Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2012 0 пікір 12 Қараша, 2012 сағат 07:07

Ғалым Боқаш. Түс

(Халиль Джибранның ізімен)

(Халиль Джибранның ізімен)

Әуелі популист-ұлтшылға кез болдым. Қайнаған базардың ортасында былай деп жырғап тұр екен: «Біз ең көне тарихқа ие ұлтпыз, ең жарқын болашақ та бізге тиесілі. Біздің өткеніміз керемет болған, келешегіміз де керемет болады. Ал қазіргі күніміз... уақытша ғана қиындықтарға толы. Төңірегіміз түгел дұшпан. Одан құтқаратын - тек біз ұстанған жол». Бұл қисынға сенсек, осылайша екі керемет шақтың ортасында мәңгі-бақи қысылып қалған осы шақтың бейбақтары екенбіз бәріміз. Ары қарай кеттім.

Бір төбенің үстінде диктатор тұр екен. Екіленіп жеки сөйлегенде бет қаратпайды: «Өткен шақ тас қараңғы еді. Бақыттарыңа орай мен туып, жарқыраған нұрлы шаққа кез келдіңдер. Сондықтан да жарықтың жылнамасы менен басталады. Менен басқа сәуленің көзін таптым деп шатылған адам да, оның сөзіне сенген жұрт та - террорист! Өстіп менің жарығыма жари берсеңдер, күндердің бір күнінде көзәйнектеріңді шешуге де рұқсат беріп қалармын». Сол сәт өзіме ұсынылған қара көзілдіріктен сыпайы түрде бас тартқан күйі жүре бердім.

Келесі бір жолайрықта уағызшы ұшырасты. Шапанын алтынмен зерлеген, кебісіне күмістен шегірен салыпты. Ақша зауытта қиылып та үлгірмеген жап-жаңа жасыл банкноттардан басына шалма орап алған екен. «Я, Худа!» деп төңірегіне һәм жыламсырай, һәм жазғыра қарайды да: «Ата-бабасына дуға бағышламайтындарды құрт! Дуға бағышлағаным сибабли қулима дүз доллардан кем ұстатын сараңдарды құрт!» деп қарғанып тұр. «Ата-бабама сенің бағыштаған дұғаңнан да бұрынырақ жетіп қалармын» деген оймен қасынан өте шықтым.

Тағы бір асуда ұлтшылға да, диктаторға да, һәм уағызшыға да асқынған жеккөрінішпен көз салып, мырс-мырс күліп біреу тұр екен. «Маған аман-есен жеткеніңе шүкірлік қыл. Ана жетпіс екі түрлі адасқан азғындардың тобын көрдің бе? Біз - жетпіс үшінші нағыз мүміндер тобына жатамыз» деді шықшытын ойнатып. «Біздің мақсатымыз - ... » «Ана жетпіс екіні құтқару ма?» деп қыстырма сұрақ қойып ем, маған түксие қарады да, «Құтқаруы несі? ҚЫРУ!» деп қалш-қалш етті. Қалшылдап тұрып, қолыма «шаһидтің белбеуін» ұстатты. Онысын ерекше құрметпен өзінің беліне тағып бердім де, сапарымды жалғастыра бердім.

Темір таяғым тебендей, темір етігім теңгедей болған кезде ұшы-қиыры жоқ бір дарияға кеп жеттім. Дарияның жағасында бір алып бәйтерек өсіп тұр. Бәйтеректің төменгі бұтақтарына ілініп қалған сала-құлаш аждаһа жыландардың жансыз денелері бұлғаң-бұлғаң етеді. Түбінде алтын сақамен ойнап бір кішкентай ұл отыр. Түрі неге сонша таныс? Жерге тізерлеп отыра кеттім. Сол кезде барып мені байқаған бала жақындап келді де, қолын сол кеудеме басты. Ары қарай не болғаны есімде жоқ. Ақ тұманның арасында алып самұрыққа мініп алып, күн түбіне бет алған қаршадай ұлдың сұлбасын ғана көзім шалып үлгірген.

Есімді жинай сала кеудеме көз салдым да, қалшиып қалдым. Күйелеш жүрегім ғайып болыпты. Орнында алтын сақа жарқырайды. Ішім толған сағыныш пен махаббат. Өкініш пен күдіктен ештеңе қалмаған. Популист-ұлтшылды да, диктаторды да, уағызшы мен әрекетшілді де кеудеме басқым келеді. Әрқайсысына айтатын сөзім көкірегімде енді сайрап тұр. Апыл-ғұпыл атып тұрып, кері бұрылып ем, кеш қалғанымды бірден ұқтым. Самұрық мені дарияның арғы бетіне өткізіп кеткен екен.

Оксфорд, 2009 жыл

Жазба автордың facebook-тегі парақшасынан алынды

«Abai.kz»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5520