Сәрсенбі, 10 Тамыз 2022
Ақмылтық 1543 5 пікір 25 Мамыр, 2022 сағат 12:25

Кешіге беретін көш

Біздегі көп ағайын саяси процестің жай-жапсарын біле бермейтін сияқты. Бір ғана мысал келтірейінші.

Осы күндері әлеуметтік желілерде: «Мен, Қазақстан Республикасының пәленше деген азаматы, Конституциядағы тілге қатысты мына бапты алып тастауды талап етемін», - деп жазып, ол посттарды таратушылар көбейіп кетті.

Сөз жоқ, азаматтық белсенділікті, оның ішінде, тілімізге деген сый-құрметті танытудың еш әбестігі жоқ. Жаза берсін! Талап ете берсін!

Бірақ, мұның бәрі Абайдың «қолымды мезгілінен кеш сермедіміне» келмей ме?

Өйткені, Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі 5 маусымда өткізілетін референдумға ұсынылатын баптардың тізімі баяғыда-ақ бекітіліп қойды! Ол президенттің тиісті Жарлығы мен Орталық сайлау комиссиясының шешімінде тайға таңба басқандай жазылған.

Бір сөзбен айтқанда, болар іс болды, бояуы сіңді, 5 маусымға дейін ол баптарды ешкім де өзгерте алмайды! Құқықтық тұрғыдан алғанда, әлеуметтік желілердегі бұл челлендж бір айға кешігіп қалды.

Біз ылғи да кешігіп жүреміз!

2019 президент сайлауынан кейін өзін оппозиция санайтын күштер мен тұлғалар бір бағдарлама төңірегінде бірігіп, бірегей ұйым құрып алуы керек еді. Сол кезде биліктің өзі ресми түрде мойындаған 16,2 процент бүгінде еселенер еді де, біріккен демократиялық партия парламент төрінде отыра алатындай қауқарға жететін. Және де ол бірегей күшті билік амалсыздан мойындауға мәжбүр болар еді.

Біз болсақ, үш жылға кешіктік.

Енді, міне, бір-бірімен таласып, тармасып партиялар құрыла бастады. Сөз жоқ, партиялардың көп болғаны жақсы.

Бірақ, біздің жағдай бөлектеу: билік партиясы саяси монополияны қолдан бергісі келмейді, сондықтан да оған қарсы күштер бірікпесе, бәрі далбаса боп шығады!

Біздегі кейбір саясаткерлердің миға сыймайтын әрі қисынға келіңкіремейтін орынсыз амбицияларын ескерсек, өзін оппозиция санайтын ол партиялар ертеңгі сайлауда билік партиясымен емес, бір-бірімен қырық пышақ болып, қырылысып, айтысып, таласып, бір-бірін қаралап, күйелеп, жеңісті қолдан беріп қояды. Сөйтіп, нәтижесінде сайлау заңнамасындағы парламентке өту үшін қажет 7 процентке де жете алмай қалуы әбден ықтимал (биліктің де діттегені сол болар).

Референдумға да кешіктік.

Конституцияға енгізілетін өзгерістер ұсынылған күні-ақ, өзін демократ санайтын барша қауым жиналып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, қазірде әлеуметтік желілерді кезіп жүрген орынды ұсыныстарды жинақтап, талқылап, бекітіп, ортақ талабы ретінде билікке ұсынуы керек еді. «Қабылдамасаңдар, заңды түрде наразылық танытамыз!», - деп мінез көрсету де керек еді.

Тағы да ұйықтап қалдық.

Дәлірек айтсақ, өзін демократ санайтын саяси күштер мен тұлғалар бір-бірін көре алмай, пендешілік танытып, тағы да саяси процестің соңында қалды!

Тағы да кешіктік.

Партиялар демекші, олардың идеологиясы әртүрлі болады.

Қарап отырсақ, бірқатар топ пен танымал тұлғалар орыс тілінің сойылын соғып, Совет заманынан қалған, Тәуелсіз Қазақстанға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын құндылықтарды қайта жаңғыртқысы келетін сықылды. Отаршылдықтың иісі бұрқырап отырған ұрандарды көтеріп, партиялар құрғалы жатыр. Мұның өзі қоғамның ашу-ызасын тудырып, дүйім жұрттың шамына тиюде.

Ал ежелден келе жатқан ұлттық-демократиялық күштер әлі де шашыраңқы, сол баяғы «жұлдыз ауруы» мен күншілдік секілді әмбебап сырқат әбден дендеген. Қит етсе болды, бір-бірін жамандап шыға келеді.

Ұлт пен демократия құндылықтарын қолдаған күштердің бірігіп, бір партия құратын уақыты келді емес пе? Электоралдық тұрғыдан алғанда, ондай күшке тең келер басқа күш болмайды да!

Алда сайлаулар келе жатыр: екі жылдан соң президентті, одан кейін парламентті сайлап алуымыз керек.

Тағы да кешігіп қаламыз ба?

Неге біздің демократияның көші кешіге береді?

Әміржан Қосан

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Алашорда

Алаш-арман

Бейбіт Қойшыбаев  1785
Білгенге маржан

Хилда Хукхэм және Ұлы қолбасшылар

Бейсенғазы Ұлықбек 1745
Әдебиет

Түс

Ерғали Бақаш 1652
Әне, көрдің бе?

Архимед кімді қорғаштайды?

Жайберген Болатов 2674