Сенбі, 23 Қараша 2024
Қазақтың тілі 3493 17 пікір 7 Маусым, 2022 сағат 12:07

Тәуелсіз елміз дейміз... Ал, тіліміз ше?

«Көре-көре көсем боласың, сөйлей-сөйлей шешен боласың» деген көсемсөз бар еді.  Біраз нәрсені көріп, біраз нәрсені айтып жүрсем де, көсем не шешен  болып кеткен ештеңем жоқ. Әйтсе де, кешегі есейіп, ойлана, қолыма қалам алып, толғана бастаған шағымнан бүгінгі ақыл айтар зйнеткерлік жасыма дейін бәрінен бұрын осы бір сұрақ- өз елінде, өз жерінде тұрып, өгей баланың күйін кешкен ана тіліміздің мүшкіл хәлі  жанымды қатты мазалап келе жатқаны шындық. Ия, бір кездері: «Шіркін-ай, мемлекеттік тіл болып бекітілсе ғой..» деп күні-түні армандаған қазақ тіліміздің мемлекеттік  тіл мәртебесін алғанына да 30 жылдың жүзі болыпты. Бірақ, мемлекеттік тіл деп дардайтқанымыз болмаса, мелекеттік тіліміз-қазақ тілі сол баяғы қалпында от басы, ошақ қасынан әлі күнге ұзай алмай келеді. Қаны қазақ бола тұра өз ана тілінде ауыз аша алмайтын, аузын ашса да ол тілде сөйлеуге намыстанып, (әлде әлдекімнен жасқанып) орыс тілінде шүлдірлеуін қоймай келе жатқан «шалақазақтардың» (олар өздерін жаңа қазақпыз деп қомпиады екен) ойсыздығынан, жетесіздігінен қазақ тілінің мәртебесі бұрынғыдан төмендемесе, бір елі де көтерілмеді. Айтпақшы, біреу білер, біреу білмес, ана тіліміздің мәртебесі аспандап, асқақтаған кез де болған.

Мақтанышқа толы ол кез әлі күнге  дейін менің есімде және ол туралы егжей-тегжейлі айтып та бере аламын. Бұлай деуімнің себебі, дәл сол кезеңде (1992 жылы) мен де аудандық «Қазақ тіл қоғамы» басқармасының жауапты хатшысы болып сайланған едім. Жұмысқа кіріскен алғашқы күні қолыма алып танысқан ең алғашқы құжатым 1989 жылы 22 қыркүйекте қабылданған «Қазақ ССР-нің мемлекеттік тілі-қазақ тілі, ал орыс тілі-ұлтаралық  қатынас тілі болып табылады» деп жазылған Республикамыздың «Тіл туралы» тұңғыш Заңы еді.

Ия, еліміздің өз еркі өзінде емес қиын кезеңнің өзінде мемлекеттік тіліміздің-қазақ тілі екенін ашық көрсеткен осындай батыл Заң қабылданған еді. Ол ол ма, бір айдан кейін яғни 1989 жылы 22 қазанда Халықаралық  «Қазақ тілі» қоғамы құрылып, ал 1990 жылы 22 наурызда  ұлттық  басылым- «Ана тілі» газеті дүниеге келіп, ең алғашқы саны Республикамызға тарап та үлгерді.  Дегенмен, қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін алуы оңай болмағаны, Қазақстанда қай тіл мемлекеттік тіл болу керек?- деген сұрақ ортаға тасталғанда, -Қазақстанда мемлекеттік тіл - тек қана қазақ тілі болуы керек,- деп бірінші болып қазақ тіл білімінің көрнекті маманы, академик Әбдуали Хайдар  жауап бергені, оны ұлттық мүддені өздерінен биік қоятын Өзбекәлі Жәнібеков, Мұқтар Шаханов секілді ардақты  ұлдарымыздың қолдағаны, соңы үлкен таласқа ұласып, сол кездегі Қазақстанның  бірінші хатшысы Н.Назарбаевтың араласуымен күрделі мәселенің оң шешім тапқаны өз кезегінде бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып жатты. Ия, не десек те Кеңес үкіметінің қылышынан қан тамып тұрған кезеңде дәл осындай ең құнды, ең маңызды Заңның  қабылдануы қазақ елі үшін зор мақтаныш әрі ең үлкен жеңіс еді. (Сол кездері осы заңға сүйеніп, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында көлемді жұмыстар  атқарғанымды мақтанышпен айта аламын). Алайда, бұл қуаныш ұзаққа созылмады. 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған Қазақсатан Республикасы Конституциясының мемлекеттік тіл туралы 7-бабында:

  1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі - қазақ тілі,
  2. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады,
  3. Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамату үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды-деген мәтіндер жазылды.

Сөйтіп, Кеңес Одағының құрсауынан босап, Тәуелсіз ел атанған кезде қабылдаған алғашқы Конституциямыз қазақ тілін-мемлекеттік тіл деп бекіте отырып, оған этникалық топтардың тілінің бірі-орыс тілін теңестіріп, қосақтап қойды. Сол-ақ екен, соған дейін бір ғана қазақ тілінде жүргізіліп келген мемлекеттік іс-қағаздар бірден қос тілде-қазақ және орыс тілдерінде жүргізіле бастады. Келе-келе, ресми тіл деп бекітілген орыс тілі басымдық алып, мемлекеттік тіл-қазақ тілінің адымын аштырмай қойды. Қысқасын айтқанда, мемлекеттік тіл деп дардайтқан қазақ тілі бұрынғы таз қалпына қайта түсіп, орыс тілінің есігінен сығалайтын күйге жетті. Конституциямызға енген бұл тармақ орыс тілінде сөйлейтін этникалық топтар мен өз ана тілін білмейтін не менсінбейтін қандастарымызға шексіз қуаныш сыйласа, елдегі тіл жанашырларына ауыр соққы болып тиді. Олар естерін жиған соң "Қазақстанда тұратын өзге этникалық топтар секілді орыс этникалық топтарының тіліне  де заң жүзінде артықшылық берілмеуі тиіс» деген өз ойларын  жоғары жаққа білдіріп, Конституциядан  7-баптың 2-тармағын алып тастауды талап ете бастады. Алайда, халықтың жанайқайына селт етпеген Парламент керісінше бұл тармақты еш өзгертпестен 1995 жылы жаңадан қабылданған Конституциямызға тағы да үн-түнсіз енгізді де жіберді. (Бұл кезде халқымыздың жалпы саны 19 миллионға жуықтап, (78 пайызы қазақ ұлты)  оның ішінде  қазақ тілін білетін және түсінетіндердің жалпы саны 88 пайыздан асып жығылған еді).

Осылайша, жоғары жақтағы билік өкілдерінің жанашырлық танытпауының кесірінен мемлекеттік тіліміз-қазақ тілі орыс тілінің көлеңкесінен шыға алмай, қосақталған күйі қала берді.  Оның соңы қазақ тілін жақтаушылар мен орыс тілін жақтаушылардың арасындағы бітпес айтыс-тартысқа, бірін-бірі жек көрушілікке алып келді. Ол ол ма, кезінде тағдыр тауқыметімен қолтығымызға тығылып, нанымызды жеп, суымызды ішіп келген орыс тілділердің есіргені сондай,  орыс тілінде жауап бермегені үшін  қазақ тілділерді заң орнына беріп, айып тартқыза бастады. Мемлекеттік тіл бола тұра қазақ тілінің жылдан-жылға өшіп, өліп бара жатқанын ашық айтқан тіл жанашырларының алды елімізден қуыла бастады. Соның бірі –мемлекеттік тіл-қазақ тілінде сөйлеп, қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап еткені үшін ұлтшыл атанып, Ресей саясаткерлерінің  ықпалымен  өз елінен қуылған «Тіл майданы» қозғалысының белсендісі -Қуат Ахметов болатын. Сол сияқты, елім, жерім, ұлтым, тілім деп шырылдап, биік мінберлерден өз ұсыныс-пікірін ашық айтып, талабын батыл қойып жүрген Мәжіліс депутаты, «Ұлт қайраткері», «Тіл жанашыры» құрметті атақтарының иегері, арқалы ақын Қазыбек Исаға да қырын қарайтын көздер мен тұқыртуға тырысатын сөздер тым көбейіп бара жатқанын байқап жүрмін. Қарапайым  халық, қазақ тілінің жанашырлары  Қазыбек Исаны  ұлт мүддесін жоқтаушы, өзіндік ұстанымы берік, алған бетінен қайтпайтын табанды азамат, қарымды қоғам қайраткері деп жоғары бағалап, үлкен ризашылық танытып жатса, орыстілділер мен орыстілді бұқаралық ақпарат құралдары, өз ана тілінен жеріген жетесіз шалақазақтар  оған қарсы шабуылды күшейтіп, «ұлтшыл» деген айып тағып, елден қууға барынша күш салып жатыр. Қандай ұқсастық десеңші.. Бұдан 14 жыл бұрын әлемге танымал ақын, қоғам қайраткері, «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының төрағасы Мұқтар Шахановқа да қазақ тілін жақтап, жанын берердей жанашырлық танытқаны үшін дәл осындай «әсіре ұлтшыл» деген айып тағылған еді.. (Айтпақшы, қызыл империяның қылышынан қаны тамған сонау 30-жылдары да елім, жерім,  ұлтым, тілім  деген талай ардақты ұлдарымыздың түбіне де дәл осы айыптау жетіп тынып еді-ау).

Биылғы Жолдауында Мем­лекет басшысы Қ.Тоқаев: «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді. Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар. Қазақ тілі, шын мә­нінде, білім мен ғылымның, мә­дениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда. Жалпы, мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп ке­леді. Бұл – заңды құбылыс, өмірдің бас­ты үрдісі. Сондықтан, қазақ тілінің өрісі тым шектеліп бара жатыр деуге негіз жоқ. Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі» деп,  мемлекеттік тілдің елді бірік­тіретін күшке айналуы тиістігін атап өткен еді. Ия, құлаққа өте жағымды, көңілді қуантатындай әдемі сөз. Бірақ, мемлекеттік тілдің бүгінгі ахуалы, аяқ алысы шынымен де осындай ма? Жоқ! Басымды кесіп алса да, турасын айтайын, мемлекеттік тіл-қазақ тілі мұндай дәрежеге әлі жеткен жоқ, Ата заңымыздағы 7-баптың  2-тармағы тұрғанда, жетуі мүмкін де емес! Неге бұлай батыл айтып отырмын? Өйткені, орыс тілді өзге ұлттың өкілдерін айтпай-ақ қояйын, биліктің  басында жүрген басшылар, депутаттар мен шенеуніктеріміздің  өзі мемлекеттік тілге жақындап, жанашырлық танытпайды. Баяндамаларын қазақ тілінде жасап, қазақ тілінде  сөйлемейді. Олар тіпті мемлекеттік тілде сөйлеймін деп бас қатырып, қиналмайды да.. (Өйткені, оларды қорғайтын 7-баптың 2-тармағы бар. Егер, 2-тармақтағы  сөздің орнына мемлекеттік тілді білуге мұқтаждық тудыратын не мәжбүрлейтін мәтін жазылсыншы, 30 жыл бойы құлықсыз болып келген олар қазақ тілін отыз күнде тіпті үш-ақ күнде үйреніп алар еді). Тағы да қайталаймын, Ата заңымыздағы 7-баптың  аты шулы 2-тармағы  тұрғанда, олар қазақ тілінде сөйлемек түгіл, үйренем деп те басын ауыртпайды. Оған өздерінің мемлекеттік тіл туралы сұраққа қайтарған мына жауаптары дәлел бола алады.

Парламент мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов: «Бұл мәселені бүкіл халық емес, бастамашыл топ көтеріп жатқан шығар. Бізге не маңызды? Қазақ тілінің дамуы немесе орыс тілін ұлтаралық қатынас тілі мәртебесінен айыру? Біз, қазақтар, қазақ тілінде сөйлеуіміз керек және басқа ұлттарды осы тілде сөйлеуге тартуымыз керек. Мұны ең алдымен жүзеге асыруымыз керек. Біз - көпұлтты елміз. Түрлі ұлт өкілдері бір-бірімен сөйлесе алуы үшін орыс тілі қажет. Менің ойымша, орыс тілін мәртебеден айырудың қажеті жоқ».

Энергетика министрі Болат Ақшолақов: «Әр аймаққа жұмыс сапарымен барамын. Кейде қазақша айтсаң, неге орысша айтпайсың дейді. Орысша айтсаң, неге қазақша жоқ дейді. Бізде үкіметте орыс тілін пайдалануға ешқандай тыйым жоқ қой».

Осындағы тіл туралы басты мәселеге жауап берген Парламент мәжілісінің және «Аманат» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов мырзаның да, астана тұрғындарымен кездесуде қазақ тілінде баяндама жасамағаны үшін сынға қалған энергетика министрі Болат Ақшолақов мырзаның да қайтарған жауаптарына терең зер салсақ, қазақтан шыққан екі мемлекет қызметкерін де қалт-құлт етіп әрең келе жатқан қазақ тілінің жайы емес, күннен-күнге күш алып, күжірейіп келе жатқан орыс тілінің жайы көбірек алаңдататынын байқауға болады. Ендеше, тілімізді үйренбедің деп ұлты басқа отандастарымызға қалай ренжімекпіз? Қазақтың өзі сүйіп, құрметтемеген тілді өзге ұлт өкілдері үйреніп қайтсін. Қайтіп құрметтесін. Олай болса, мемлекетке, мемлекеттік қызметкерлерге керек болмаған мемлекеттік тілді Ата заңымыз не үшін бекітті? Мемлекеттік тіл деп бекітіп алып, сол мемлекеттік тілімізді әлі күнге дейін е, қолдай, е, қорғай алмай, әлдекімдерге жалтақтап, қорқақтап бұғып отырғанымыз нағыз масқаралық емес пе?!.  Айтпақшы, тіл жанашырлары 1995 жылғы Ата заңымыздағы 7-баптың 2-тармағын өзгерту жайлы талап қойғанда, билік басшылары: «Республикадағы қазақ халқының саны 50 пайыздан асқанда міндетті түрде өзгертеміз» деп уәде берген еді. Бірақ, одан бері қазақ халқының саны 50 пайыз түгіл 80 пайыздан да асып жығылса да, олардың 7-баптағы аты шулы 2-тармақты өзгертуге не алып тастауға патриоттық күш-жігері мен батылдықтары жетпей-ақ келеді. 2020 жылы мемлекеттік тілді міндеттеу туралы заң қабылдау жөнінде еліміздегі барлық этнос өкілдерінің атынан Үндеу жариялланған еді,  ол да тек сөз жүзінде қалып қойды. Мемлекеттік Ата заңымыздың өзін екі рет өзгертіп, баптарына қаншама өзгертулер енгізген (Ата заңымызды қолға алған жан әр беттегі «ескерту» белгілеріне қарап 7-баптан басқасы түгел дерлік өзгеріске ұшырағанын байқар еді) Парламент пен Үкімет 7-бапқа келгенде, неге екенін білмеймін, жан-жағына жалтақтап, айналып өте шығады. («Жалтақтауды қоятын  заман туды, қазақ тілінің болашағы қазақтың өздерінің қолында» Тұңғыш президент Н.Назарбаев).

Мұның алдында жарияланған «Келесі Конституцияны халық жазуы әбден мүмкін» («Жас Алаш» 19 мамыр 2022 жыл) деген мақаламда: «Біздің елдің өзге елдерден «артықшылығы»-билік  басындағылар мемлекеттік мәселелерді қара халықпен ақылдасып, «әуре етіп» жатпастан өздері шеше салады. Осы жолы да олар бәрін тап-тұйнақтай етіп бітіріп, халықты тек референдумда дауыс беруге ғана шақырып отыр» деп жазған едім.. Енді тағы ойланып отырмын. «Жоғары жақтың  Ата заңымызға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар  жобасын халықпен ақылдаспастан апыл-ғұпыл дайындап, референдум өтетін күнді де мұнша тездетуі  дәл осы тіл мәселесіне байланысты, аты шулы 2-тармақтағы мәтінді «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтығы шоқыттырмай» еш өзгеріссіз аман алып қалу үшін емес пе екен?  Бәлкім, жай қара халықтың бірі болған соң түсіне  бермейтін де шығармын. Әйтсе де, өз мемлекеті, мемлекеттік Туы, Елтаңбасы, Әнұраны бар Тәуелсіз елдің мемлекеттік тіліне бөгде бір тәуелсіз елдің мемлекеттік тілін әкеліп қосақтап, екеуіне де бірдей мемлекеттік мәртебе беру Конституциялық құқығымызға қаншалықты сай келеді? Республикамызда 130-150 ұлт бар деп жалайырға жар салып жүрміз ғой. (Шын мәнінде елімізде бір ғана ұлт- қазақ ұлты ғана тұратынын, ал қалғаны -этнос өкілдері екенін ашық айта алмай-ақ келеміз). Күндердің-күні олар да шығып: -Орыс тілі секілді біздің де ана тілімізді мемлекеттік тіл етіңдер! - деп тепсінсе, Үкімет пен Парламент не жауап бермек? Әлде, халыққа айтпастан орыс тілін ресми тіл деп Конституциямызға енгізіп жібергендей, жалпақшешейлік жасап, олардың тілін де енгізіп жіберер ме екен? Ия, мемлекеттік тіліміздің мұңын мұңдап, жоғын жоқтай берсем, қолым талып, қаламымның сиясы таусылары анық. Қанша жазсам да, көрмейтін көз көрмейтінін, естімейтін құлақ естімейтінін де жақсы білемін. Алайда, солай екен деп азаматтық ұстанымымды, жеке ой-пікірлерімді  білдірмей отыра алмаймын. Егер, ең жоғары жақтан бір көретін көз шығып, әлеуметтік желідегі оқушыдан бастап қоғам қайраткерлеріне дейін үзбей жариялап жатқан жазбаларды оқып шықса, Құдай біледі, референдумды міндетті түрде кейін шегеруге тіпті тоқтатуға шешім қабылдар еді. Ал, өз басыма келсем, халықтық референдумда еш ойланбастан міндетті түрде «иә» деп дауыс беремін. Өйткені, бұл жолы Ата заңымызға енгізілген өзгертулер бұрынғыдай бір адамның ғана әлеуетін, өкілеттігін күшейту үшін емес, аздап болса да, ия, аздап болса да, халықтың, мемлекеттің мүддесіне қарай енгізіліп отыр. Аздап болса да, халық пен биліктің бір-біріне жақындай түсуіне қадам жасалып отыр. Бұл әрине, қуанатын жағдай. Алайда, көкірегі құрғырды «шіркін-ай, былай еткенде, бұдан да жақсы болар ма еді?» деген арман ба, өкініш пе білмеймін, бірдеңе өртейді де тұрады. Ақыры, Ата заңымызға өзгеріс енгізген соң, бүгінгі қоғам мен саясаттың  ағымына қарай біраз баптар мен тармақтарды да өзгертіп, 1993 жылғы Конституциямызда жазылған «қазақ халқы», «қазақ ұлты», «қазақ жері», «қазақ мемлекетті» деген айбынды сөздерді  ретін тауып осы жолы енгізіп жібергенімізде дұрыс болар ма еді деп толғанамын. Ата заңымыздағы мемлекеттік тіл туралы 7-бапты:

1. Қазақ елінің (немесе Қазақ халық Республикасының) мемлекеттік тілі - қазақ тілі;

2. Қазақ елінің азаматтары сондай-ақ көршілес елдерден келушілер ұлты, нәсілі, діні т.б. қарамастан мемлекттік тілді білуге және сол тілде сөйлеуге, сол тілде іс қағаздарын жүргізуге міндетті;

3. Мемлекет ел аумағында бұрыннан тұратын және жаңадан келіп қоныстанған (Қазақ елінің азаматтығын алған) этникалық топтар мен этнос өкілдерінің қазақ тілін үйреніп, меңгеруін қадағалайды сонымен бірге оларға барынша жағдай жасайды, - деп өзгертіп жазсақ қой деп армандаймын. Ата заңымызға осындай батыл өзгертулер (реформа десек те болады) енгізе алғанымызда, мерзімдік баспасөз беттері мен әлеуметтік желілерде мұншалықты наразылық, қарсылық сөздер орын алмастан, дауыс берушілер ертеңгі референдумға үлкен құлшыныспен, көтеріңкі көңіл күймен барар ма еді,-деп те ойлаймын.

Кешегі Кеңес одағы кезінде құжаттар толтырғанда, оқудан, жұмыстан шығып қалмау үшін білмей тұрсақ та «орыс тілін меңгерген» деп жазуға мәжбүр болдық. Ал, орыс тілін жетік білмегендіктен, қазақ тілінің жілігін шағып, майын ішкен небір білгір, білімді қандастарымыздың ғылыми жұмысын жалғастыра алмай немесе жауапты қызметке тұра алмай жерге қарағанын да көрдік. Көре тұра бірде-біріміз ана тілімізді қорғап, қолдап, мәртебесін биіктетуге жарамадық. Ал, бүгін ше? Өз бас еркіміз өзімізде, әлемдік қауымдастықта өзіндік орны бар Тәуелсіз ел емеспіз бе? Мемлекеттік тіліміз саналатын қазақ тілін құрметтеп, мәртебесін асқақтатамыз десек, енді кім кедергі жасап отыр? Қазақ тілі өзгеге емес, ең алдымен қазаққа-өзімізге керек емес пе? Әкенің қанымен, ананың ақ сүтімен келген ана тілімізді бүгін құрметтемесек, қай кезде құрметтемекпіз? Бұрын да «мың өліп, мың тірілген қазақ» едік, тіліміз өлсе, тағы да өлгеніміз, ал, енді өлсек, қайтып тірілмесіміз анық.

Тілі өлген ел - тірідей өлген ел (халық мақалы)

Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады (Ахмет Байтұрсынов)

Егер тіл мен мәдениетің жоғалса, шекараны аша сал, бәрібір неңді қорғайсың? Бұл енді сенің елің емес.. (Нельсон Мандела)

Байділдә Айдарбек,

Тіл жанашыры, ҚР Журналистер одағының мүшесі,
Созақ ауданы, Түркістан облысы

Abai.kz

17 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5347