Бейсенбі, 2 Қазан 2025
Алаң 167 0 пікір 2 Қазан, 2025 сағат 15:54

Қаныбектің қалтасынан шығарған «қағидаты» қандастарға жарамайды!

Суреттер: abai.kz және dalanews.kz сайттарынан алынды.

ҚР Оқу-ағарту министрі Ж.Д. Сүлейменованың назарына!

«Білім туралы» Заңының 66-бабында шет елдегі қазақ диаспорасының білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыру туралы арнайы үш норма бар.

Соның бірінші бөлігінде «Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдардың Қазақстан Республикасында білім алуға құқығы бар», - деп анық жазылған.

Енді осы нормаға сай, оны орындаудың қағидаты болуы керек қой.

«Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктердің және азаматтығы жоқ тұлғалардың мектепалды, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім алу ережесін бекіту туралы» сол қағидат Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің 2010 жылғы 28 қыркүйектегі №468 Бұйрығымен бекітіліпті.

Осы қағидат бойынша, 16 жасқа дейінгі балалардың ата-аналары немесе заңды өкілдері шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар оқуға жолдама алғаннан кейін білім беру ұйымына қағаз тасымалдағыш түрінде келесі құжаттарды тапсырады:

1) ата-аналардың немесе басқа заңды өкілдердің 3-қосымшасының нысанына сәйкес өтініш;

2) шетелдік және азаматтығы жоқ көрсетілетін қызметті алушылар өздерінің мәртебесін айқындайтын, тұрғылықты жері бойынша тіркелгені туралы белгісі бар мынадай құжаттардың бірін ұсынады:

шетелдік – шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты;

азаматтығы жоқ адам – азаматтығы жоқ адамның жеке куәлігі;

босқын – босқын куәлігі;

пана іздеуші – пана іздеуші адамның куәлігі;

қандас – қандас куәлігі.

Енді осы қағидат пен жоғарыдағы біз атап көрсеткен «Білім туралы» Заңының 66-бабының бірінші тармағындағы норманы салыстырып көріңізші!

Заңда «Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдардың» деп жазылса, ал анау қағидатта «Қандас – Қандас куәлігі» деп тұр.

Білесіздер, Қағидат – Заңның негізінде жасалады.

Ал, мына екеуі – мүлде екі басқа ұғым.

Біріне бірі сәйкес келіп тұрған жоқ!

Бір сөзбен айтқанда, кезінде – 2010 жылғы 28 қыркүйекте сол кездегі Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың қолы қойылып, №468 Бұйрықпен бекітілген қағидат өте сауатсыз жасалған.

Бүгінгі таңда аталған қағидат шет елдерден келіп, Қазақстаннан білім алғысы келетін қазақ диаспорасының оқуға түсуін қиындатып отыр.

Әр жылы жаңа маусым басталғанда, шеттен келген ағайындар балаларын мектепке түсіре алмай, көп сабылады. Былтыр тіпті шу болды.

Мектепке барса, мектеп аудандық Оқу-ағарту бөлімі мен Оқу-ағарту департаментіне сілтейді.

Оқу-ағарту бөлімі мен Оқу-ағарту департаменті: «Қандас» куәлігін ал деп, кері қайтарады.

Сосын, амалы таусылған, тауы шағылған ол байқұстар маған – Ауыт Мұқибекке хабарласып, көмек сұрайды.

«Заңда «Қандас» деген ұғым жоқ, «Білім туралы» Заңының 66-бабының бірінші бөлігінде «ұлты қазақ адамдар» деп тұр ғой, Сіздер шеттен білім алу мақсатында келген ұлты қазақ балалардың заңды құқығын таптап отырсыңдар!», - деп мен шығам...

Қойшы, сөйтіп шулатып жүріп, былтыр біраз баланы мектепке түсірген болатынбыз.

Мені білмейтін кейбір балалардың мынадай сандалыстан беті қайтып, келген Еліне кері қайтуға мәжбүр болыпты…

Содан, өткен жылы аталған №468 Бұйрықа өзгертулер мен толықтырулар енгізіп, оны «Білім туралы» Заңының 66-бабының бірінші бөлігімен сәйкестендіру туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың атына өтініш хат жазған болатынбыз.

Жай хат жазып қана қоймай, төрт-ақ құжатпен бұл мәселені мектеп директорының деңгейінде ғана шешілетін етіп, өз жобамызды қоса ұсындық.

Нақтылап айтсақ, №468 Бұйрықа «3-1» етіп, «Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар және (немесе) олардың сенімді өкілдері 16 жасқа дейінгі Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдардың білім беру ұйымдарын анықтау барысында облыстық, республикалық маңызы бар қала, астана аудан (облыстық маңызы бар қала) МЕКТЕПТЕРІНЕ өтініш жасайды және келесі құжаттарды тапсырады», - деген жаңа толықтыру енгізуді және сол толықтырудағы құжаттарды да атап көрсеткен едік.

- Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын 16 жасқа дейінгі ұлты қазақ адамдардың ұлтын анықтайтын құжат;

- Ат-анансының біреуі Қазақстанда тұрақты тіркеуде тұрмайтын болса, оның жазбаша келісімі;

- Ата-анансының екеуі де Қазақстанда тұрақты тіркеуде тұрмайтын болса, олардың Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын туыстарына берген сенімхаты;

- Сенімхат иесінің баланың өмірі мен қауіпсіздігіне байланысты жауапкершілікті өзіне алғаны туралы мектеп директорымен келісімі.

Сондай-ақ, осы норма енген жағдайда, аталған Бұйрықтың өзге тармақтарындағы «қандастар» деген сөз алынып тасталуы керек.

Сонымен бірге, қағидатқа «Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдарға» арнап, арнайы жаңа қосымша енгізу қажет екенін, міне, бүгін айтып отырмыз.

Бекер обалы кәне, мың болғыр Ғанекең – Ғани Бектайұлы мәселенің мән-жайын бірден түсініп, бұл түйінді шешуді Өзінің қармағындағы Орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашевке тапсырған-тұғын.

Қаныбек Жұмашев Министрдің сол тапсырмасын орындаған жоқ! Тек, жазбаша жауап берді де, қарасын көрсебей кетті.

Қаныбек Жұмашев сол жауабында былай депті:

«Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 21 және 25-баптарына сәйкес баланың мүдделерiне қайшы келетiн жағдайларды қоспағанда, әрбiр баланың отбасында өмiр сүруге және тәрбиеленуге құқығы бар. Яғни, балаларға қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу ата-аналардың құқықтары мен міндеттері болып табылады (Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Неке және отбасы туралы» ҚР Кодексі). Жоғарыда баяндалғандар негізінде, ата-аналардың өз баласын сенімхат бойынша басқа адамға тәрбиелеуге бере алмайды...

Қанекең атап көрсеткен заңдарды біз де ақтарып шықтық.

«...ата-аналардың өз баласын сенімхат бойынша басқа адамға тәрбиелеуге бере алмайды», - деген норманы ешбір заңның ешбір бабынан таппадық.

Керісінше, «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» заңның «Баланың ата-анасымен бiрге тұру құқығы» деген 25-бабының бірінші тармағында: «Баланың өз ата-анасымен немесе басқа да ЗАҢДЫ ӨКІЛДЕРIМЕН бiрге тұруға құқығы бар», - деп тайға басқан таңбадай анық жазулы тұр.

Көрдіңіз бе, баланың басқа да заңды өкілдерiмен бiрге тұруға құқығы бар екен.

Енді, «заңды өкілдерi» деген кімдер екен деп іздеп едік, оны да таптық.

Осы «Баланың құқықтары туралы» заңның 1-бабының алтыншы тармағында «заңды өкілдерi» деген ұғымға мынадай анықтама беріліпті:

– 6) баланың заңды өкілдері – ата-аналар (ата-ана), бала асырап алушылар, қорғаншы немесе қамқоршы, баланы қабылдайтын ата-ана (баланы қабылдайтын ата-аналар), баланы қабылдайтын кәсіби тәрбиеші (баланы қабылдайтын кәсіби тәрбиешілер), патронат тәрбиеші және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес балаға қамқорлық жасауды, білім, тәрбие беруді, оның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды жүзеге асыратын олардың орнындағы басқа да адамдар;

«Баланың құқықтары туралы» заңды жасаған заңгерлер ақылды әрі өте білікті екен, біз астын сызып көрсеткен 1-баптың алтыншы тармағының соңындағы «...білім, тәрбие беруді, оның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды жүзеге асыратын олардың орнындағы басқа да адамдар;», - деген тұсы «Білім туралы» Заңының 66-бабындағы «Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдардың Қазақстан Республикасында білім алуға құқығы бар», - деген норманы ескеріп жасапты.

Маған сенбесеңіздер, менің осы хатымды қоса тіркеп, Әділет министрліне хат жазып, сұраңыздар.

Демек, Орта білім комитетінің төрағасы  Қаныбек Бекболатович «...ата-аналардың өз баласын сенімхат бойынша басқа адамға тәрбиелеуге бере алмайды», - деген «қағидатты» өзінің қалтасынан шығарып, періп кеп жіберген ғой!

Қанекең маған ренжімесін, бұл – нағыз біліксіздік.

Бұл – Заңды сыйламау!

Бұл – Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жолға қойып отырған «Заң мен Тәртіп» қағидатын табанға басып таптау!

Бұл – Ұлы көшке жасалған зор қиянат!

Сондықтан, Орта білім комитетінің төрағасы  Қаныбек Бекболатовичтің жауабындағы «Осыған орай, кәмелетке толмаған балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында және жоғарыда көрсетілген заң талаптарына сәйкес қандас оқушыларымыздың ата-анасымен немесе басқа да заңды өкілдерiмен бірге тұрып, ата-анасының тұрғылықты жері бойынша білім алуы дұрыс деп санаймыз», - деген уәжімен біз толық келісе алмаймыз.

Әне, Қаныбек Бекболатовичтің өзі де байқамай айтып қойыпты ғой, қандас оқушыларымыздың басқа да заңды өкілдерiмен бірге тұрып білім алуына заң жол береді.

Сол үшін, заңды сақтауымыз, бұлжытбай орындауымыз және  қағидатты заңға тезірек сәйкестендіріп, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын 16 жасқа дейінгі ұлты қазақ адамдардың мектепке түсуін мектеп директорының деңгейінде шешілетін етуі керек!

***

Иә, баланың амандығы мен қауіпсіздігі – бәріміз үшін маңызды!

Қаныбек Бекболатовичтің оған алаңдап отырғанын да өте жақсы түсінемін және оған зор құрметпен қараймын!

Бір нәрсе – анық, ешкім баласын далаға тастамайды!

Құдайға шүкір, Тәуелсіздіктен бері бір жарым миллионға жуық қазақ Атажұртына оралды. Шетте әлі алты-жеті миллион қандасымыздың бар екені белгілі.

«Қазақ – қарға тамырлы халықпыз!» деп айтамыз ғой, сол шетте қалған алты-жеті миллион қазақтың көбінің жақын тумалары, аса сенімді адамдары Қазақстанда тұрады. Арғы бетте қалған қазақтар балаларын сол жақын тумалары мен аса сенімді адамдарына сеніп тапсырады.

Мысалы, Қаныбек Жұмашевті Қытайдың қазағы деп ойлайық.

Ол Үрімжідегі Оқу-ағарту министрлігінде бір комитетті басқарады дейік.

Әйелі Шыңжаң телеарнасында журналист болсын.

Үрімжіде қазақ мектеп жоқ, екі боласы таза қытай мектебінде қытай тілінде оқиды. Ауылдан келген ата-әжесімен де, нағашы атасы мен нағашы апасымен де немерелері сөйлесе алмайды. Олардың арасына Қаныбек пен әйелі аудармашы болуға тура келеді.

Қанекең мен жолдасы бүкіл қызметті тастап, балаларын алып, Атажұртқа тайып тұрайын десе, Қытай үкіметі: «Сендер мемлекеттік қызметкерсіңдер!»,-деп, олардың шетелге шығуына шектеу қойған. Зейнет жасына әлі біраз жыл бар. Екеуі балаларының қытай болып бара жатқанына іштей қатты күйзеледі. Ауылдағы үлкендердің де қайғысы – балалардың осы тағдыры...

Енді не істеу керек?!

Иә, Алматы облысының Шелек ауылында Қаныбек Жұмашевтың туған ағасының қызы тұрады. Ол анау жылы Қазақстағанға  отбасымен көшіп кеткен. Осы елдің азаматтары...

Мәселе шешілді, алтыншы және жетінші сыныпта оқып жатқан екі баласын қолдарына «Сенімхат» беріп, Қанекең мен жолдасы бірінші Құдайға, сосын сол немере қарындасы не әпкесіне тапсырып, Атажұрттан оқуға аттандырып салады.

Шелектегі туыстар баларды құшақ жайып қарсы алады. Тіпті, «Баяғыда жіберулерің керек еді!» деп, Үрімжідегі Қаекең мен жолдасын бір кіналап алады.

Екі баланы алып, «Сенімхатты» көтеріп мектепке барады. Сонымен, баяғы «Жарапазан» басталады.

Амалы таусылған «Сенімхат» иелері Ауыт Мұқибекке телефон соғып, көмек сұрайды.

Ауыт Мұқибек Шелектегі мектеп директорына қоңырау шалып, «Білім туралы» Заңының 66-бабының бірінші бөлігіндегі БАЛАНЫҢ ҚҰҚЫҒЫН алға тартады.

Қойшы, ақыры директор Қаныбектің екі баласын мектепке алуға мәжбүр болады.

Бүл – бүгінгі күннің шындығы!

Мойындасаң да, мойындамасаң да, жағдай осылай…

Осы арада, мен енді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев досымның назарын мына бір қызық жағдайға аударғым келіп отыр.

Жоғарыдағы мысалдан көріп отырғандарыңыздай, ата-анасы Қазақстанда тұрақты тіркеуде тұрмайтын Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ балалар арғы беттегі ата-анасы берген «Сенімхатпен» Қазақстандағы туыстарының қолында оқып жатыр. Олардың саны біреу, екеу емес, неше жүздеп саналады.

Жалпы, қағаз бетіндегі заңға «жан» бітіріп, оны іске қосатын – оның қағидаты!

Ал, біз айтып отырған Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің 2010 жылғы 28 қыркүйектегі №468 Бұйрығынның «Білім туралы» Заңының 66-бабының бірінші бөлігімен сәйкес келмеуі былай тұрсын, онда ата-анасы Қазақстанда тұрақты тіркеуде тұрмайтын, бірақ өздері Қазақстан мектептерінде оқып жатқан Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын амандығы мен қауіпсіздігін «Сенімхат» алған азаматқа міндеттеуге арналған бір норма тұрмақ, бір ауыз сөз жоқ!

Болса, Комитет төрағасы: «Міне!» деп маған көрсетсін!

№468 Бұйрықпен қағидат етіп бекітілмеген соң, ол жауакершілікті сіздің біреуден талап етуге еш құқығыңыз жоқ!

Сонда, ата-анасы Қазақстанда тұрақты тіркеуде тұрмайтын, бірақ өздері Қазақстан мектептерінде оқып жатқан Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын неше жүздеген ұлты қазақ балалардың амандығы мен қауіпсіздігін осыған дейін Қаныбек Жұмашаев қандай құжаттың негізінде кімнен қалай талап етіп келді екен?!.

Міне, Қаныбек Жолдасты нағыз алаңдататын, түн ұйқысын төрт бөлетін мәселе – осы еді!.

Бірақ, Қанекең оған алаңдап отырған жоқ!

Керісінше, «...ата-аналардың өз баласын сенімхат бойынша басқа адамға тәрбиелеуге бере алмайды», - деп өзінің қалтасынан «қағидатты» шығарып, бір жылдан бері қоянбұлтаққа салумен келеді.

Қызық болғанда, сол №468 Бұйрықта жоқ сол жауакершілік жүктейтін тетікті – «Сенімхат» иесінің баланың өмірі мен қауіпсіздігіне байланысты жауапкершілікті өзіне алғаны туралы мектеп директорымен келісіміді» Қаныбек Жұмашеке мен ұсынып отырған жоқпын ба?!

Енді, осы «келісімді» №468 Бұйрыққа енгізіңіз де, «Сенімхат» иесіне баланың амандығы мен қауіпсіздігіне байланысты талапты қалағаныңызша жазып қойыңыз!

Сосын, ол «Келісімді» ноториуспен тастай қып бекттіп тастаңыз!

Содан кейін өзіне заңды жауапкершілік алған «Сенімхат» иесі анау балаға екі шоқып, бір қарайтын болады!

Тіпті, ондай жауапкершілік алудан кейбір азаматтар бас тартуы да мүмкін!

Ондай жағдайда Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты баланың өзі де, Қазақстанда тұрақты тіркеуде тұрмайтын ата-анасы да, олардың құқығын қорғап жүрген Ауыт Мұқибек те Қаныбек Жұмашевті кіналауды доғарады...

Егер, Қазақстан мектептерінен оқығысы келетін Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ балаларға шынымен жаны ашыса, Қаныбек Жұмашев мырза мәселенің осы жағына мән беруі керек еді ғой! Бұл – бір!

Екіншіден, жоғарыда Қаныбек Жұмашевті мысалға алып айтқанымыздай, қазіргі таңда шетелдегі қазақ балалары тілінен, ділінен айырылып барады. Әсіресе, шетелдегі қандастарымыздың басым бөлігі қоныстанған Қытайдағы, Ресейдегі қазақ балалары.

Бұл екі елде қазақ мектебі мүлде жоқ!

Мектеп жасындағы балалар сол елдерді құрайтын ұлттардың тілінде білім алуда. Аталары мен әжелері немерелерінің тілін түсінбейтін, бір-бірімен ана тілінде тілдесе алмайтын жағдайға жетті.

Маңғолиядағы қазақтардың да жағдайы мәз емес, моңғолдасу процессі басталып кетті.

Қысқасы, шетелдегі қазақ баласы ұлты ғана қазақ демесең, тілі мен ділі мүлде бағытқа кетті. Өзге ұлттарға сіңіп барады.

Тағы қайталап айтайын, мен Қаныбек Жұмашев жолдастың баланың қауіпсіздігіне алаңдап отырғанын түсінемін және оған зор құрметпен қараймын.

Бірақ, Қанекең жолдас тұтас ұлт ретінде өзге халыққа жұтылып бара жатқан сол ҮЛКЕН ҚАУІПТІ де терең сезініп, қолда бар мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, оларды құтқаруға білек сыбана кіріскені дұрыс!

Олардың ұлт ретінде өздерін сақтап қалатын жалғыз табан тірер тиянағы – Қазақстан!

Құдайға шүкір, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев сол қауіпті ертерек сезген болса керек, шет елдегі қазақ диаспорасының білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін «Білім туралы» Заңының 66-бабына оларға арнап, бір емес, үш бірдей норманы енгізіп қойыпты;

Ол аз десеңіз, Ғылым және жоғары білім министрінің 2023 жылғы 26 шiлдедегi №357 бұйрығына сай, Жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар үшін – 4 пайыз квота қарастырылған;

Оның сыртында, әр жылы дайындық курсқа неше жүздеген, тіпті мыңдаған шеттен оралған қазақ баласы қабылданып келеді…

Қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та президенттік таққа отыра салып, «Шетелдегі қандастарымызды елге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз», - деді.

Қысқасы, жоғарыда көрсетілгендей, Заңның қағидатын дұрыс жасай алмай, қолдан кедергі жасап, шеттен келіп оқығысы келетін қазақ балаларының мектепке түсуін өзіміз қиындатып отырғанымыз болмаса, Елімізде Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдардың Қазақстан Республикасында білім алу мүмкіндігі толық қамтамасыз етілген.

Қаныбек Жұмашев жолдас өте жақсы біледі, былтырғы шу биыл да қайталанды.

Мектеп пен Білім бөлімдерінің, Білім департаменттерінің арасында сенделген балаларды көріп, түн ұйқымыз төрт бөлінді.

Ішкен асымыз – ірің болды.

Тағы да былтырғыдай итшілеп жүріп, отыздай баланы мектепке түсірдік.

Оқуға түсе алмай, келген Еліне қайтып кеткен баланың қанша екені белгісіз!

Әр бала – бір әулеттің келешегі.

Егер, бір бала Қазақстанға келіп, қолдан жасалған кедергінің кесірінен мектепке түсе алмай, келеген Еліне кері қайтса, онда ол бір әулеттің Атажұртқа артып отырған үмітін үзеді, көңілін суытады!

Бұл – өте өкінішті жағдай!

***

Бүгін Комитет төрағасы Қаныбек Жұмашевтің тапсырмасымен хабарласып тұрмын деп, Орта білім комитетінен Гүлназ Есжанова деген келіншек мені Оқу-ағарту министрлігіне шақырды.

Жоғарыдағы келеңсіз жағдайды айтып, Қаныбек Жұмашевке “Ашық хат” жазып, оны Қанекеңнің Өзіне де жолдағам. Телефон арқылы да сөйлесіп, қабылдауын да сұрағам.

Жоғарыда аталған заңдар мен нормативтік құжаттарды алға тарта отырып, «Білім туралы» Заңының 66-бабы мен №468 Бұйрықтағы қағидаттың мүлде сәйкес келмейтінін бір сағаттан артық уақыт жұмсап, Назгүл ханымға түндірдім.

Гүлназ Мылтықбайқызы қазақы тәрбеде өскен зерек қыз екен, бәрін түсінді, уәжімен келісіп, өтінішімді қабылдады.

Жасыратыны жоқ, ол да Заң мен Бұйрықтағы қағидаттың сәйкес келмейтінін мойындағанымен, Қаныбек Жұмашев құсап, ол да Қазақстаннан оқығысы келетін Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ балалардың амандығы мен қауіпсіздігін қайта-қайта айтып, қатты алаңдап отыр.

«Құқық» деген өте қасиетті ұғым. Оны адам баласына бірінші Құдай берген. Құдай берген сол құқыты Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының резолюциясымен «Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы» деген атпен 1948 жылы отыз бапқа сиғызып, Декларация етіп, бекітіп қойған. БҰҰ-на мүше мемлекеттердің конституциялары мен заңдары сол Декларацияның негізінде жасалады.

Алланың өзі берген, «Білім туралы» Заңының 66-бабы осынау құқығын Қазақстан мектептерінен оқығысы келетін Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ балалар өз деңгейінде еш кедергісіз пайдалануы керек!

Егер, Қазақстан мектептерінен оқығысы келетін Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ балаларға алаңдағаныңыз шын болса, тағы қайталап айтам, «Сенімхат» алған азаматтарға сол жауапкершілікті міндеттейтін етіп, анау қағидаттарыңызды тезірек дұрыстаңыздар!

Құрметті Қаныбек Бекболатұлы!

Сондықтан, бұл мәселені енді келесі жылға қалдыруға мүлде болмайды!

Ең алдымен, Заңның абыройы мен беделін сыйлауымыз, қорғауымыз керек!

Мен бөркіме сенгендей сенемін, Ғани Бейсенбаев мырза бастап жасап жатқан Заң мен қағидатты сәйкестендіруге қатысты бұл ұсынысты  жаңа министр Жұлдыз Сүлейменова да бірден қолдайды және сөзсіз жүзеге асырады деген сенімдемін!

Көмек керек болса, мен 24/7 дайынмын!

Құзырлы министрліктер тірсегіне сиіп, қарсы болса, маған айтыңыздар!

Індеріне су құйып, қуып шығарамын!

Құрметпен, Ауыт Мұқибек

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Профилактика бытового насилия

Алмаз Ещанов 404
Қауіп еткеннен айтамын

Жау жоқ деме – жар астында...

Қуат Қайранбаев 6255
46 - сөз

Кәрағаның көркемдік көкжиегі

Дәурен Бақдәулетұлы 382