Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3840 0 пікір 27 Шілде, 2009 сағат 09:32

Су мұнайдан да қымбат

Дәл қазір Орталық Азияның ортақ проблемасы - трансшекаралық өзендер мен су, энергетика. Қазақта «Ас ішерде...» деген сөз бар. Біздің елде де бұл мәселе тек көктемгі су тасқыны немесе жазғы қуаңшылықта еске түседі. Содан көктемгі қызылсумен басталатын алашапқын, ары кетсе, қоңыр күзде соңғы құстармен бірге кетеді. Сонымен, келесі көктемге дейін «жабулы қазан жабулы күйінде» қала береді. Ал қыстыгүні Шардараның арнасынан асқан су бей-берекет Арнасайға қарай аға береді. Мамандар осы күні Арнасай құмына 40 млрд текше метр су жұтылғанын айтады. Кішігірім теңіздің суы құмға сіңіп, жоқ болды. Осы су Аралға құйылғанда, бәлкім, теңіз тынысы тарылмас па еді? Орталық Азияның ортақ проблемасы өткен аптада Айт-PARK-те де айтылды. Саясаттанушы Нұрлан Ерімбетовке «Орталық Азияның су-энергетикалық ресурстары мен су көздерін пайдалану проблемаларын зерттеу институты» қоғамдық қорының президенті Эрнест Карыбеков келді. Ағайын елдердің шекарасын жарып өтетін өзендер туралы, оның суы мен энергия көздерін тиімді пайдалану мәселелері жан-жақты сөз болды.  Әсілі, әлгі мәселені «құдық» басында отырған қырғыздар емес, қашпа судың өзін қайырып ала алмай отырған қазақ көтеруі керек еді... Сонымен, қырғыз бен қазақтың ортақ мәселе жайлы әңгімесін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Дәл қазір Орталық Азияның ортақ проблемасы - трансшекаралық өзендер мен су, энергетика. Қазақта «Ас ішерде...» деген сөз бар. Біздің елде де бұл мәселе тек көктемгі су тасқыны немесе жазғы қуаңшылықта еске түседі. Содан көктемгі қызылсумен басталатын алашапқын, ары кетсе, қоңыр күзде соңғы құстармен бірге кетеді. Сонымен, келесі көктемге дейін «жабулы қазан жабулы күйінде» қала береді. Ал қыстыгүні Шардараның арнасынан асқан су бей-берекет Арнасайға қарай аға береді. Мамандар осы күні Арнасай құмына 40 млрд текше метр су жұтылғанын айтады. Кішігірім теңіздің суы құмға сіңіп, жоқ болды. Осы су Аралға құйылғанда, бәлкім, теңіз тынысы тарылмас па еді? Орталық Азияның ортақ проблемасы өткен аптада Айт-PARK-те де айтылды. Саясаттанушы Нұрлан Ерімбетовке «Орталық Азияның су-энергетикалық ресурстары мен су көздерін пайдалану проблемаларын зерттеу институты» қоғамдық қорының президенті Эрнест Карыбеков келді. Ағайын елдердің шекарасын жарып өтетін өзендер туралы, оның суы мен энергия көздерін тиімді пайдалану мәселелері жан-жақты сөз болды.  Әсілі, әлгі мәселені «құдық» басында отырған қырғыздар емес, қашпа судың өзін қайырып ала алмай отырған қазақ көтеруі керек еді... Сонымен, қырғыз бен қазақтың ортақ мәселе жайлы әңгімесін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Нұрлан Ерімбетов: Биыл көктемде Алматы және Алматы облысының аяқ астынан «қара түнекте» қалғанын бәріңiз білесіздер. 15 сәуірде не болды? Неге бұрынғы астана бірнеше сағат бойы жарықсыз қалды? Жалпы, энергетика мәселесінде біз Қырғызстанға тәуелдіміз бе?
Эрнест Карыбеков: Қазақстан энергия жүйесі жағынан тәуелсіз деп айта алмаймыз. Мысалы, Орталық Азияның энергия жүйесі, оның ішінде Қазақстан да бар, барлық желі қанаттас жүйемен жұмыс істейді. 15 сәуірде  бір энергия жүйесінің істен шығуы басқа жүйеге әсер етіп, содан жарық  автоматты түрде жалп етіп өшті. Себебі Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан бір жүйеге қосылған. Содан көп күш түсіп кетті. Мысалы, Қазақстандағы қуат көзі тапшылығы 70 мВт шамасында, Қырғызстанның солтүстігінде де тапшылық бар, Өзбекстанда қуат көзі жетіспеушілігі жоқ деп ешкім айта алмайды, Тәжікстан туралы әңгіме тіпті бөлек, ол жақтағы тапшылық үш есе артық. Міне, осындай  ауыртпалық салдарынан 509-желі істен шықты. Неге? Өйткені өндірістің қуаты аз да, оған түсетін күш шамадан тыс. Ал қуат көзін тұтыну жылдан-жылға артып келеді. Сол себепті 15  сәуірде Қырғызстанда, Қазақстанның Жамбыл, Алматы облыстары және Алматы қаласы жарықсыз қалды. Бір сағат жарықсыз қалған күннің өзінде өндіріске көп шығын батады. Ал сол күні кемі бес-алты сағат жарық болмай қалды.
Нұрлан Ерімбетов: Біздің үкіметтегілер қырғыздармен кездескен сайын өзінің де, өзгенің де жүйкесін тоздырады. Мысалы, мәселе неге тек кездесу кезінде шешіледі? Қазір келісімсіз ештеңе бітпейді. Қырғыз елі суды бергісі келсе береді, бергісі келмесе, бөгеп тастайды. Біз осы қырғыздарсыз өмір сүре алмаймыз ба? Өзіңізбен өзіңіз болыңыз деп, шекараны дуалмен қоршап тастап өмір сүруге бола ма? Мәселен, бізге Тоқтоғұл ГЭС-інің қандай қатысы бар?
Эрнест Карыбеков: Сіздің мына сауалыңыз дұрыс қойылып отырған жоқ. Өйткені Қырғызстан суды бергісі келмесе де береді. Неге? Себебі Сырдария -  ағып жатқан өзен. Ол бір жерге барып тоқтап қалмайды, Қырғызстан, Қазақстан, Өзбекстан аумағынан өтеді. Тағы қайталап айтамын, бұл елдердің энергия жүйесі қанаттас жүйемен жұмыс істеп жатыр. Өздеріңіз білесіздер, бұрындары кеңес кезінде трансшекаралық су туралы көпжақты келісімдер болушы еді, қазір тек үкіметаралық келісім жасалады. Қазақстанмен арада  екіжақты келісім бар. Осы келісім аясында  Қазақстан жаз айларында өзінің мұқтажы үшін қырғыз елінен су алса, Қырғызстан сол ақшаға көмір, мұнай, мазут отынын сатып алады.
Нұрлан Ерімбетов: Былайша айтқанда, су - Құдайдың бергені, табиғаттың сыйы, өзінен-өзі ағып жатыр. Ал біз сол тегін суды алғанымыз үшін мұнай, мазут, көмір беруіміз керек. Ал бұл дегеніңіз - көлік тасымалы, вагон, құбырлар...
Эрнест Карыбеков: Су проблемасы - бір ғана қырғыздың төңірегіндегі шетін шаруа емес. Ол барлығымыздың бас ауыртар, жан ауыртар тауқыметіміз. Мысалы, қырғыз елінен Қазақстанның оңтүстігіне келетін суды қалай болғанда да сақтауымыз керек. Кеңестік дәуірде бұл жалпыға ортақ іс еді. Жүйе бір болғандықтан, бар мәселені энергетиктер мен мұраптар (су мамандары) бірігіп, бас қосып шешетін еді. Ал бүгінгі күні қалай? Энергетиктер мәселесін өздері шешкісі келеді, су мамандары  да солай. Екеуі екі жақта, өз елдерінде жүріп-ақ, оңаша шешкісі бар. Ал біз бұл екеуін бөліп-жарып қарамауды айтып келеміз. Мәселені бірігіп қолға алу жағын ойластырған абзал. Сонда ғана діттеген мақсатқа, жетістікке жетеміз. Бөлек жүріп, өз бетімен түйін шешем деу - әбестік.
Судың тіршілік көзі екені рас, оны тек азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін өнім ретінде пайдаланамыз десек, өзімізді-өзіміз шектегеніміз. Себебі су арқылы қуат өндіріледі. Мысалы, Қазақстанның оңтүстік өңірі түгелдей Тоқтоғұл стансасына тәуелді. Қатарласа жүргізілетін жұмыстар  болғандықтан, жағдай солай қалыптасқан. Оны біреу түсінеді, біреу түсінбейді.
Нұрлан Ерімбетов: Бұған Көксарайдың қатысы бар ма?
Эрнест Карыбеков: Қатысы жоқ.
Нұрлан Ерімбетов: Онда мынаны айтыңызшы, Көксарайға бөлінген 500 млн доллар авантюра ма, жоқ әлде су мәселесін шешудің стратегиялық жобасы ма?
Эрнест Карыбеков: Бұл - су төңірегіндегілердің өз қотырын өзі қасуға әрекеттенуінен  туындаған жобасы ғой. Көктеммен бірге келетін су тасқынынан сақтануды ойлап қолға алынған жоба. Бұған қоса,  ел аумағындағы суды сақтау проблемасынан аз да болса жеңілдеу үшін салына бастаған су қоймасы. Көксарайда 3 млрд текше метр су сақтауға болады. Бірақ, меніңше,  бұл - дұрыс іс-қимыл емес. Біз Аралға күш салып, теңізді сақтауымыз керек, Оңтүстік Қазақстанды су тасқынынан сақтауымыз, қорғауымыз керек. Міне, бүгінгі қоғам, бүгінгі билік осы мәселені ескеруі тиіс. Ал әлгі су тасқыны жылда неге қайталанады? Оның себеп-салдарын білетін біреу бар ма?  Мұның себебін мен айтайын, Қырғызстандағы гидроэлектр стансалары судың 60 пайызын қыста босатады. Неге? Өйткені басқа қуат көзі жоқ. Қырғызстандағы стансалардың 99 пайызы су стансалары. Олардың қуаты бүкіл Қырғызстанды электр қуатымен, сумен қамтамасыз ете алмайды. Өйткені су амалсыздан Қазақстанға, одан әрі Өзбекстанға кетеді. Анығырақ айтқанда, Шардара су қоймасына сыймайтын ылғал Арнасайға, құмға сіңеді. Ал негізгі тұтынушы саналатын Арал теңізіне су жетпейді. Жалпы, су төңірегінде  қордаланған мәселені әр ел өз бетінше, жеке-дара шешуге тырысып жатыр. Мысалы, Өзбекстан «Достық» су реттегішін салуда, ал ол жерде су екіге бөлінуі тиіс-тін. Яғни Өзбекстан аумағы арқылы Қазақстанға келуі керек еді. Түптің түбінде сол су Қазақстанға жетпей  қалуы да ықтимал. Сол сияқты, Қазақстан да Көксарайды салып жатыр. Қазір онда су жоқ. Қолдағы деректер онда оның болмауы да мүмкін екенін растайды. Себебі судың бір бөлігі Арнасайға, құмға кетіп жатыр, екінші бір бөлігі тасқын суға айналады.
Нұрлан Ерімбетов: Осы жерде сіз қандай ұсыныс айтасыз?
Эрнест Карыбеков: Біздің ұсынысымыз мынау: Энергетикалық режимнен ирригационды тәсілге көшу  тиімді болмақ. Яғни суды мезгіліне қарай дұрыс реттеп отырған жөн. Қыста суды сақтап, жазда молынан жіберу амалы. Бұл үшін біз қырғыз жерінен гидростансаларға балама ретінде жылу электр стансаларын салуды ұсындық. Мысалы, қырғыз елінің қысқы сұранысы секундына 650-800 текше метр. Бұл су Тоқтоғұл ГЭС-іне кетсе, қала берді қысқы ауыртпашылықты жылу электр стансалары қолданса, қалған 300 текше метр суды Сырдария өзенінің арнасында-ақ тыныш сақтауға әбден болады. Бұл кезде артық су тіпті Арнасайға бармай-ақ, Арал теңізіне құйылады. Одан әрі біздің  «Ыстықкөл арқылы  Алматыға электр өткізу орталығын салсақ» деген идеямыз бар. Сонда Алматыда жаңа баламалы энергетикалық шеңбер пайда болады. Бүкіл Орталық Азияның энергетикалық жүйесін үйлестіретін диспетчерлік орталық Ташкентте. Ал біз осындай орталықты Алматыдан ашуды ұсынып отырмыз. Бұл орталық қырғыз-қазақ жүйесін реттеп отыруға мүмкіндік береді. 
Нұрлан Ерімбетов: Өзбек ағайындар өкпелеп қалмай ма?
Эрнест Карыбеков: Егер Тоқтоғұл стансасы бір режимде жұмыс істесе, Ресеймен қанаттас жүйеге  қосылады. Оңтүстік Қазақстан мен Орталық Азия энергетикалық жүйесі бүгінгі салмақты көтере алмайды. Өйткені жыл өткен сайын қуат көзіне деген сұраныс та, оны тұтыну да артып келеді. Бұл - бір. Екіншіден, өндірістің қуаты төмен. Әлгі балама энергетикалық жоба әрі тапшылықтан құтқарады, әрі артық салмақты  жоюға ықпал етеді.
Нұрлан Ерімбетов: Орталық Азияның энергетиктері бұрынғы кеңестік жүйені қолданып отыр дей аламыз ба?
Эрнест Карыбеков: Иә, бүгінгі күні осылай деуге болады.
Нұрлан Ерімбетов: Істелген жұмыс бар ма, мысалы, құбырлар кеңейтілді ме?
Эрнест Карыбеков: Жоқ. Тек Қазақстан «Солтүстік-Оңтүстік» жобасын қолға алды. Оның өзі энергетикалық тапшылықтан толық құтқара алмайды. Оңтүстік өңірде 300-400 мВт тапшылық бар екенін бәріңіз де жақсы білесіздер.
Нұрлан Ерімбетов: Сіз айтып отырған қиын жағдайды басқалар біле ме? Билік неге мойын бұрмайды? Әлде өкіметтің өз есебі бар ма?
Эрнест Карыбеков: Бүгіндері мәсе­лені Өзбекстан өз бетінше, Қырғызстан мен Қазақстан да өз беттерімен, жеке-дара шешуге тырысып жатыр.
Нұрлан Ерімбетов: Сонда қазір Орталық Азия елдері арасында су-энергетикалық «соғысы» жүріп жатыр ма?
Эрнест Карыбеков: Иә, бейресми түрде солай деуге негіз бар.
Нұрлан Ерімбетов: Нақты жүріп жатыр деп айта аламыз ба?
Эрнест Карыбеков: Айта аламыз, жүріп жатыр.
Нұрлан Ерімбетов: Мәселенің субъективтілігі басым шығар?
Эрнест Карыбеков: Дұрыс айтасыз, субъективтілігі молырақ. Мысалы, Нарын өзені болсын, Сырдария мен Әмудария - бұлар бір мемлекеттің аумағында жатқан жоқ қой. Егер бұл өзендер бір ғана қырғыз жерінде болса, осы өңірден бастау алып, осы аймаққа құйса, онда трансшекаралық су туралы әңгіме  қозғалмаушы еді. Енді су айналасында төрт-бес мемлекет отырғаннан кейін біз қаласақ та, қаламасақ та ортақ түйткілді бірігіп шешпесек, түбі үлкен экологиялық, әлеуметтік-экономикалық зардап шегетініміз аян.
Нұрлан Ерімбетов: Әлгі мемлекеттер бір-біріне барып, мәселе қойып, келісіп-кездескеннен гөрі біздің басқарушыларға өз бетінше бірдеңе сала салу тиімді сияқты? Өркөкіректігіміз және бар?
Эрнест Карыбеков: Көп іс келіссөз жүргізушілерге байланысты. Кез келген мемлекетте ғылыми-зерттеу институттары бар, стратегиялық сараптау институттары бар, солар интеграциялы жоба ұсынулары керек. Тағы қайталап айтамын, интеграциялы жоба болмаса, біз өз жерімізде отырып, ештеңе шеше де, істей де алмаймыз. Кеудемсоқтықты ысырып қою керек, егер өз мәселемізді өзіміз шешпесек, ертең ресейліктер немесе қытайлар келіп, игере бастайды. Өйткені өздеріңіз де білесіздер, біздің аймақ - шұрайлы, құнарлы аймақ. Егер дипломатиялық келіссөз арқылы ештеңе шеше алмасақ, онда нақты жобаларды қолдау қажет. Мысалы, біз өз жобамызды ұсынып отырмыз, екіжақты қолдауға ие болды. Менің айтып өткен жобамды әу баста қазақтар да ұсынған. Қаржыландыру мәселесін келісе отырып шешкен абзал. Оны кез келгені қаржыландыра алады. Егер біз ақша салуға қиналсақ, іргедегі Қытай дайын отыр. Өйткені бұл жерде көмір кенішін былай қойғанда, Орталық Азияда теңдесі жоқ темір кеніші бар. Қазір Қытай екі көзін кенішке тігіп отыр. Осы жерде мен қырғыз бен қазаққа тән ортақ бір мәтелді айтайын, «Жаман үйді қонағы билейді» дейді.
Нұрлан Ерімбетов: Бұл жобаның құны қанша?
Эрнест Карыбеков: KEGOK компаниясы есеп-қисапқа салып еді, 2,3 млрд доллар мөлшерінде екен. Қазақстан 82 млрд кВт сағат электр қуатын тұтынады.  300 мВт жетпейтінін ескерсек, өз бетімізше ештеңе шеше алмаймыз. Энергетикалық проблема арқылы су түйткілін  шеше аламыз. Мәселені кешенді түрде қарастыру қажет. Әйтпесе тығырыққа тірелгеніміз тірелген. Бұл жоба Қазақстан мен Қырғызстанның мемлекет басшылары деңгейінде келісім тапқан. Енді оны заңды күшіне енгізу үшін үкіметаралық келісім керек, оны екі елдің парламенттері бекітуі тиіс. Сөйтіп, іске кіріскен абзал. Әйтпесе, проблема жыл озған сайын ұлғая бермек. Екі елдің энергияны да, суды да тұтынуы өсіп келеді. Жыл сайын 6-7 пайызға көбеюде. 
Әлемде дәл біздікіндей, төрт-бес мемлекетті басып өтетін трансшекаралық су ағыны жоқ.   Егер суды жағалай қоныс­танған мемлекеттер өз мәселемізді өзіміз шеше алмасақ, әлемдік қауымдастық алдында абыройымыз айрандай ақтары­лады. Біздің басты кемшілігіміз - бір-бірімізді ортақ жұмысқа шақырмаймыз. Дұрыс, әр ел өз аймағында су стансасын сала ма, жоқ әлде, жылу стансасын сала ма, өзі білсін. Ешкім «қой» демейді. Бұған тіпті Өзбекстан жағы да қарсы емес. «Егер бәріміз бірігіп, бір жобаны жүзеге асыратын болсақ, алдымен сараптама жүргізейік» дейді. Мұнымен де келісуге болады. Басты мәселе ақшада емес, амбицияда. Бес мемлекеттің үкімет басшылары бір үстел басына отырып, 15-20 жылға арналған үкіметаралық келісімге қол қоюы керек. Осы келісімде кез келген жобаның жұмыс істеу тәртібі бүге-шігесіне дейін жазылып, парламент бекітуі тиіс. Сонда ғана іс жүреді. Әр ел өзінің  ұлттық, экономикалық, энергетикалық қауіпсіздігін қорғайды. Дұрыс. Менің айтарым, су, энергетика мәселесінде аймақтық қауіпсіздікті нығайту қажет. Күні бүгінге дейін қолданыстағы заң, келісімдердің бәрі ескірген. Осылардың бәрін қайта қарайтындай жағдайды өзіміз істемесек, бізге сырттан келіп біреу жасап бермейді.
Журналист сауалы: Бес мемлекеттің ішінде қайсысы энергия жағынан қауіпсіз аймақта?
Эрнест Карыбеков: Өзбекстан. Егер қырғыз-қазақ конфигурациясы жүзеге асса, онда, әрине, бағыт-бағдар өзгереді. Орталық Азияның ортақ мәселесін өзіміз шешпесек, ертең сырттан келген инвесторларға «жем» боламыз. Мысалы, АҚШ инвесторлары өзінің жобасын ұсынып, қуат көзін тіпті Ауғанстанға, Пәкістанға дейін экспорттау жағын айта бастады. Сол сияқты халықаралық банктер Өзбекстанға барып бір жоба туралы айтса, Қазақстанға келіп басқаша сөйлеп кетеді, Қырғызстанға барып мүлдем басқа әңгіме айтады. Тағы қайталап айтамын, Орталық Азия -  қазба байлыққа да, басқа байлыққа толы қазыналы кеніш. Сырттан көз алартушылар өте көп. Бес елдің басы бірікпей жүргенде, ен дәулетіміз қолды боп кетпесін. Бүгінгі менің сіздерге айтқым келгені осы.

 

 

Жазып алған Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ

«Жас қазақ» газеті, 24.07.2009

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1575
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2271
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3584