«Халықтық IPO» бағдарламасы іске қосылды
Міне, сол күн де келді: 2012 жылғы 6 қарашада Қазақстанда «Халықтық IPO» бағдарламасы іске қосылды. Дәл қазір жұрттың бәрінің аузында тұрған сөздің бірі - ІРО. «Не істедің? Ақшаңды салдың ба? Содан не түседі екен өзі?» дейді бір-біріне. Бұған дейін, бір жыл бойы, Үкімет пен «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының тарапынан аталған бағдарламаны халықтың арасында кеңінен насихаттап, түсіндіру жұмыстары жүргізілген болатын. Сарапшылардың айтуынша, бүгінгі таңда «Халықтық IPO» бағдарламасы туралы жұртшылық толықтай хабардар және шамамен 500 мың адам осы бағдарламаға қатысуға ниет білдіріп отыр. Дегенмен, мұндай маңызды істің мәнісін тағы да түсіндіре түскеннің еш артықтығы жоқ деп ойлаймыз. «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының Басқарма Төрағасы Өмірзақ ШӨКЕЕВПЕН әңгіме негізінен осы маңызды мәселе төңірегінде өрбіді.
Міне, сол күн де келді: 2012 жылғы 6 қарашада Қазақстанда «Халықтық IPO» бағдарламасы іске қосылды. Дәл қазір жұрттың бәрінің аузында тұрған сөздің бірі - ІРО. «Не істедің? Ақшаңды салдың ба? Содан не түседі екен өзі?» дейді бір-біріне. Бұған дейін, бір жыл бойы, Үкімет пен «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының тарапынан аталған бағдарламаны халықтың арасында кеңінен насихаттап, түсіндіру жұмыстары жүргізілген болатын. Сарапшылардың айтуынша, бүгінгі таңда «Халықтық IPO» бағдарламасы туралы жұртшылық толықтай хабардар және шамамен 500 мың адам осы бағдарламаға қатысуға ниет білдіріп отыр. Дегенмен, мұндай маңызды істің мәнісін тағы да түсіндіре түскеннің еш артықтығы жоқ деп ойлаймыз. «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының Басқарма Төрағасы Өмірзақ ШӨКЕЕВПЕН әңгіме негізінен осы маңызды мәселе төңірегінде өрбіді.
- Өмірзақ Естайұлы, аса маңызды оқиғаның тұсында ол жайындағы мақаланың не сұхбаттың тақырыбын «БАС-ТАЛ-ДЫ!» деп айқайлатып қойып жататын әдетіміз болушы еді. Бүгін де солай айтқан артық емес сияқты. 6 қарашада «Халықтық IPO» бағдарламасы басталды. Бұл бағдарлама қалың жұртшылық арасында биылғы жылы ең көп талқыланған, көп күтілген жоба десе де болады. Сұхбатымызды осы маңызды мәселеден бастасақ...
- Расында да, «Халықтық IPO» бағдарламасы соңғы бір жыл ішінде ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде ең көп талқыланған тақырыптардың бірі. Бұл бағдарлама Елбасының тікелей бастамасымен өмірге жолдама алған. Өздеріңіз білесіздер, 2011 жылғы ақпан айында, «Нұр Отан» партиясының 13-съезінде Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорына «Халықтық IPO» бағдарламасын жасап, жүзеге асыру туралы тапсырма берген болатын. Осы уақыт ішінде Мемлекет басшысының тапсырмасын лайықты орындау мақсатында бірқатар ауқымды, кешенді жұмыстар атқарылды.
Елбасы аталған бастаманың халқымызға жасалып отырған жақсылық екенін, бұл жобаны жүзеге асыруда атүстілікке жол берілмеуі керектігін үнемі айтып келеді. Сондықтан, жауапкершілігі орасан бағдарламаны жасап, жүзеге асыру үшін біз барлық тәжірибе мен күш-жігерімізді, мүмкіндіктерімізді сарқа пайдаландық.
Осы уақыт ішінде «Халықтық IPO» туралы отандық, халықаралық сарапшылардан бастап, ресми орган өкілдері, экономика, қаржы мамандары ақпарат құралдарында сан алуан пікірталас болды. Бағдарламаны жасау барысында біз осы талқылауларда айтылған барлық ескертпе, ұсыныстарды назарға алдық.
«Самұрық-Қазына» Ұлттық қоры бағдарлама туралы жан-жақты насихаттап қана қоймай, жұртшылықтан келіп түскен барлық сауалдарға мүмкіндігінше егжей-тегжейлі жауап беруге тырысты. Өз басым осы жалпыхалықтық жобаға қатысты ақпарат, түсініктеме қанша айтылып, жазылса да артықтық етпейді деп ойлаймын.
- Оның үстіне «Халықтық IPO» термині біздің өмірімізге жаңадан еніп жатқан ұғым ғой...
- Жалпы, «IPO» ұғымы қазақстандықтардың құлағына таңсық сөз болып естілгенімен, әлем елдерінің көбінде айналымға енген ұғынықты термин, адал табыс табудың бір тәсілі болып табылады. Бұл үрдіс өткен ғасырдың 80-жылдары Британияда бастау алса, қазіргі кезде бүкіл әлемге кеңінен қанат жайған. Халықаралық сарапшылардың мәліметіне сүйенсек, әлемде түрлі компаниялардың үлесіне иелік ететін адамдардың саны 500 миллионнан асады.
- Бізде олардағы бағдарламалардан өзгеріс бар ма?
- Бар. Қазақстанда «Халықтық IPO-ға» 100 пайыз мемлекет меншігіндегі немесе акцияларын мемлекет иемденіп отырған компаниялар шығарылады. Және ол компаниялардың акциялары бірінші кезекте Қазақстанның азаматтарына, содан кейін қазақстандық зейнетақы жинақтау қорларына ғана сатылады.
Өзіңіз ойлаңызшы, бізде осыған дейін қалай болып келді? Бұған дейін Қазақстанда қор нарығындағы құнды қағаздармен жұмыс істеуге қалың жұртшылық тартылмады немесе олардың бұл туралы азды-көпті мәліметі де болмады. Біз ары кетсе үй, көлік сатып алып, артық ақшаны банктерге депозитке салумен шектелетінбіз. Жасыратыны жоқ, талайдың ақшасы әлі де жатын бөлмедегі төсектің астында немесе сейфтің ішінде жатыр ғой.
- Бағдарлама халықтың пайдаға аспай, текке жатқан сол қаржысын табысты орналастыруына септігін тигізе ме?
- «Халықтық IPO» бағдарламасына үрке қараудың қажеті жоқ. Біздің халқымыз жаппай сауатты. Сондықтан, аталған шара туралы мәліметтер мен құжаттарға бір-екі күнін арнап, мұқият танысып шықса жеткілікті дер едім.
Бағдарламаға қатысу, яғни үздіксіз табыс тауып отырған кәсіпорындардың акцияларын иелену арқылы қарапайым азаматтар таза табыс табу мүмкіндігіне, әл-ауқатының көтерілуіне қол жеткізеді. Бұл іс-шара «Халықтық IPO» бағдарламасын жүзеге асырудың түпкі мақсатымен үндесіп жатыр. Біздің мақсатымыз - Қазақстанның әрбір азаматына отандық ірі компаниялардың акцияларына иелік ету мүмкіндігін ашу. Бұл, өз кезегінде, азаматтардың елдегі экономикалық үрдістерге тікелей қатысуын қамтамасыз етеді. Халық өзінің жиған қаржысын құнды қағаздар нарығына инвестициялау арқылы табысын молайтады.
Екіншіден, әр азамат аталған бағдарламаға қатысып, қор нарығын дамытуға жанама ықпал жасайды. IPO-ға шығарылған компаниялар мен акцияларға сұраныстың өсуі инвесторлардың қатарын мейлінше көбейтеді.
Үшіншіден, кәсіпорындар жаңғыртылады, өндіріс кеңейіп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік туады. Қазақстандағы ірі компаниялардың жұмыс істеу тиімділігіне, ашықтығына қол жеткізетін боламыз.
Мұның бәрі ел экономикасының дамуына, ел дәулетінің ұлғаюына кепілдік деген сөз.
- «Халықтық IPO» бағдарламасына қатысудың тәртібі, талаптары туралы ақпарат құралдарында барлығы да айтылған сияқты. «Егемен Қазақстан» газеті де бұл бағдарлама туралы кеңінен насихат жұмысын жүргізді. Сөз ретін пайдаланып, кезінде біздің өтінішіміз бойынша «Егемен Қазақстанның» облыстардағы меншікті тілшілерінің жиынында «Самұрық-Қазына» өкілінің редакцияға арнайы келіп, мазмұнды әңгіме өткізіп бергенін разылықпен айта кеткім бар. Алайда, оқырмандарымыздан әлі де түрлі сауалдар түсіп жатады. Мысалы, IPO бағдарламасын жүзеге асыру үшін алғашқы болып «ҚазТрансОйл» компаниясының таңдалу себебі неде?
- Біз осы бағдарламаны әзірлеу барысында ұзақ уақыт бойы терең талдау, зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Бір ғана «Самұрық-Қазына» қорының 400 компаниясы сараптан өткізілді. Ал олардың ішінен «Халықтық IPO-ға» шығаруға қаржылық көрсеткіштері, техникалық дайындығы сай келетін компанияларды іріктеу бір күннің шаруасы емес. Осы жауапты шараға Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қоры, өзге де отандық мамандар, компаниялармен қатар, әлемдік деңгейдегі сараптамалық орталықтар тартылды. UBS инвестициялық банкі, Ernest and Young, White and Case, Price Waterhouse Coopers секілді халықаралық деңгейдегі атақты компаниялар жұмыс істеді. Олар да өздерінің қорытындысы мен кепілдемесін беріп отыр. Нәтижесінде IPO-ға шығаруға лайықты 9 компания іріктеліп алынды. Осы сараптаулар негізінде, алғашқы болып «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамын «Халықтық IPO-ға» шығару туралы өте маңызды шешім қабылданған. Сондықтан, «ҚазТрансОйл» компаниясын IPO бағдарламасының пионері деп қана емес, әзірге лайықтысы деп қабылдаса да болады.
Сонымен, өткен жетіде біз «ҚазТрансОйл» АҚ-тың акциялар бағасын, санын, құрылымын бекітіп, сатуға шығардық. «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы Директорлар кеңесі мақұлдаған акциялардың саны мен бағасын ескере отырып, «ҚазТрансОйл» АҚ-тың орналастырылатын акциялары 28 млрд. теңгені (186 млн. доллар) құрайтын болады. Сатуға шығарылған акциялар саны - 38 463 559 болса, Үкімет бекіткен бір акция құны - 725 теңге. Бағдарлама аясында өз азаматтарымызға берілген артықшылықтарды, тиімді инвестиция мен одан түсетін табысты ескерсек, акция құны біздің азаматтар үшін қолжетімді баға деп ойлаймын.
Орайы келгенде сұрағыңызды толықтыра кетейін, «Халықтық IPO» бағдарламасы мұнымен шектеліп қалмайды. 2013 жылдан бастап «KEGOC» АҚ, «Air Astana» АҚ, «НМСК «Казмортрансфлот» АҚ, «Самрук-Энерго» АҚ және «ҚазТрансГаз» АҚ компанияларын IPO-ға шығаруды көздеп отырмыз.
2014-2015 жылдары «Казақстан темiр жолын», «Казтеміртрансты», «Қазатомпромды», «ҚазМұнайГазды» IPO-ға шығару жоспарланған.
- Бағдарлама 6 қараша күні басталды. Ол күні Ақтауда іссапарда едім. Журналистік әуестікпен акцияларға жазылу жүріп жатқан жерге аз ғана уақытқа соға кеткенбіз. Шыны керек, мені IPO-ға қатысушылардың белсенділігі таң қалдырды. Астана қаласында адамдар таң атпастан кезекте тұрғанын жұрт айтып жатыр. Алғашқы күндердегі нәтижеге көңіліңіз тола ма?
- Нәтиже туралы айту әлі ертерек шығар. Жаңа бастап жатырмыз ғой. Бірақ, сіз айтқандай, «Халықтық IPO» бағдарламасының алғашқы күндеріндегі азаматтарымыздың белсенділігі көңіл қуантады. Бұл, меніңше, бағдарламаға деген сенімнің немесе насихат, түсіндіру жұмыстарының арқасы ғана емес, біздің халқымыздың экономикалық сауатының, мәдениетінің көтерілгенін де көрсетеді.
Бір ғана мысал. «Халықтық IPO»-ға сұраныс кітабы ашылғаннан кейін-ақ, бір күннің ішінде, 184,4 млн. теңгеге өтініштер түскен. Акциялар сатылымы 5 желтоқсанға дейін жалғасатынын ескерсек, бұл - өте жақсы көрсеткіш.
Әрине, кез келген азамат осы акцияға қатысу, қатыспау туралы шешімді өзі қабылдауы керек. Бұл, қанша айтқанмен, бизнес. Ал бизнес деген - тәуекел. Сондықтан, әр адам неге, не үшін қатысатынын, қанша қаржы құйып, қанша акция сатып алатынын, одан келетін табыс пен тәуекелдің ара салмағын екшеп, жеті өлшеп, бір кесіп алуы керек.
- Сонда бұл тәуекел неден танылады?
- Мәселен, акция сатып алуға жұмсалатын қаржы сатып алушының, оның отбасының жағдайына кері әсерін мейлінше тигізбеуі керек. Сіздің 725 теңге салып, бір акция алуыңызға болады. Бірақ одан бәлендей пайда табам деуге болмайды. 725 теңге салып, бір жылда 200 теңге пайда тапсаңыз, ол қандай бизнес? Меніңше, кем дегенде 20-50 акция болғаны дұрыс.
- Соның өзінде тым аз сома сияқты. Акционер атану үшін шамамен отыз мың теңгедей салудың өзі жеткілікті ме?
- Кем дегенде деп тұрмын ғой. Әрине, көбірек салынғаны жақсы. Бірақ, тым шектеу қоя берсек, бұл халықтық бағдарлама бола ма?
Екінші жағынан, акция дүкенге барып сатып ала салатын зат емес. Акцияны компания арқылы, брокер арқылы аласыз. Ол үшін IPO туралы жан-жақты мәлімет беретін halyk-ipo.kz және kase.kz тәрізді арнайы сайттарға кіріп, брокерлердің тізімімен танысқан жөн. Әрине, олардың көбі Алматы мен Астана қалаларында. Жер-жерде өкілдіктері болмауы мүмкін. Сондықтан, біз барлық өңірде өкілдіктері бар «Қазпошта» компаниясын осы брокерлік қызметке тартып отырмыз. Олардың 3 мың 49 бөлімшесі бар және бәрі де толық жабдықталған. Сондай-ақ, жергілікті жердегі тұрғындар Халықтық банктің кез келген бөлімшесі арқылы да IPO-ға қатыса алады. Бір сөзбен айтқанда, бағдарламаға қатысуға ниет білдірген адамдар үшін барлық жағдай жасалған, барлық мәліметтер көз алдында.
- Дегенмен, меніңше, жұрттың бәрі бағдарламаның мәнісін толық түсіне қойды деу қиын шығар?
- Түсіндіру жұмыстарын біз тоқтатпаймыз. Бағдарлама операторы ретінде «Самұрық-Қазына» өкілдері барлық аймақтарға барып, халықпен, нақты инвесторлармен кездесулер өткізуді жалғастыратын болады. Осы сұхбатты пайдаланып, мен барша қазақстандықтарды «Халықтық IPO» бағдарламасына белсене қатысуға шақырамын. Бағдарламаға қатысты барлық сұрақтарға жауапты арнайы ашылған halyk-ipo.kz сайтынан алуға болады. Немесе 8 800 080 5070 нөмірі арқылы тегін телефон соғып, білуге болады. Сондай-ақ, «Самұрық-Қазынаның» кез келген қызметкері осы бағдарламға қатысты сұрақтарға жауап беріп, көмек қолын созуға әрдайым әзір.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ