, ол бізде 2020 жылы 164 млрд.долларға, ал, Сингапурдікі (6млн.тұрғыны бар қала-мемлекет) 340 млрд.долларға тең болды. Біз бұл жағынан дамыған елдерден 30 жылда аз дегенде 60 жыл артқа кеттік!.. Мен инженер ретінде бұны ешқандай асыра сілтеусіз айтып отырмын. Бізде тіпті бір де бір ғылыми-техникалық танымдық журнал шықпайды! (Менің 2018 жылы «Білім – бақыт, ғылым – байлық, техника – күш» деген журнал шығарайық деген өтінішіме министр А.Аймағанбетов «бізде ондай мүмкіндік қарастырылмаған, жеке өз күшіңізбен ашсаңыз көмектесейін» деп жауап берді. (Қаражатым болса, министрде нем бар...) Ғылыми-техникалық журналды керек етпейтін, ғылымға ЖІӨ-нің  0,12 %-ын ғана бөлетін мемлекетті мен түсіне алар емеспін...)

Сталин 1929 жылы «Біз алдағы он жылда елді индустрияландырып алмасақ, капиталистер бізді жеп қояды» деп, екі бес жылдық жоспарды орындаудың арқасында елі аман қалды. Ал, әлемге әйгілі америкалық бизнесмен, «Форд» пен «Крайслерді» кризистен алып шыққан Ли Якокка сонау 1985 жылы жарық көрген «Менеджердің мансабы» атты кітабында: «Жапония мен СССР инженерлерді бізден көп даярлауда, біз болсақ заңгерлер мен экономистерді ғана даярлап жатырмыз, бүйте берсек біз жақында құримыз!» деп дабыл қағып еді. Әрине, Америка құрыған жоқ, бағытын түзеп алды, ал, өзі ауыл шаруашылығы мен өндірісті қолдан өлтіріп жатып, «бізге заңгерлер мен экономистер керек» деген (сірә, Якокканың кітабын оқымаса керек...) деген басшының қате саясатының салдарынан оларды он есе артығымен даярлап тастаған біздің,  бүгінгі бетімізден таймасақ, құритынымыз анық!

Демек, біз барлық күшімізді ғылымға, техника мен технологияға салуға тиіспіз. Міндеттіміз!  «Дұрыс экономикалық саясат мергеннің оғы секілді – бір атқаннан тиеді» деген Лениннің өзі құрған НЭП-і мен америкалық Дж.Маршалдың соғыстан кейінгі Германия мен Жапонияны дамытқан «Маршалл жоспары» секілді бұзып-жарып шығатын (прорывной) нақты экономикалық бағдарлама қажет. Ал, оны жасайтын және іске асыратын мамандар қажет. Олар жоқ емес, бар.

Мысалы, марқұм академик Мейірхан Әбділдин: «Ұстазым Зельдовичтің айтуынша  Сталин академиктердiң бәрiн жиып алып: «Бұйым» жасалынуы тиiс. Билiк керек пе, Курчатовқа барлық республикалардың басшылары тiкелей бағынатын болады. Ақша қанша керек болса да беремiз. Сендерге бола жаңа министрлiк құрылып жатыр. Бiрақ, мерзiмiнде бiтiрмесеңдер бiз бәрiңдi «зиянкестер» ретiнде атып тастаймыз» деген екен... Мен бұл тарихты неге еске түсiрiп отырмын? Биліктегілер әдетте өздерiне не керек екенiн бiлмейдi. Бiлсе, ақшасын берсе, ғалымдар қандай қиын тапсырманы болсын орындап шығады» деп жазған еді.

Академик, ҚР ҰҒА Математика институтының директоры Тынысбек ҚАЛМЕНОВ: «Мемлекет  математикаға басымдық берсе, қанеки!» деп қиялдайды, армандайды. «Армандар орындалады» деген сөз бар ғой, рас болып шықса игі еді...

Ал, академик ағамыздың шәкірті, жас болса да әлемге әйгілі, халықаралық математикалық сыйлықтардың иегері, ғылымға «Сұраған гипотезасын» енгізген Дөрбетхан Сұраған былай дейді: «Біз арқа сүйейтін мемлекеттік мықты ғылыми орталықтар ашып алайық, сонда біздің басқа елдердің алдына шығуымызға он жыл жетеді!»  

Мәшһүр математик Мұхтарбай Өтелбай ағамыз айтады: «Үкiмет бiзге, мысалы, маған нақты да маңызды тапсырма берсе. Мерзiмiн айтса. Қарамағыңызға қанша адам керек, алыңыз десе, математиктер мен физиктер, инженерлер бiрiгiп ары барса 5 жылда елiмiздiң қауiпсiздiгiн толық қамтамасыз ететiн қару-жарақ шығара аламыз деп ойлаймын. Осы ой қаншама жылдан берi менiң басымнан шықпай жүр. Ал, оны орындауға мүмкiндiк былай жетедi! Қаржы да бар, мамандар да бар».

Құрметті Президент! Өзіңіз де білесіз, бізде, шынында да бәрі бар, тіпті қауіпсіздігімізді толық қаммтамасыз етуге ауадай қажет бірнеше қару-жарақ түрін ойлап тапқан Сәнтай Жетесов есімді ғалым да, оның «Калашниковтан» екі есе жеңіл, 30 см қысқа, атқан оғы БМП-ның шынжыр табанын немесе қалыңдығы 1 м кітапты тесіп кететін пистолет-пулеметі де, солдат өзімен бірге алып жүретін, салмағы 3,5 кг жеке зеңбірегі де, төрт жағына да бірден оқ жаудыра алатын танкісі де бар.  Тіпті олар сынақтан өтіп те қойған. «Жетесовтiң пистолет-пулеметiн» екiншi рет сынақтан өткiзiп, соны «жуу» кезінде қасындағы Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкiров  пен сол тұстағы Қорғаныс министріне арнап Сәкеңнің (қанша дегенмен «арлы Шекті - арық, арсыз Шекті семіз болды ғой» деген Кіші жүздің атақты Жетес биінің немересі емес пе):

Алтынбайдың Мұхтары,
Оңғарбайдың Тоқтары,
Атып көрдi бәрi де,
«Жетесовтiң» оқтарын! – деп тақпақтап жібергені де бар...

Иә, Қасеке, бәрі бар бізде бір ғана нәрсе -  іс алға жүрсе деген ынта-ниет, ыстық ықылас жоқ! («Откатты» айтсақ, басқа әңгіме...) Сәнтай ағайдың бір өзінің ғана Қордайдың, Шақпақтың, Жоңғар қақпасының, т.б. көптеген асудың арқыраған желінің қуатын электр қуатына айналдыратын керемет жел генераторы, көп қабатты үйлердегі төмен құйылып, далаға кететін кәріз суынан электр энергиясы өндіретін су генераторы, т.б. толып жатқан тамаша техникалық жаңалығы бар. Бірақ, оны керек еткен, өндіріске ендірсек дейтін билік жоқ. Тесла ғана теңдесетін өнертапқыш, мен «Миллиард ішінен бір жалғыз» деп көлемді мақала арнаған Сейілбек Қышқашұлы да кеңес өкіметімен де, қазақ өкіметімен де қанша күрескенімен, бір де бір «жарағын» (өзінің сөзі) жарыққа шығара алмаған күйі 2004 жылы 70 жасында өмірден өтті... Дарыны мен таланты жағынан жан басына шаққанда әлемде теңдесі жоқ қазақтың (өзбектер «Құдай дарынды қазаққа берген, қадырын бізге берген» деп бекер айтпайды) сансыз Сейілбегі мен Сәнтайының ондаған жылғы маңдайының тері, мыйының қуаты мен көзінің жасының обалы кімге?!..

Сауатсыз экономикалық саясаттың салдарынан 30 жылда салған бір де бір озық зауытымыз, баяғы «Восход» секілді бір де бір үлгілі фабрикамыз, «мынау – қазақтың бренді!» деп, әлемдік аренада ұялмай көрсететін бір де бір бұйымымыз жоқ... Сол көп «жоқтың» орнын бір ретке болса да өзіңіз толтырып, қару-жарақ жасап шығаратын зауыт салу мәселесін сағыздай создырмай, соғыс майданындағыдай шалт қимылдап, бір аптаның ішінде шешіп тастаңызшы, Қасеке! Бюрократтарға үлгі-өнеге болсын! Шынына келгенде, біз бүгіннің өзінде нағыз майданның – бәсеке майданының ішіндеміз ғой. Ал, әзірге әр күніміз, әр сағатымыз бізге қарсы жұмыс істеп жатыр. Тапқан-таянғанымыздың бәрі шетелдік фирмалардың қоржынына кетіп жатыр. Шіріген жүйенің барлық тармағында «Малиновкадағы той» кинофильміндегідей киімін ауыстырып алған бұрынғы билік өкілдері таскенеше жабысып әлі отыр, олар жаңа қоғам құрғысы келетіндердің кісен болып адымын аштырар емес, қолына бұғау болып құлашын серметер емес.

Былтыр батыс өлкемізде құрғақшылықтан мал қырылып жатқанда бір рет барып көруге жарамаған бұрынғы Ауыл шаруашылығы министрі секілділер билікте тұрғанда экономикамызды алға жылжыта аламыз ба? Жоқ! «Торғай» деген сөз естісе тырысып қалатын Қостанай облысының әкімі А.Мұхамбетов пен аудан орталығының үш көшесіне Б.Момышұлының, Р.Қошқарбаев пен Т.Бигелдиновтың атын беруге «одан біздің көшеміз жарық болып қала ма?» деп қарсы шыққан Бурабай ауданының әкімі Мұздыбаев, биыл 150-жылдығы тойланатын Ахмет Байтұрсынұлының аулына жол салуға қарсы шыққан Қостанай облыстық мәслихатының бірнеше депутаты тәрізділер билікте тұрғанда саяси реформа жасау мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес!

Ендеше талай ел табысты өткізген «люстрация» үдерісін жүзеге асыру,  құрметті Президент, сіз қашан қолға алады деп қалың қазақ асыға күтіп отырған іс. Ал, оны әділдік арқылы жүргізген жөн. Барлық деңгейдегі басқару органдары (министрліктер, әкімдіктер мен басқармалар) мен мәслихаттардағы бөлімнен жоғары басшының бәріне анонимді түрде «орнында қалуға әбден лайық» деген үш (бес, он) адамның атын жазуға анкета таратып, кейін ол люстрация барысында ескерілсе, ешкім өкпелей қоймас.

Ал, жемқорлықпен күресте «арылу» әдісінен артық әдісті табу қиын. Яғни, биліктегілер мен кәсіпкердің бәрі ешқандай айқау-шусыз, тергеу-тексерусіз табысы жайлы декларация толтырып, «мен осы жазғанымның шындық екенін растау үшін Аллаға жанымды тапсыруға дайынмын» деген жалғыз ауыз сөзді Ардагерлер кеңесінің, Жастар мен Әйелдер кеңесінің мүшелерінен құралған арнайы комиссия алдында дауыстап оқып, астына қолын қойсын да кете берсін... Арнайы органдар әлгілердің «дүние-мүлкі осы адамның атына жазылды-ау» деген туыс-жекжаттарынан да жаңағы жалғыз ауыз сөзді растауды талап етсін. Ешкімнің жаны екеу емес,  сол кезде бәрінің де қоябасы ашылады...

Құрметті Президент мырза! Жаңа Конституцияда көрініс табар асы маңызды істің бірі – сырттағы 6 миллионды қазақты алып келу мен қазба байлық орындарымызды игеруші инвесторлармен жасалған, қазақтың несібесін отыз жылдан бері аяусыз тонап жатқан келісім-шарттарды қайта қарау. Дамушы көптеген ел өткен өткел бұл. Шешімі табылмаса,  халықтың талабына сүйеніп,  оларды мемлекет меншігіне қайтару үшін нағыз референдумға шығаратын мәселе – осы! Қалай болғанда да мен қарапайым халықтың бір өкілі ретінде, Сізден, сол халыққа қызмет етуші ең жоғары мәртебелі жалдамалы мемлекеттік қызметкерден, әрқашан шынайылықты ұстануыңызды талап етемін. Біз сөзі – басқа, ісі – басқа үлкенді-кішілі басшылардан аузы әбден күйген, «жемқор» деген сөзді естісе шетімізден аллергиясы шығып кететін ауру халықпыз. Халықпен ақылдаспай (ақылдасқан түр ғана көрсетіп), «ел сынаса құлақ сал, ал, мақтаса керең бол» (Қ.Мырза Әлі) деген қағиданы ұстанбай, «біздің ісіміз дұрыс, тіпті жалғыз ғана дұрыс іс - біздікі» деп жариялап, ал, оның арғы жағында мүлдем басқа ойы тұратындарды халық енді көтере алмайды. Өйткені, бүркемеленген нәрсе бүгін болмаса ертең бәрібір жария болады. «Тайм» журналы «адамзат тарихына ең үлкен ықпал жасаған адам» деп бағалаған Мұхаммед пайғамбардың (с.ә.с.) да, бір оқ атқызбастан халқына алып империядан Тәуелсіздік алып берген Махатма Гандидің де, ең ақыры қаланың(!) экономикалық қуатын әлемдегі қуатты мемлекеттер деңгейіне көтеріп, халқын шын мәнінде бай-қуатты, бақытты етіп кеткен  Ли Куан Юдің де асқақ мәртебеге ие болуының сыры біреу-ақ – олардың бәрі де халқымен шынайы қарым-қатынаста болды, сөзі мен ісі бір жерден шықты, «саясат - осындай болады» деген сылтаумен оны алдап-арбаған жоқ, ондаған жыл сағымға жетелеген жоқ. Ал, басшысы басқа жолды таңдаған біздің елдің әлі күнге дейін «алтын толы сандықтың үстінде отырса да, жалаңбұт жүргенін» (Шерхан Мұртаза) бүгін күллі әлем көріп, куә болып отыр. Күліп отыр. Таң қалып, түсіне алмай отыр...

Мойныңызда халқының бір де бір мәселесін шешпей, керісінше шиеленістіріп кеткен алдыңыздағы басшыдан қалған, айта берсек таусылмайтын, салмағы жер қайыстырар ауыр мұра бар, «жолдасын жолда қалдырмайтын» (өзбек мақалы) қазаққа сенсеңіз, қазаққа сүйенсеңіз, «Президент те пенде ғой, қателесуге хақысы бар ғой» деп, артық кеткен, кем соққан жеріңізге кешіріммен қарап, бар ықылас-тілегі сізде болып, «жаман аты шықпаған адам ғой» деп, артып отырған үмітін ақтасаңыз, өзіңіз де арманға да, мақсатқа да жетесіз, халқыңызды да жеткізесіз, қадырлы Қасеке! Ақ жол!

2. «...Құдай үшін!»

«Ваша идея, конечно, безумна.
                                                                           Весь вопрос в том, достаточно ли она
                                                                                         безумна, чтобы быть верной?»
Нильс Бор

Нұреке!

Сіз бүгін Президент емессіз, өзіңіз айтқандай жай ғана зейнеткерсіз. Мен сондықтан сізге мансап иесі ретінде талап қоя алмаймын, өтініш қана айтамын. Мен ол өтінішімді алғаш рет 2019 жылы 14 наурызда фейсбукте «Қазақия қағанаты қалай құрылды немесе Ертең жайлы ертегі» деген атпен берілген қияли-ғажайып хикаяда жарияладым. Ол сізге жетпеді деп ойлаймын. Өйткені, осы қияли ұсынысымды 2018 жылы ҰҚК төрағасының орынбасары болып істеген зейнеткер досыма «Нұрекеңе жеткізші» дегенімде, басын алып қашқан еді. Енді соны өзіңізге тікелей бағыттамақпын.

Нұреке! Халқыңыздың алдындағы барлық жасаған кінә, күнәңізді түгел жуып-шайып, бүгін адамның алдында да, бәріміздің ертең барар жеріміз Алланың алдында да тазарғыңыз келсе, халықтан шын пейілмен кешірім сұраңыз. Арылыңыз! Онымен де қоймаңыз, шетелдерге тыққан ақшаңыздың (сарапшылар 100-200 млрд.доллар арасы дейді) бәрін, қазақтың несібесін, сол қазақтың өзіне қайтарыңыз. Ұл-қыздарыңыздың, бауырларыңыздың елден ұрлаған, тонаған ақшасын да қайтартыңыз. Сөйтіп, өз қолыңызбен миллионер еткен әкім-қараның бәріне, өзіңіз «кез-келгеніңді қолыңнан жетектеп сотқа апара аламын» деген кәсіпкер, бизнесмен, олигархтың бәріне үлгі көрсетіңіз. (Сіз оны істемесеңіз де мемлекет қаржысын ертелі-кеш бәрібір қайтарып алады, қайтарып алмасыеа халық қоймайды, тек сізде қайтып мұндай мүмкіндік болмайды).

«Қателесіп кешірім сұрау бір ерлік, қатеңді өзің жөндеу – мың ерлік» дейді қазақ. Көрсетер үлгіңіз де көрнекі болсын: 1 млрд.долларды нақты мақсатқа – шамамен 2 мың ауылдағы ең тұрмысы төмен нақты 20 мың отбасының әрқайсысына, біреуі 100 доллар деп есептеп, 50 қой сатып алуға (бұл - қазаққа ақын, марқұм Есенғали Раушановтың көрсетіп кеткен үлгісі!); 1 млрд.долларды тағы сонша отбасыға ауыл шаруашылық өнімдерін (көкөніс, ет, сүт, жүн, т.б.) өңдейтін мини-техника сатып алуға; 1 млрд.долларды Моңғолиядағы  суыққа төзімді, етті, қызыл жүнді қазақы тұқымды 2 млн.қойы бар 170 мың қазағымыздың (20 мыңы келмесін дейік) 150 мыңын (шамамен 20 мың отбасы) қолындағы малымен елімізге көшіріп әкелуге  беріңіз. Берсеңіз 2 млн. қойдың кемі 1,5 млн. басы елімізге келетіні сөзсіз.

Сонда сіз біздің бүгінгі әлемдік бәсекеге төтеп бере алатын жалғыз саламыздың деңгейін күрт көтеріп тастайсыз.

Тағы бір 3 млрд.долларды 1млрд.доллардан үш салаға: қатесін түсініп, дұрыс жолға қайтқан саясаткерлер мен қоғам қайраткерлеріне; өмірге адам баласын ізгілікке шақыратын туынды әкелген өнер мен әдебиет саласының өкілдеріне; техника мен ғылымның С.Қышқашұлының астық оратын ұшағы секілді озық үлгісін жасаған өкілдеріне 2 немесе 4 жылда бір рет берілетін «Назарбаев сыйлығын» тағайындауға бөліңіз.

Сонда, жалпақ тілмен айтсақ елдің бәрі Нобелдің емес, Назарбаевтың сыйлығын алғанды асқақ мәртөбе көретін болады. Сонда сіз әлде де өзіңізді жаманатқа қимайтын, қия алмайтын, отыз жылғы әдемі сөзіңіздің нәтижесі мүлдем сиықсыз болып шыққанын көзі көріп тұрса да көңілі сенбейтін, жемқорлықтың шыңына шыққан билікті құрушы өзіңіз екенін біліп тұрса да, «нұрекеңді бұзған айналасы» ғой деп, өзін сендіруге, өзін жұбатуға тырысатын жандардың, жарлы болса да арлы, ұрлық-қарлықтан дін аман, қазақтың алып киіз үйінің қара шаңырағына мыңдаған уық болып қадалып, оны құлатпай ұстап тұрған, Диогеннің «адам бойындағы ең соңынан өлетіні – үміті» деген сөзін дәтке қуат көріп жүрген қарапайым жандардың үмітін ақтар едіңіз. О баста топырағы таза жерден алынған Қазақтың болмыс-бітімінің тазалығы сондай, сол үміттенетіндердің ішінде мен сияқты романтик, қияли емес, нағыз прагматик, бизнесмен, 1984-1989 жылдары сіздің қол астыңызда Үкіметтің Сыртқы қатынас пен көрме бөлімін басқарып жұмыс істеген, осыдан біраз жыл бұрын «Свобода слова» газетіне: «Мен қаншалықты Назарбаевты танып-білсем, күндердің күнінде оның «халық қиналған кезде шығарармын деп тығып қойғаным еді» деп, талай дүниені жарқ еткізіп қайтарып, тосынсый жасайтынына қабылетті екенініне сенемін» деп сұхбат берген, менің 2014 жылы шыққан «Жауғашты Нәбиев – істің адамы»  кітабымның басты кейіпкері де жүр...

Осы өтінішімді қабыл алсаңыз, бүгін қазақ тарихына ғана кіріп тұрған және түбегейлі қандай бағамен кіретініңіз әлі белгісіз сіз,  қазақтың ғана емес, адамзаттың тарихына кіретін боласыз. Өз қателігін өзі жөндеген тұңғыш билеуші ретінде атыңыз алтын әріппен жазылатын болады! Адамзаттың кейінгі ұрпағына үлгі-өнеге боласыз! Осы бір ғана ісіңіз сіздің «қазақты танытам!» деген сансызәрекетіңіздің бәрін басып кетеді....

Бұны сіз мен үшін жасамаңыз. Жасасаңыз алдымен өзіңіз үшін жасаңыз. Ұрпағыңыздың болашағы үшін жасаңыз. Сіздің отыз жыл алдағаныңызға Құдайдай сенген, кең пейілі секілді аңқаулығы да, өркениет әлі түгел бұзып үлгермеген адамгершілігі де шексіз қазағыңыз үшін жасаңыз. Қазақта «Құдайдан қорқу, адамнан ұялу» деген сөз барын білесіз. Қазақтан ұялғаннан, Құдайдан қорыққаннан жасаңыз.

Құдай демекші. Мұхаммед пайғамбар (с.ә.с.) көшеде келе жатса, қашып келе жатқан бір құл артына келіп тығылыпты. Артынан өңкілдеп иесі де жетіпті. Әлгі байғұс құл пайғамбарға (с.ә.с.): «Құдай үшін, мені мына бәледен құтқарыңызшы!» деп жалыныпты. Пайғамбар (с.ә.с) сатып алайын деп бағасын сұраса, үйіндегі бар дүние-малы жетпейтін болыпты. «Жетпесе орнына өзің құл бол!» депті бай. Алланың Елшісі екі сөзге келмепті...

Ол заман интернет, телефонның заманы емес, Мұхаммедті (с.ә.с.) елдің бәрі бірдей тани бермейді, Әбубәкір, Әли, Омар, Оспандар оны үш-төрт күн іздеп зорға тауыпты. Енді, ешкімнің мыйына пайғамбар (с.ә.с.) өзін-өзі құлдыққа сатады деген ой келмейді ғой... Төрт досы бірауыздан: «Бұныңыз не?!» деп сұраса, пайғамбар (с.ә.с.): «Қайтейін, «Құдай үшін!» деді ғой» депті...

Нұреке, мен сізге өтінішімді айтсам, сізді жақсы көргенімнен (керісінше, мен сізді онша ұнатпайтындардың қатарындамын) немесе атымды шығарғым келгеннен емес, тек қана өзім ешкімге теңгермейтін қазағымның сіз «арқылы»  жаман аты тарихта қалып қоя ма деген жаман ой жанымды жегідей жеп бара жатқандықтан айтып отырмын. Түсінсеңіз, мен суға кетіп бара жатқан сізге қолымды созып отырмын. Өзіңіздің де абыройыңызды сақтап қалатын, еліңізді де тұйықтан алып шығатын жолды көрсетіп отырмын. Сол себепті «өзіңіз үшін де, қазағыңыз үшін де істегіңіз келмесе, ең болмаса Құдай үшін жасаңыз» деп, ең соңғы көзірімді де шығардым. «Маған ешкімнің ақылы керек емес, мен өз жолымды білемін, одан айнымаймын» десеңіз еркіңіз білсін.

Таңдау – өз қолыңызда...

Өмірзақ Ақжігіт, тәуелсіз журналист

Abai.kz

26 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1551
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3347
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6204