Бадрисафаның қайғылы тағдыры: Қостанай кезеңі
«ХАЛЫҚ ЖАУЫНЫҢ» ЖҰБАЙЫ
1937-38 жылдардағы сталиндік репрессия кезінде «халық жауы» деген кінәмен қуғын-сүргінге ұшыраған кісілердің отбасы, туған-туыстары да жазалауға ұшырап отырды. Әсіресе, «халық жауының» жұбайлары да қудаланды. Оларды тұрғылықты жерінен басқа өңірлерге жер аударды немесе концлагерлерьге қамады. Қазақстанда АЛЖИР деп аталатын атақты концлагерде мыңдаған «халық жауларының» жұбайлары азап тартып, зорлық-зомбылық көрді. А. Байтұрсынұлының жұбайы Бардисафа да айыпталып, жер аударылады. 1931 жылы Міскеудегі Бутырка түрмесінде қамақта болған А. Байтұрсынұлына шығарылған ату жазасы 10 жылдық концлагерьге ауыстырылған кезеңде оның жұбайын қызы Шолпанмен бірге Сібірге – Томбы өңіріне жер аударылады. Ал 1937 жылы А.Байтұрсынов екінші мәрте ұсталып, ату жазасына кесілген уақытта НКВД өкілдері оның обасындағы жұбайы Бадрисафа мен туған қызындай болған немере қарындасы Кәтез Қалиқызын Алматыдан тез арада кетуге мәжбүрлейді.
ҒҰМЫРНАМАЛЫҚ ДЕРЕКТЕР: АРХИВ МҰРАҒАТЫ МЕН ЕСТЕЛІКТЕР КӨЗІМЕН
Бадрисафа Мұхамедсалыққызының өмірбаяны туралы деректер мүлдем аз. Оған қатысты жазба деректер ағартушының патша заманында және кеңес дәуірінде қуғынға ұшырап, түрмеге түскен кезеңде толтырылған архивтік құжаттар мен Бадрисафаның патша әкімшілік органдарының лауазымды тұлғаларына, сондай-ақ халықаралық Қызыл крест жанындағы «Саяси тұрғыдан қудаланушыларға көмек» (Помполит) жетекшісі Е. Пешковаға жазған хаттарынан аңғаруға болады. Ел арасында Бадрисафаның күйеуі Ахметпен бірге Торғайға келгені және оның өмірінің соңғы жылдарында Қостанай қаласында өткізгені туралы көз көрген куәгерлердің естеліктері арқылы сақталып жеткен. Оны кезінде жергілікті өлкетанушылар, А. Байтұрсынұлы ақталғанан кейін, баспа бетінен жариялады.
Бадрисафаның Томбы облысындаға айдаудан күйеуімен бірге 1934 жылы Алматыға қайтып, онда 1937 жылға дейінгі өмір сүрген кезеңі Самырат Мәшенұлы Кәкішевтің «Ахаң туралы ақиқат» кітабында толымды деректер бар. С. Кәкішев – А.Байтұрсынұлының кіші інісі Мәшеннің баласы. Тегі ағасы Кәкіштің атына жазылған. Ол 1931 жылғы ашаршылық кезеңде жетім қалып, Қостанай қаласындағы жетімдер үйінде тәрбиленеді (оның айтуынша, жетімдер үйі Пушкин, 17 мекен-жайында болған). 1934 жылы ағасы Әмір Қалиұлы оны жетімдер үйінен шығарып алып, айдаудан Алматыға оралған А. Байтұрсынұлының қолына табыстайды. Самырат Ахаңның қолында тәрбиеленіп, білім алып, теміржол техникумына оқуға түседі. Кеңес дәуірінде ол Алматы қаласындағы белгілі нысандарды салған атақты құрылысшы ретінде даңқы шығады.
С. Кәкішев – 1937 жылы А. Байтұрсынұлының екінші мәрте ұсталғанына және Бадрисафаның Қостанай өңіріне қоныс аударғанына куә болған бірден-бір кісі. Оның жазуынша, А.Байтұрсынұлы түрмеге жабылғанан кейін Қалиқызы Кәтездің (Ахметтің ағасы Қалидың қызы, Орынборда оқып, ағасының қолында тәрбие алған. Ол 1916 жылғы көтерілістің басшысы Әбдіғапар Жанбосыновтың баласы Рүстем Әбдіғаппаровқа тұрмысқа шығады. Р. Әбдіғаппаров 1937 жылы ұсталып кетеді) Алматы қаласының Жетісу көшесіндегі жертөле орналасқан пәтерін паналаған Бадрисафаға 24 сағаттың ішінде қаладан кетуге бұйрық берген. Содан ол Қалиқызы Кәтезбен бірге Қостанай өлкесіне қарай көшіп кетеді.
СЕРГЕЛДЕҢ: ӘУЛИЕКӨЛ – ҚОСТАНАЙ
С. Кәкішевтің түрмеге қамалған А. Байтұрсынұлының бостандықтағы отбасы 1937 жылы Қостанайға қарай қоныс аударғаны туралы дерегі Бадрисафаның көзін көрген кісілердің естелігі мен архивтік құжаттар дерегімен расталады. Жергілікті өлкетанушы журналист Байтұрсын Илястың жазуынша, Бадрисафаны Қостанайда өз көзімен көрген кісілердің бірі – Нұрзипа Берікбайқызы. Нұрзипа – Әулиекөл өңірінің тумасы. Оның әкесі Берікбай Жармағамбетов – Кеңестер одағының батыры Сұлтан Баймағамбетовтің немере ағасы. Баймағамбет пен Жармағамбет – бір әкеден тараған бауыр кісілер.
Кәтез алғашқы уақытта Семиозер поселкасындағы Нұрзипаның ата-анасының үйінде тұрған (шамасы бұлардың арасында туыстық қарым-қатынас болса керек – авт.), одан кейін ол 1938 жылы Қостанай қаласында тұратын ағасы Әмір Қалиұлының қасына көшіп келеді. Қостанайда Кәтез Наримановкадағы (бұрынғы Татар слабодкасы – авт.) Шәкір дейтін татар кісінің ауласындағы жеркепеде тұрады. Бұл үйге медучилище студенті Нұрзипа бір құрбысымен айт мерекесі күні қыдырып келеді. Оған сол үйдегі бейтаныс әйелді «Ахаңның бәйбішесі Бадрисафа» деп таныстырады. Тамақтан соң Бадрисафа дастарханға бата жасап, артынан құран оқиды.
Бадрисафаның Қостанайда Кәтездің үйінде тұрғанын С. Кәкішевтің жазба естелігі де айғақтайды. 1939 жылы туыстарын іздеп Қостанайға –Қалиұлы Әмірдің үйіне келген ол Кәтездің үйіндегі Падрес апасына арнайы жолығады. Сол бір тарихи кездесудің бір эпизодын С. Кәкішев былайша суреттейді: «Падрес апам Алматыны, біз тұрған Қаскелең көшесіндегі 44 нөмірлі үйді, көршілерді қазір біз тұрған пәтерде кім тұратынын сұрап жатыр. Көп сөйлестік, ұзақ сұқбаттастық... Ақырында мен: «Ахаңнан сізге хабар келген жоқ па»? - деп сұрап калдым. Ол бұл сұрақты естіп, жылап жіберді.
– Алып кеткеннен бері хабарым жок, тірі ме, әлде атып тастады ма, қалай күн көріп жүр екен, аяғы ауыра беруші еді?! – деп, Падрес апам уайым айтты.
Осы кезде Кәтез апам сөзге араласты:
– Жыламаңызшы, күнде түсімде көремін ағамды, бұрынғы кісілер айтатын, өлген кісі түске кірмеді деп, сол себепті Ахаң өлмейді, әр уақытта тірі болады, өзі өлсе де, оның аты өлмейді, халқы үшін жасаған еңбектері өлмейді, - деп жұбатты.
Сол үйде біраз күн болдым, үйлеріне бәріміз бірігіп жөндеу жүргіздік, сол жұмыс біткеннен кейін мен Алматыға қайтып кеттім».
СӨНБЕГЕН ҮМІТ ОТЫ: ҚОСТАНАЙДАН ЖОЛДАНҒАН ХАТ
Бадрисафаның Қостанайда тұрғанын нақты дәлелдейтін архивтік құжат та бар. Құжат – Бадрисафаның Қызыл крест жанындағы «Саяси тұрғыдан қудаланушыларға көмек» ұйымының жетекшісі Е. Пешковаға түрмеге қамалған күйеуі жайында хабар-ошар сұрап жазған хаты. Хатттың мазмұны мынадай (мәтіннің стилі мен орфографиясы сол күйінде сақталды): «Многоуважаемая тов. Пешкова. Я жена Байтурсунова, мой муж Ахмет Байтурсунов был опять взять в органом НКВД 15/ VIII 1937, после чего я нимогла до сего времени добиться о его положении как куда он направлен. Он известень Вам 1933 г. Вам, както спасли его от смерти вы. Он последней время болел и очень плохо чувствовал себя, я старуха больна болезней лепсемина (түсініксіз сөз, шамасы, эпилепсия болса керек - автор), также нет средство на существование. Тов. Пешкова если можно ли узнать через Вась моего мужа то сообшите по следующему адресу. г. Кустанай Назарову А. Довостребования» (сурет 1).

Сурет 1. Б.Байтұрсынованың Пешковаға жазған хатының түпнұқсасы.
Хаттың мәтінінде жазылу мерзімі көрсетілмеген, бірақ конверт сыртында «21738» деген сандар таңбаланған (сурет 2):

Фото 2. Б.Байтұрсынованың Пешковаға жазылған хатының конверті.
Осыған қарап біздер бұл хатты 38 жылдың ішінде жазылған деп пайымдауға болады. Хаттың Қостанай поштасына тіркелген мерзімі 1938 жылдың 21 шілдесі (жетінші ай) деп жобалаймыз. Бұл – бір. Екіншіден, А. Байтұрсынұлының соңғы ұсталған мерзімі, Бадрисафаның жазуынша – 1937 жылдың 15 тамызы. Үшіншіден, Қызыл крест жанындағы «Саяси тұрғыдан қудаланушыларға көмек» ұйымы Бадрисафаның хатына жауап жазады. Онда ұйымның жабылғанын, сондықтан жергілікті прокуратураға хабарласу керектігін, бұдан былай ұйымға сұрау салып хат жазбауын ескертеді Жауап хаттың жазылған мерзімі 1938 жыл деп анық көрсетілген (сурет 3).

Сурет 3. Қызыл крест жанындағы «Саяси тұрғыдан қудаланушыларға көмек» ұйымының Б.Байтұрсыноваға жазған жауап хаты.
1938 жылы Бадрисафаның түрмеге қамалып, хабар-ошарсыз кеткен отағасын іздеп Е. Пешковаға хат жазуы бізге мынадай қасіретті көлденең тартады. Аталған уақытта А. Байтұрсынұлы өмірде жоқ болатын. Зерттеушілер оған ату жазасы 1937 жылдың 8-желтоқсанында шыққан және ол дереу орындалған деп түйіндеп жүр.
Демек, Бадрисафа күйеуінің ату жазасына кесілгенінен және ол үкімнің орындалғанынан хабарсыз. Тіптен, ол жарының қайтқанын өзінің демі үзілгенше білмей кеткен болуы да мүмкін. Өйткені Ахметтің артында қалған, күні кешеге дейін көзі тірі болған ұрпақтары да атақты тұлғаның 1937 жылы атылғанын мүлдем кеш білгені мәлім.
Жүрегі жаралы, қам көңілді, аурушаң (Бадрисафа эпилепсия дертімен ауырған. 1934 жылы Томбыда айдауда жүрген А. Байтұрсынұлы жасы кіші шәкірттеріне жазған хатында Бадрисафаның ауруы қатты асқынып кеткенін хабарлайды. Бұл жағдай С. Кәкішевтің естелігінде де жазылады – авт.) кейуана отағасының қайда екенін білу үшін баяғы 1931 жылы Е.Пешковаға жазған амал-әрекетін қайталап, тағы да хат жазған еді:
«В Политический Красный крест. т. Пешковой. Москва. Мой муж Байтурсунов Ахмет Байтурсунович (казак), находящийся под стражей в Буторской тюрьме с 1930 г. до сентября ... (түсініксіз сөз – авт.) перестал написать мне и детьям письмо. А потому прошу Вашего содействия не отказать и сообщить мне: где находится муж мой Байтурсунов Ахмет настоящее время. Адрес мой: Алма-Ата, Нарынская 83. Байтурсуновой Бадрисафа. 1931 г. января 10 дня. Приложения: почт. марка дост. в 20 коп» (сурет 4).

Сурет 4. Бадрисафаның 1931 жылы Е.Пешковаға жазған хатының түпнұсқасы.
Сол хат арқылы күйеуінің 10 жылға Ақ теңіз араландағы Соловецк концлагеріне кесілгенін және онда 22 ай отырған А. Байтұрсынұлы 1932 жылы құрлықтағы Архангельскіге жер аударылып, одан Е. Пешкованың көмегімен Томбы өлкесінде айдауда жүрген өзінің қасына келгенінен хабардар еді (Бұл көріністердің архивтік деректілігі біздің «Алаш жолы және Ахмет Байтұрсынұлы» (Алматы, 2024 ж.) атты кітабымызда талданған).
Қостанайдан жолдаған хатта ол Е. Пешковадан «Ахмет Сізге бұрыннан таныс, оны кезінде бір ажалдан құтқарып едіңіз, енді тағы да көмектесіңізші», - деп жәрдем сұрайды. Өзі науқас, күнкөрісі де қиын. Бадрисафа үшін бұл баяғы 1930-1933 жылдардағы Ақаңның Мәскеу түрмесіне қамалып, Ақ теңізге айдалғаны, мұны қызы Шолпанмен бірге Сібірге айдаған зорлық-зомбылықтары тағы қайталанып жатқан сияқты үйреншікті көрініс еді. «Үйреніскен жау атыспаққа жақсы» дегендей, отағасының қайта оралатынан күдер үзбей, жүрекке сабыр беріп, көңілді үміт отымен алаулату керек. Қазақтың «Үмітсіз тек шайтан» дейтіні де осы болар? «Алтын шыққан жерді белден қаз» деген, тағы да қолы ұзын Е.Пешковаға хат жазып, қаракет етіп отыр...
1940 жылы, жоғарыда аталған кейіпкеріміз, Нұрзипа Берібайқызы Әмір баласы Назарға тұрмысқа шығады. Сол жылы Қалиұлы Әмір қарындасы Кәтезге Наримановканың Новая көшесі, 28 мекен-жайына екі бөлмелі қамыс үй соғып береді. Бұл уақытта Бадрисафа, Нұрзипаның айтуынша, Кәтездің үйінде болмаған. 1941 жылы Кәтез өкпе ауруынан қайтыс болады. Оның артында Едіге және Серік деген екі бала жетім қалады. Нұрзипаның отбасы Новая көшесіндегі Кәтездің үйіне көшіп, екі отбасы бірге тұрады. Демек, шамамен, 1940 жылдан бастап Бадрисафа Кәтездің үйінен кетіп қалған. Оның қай жаққа бет алғаны күні бүгінге дейін белгісіз.
АЛЕКСАНДРОВКАДАҒЫ МҮГЕДЕКТЕР ҮЙІ: ЖОҒАЛҒАН ІЗ
Бадрисафа Кәтездің үйіне, Нұрзипаның айтуынша, шамамен, 1943 жылы болса керек, қайта келеді. Соқа басы. Ол үй-ішіндегі кісілермен бірге Кәтезді еске алып, жылап қайғырады. Бадрисафа: «Алматыдан қағаздарымды жөндеттім. Мына жердегі Александровакада мүгедектер үйіне (Александровка – Қостанай қаласынан 45-50 шақырым жердегі село. Кезінде тұрғындары бірыңғай славян тектес халықтар болған – авт.) орналасатын болдым. Құжаттарым бірыңғайланғаша, қалада бола тұрамын», – дей келе, біраз күндер Қостанайда пәтер жалдап аялдайды.
Бадрисафаның Қостанайға қайта оралған сол бір оқиғаны естелік иесі былай баяндайды: «Бадрисафа үйге күнбе-күн келіп тұрды. Қас қарая бірақ қайтады. Соған қарағанда, бізден алыс тұрмайды. Сондай сыпайы, биязы әрі мейрімді кісі еді. Біздің кембағал тұрмысымызды көріп, бізге ауыртпалығын түсірмеймен деп, өзге пәтер жалдаған ғой.
– Байғұс қайтсын енді. Бізден басқа кімі бар. Жақыны да, жанашыры да біз болып қалдық қой. Қайран Ахмет! Кешегі Ахаңның Бадрисафасы деп кім айтар енді? Қайғы мен азаптан жүйке ауруына ұшырапты. Ұстамасы бар екен. Ешкімге салмақ салмаймын дегені ғой. Мүгедектер үйіне бармақшы, – деп әжемдер аяушылық білдіреді.
...Абысын-ажындар далада, күннің көлеңкесінде әңгіме-дүкен құрысады. Айпан әжем (Қалидың әйелі – авт.) ауырады. Ыңқыл-сыңқылды. Жасы келген. Сонда да Бадрисафаның көңілін аулайын, тарығып жүр ғой деп, өткен кеткенді еске алып, әңгімеден жалықпайды. Айпан әже үйдің іргетасына отырып, қабырғаға арқасын беріп, әзілін де қалдырмайды. Бір күні Бадрисафаны сөйлетейін деді ме:
– Осыдан қайным келеді бар ғой, өзім тиіп алам. Жас күнімде тимей қойып едім, – демесі бар ма.
Бадрисафа жерді шұқып отыр, шұқып отыр. Бір мезет мұңайған қалпымен:
– Е, шешеміз айтып отыр ғой, тием деп. Тисін, тисін!- деді. Бәрміз жарыса күлдік.
Ертеңіне Бәдрисафа келіп: «Құжат-қағаздарым дайын болды. Ертең Александровкаға кетем» – деді. Сол кеткеннен ол мол кетті. Біз оны содан былай көре алмадық», – дейді естелік иесі.
Бадрисафаның Александровкадағы мүгедектер үйін паналағаны соғыс және еңбек ардагері Бақыткерей Әбітайұлының Торғай өңірінің Қостанайға жолаушылып келген қарт кісілерінен естіп, өз қолымен жазған естелігінде баяндалады. Ол жазба біздің мұрағатымызда көп жылдардан бері сақталып келеді (Бұл естелік Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен мұрасына айрықша жарық түсіретін, архивтік мұрағаттар мен тарихи деректердің бірегей жинағына айналған «Тауқымет» (Алматы, 2024 ж.) атты кітабымызда (Зиябек Қабылдиновпен бірге жазылған) жарық көрді. Осы орайда, жинақты басып шығаруға қолдау көрсеткен «Мемлекеттік тілді дамыту институты» ұйымына (директоры – Бижомарт Қапалбек) алғысымыз шексіз).
Естеліктегі мәлімет бойынша, күйеуі Ахмет халық жауы болып ұсталғаннан кейін Бадрисафа туыстарынан пана таба алмай, 1942 жылдың жаз айларында Александровкадағы мүгедектер үйіне барып орналасады, онда ол 3-4 аптадан кейін көз жұмады.
Бадрисафаның мүрдесі қайда жерленгені бұл күнге дейін белгісіз. С. Кәкішевтің естелігіне сүйенсек, ол Қостанайға жерленген. Оның жазуынша, 1970 жылы отбасымен Қостанай қаласына келіп, Кәтез бен оның баласы Серіктің және Бадрисафаның Қостанайдағы зиратына (Наримановкадағы мұсылмандар қорымы болса керек – авт.) тағзым етеді. Қорымда кішкентай төмпешік болып, елеусіз жатқан ардақты кісінің бейітінің жай-күйіне қатты қамығады.
ТҮЙІН
Түйіндей келгенде, 1937 жылы ату жазасына кесілген А.Байтұрсынұлының қазасы ең жақын адамдарына (жұбайы, туған-туыстарына), ұзақ жылдар белгісіз болып келуі де көп нәрсені жаңаша пайымдауға итермелейді. Ел аңсарында «Мағжан, Сәкен атылмапты, лагерьде айдауда жүріпті» деген сөздер кеңестік саяси биліктің ату жазасына ұшырағандардың шындығын жұртшылықтан жасырып, бүркемелеген саясатынан туындаған деп пайымдауға болады.
Тағы бір ерекше көңіл аударатын мәселе – Бадрисафаның Е. Пешковаға жазған хаттарының жазылу таңбасы (каллиграфиясы) мен мәнері (стилі). Әр жылдары жазылған екі хаттың жазу таңбасы мен баяндау мәнері – екі түрлі. Алматыда 1931 жылы жазылған бірінші хаттың пішіні біршама көркем, мәнері жатық әрі сауатты, ал 1938 жылы Қостанайда хаттың таңбалануы мен мәнерінде қарабайырлық көрініс тапқан және стильдік те, орфографиялық та қателер бар, орысшасы да олпы-солпы. Бұған қоса, алғашқы хат орыс орфографиясының кеңестік дәуірде өзгерген үлгісінде, яғни қатаң дыбысты білдіретін «ъ» таңбасын қолданбайтын тәртіппен жазылса, екіншісінде ескі үлгі ішінара қолданылған. Екі хаттың қайсысы Бадрисафаның өз қолымен жазылғанын нақты айқындау қиын.
Бадрисафа туралы ел арасында сақталған естеліктердегі көңіл аударатын бір мәселе – оның құран сүрелерін, қазақтың дәстүрін жақсы білетін кісі екендігі. Қазақтың діни және ғұрыптық дәстүрінде құран сүрелері мен аяттарын тәуір білетін, дінге жақын кісіге құран оқу құзыры берілетіні және қайтқан кісінің орнына келіп көңіл айту – қалыптасқан үлгі.
Байтұрсын келіні Бадрисафаның қайда жерленгені туралы мәселе де әлі толық жауабын таппай келеді. Бұл орайда, біздер С. Кәкішевтің 1970 жылы Қостанайдағы Бадрисафа бейітіне, сондай-ақ Кәтез бен оның баласы Серіктің зиратына тағзым етуі – айғақтық тұрғыдан маңызды дерек деп санаймыз. Бұл көрініс Бадрисафаның Қостанай қаласының Наримановка бөлігіндегі мұсылмандар қорымына жерленгенін білдірсе керек.
Наримановка – ау бастағы Қостанай қаласының сырты. Қаланың орны Ресейдің ішкі бөлігінен қоныс аударушы перлеслендерге қос сайдың –«Қостанай өткелі» (переселендер кейін «Ордабай-сай» деп атайды) мен «Әбіл-сай» арасына белгіленіп, онда арнайы тұрған жайлар салынған кезеңде, Әбіл-сайдың сыртына орналасқан татар және өзге мұсылман жұртының қонысы «Татар слабодкасы» деп аталады. Мұнда кешегі күнге дейін «Казахская улица» деген көше болған. Александровкадағы мүгедектер үйінде қайтыс болған Бадрисафаның мүрдесі жақын туыстары тұратын Қостанай қаласына әкеліп жерленуі шындыққа жанасатын сынды.
Қорыта келгенде, ахметтанушылар алдағы уақытта аталған мәселелерге көңіл аударады деп есептейміз. Бұл өз кезегінде тың таным-пайымдарға жол ашуы әбден мүмкін.
Алмасбек Әбсадық,
филология ғылымдарының докторы
Abai.kz