Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Құйылсын көшің 4625 2 пікір 25 Мамыр, 2022 сағат 12:58

Атасының аманаты

Наурыздың 10-ы күні жаңа жұмыс орныма жете бергенімде қоңырау шыр ете түсіп, тұтқаның арғы жағынан күңгірлеген таныс дауыс: «Қайдасың? Жаңа жұмыс орныңа барып, құттықтап шығам, сонымен бірге азырақ бұйымтайым бар», - деді.

Келістік. Уәделі уақытта Моңғолиядан қозғалған Қазақ көшін бастаушылардың бірі, ұзақ жыл Талдықорғанда көші-қон саласында еңбек еткен журналист, қоғам қайраткері Құрметбек Сансызбайұлы ағамыздың төбесі көрінді . Аман-саулық сұрасып, құттықтауды аяқтаған соң қолыма бір папкі ұстатып жатып: «Мына бала әрі-бері сандалып, қиналып жүр. Талай адамға көмектескеніңді әлеуметтік желіден оқып, жерлестеріңнен естіп жүрмін. Бір келсе - сенің қолыңнан келер», - деп салмақ сала сөйледі.

«Жазған құлда жазық бар ма» дегендей ағамыз ат үстінде жүргенде бұл кісімен досым Рақым Айыпұлы арқылы танысып, силасып кеткенбіз. Сексеннен асқан әке-шешем, Нәбижан Мұқаметқанұлы ағамыздың әкесінің отбасы, Сәулен Тоққазы досымыздың шешесінің отбасы 2000-шы жылдардың басында қотарыла көшіп келгенде, осы кісінің арқасында облыстың көші-қон квотасын алған едік. «Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі қалай ауыздан кетсін?!», оның үстіне қара бастың емес, бейтаныс қандастың қамымен келіп тұрса?.. Әрине, әміріңізге құлдық дейміз.

Сонымен бұйымтайға келсек, ҚХР-дың Алтай қаласында зейнетке шыққан Мұқаш Кебекбайұлы деген ақсақалдың екі ұл, бір қызы атамекенге қоныс аударып, жер жаннаты Жетісуға ірге қалайды. Өзі де заманның тыныш кезінде келіп-кетіп жүреді. 2013 жылы қара шаңыраққа ие болып отырған кенже ұлы Нұрболат Мұқаш мезгілсіз дүние салып, немересі Еділ Нұрболатұлы жетімдік қамытын киеді. Менталитеті өзгере бастаған жас келін өз жолына түседі. Қара шаңыраққа ие болып отырған Нұрболаттан қалған жалғыз тұяқты жетілдіріп, қатарға қосу ақсақалдың бар уайымына айналады. Өйткені көп көріп, көп жасаған қария заманның неге беталғанын сезген-ді. Адам айтса нанғысыз бюрократиялық кедергілерді жеңіп, жеке құжаттарын рәсімдеп, мектеп жасына таяған Еділді үлкен ұлы Толқын Мұқаштың қолына әкеліп табыстайды. Енді өзім көшіп келем деп жүргенде, Шыңжаңдағы саясат өзгеріп, қолындағы паспортын жиып алады, мұның соңы пандемияға ұласып шекара жабылады.

Бұл кезде қара шаңырақтың иесі, болашақ атасының аманаты да есейіп-ержетеді. Биылғы ҰБТ-ға тіркелу үшін құжатын іздесе, сандықтың түбінде тапжылмай жатқан Қытай төлқұжатының мерзімі 2018 жылы тамыз айында өтіп кеткен екен. Қазақи жайбасарлық деген осы ғой! Жайшылықта жайбарақат жүріп, әбден тақамаға келгенде жанталасамыз . Сонымен жан-жақта анталап жүрген тілі тәтті, көмейі ұзын делдалдардың жемсауына барып ұрынамыз. Құрекеңнің айтуынша, атасының аманаты болған «баланың паспортын ұзартып берем» деп, біраз делдал бұл отбасыны сүлікше сорыпты. Ақыры айналып келіп, қандастар мәселесімен кешенді айналысып жүрген Құрметбек мырзаға жолыққан екен. Ол кісі бізге міндеттеді. Біз «арық айтып, семіз шығуға» тырыстық. Әуелі, Қытай консулының қызметкерлеріне «аманат баланың» құжаттарын жіберіп, соңынан құзау салдық. Қытай жергі жергілікті үкіметімен хабарласып, қатысты құжаттарды анықтаған консулдық қызметкерлері аптаның басында Толқын Мұқаш мырзаға хабарласып, мамырдың 18-і күні Еділдің өзін ертіп келіп, керекті анкеталарды толтырып, паспортын жаңалауға өтініш өткізуді ұқтырыпты.

Еділ Нұрболатұлының паспортының мерзімінің 2018 жылы тамызда аяқтағанын жоғарыда айттық. Ал, ол жылдарда ШҰАР-да саяси атмосфера өзгеше болатын, шетелге шыққандардың төлқұжатын,ықтияр хатын жинап алып, алдын саяси үйренуге (лагерге) кіргізген. Бөлініп-жарылған отбасылардың мүшелері үрей құшағында еді. Ал біздегі қоғамдық желінің батырлары бет қаратпай, айдарынан жел есіп тұрған, күн сайын үндеу жариялап, апта аралап баспасөз мәслихатын өткізіп, ел аралап жылу жинайтын. Қытайдағы қандастардың тағдыры талқыға түсіп жатқанда, ҚР Әділет минстрлігіне заңды тіркелген «Жебеу» қоғамдық бірлестігі 18 кісілік делегацияны бастап барып, Пекин, Үрімші қалаларында лауазымды тұлғалармен кезігіп, осыған дейін екі ел басшылары қол қойған дипломатиялық және халықаралық келісімшарттар негізінде қордаланған мәселелерді үшінші елді араластырмай шешуді ұсынды. Сол сапардан келген соң арнаулы баспасөз мәслихатын өткізді әрі төлқұжатының мерзімі өтіп кетіп, қиналып жүрген 24 адамның, одан кейін 80 адамның құжатын Қытай консулына өткізіп, жаңартып берді. Осы барыста қандастармен және делдалдармен байланысқа шыққан «Жебеу» порталының редакторы Тұрдыбек Құрметқанұлы барлық құжаттарды тегін дайындаса,қазіргі «Жебеудің» бас хатшысы Құрмет Қадырғазыұлы барлық арыздар мен өтініштерді қытай тіліне демалыс уақытын пайдаланып, ақысыз аударды. Ұйымдасқан ат төбеліндей топтың ақылшылары мен атамандары, сауатсыз жандайшаптары менің, Тұрдыбек Құрметқанұлының жеке басына арсыздықпен шабуыл жасап, өсек-аяң таратты. Алла жаратқан тәнімізді сөз қылып, жанымызды ауыртты. Әлеуметтік желіде неше түрлі топ құрып, психикалық қысым жасағанда жаңағы паспорт иелері мен олардан ақша алып жүрген делдалдар үнсіз қалды. Қазір бәрі ұмыт болып барады, бірақ біз жасымай, жабықпай, алға жылжып келеміз. Қандастар куәлігі өтіп кетіп, мыңдаған адам азаматтық ала алмай қиналғанда, Abai.kz порталымен бірлесе отырып Үкіметке, Парламентке үндеу жариялап, осы істің оңды шешілуіне мұрындық болдық. Пандемия кезінде қалалық 12 аурухана мен Әуезов ауданындағы 137 мектептегі отбасылық жағдайы төмен оқушыларға екі милион теңгеден артық қаражат бөлдік. Барлық істе тірегіміз –мемлекет, сүйенеріміз - халық болды.

Қазақ көші жалғасып жатыр. Кемелденіп келеді. Аз-кем көші-қонды атақ шығарып, ақша табудың төте жолы деп білетін популистер әлі де бар. Бірақ көбі әшкере болып, қатардан шығып жатыр. «Орнында бар оңалар» деген осы. Қара шаңырақтың иесі Еділ Нұрболатұлы Алла бұйырса жаңа паспорттын алған соң азаматтыққа өтініш береді. Оған еш кедергі жоқ. «Жаңа Қазақстанның» бір азаматы атанады. Алда ҰБТ күтіп тұр, жоғары оқу орнын бітірсе, теңін тауып қара шаңырақтың жаңа отауын көтереді. Дәстүрдің жалғастығы, бабалар аманының іске асуы деп осыны айтамыз.

Империялар бөліп алған Қазақияның бірігу үдерісі басталғалы отыз жыл болды. Табысымыз толағай, кемшілік пен әттеген-ай да жоқ емес. Бұл қоғамның даму заңдылығы, әр заман көшінің тарихы, әулеттің тіпті, әр жеке тұлғаның тағдыры.  Нәзік те күрделі құбылыс. Оның тереңіне бойлап, қатпарына үңілуіміз лазым! Қағанат пен ұлыстың, ұлттың шежіресі соған негізделіп жазылады, кейінгілер ғибрат алады. Біз осы тарихи миссияларға бір жағынан қатысып, бір жағынан куә болып отырмыз, соған шүкіршілік етейік!

Омарәлі Әділбекұлы

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2051