Лукашенко Украинаға шабуыл жасай ма?
Путин мен Лукашенко тағы да кездесті. Бейресми кездесу бес сағатқа созылды. Соңғы айларда екі ел басшыларының кездесуі артты.
Лукашенко өзін Украина соғысында екі тарапты татуластырушы сипатта көрсетуге тырысса да, ол агрессордың бірі екенін Батыс елдері де, Киев те жақсы біледі. Беларусь аумағы Украина жеріне шабуыл жасау мақсатында қолданылуда. Ресей ұшақтары Беларусь әуежайлары арқылы ұшып, Беларусь жеріндегі Ресейдің зымыран кешендері Украина қалаларын атқылаумен келеді. Украина жеріне жасалған зымыран соққысының 40 пайызы Беларусь аумағынан жасалған.
Алайда Лукашенко бұл ақпараттың барлығын ысырып тастап, Минск Киев пен Мәскеуді татуластыра алады дегенді айтуда. Тіпті Ресей мен Украина арасындағы алғашқы келіссөздер Беларусь жерінде өтті және оны Лукашенко билігі өзінің бір жетістігі ретінде сипаттауға тырысты. Дей-тұра Батыс агрессорға жерін шабуыл жасауға табыстай отырып, келіссөз жүргізудемін дегенге сенбесі анық. Сенбеді де. Сөйтіп Лукашенко билігіне де жойқын санкцияларды сала бастады.
Сарапшылар Путиннің Беларусь басшысын кездесулерге жиі шақыруы, Беларусьты соғысқа ашық араластыруға үгіттеу мақсатында деп есептейді. Батыстық тәуелсіз тілшілердің ақпаратына сенетін болсақ, Беларусь соғысқа ақпан айында араласуға тиіс еді. Алайда Лукашенко ол қадамға бармады. Ресей әскерінің Киев, Сум бағытындағы жеңілісінің бір себебі де осы дейді олар. Ендігі таңда Ресей әскері Украина шығысында шабуылды үдетіп, Луганск және Донецк облыстарын толық басып алуға талпынуда. Ал Украина әскері жойқын қарсылық танытуда. Украина әскерін басқа бағытқа бөлу мақсатында Беларусьтың соғысқа ашық араласуы Мәскеу үшін аса маңызды мәселелердің бірі.
Соңғы аптада Беларусь әскерінің Украина шекарасына топтасуы іске асты. Украина бұл бағыттан шабуыл болу ықтималдығын жоғары бағалап, іске асуы мүмкін шабуылды тойтару үшін 20 мың әскер топтастырды. Ал Минск "Украина тарапынан шабуыл болуы мүмкін" деген ақылға қонбайтын ақпаратты аудиториясына таратып әлек.
23 мамыр күні Путин мен Лукашенко Сочиде жабық есік форматында Украина соғысын талқылағаны анық. Ал ашық форматта "Одақтас мемлекет" аясындағы жоспарларын бір пысықтады. Әңгіменің әлқиссасы екі елдің де құлдырап бара жатқан экономикасына арналды.
"Ресей экономикасының дамығаны өте маңызды. Біздің одағымызда экономикамыз қуатты болу үстінде. Жұмыссыздық пен инфляцияны қараңызшы. Ол өте аз. Жұмыссыздық азайып келеді. Бұл біз үшін өте жақсы. Рубль тіпті ғарыштық жылдамдықпен нығаю үстінде. Күтпеген жағдайлар болып жатыр. Батыс күтпеген жағдайларды айтамын. Біз осылай боларын білдік қой. Біз үшін бұл мүмкіндіктер кезеңі. Олар бізді экономикамызды қуатты етуге итермелегенін өздері де түсінбейді", - дейді Лукашенко.
Ол тіпті Украинаның батысын Польша тартып алуы мүмкін дегенді де айтты.
"Украинада күтпеген қызық жағдайлар болып жатыр. Сіз оны жақсы білесіз ғой. Мені және сізді, яғни саясаткерлерді алаңдатуы тиіс жайттарды айтамын. Олар Украинаны бөлшектеу әрекеттерін бастаған сыңайлы. Натолықтар мен поляктар 1939 жылғыдай Украинаның батысын бөліп алуы мүмкін. Бұл бізді қауіпсіздік тұрғысынан алаңдатып отыр. Өйткені бұл олардың батыс Беларусьқа қатысты да стратегиясы ғой. Сондықтан біз сақ отырмыз. Осыған дейін айтқанымдай, украиндықтар бізге әлі батыс аймағын сақтап қалу бойынша өтініш айтатын болады", - дейді ол. Беларусь басшысы Путин Украинаны бөлшектеуді 24 ақпанда бастап кеткенін ұмытып кеткен сыңайлы.
Abai.kz