Сенбі, 14 Маусым 2025
Анық-қанығы 564 0 пікір 13 Маусым, 2025 сағат 14:25

«ОА – Қытай» саммиті Қазақстанға не береді?

Сурет: Спикердің мұрағатынан алынды.

16-17 маусым күндері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин келеді.

Сапар барысында жоғары деңгейдегі екіжақты кездесулер өткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ екі ел арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту мәселелері талқыланады.

17 маусымда Астанада аймақтағы мемлекеттер басшыларының қатысуымен екінші «Орталық Азия – Қытай» саммиті өтеді.

Осыған орай, біз қоғам қайраткері Омарәлі Әділбекұлынан аталған сапардың мән-мағыныса жөнінде пікір сұрадық.


САММИТТІҢ АСТАНАДА ӨТУІНІҢ МАҢЫЗЫ ЗОР!

Омарәлі Әділбекұлы:

Бұл сапардың Қазақстан үшін саясаттағы  маңызы қандай болмақ?

– Әлем қазір тыныш емес. Израиль мен Палестина соғысы аяқталғанымен, зардабы әлі жойылған жоқ. Кешегі бір шекпеннен шыққан туыстар орыс пен украин келіссөз үстеліне отырғанымен, соғыстың аяқталар түрі көрінбейді. Израиль мен Иран жағаласа кетуге жақын. Үндістан мен Пәкістан бір шарпысып барып тоқтады. Осындай кезде бұл саммиттің Астанада өтуінің маңызы зор деп білеміз. Біріншіден, бұл – еліміздегі даму мен тұрақтылықтың арқасы. Екіншіден, Батыс пен Шығысты, Оңтүстік пен Солтүстікті жалғап тұрған жан саны 80 миллионнан асатын, жалпы ішкі өнімі 450 миллиардқа жақындайтын Орта Азия елдерінің бірлесе, ықпалдаса отырып әлемдік геосаясатта ықпалды ойыншыға айнала бастағанының белгісі. Бұл форматты алғаш біздің еліміз ұсынған болатын.

Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестік қандай бағыттарда тереңдеуі мүмкін?

– Жыл басында еліміздің президенті ел дамуының бес басым бағытын белгіледі. Олар:

Цифрландыру және жасанды интеллект;

Көлік және транзит;

Энергетика;

Агро және өнер кәсіптік кешен;

Адами капитал. Қазірдің өзінде екі ел арасындағы қарым- қатынас жоғарыдағы төрт бағыт бойынша дамып келеді. Енді тіпті де кемелдене түседі деп білеміз.

Бұл сапар аясында Қазақстан үшін қандай экономикалық мүмкіндіктер ашылады деп күтіледі?  

– Елімізде қазба байлықтарды игерумен қатар, мәнерлеп өңдеу өнеркәсібіне басымдық берілуде. Биыл жыл соңына дейін Қытай және Оңтүстік Корея машиналарынан елімізде 150 мың данасы құрастырылып шығады деп жатыр. Осы бағыттағы келісімдер пысықтала түсуі мүмкін. Еліміз көлік өндіру және транспорт саласында Орта Азия бойынша үлкен мүмкіндікке ие болады.

Орталық Азия – Қытай» саммитінің аймақтық саясаттағы орны қандай? Бұл формат бізге не береді?

– Бұл формат жалғыз Қытай ғана емес, әлемдегі жетекші елдермен бірлесіп өткізгеніне бірнеше жыл болды. Қазақстан алдына өңірлік державаға айналу мақсатын қойды, әрі сол бағытта ширақ қимылдап келеді. Мына бас қосу да соның айғағы. Қазірдің өзінде Евразиялық кедендік одақтың еліміздің берген пайдасы мен зиянын ашық сарапқа  сала бастады. Бұл да тегін болмаса керек.

Дайындағандар: Айгерім Қуанышбекқызы, Қымбат Жармаханбет

Abai.kz

0 пікір