Нұрзами
2005 жылы 12 қарашада Заманбек Қалабайұлына қастандық жасалды. Бiтiм-болмысы бөлек қайраткерден сескенгендер оның жер басып жүргенiнен өлердей қорықты. Сөйттi де...
"Мен кәсiби аудармашы немесе қазақтың қара сөзiнiң ұстасы, танымал ақын иә жазушы емеспiн. Сiздiң қолыңыздағы бұл кiтапты - Шығыстың ұлы шайырларын өзiмше қазақ тiлiнде сөйлетсем деген арман-тiлектен, iзгi ниеттен ғана туған талпыныстың жемiсi деп бiлсеңiз екен...", - деп бастап алғысөз жазыпты Зәкең "Шығыс жыры. Орыс жыры. Шындық жыры" деп аталатын кiтабына.
Атауы айтып тұрғандай, кiтаптың шығыс жыры бөлiмiне Хафиздiң, Әбу-әт-Тайип әл-Мүтәнәббидiң, Әбу-әл-Атахияның, Омар Хайамның, Саадидiң, тағы басқа шығыс шайырларының ғазалдарын аударып жариялаған. "Орыс жыры" бөлiмiне А.Пушкин, М.Лермонтов, Н.Гумилев, И.Северянин, А.Феттiң жырларын басыпты. Ал ендi "Шындық жырына" Зәкең өз өлеңдерiн топтастырыпты.
2005 жылы 12 қарашада Заманбек Қалабайұлына қастандық жасалды. Бiтiм-болмысы бөлек қайраткерден сескенгендер оның жер басып жүргенiнен өлердей қорықты. Сөйттi де...
"Мен кәсiби аудармашы немесе қазақтың қара сөзiнiң ұстасы, танымал ақын иә жазушы емеспiн. Сiздiң қолыңыздағы бұл кiтапты - Шығыстың ұлы шайырларын өзiмше қазақ тiлiнде сөйлетсем деген арман-тiлектен, iзгi ниеттен ғана туған талпыныстың жемiсi деп бiлсеңiз екен...", - деп бастап алғысөз жазыпты Зәкең "Шығыс жыры. Орыс жыры. Шындық жыры" деп аталатын кiтабына.
Атауы айтып тұрғандай, кiтаптың шығыс жыры бөлiмiне Хафиздiң, Әбу-әт-Тайип әл-Мүтәнәббидiң, Әбу-әл-Атахияның, Омар Хайамның, Саадидiң, тағы басқа шығыс шайырларының ғазалдарын аударып жариялаған. "Орыс жыры" бөлiмiне А.Пушкин, М.Лермонтов, Н.Гумилев, И.Северянин, А.Феттiң жырларын басыпты. Ал ендi "Шындық жырына" Зәкең өз өлеңдерiн топтастырыпты.
Зәкеңнiң шығыс шайырларына елiткенi соншалық: "Хафиз Ширазидiң, Омар Хайамның Саадидiң, тағы басқа шайырлардың ғазалдары мен бәйiттерiн қайталап оқи беретiн болдым. Олардың жырларындағы құдiреттi күштi тұла бойыммен сезiндiм. Бұл жырлардағы өмiрге деген шексiз махаббат, аруларға деген мөп-мөлдiр сүйiспеншiлiк, сол дәуiрдегi халықтың тұрмыс-тiршiлiгi, ел билеген шаһтардың әдiлетсiздiгi, қым-қуыт көрiнiстер XXI ғасырда өмiр сүрiп отырған менi қатты толғандырып, әртүрлi ойға жетелейтiн...
...Тiптi күндiз-түнi Шығыс жырларынсыз өмiр сүре алмайтын халге жеттiм. Шынымды айтсам, мен Шығыс жырларына, оны өмiрге әкелген Шығыс шайырларына бiр кiсiдей табындым. Сөйтiп оларды қазақша сөйлетуге кiрiстiм", - деп жазыпты да, Заманбек Нұрқадiлов (Нұрзами) деп қол қойыпты.
Бұл кiтап 2005 жылы, Зәкеңнiң көзiнiң тiрiсiнде шықты. Яғни Зәкең мәлiмдемелерiндегi, сұхбаттарындағы айтылмай қалған дүниелердi өлең етiп қағазға түсiргенi, кейiн оны кiтап етiп шығарғаны анық. Кәсiби аудармашы немесе қазақтың қара сөзiнiң ұстасы емес екенiн өзi де айтады Зәкең. Аудармалар мен өз өлеңдерiне бағаны оқырман әлдеқашан берiп қойған. Бiздiң тоқталмағымыз - Зәкеңнiң шығармашылығының сапасы емес, өлеңдерiндегi көңiл-күйi.
Хафиздiң бiр өлеңiн ол былай деп аударыпты:
"Iзгiлiктiң сиқыры" жаулап алса денеңдi.
Ойламассың ешқашан "зұлымдық бар" дегендi...
...Хафиз саған оқ тидi, өлiп қалма мазақтан,
Мерт боласың, байқа сен, көздеп атқан садақтан!
Мұнымен Зәкеңнiң ненi айтқысы келгенi түсiнiктi. Әлденеден секемденетiндей. Байқасаңыз, Зәкең Хафиздiң өлеңдерiнен өзiне тән көп нәрсе алған сияқты. Махаббат, жастыққа мастық, шарап, зұлымдық... Мәселен, тағы бiр өлеңiнде былай дейдi:
...Барлық қайғы iшiмде, бiрақ биiк шоқтығым,
Құр айғаймен айтпайды:
бақыттың бар, жоқтығын.
Iшшi, Хафиз, шарапты!
Кездеспейтiн шығарсың...
Iшкiш десе әмiрiң, қайда өзiңдi тығарсың!
Заманбек Қалабайұлын "iшкiш" дегендер табыла кеттi кезiнде. Сөйтiп айтсақ, жағып қаламыз ба дөкейге деген бақай есеппен. Өзi жетелеп жүрiп өсiрген адамдары ту сыртынан пышақ ұрды. Батыр да - пенде. Хафиздiң "шарапқа толы" ғазалдарын ынты-шынтысымен ұнатуында бiр сыр бар шығар, бәлкiм.
Ал ендi Әбу-әт-Тайиб әл-Мүтәннаббидiң Зәкең аударған мына өлеңiне назар салыңыз:
Ел-жұртымның ойы өлсе, қайғырмауым керек пе?
Бар дәулетi өтiп кеткен, есте қалар дерек пе?
Тек патшаға сиынады, бас иедi көпшiлiк -
Шетелдiктер байып алған, тек арабта жоқшылық...
Бұдан не түйдiңiз? Зәкең шығыс шайырының жырын мысал етiп, өз қоғамының дертiн сөз етiп отыр емес пе?
Ал Зәкеңнiң мына өлеңмен не айтқысы келгенi жұмбақ болмаса керек-тi:
...Ақылсызбен жынды адамша
мен сөйлесiп байқадым,
Ол сорлыны мен қалайша
адамсың деп айтамын.
Құпиясы айтыла ма,
шындық айтсаң көзiне,
Шындық түбi зиян болар,
кек боп қайтар өзiңе.
Шындықты айтқаны, оның өзiне кек боп қайтқаны да - ақиқат.
Зәкеңнiң шығыс шайырларын ермек үшiн аудармағаны анық. Аласұрған көңiлiне аудармамен "сап-сап" айтты. Асау ашуына "тәк-тәк" дедi. Мәселен, Бхартрихаридiң әдiлетсiз патша туралы бiр өлеңiн былай аударыпты Зәкең:
Патшалардың қылықтары - теңдес
кәззап сайқалға,
Айналдырған былықтарын
өтiрiк-шынды айқайға.
Жаны жұмсақ бола қалып,
жауыздығын жасырар,
Жуындысын төге салып, одан пайда асырар.
Көз алдайтын сөз дегенi, бiр сөзiнде тұрмауы,
Мақсаты мен көздегенi - қазынаны ұрлауы...
Қастандық жасалардан төрт ай бұрын әлдебiр шаруамен Зәкеңнiң үйiне барғанымда дәл осы өлеңдi өзi оқып берген-дi. Сосын көзiлдiрiк үстiнен iсiңкi қысық көзiн сығырайта сынап қарап, былай деп едi: "Әй, бала, мына өлеңнен кiмдi көрiп тұрсың? Көне замандағы үндiнiң ақыны сынаған сайқал патшалар әлi де бар! Солай ма?..".
"Шындық жырындағы" Зәкеңнiң өз өлеңдерiнен оның "бiрде - көл, бiрде - шөл" мiнезiн анық көруге болады. Бас-аяғы отыз өлеңнiң он шақтысын Жанулясы (Мақпал Жүнiсова) мен қызы Мерейге арнаған. Бұдан Зәкеңнiң сезiмталдығын байқаймыз. Ал ендi Мұқағалиға елiктеп жазған "Мен таулықпын!" деген өлеңiнен кеудесiн ешкiмге басқызбайтын өрлiктi, биiктiктi көремiз.
Мен таулықпын, таулықпын,
Таутекедей тағымын.
Хан Тәңiрi саясы тау бiткеннiң тәжiмiн..,
- дейдi Зәкең.
Достыққа адалдығы, сенген адамына жүрегiн суырып беруге даяр аңғалдығы тағы бар. Мұнысы ақын Серiк Тұрғынбековке арнап жазған мына өлеңiнен көрiнедi:
Менен кей жұрт сұрайды: "Жақының кiм ерiктi?"
Айтар едiм жақын деп - Тұрғынбеков Серiктi.
Кейде менен сұрайды: "Ақының кiм көрiктi?"
Айтар едiм ақынды - Тұрғынбеков Серiктi...
Құдыққа құлаған құланның құлағында құрбақа боп ойнағысы келгендерге Зәкең былай деп өлең арнапты:
Бiр ешкiнi айтып ем жәдiгөй деп,
Екiншi ешкi - құрбандық заты "қой" деп.
Менi ақымақ деп айтты сұрқиялар,
Ұқсатып ақ ешкiге атын "жой" деп.
Менi ұқсатты ешкiге зәбiр көрген.
Жығылмаймын ешқашан! Дәуiр көргем!
Егер де мен Заманбек болып тусам,
Былғатпаймын атымды Тәңiр берген!
Заманбек Қалабайұлына қастандық жасатқандар оның атын жоюды мақсат еттi. Бiрақ ол мақсаттарына жете алған жоқ. Өздерi масқара болды. Қарғыс арқалады. Күлкiге қалды. Әсiресе, сол кезде қолымен өт көсеген iшкi iстер министрi Бауыржан Мұхамеджанов.
Өзi айтқандай, Зәкең Тәңiр берген атын былғатқан жоқ. Керiсiнше, Зәкеңнiң атын былғамақ болғандардың өзi былғанды. Қолдарын қандады...
Мұндайларға берер баға Нұрзамидiң (Нұрқадiлов Заманбек) мына өлеңi:
Заманбекпiн, ешкiм де жоя алмайтын.
Мен де қазақ, әзiрше оянбайтын.
Бұл елде нақұрыстар көбейгенi,
Бәрiн сатып, алтынға тоя алмайтын
Ау, жалған! Бұл не деген бақытсыздық?!
Бағдар - алдан, жолымыз - бағытсыздық?..
Немiзге бiз тойындық, iшiп жедiк,
Құры сөз - жуындыдай құйған тұздық...
"Партия қуған өңкей қырт" (Шәкәрiм) пен "бейiлi шикi, ақылы күйкiлердi" (Абай) көргенде Заманбегiн сағынады жұрт. "Зәкең тiрi болса, мынаған қасқайып қарсы шығар едi-ау...", "Зәкең сияқты тiлiп сөйлейтiн ешкiм қалмады ғой..." дегендi жиi айтады оның көзiн көргендер. Жесiрi Мақпалдың: "Зәкеңдi ұмыттыңдар"!" - деп бiр кездегi Зәкеңнiң серiктерiне және халқына өкпе айтатын жөнi бар. Заманбектiң туған күнi мен өлген күнiнде оны еске алатындар баршылық қой. Бiрақ мұндай арыс азаматты, биiк тұлғаны халық болып жоқтай алмай жатырмыз. Ол туралы жазатын басылымдар да санаулы. Тәуелдiлер оған тәуекел ете алмайды. Iркес-тiркес жасалған жауыздықтар жасытып тастаған ба, мынау жұртты. Марғаулық басым, әйтеуiр.
Зәкеңнiң көзi тiрiсiнде де бүгiнгi билiкке, қоғамға көңiлi толған емес. Өлгенде де "терiс қарап" жатыр - ескерткiш мүсiнi бiр кездерi өзi билiк құрған Алматыға емес, Алатаудың биiк шыңына қарап тұр...
Ерік Рахым
«Жас Алаш» газеті