Нұрлан Рахметов: «Дивидендтік саясаттың қыр-сыры мол»
2013 жылдан бастап «Самұрық-Қазына» АҚ сараланған дивидендтік саясат енгізуде. Дивидендтер мөлшері Қор компанияларының кемелдену дәрежесіне және олардың қаржылық-экономикалық жағдайына байланысты. Жаңашылдықтар жөнінде «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма мүшесі, басқарушы директоры Нұрлан Рахметов айтып берді.
Дивидендтер
- Дивидендтер тақырыбы өте қызықты және бір жағынан ептеп түсініксіздеу. Дивидендтік саясат туралы әңгімелеп берсеңіз қалай болады?
- Дивидендтік саясаттың қызықты қыр-сыры мол. Дивиденд дегеніміз, ол - еншілес компаниялардан алынып, акционерге берілетін дүние. Қисынға салсақ, өзара алыс-берісте белгілі бір деңгейде мүдделер қақтығысы орын алатыны аян. Әлбетте, акционер көбірек алып кеткісі келсе, компания акционерді керісінше көбірек қаржы қалдырып кетуге көндіруге тырысатыны анық. Бұл мәселе «Самұрық-Қазына» қорына да жат емес.
- Акционер ақшаны неге және не үшін алады?
- Егер дивидендтерге қатысты құқық жайлы айтар болсақ, акционер барлық таза кірістің 100 пайызына құқылы. Тіпті бұл оның конституциялық құқығына жатады. Бірақ біздің Қор тек белгілі бір бөлігін ғана иеленеді. Орташа алғанда 15 пайыз, қалған 85 пайызы компанияның өз қоржынында қалады.
2013 жылдан бастап «Самұрық-Қазына» АҚ сараланған дивидендтік саясат енгізуде. Дивидендтер мөлшері Қор компанияларының кемелдену дәрежесіне және олардың қаржылық-экономикалық жағдайына байланысты. Жаңашылдықтар жөнінде «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма мүшесі, басқарушы директоры Нұрлан Рахметов айтып берді.
Дивидендтер
- Дивидендтер тақырыбы өте қызықты және бір жағынан ептеп түсініксіздеу. Дивидендтік саясат туралы әңгімелеп берсеңіз қалай болады?
- Дивидендтік саясаттың қызықты қыр-сыры мол. Дивиденд дегеніміз, ол - еншілес компаниялардан алынып, акционерге берілетін дүние. Қисынға салсақ, өзара алыс-берісте белгілі бір деңгейде мүдделер қақтығысы орын алатыны аян. Әлбетте, акционер көбірек алып кеткісі келсе, компания акционерді керісінше көбірек қаржы қалдырып кетуге көндіруге тырысатыны анық. Бұл мәселе «Самұрық-Қазына» қорына да жат емес.
- Акционер ақшаны неге және не үшін алады?
- Егер дивидендтерге қатысты құқық жайлы айтар болсақ, акционер барлық таза кірістің 100 пайызына құқылы. Тіпті бұл оның конституциялық құқығына жатады. Бірақ біздің Қор тек белгілі бір бөлігін ғана иеленеді. Орташа алғанда 15 пайыз, қалған 85 пайызы компанияның өз қоржынында қалады.
Не үшін дейміз ғой? Үкімет алдымызға қойған немесе өзіміз бастама көтерген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында. Аталған сома және де ағымдық шығындарға, Үкіметке дивидендтер төлеуге, қызметтің жаңа түрлерін игеруге жұмсалады. Мәселен, кезекті рет дивидендтер «Тау-Кен Самұрық» және «Бірлескен химиялық компания» кәсіпорындарын құруға қажет болды. Бұл жаңа кәсіпорындардың әзірге шығындарын жабуға кірістерінің жоқтығын ескерер болсақ, алғашқы кезеңде инвестициялық шығындарды Қор өз мойнына алуға мәжбүр.
- Жаңа дивидендтік саясатты қабылдауға не түркі болды?
- Бәріңізге белгілі, жақында Қордың 2020 жылға дейін Даму стратегиясы қабылданды. Жұмыс көп. Стратегияны жүзеге асыру үшін, компаниялар тобының құнын көтеру бойынша Қордың стратегиялық мақсаттарына қол жеткізуге мүмкіндік беретін, жүйелі сипаттағы тұтас шаралар кешені жүргізілуде. Бұл бағыттардың бірі Қордың дивидендтік саясатын реформалау болып табылады.
Егер Қордың дивидендтік саясатының эволюциясын қарастыратын болсақ, ол алғашқы жылдары 10 пайыздан аспайтын ұстамды дәрежеде болды. Уақыт өте келе «Самұрық-Қазына» АҚ міндеттері мен межелері өзгеріске түсті. Жаңа биік белестер «менмұндалады». Сондықтан дивидендтер шегі таза кірістің 15 пайызына дейін өсті. 2011 жыл жайлы ой қозғасақ, өткен жылдың қорытындысы бойынша компаниялар 30 пайыз көлеміндегі көтеріңкі дивиденд төледі. Төлем мөлшерінің жоғарылауына біздегі ірі компаниялардың, оның ішінде «ҚазМұнайГаз» АҚ бар, өтімділігін жоғалта бастауына байланысты байқалған қауіпті тәуекелдер әсерін тигізді. Ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін ақша табу керек еді. Осымен бірге, БТА банкі бойынша мәселелер туындады. Салдарында, БТА қарыздарын екінші рет құрылымдау мәселесі шешілуде. Демек, қосымша қор ұстау қажет. Аталған жайттарды сараптай келе, дивидендтік саясатты жаңғыртуды жөн көрдік.
- Жаңа дивидендтік саясаттың бейнесі қандай?
- Біз оны түбірінен өзгеріске ұшыратудамыз. Дивидендтер бойынша міндеттемелерді қысқартудамыз. Қаржылық жағдайы әзірге тұрақсыз, нәтижесі мардымсыз, енді ғана еңсесін тіктей бастаған компаниялар үшін 15 пайыздық меже сақталады. Нақты сектор компаниялары үшін қаржылық орнықтылық коэффициенті қолданылып, оның негізінде дивидендтер мөлшері есептелетін болады. Формула мағынасы сонда, қаржылық орнықтылық жағдайы нашарлаған сайын, компания акционерге аз пайыз төлейді, жағдай жақсарған сайын, пайыз да көтеріледі. Сонымен қатар, компанияның инвестициялық, инновациялық жобаларға деген шығындары назарда ұсталынады. Басқаша айтсақ, тың идеяларды жүзеге асырған компания үшін дивидендтер сомасы да төмендетіледі.
Тағы бір көңіл аударатын жайт, Қор құрамында екі даму институты жұмыс істейді: Қазақстанның Даму банкі және Кәсіпкерлікті өркендетудің «Даму» қоры. Оларға дивидендтік саясат ықпалы жүрмейді. Өйткені бұлар даму институттары. Қызметі өзгеше болғандықтан, олар кірістерді арттыруды мақсат тұтпайды. Бар тапқан қаржысын әрі қарай даму жолына салады.
Бір ескертерлігі, жаңа дивидендтік саясат тек «Самұрық-Қазына» АҚ 100 пайыз акционер болып табылатын компанияларға ғана байланысты. Акцияларына Қор және жекелеген инвесторлар иелік ететін компаниялар үшін өзге дивидендтік саясат қолданылады. Мысалы, «Қазтрансойл» АҚ жекелеген инвесторлары 40 пайызға дейін дивидендтер ала алады. Біздің ойымызша, дивидендтік саясаттың мұндай құрылымы, компаниялар үшін өзінің және жалпы Қордың құнын арттыратын тиімді инвестициялық жобаларды жүзеге асыруына қолайлы. Қазір Қор компаниялары соны серпінмен ынталана бастады.
...оңтайландырулар
- Бізге белгілісі, Қор компаниялар тобының шығындарын қысқартуды қарастыратын жаңа бағдарлама жасауда. Ең бірінші кезекте қандай шығындар қысқартылады?
- Маған қашанғы қысқарта береміз деген сыңайда емеурін білдіргенде, мен өзіме үнемі бір сұрақ қоямын: алға жылжып, 50 үздік елдің қатарына кіргіміз келе ме? Осылай өзіне сындарлы мақсат қойғанда, еріксіз мұнай өндірудің, уран өнімдерін шығарудың, тағы басқа затттардың мүлдем өзгеше шығындары түзілген компаниялардың тәжірибесіне көз жүгіртесің. Бұл дегеніңіз, бенчмаркинг негізінде басқару деп аталады. Неге біз үлкен тиімділікте жұмыс істей алмаймыз? Әрине, салғырттық танытып, түк істемеуге болады және таусылып бітпейтін сылтаулар толып жатыр. Алайда, табанды түрде тыңғылықты іспен айналысып, толымды жемісін көруге болады.
Іс жүзінде оңтайландырудың қажеттілігі сезілуде. Сондықтан, бұл міндетті кәсіби тұрғыда мінсіз атқару үшін, әлемдік бай тәжірибесі бар халықаралық кеңесшілерді тарттық. Талдау нәтижелеріне сүйене отырып, олар шығындарды оңтайландыру аясында нақты шаралар ұсынуда.
Өзім жайлы ой сабақтар болсам
- Сізді өз ісінің майталманы, ұтымды әзілдей білетін адам ретінде сипаттайды. Басқару мәнеріңіз жайлы айтсаңыз?
- Менің басты ұстанымым - жан-жақты таразыланған, барлық тараптардың келісімін алған дұрыс шешім қабылдау. Сондықтан саналуан пікірлерге мұқият құлақ түремін. «Өзіме қалай ұнайды, солай болады» деп қисаю «қыңыр кісі бір жақ, қырық кісі бір жақ» дегенге келіңкірейді. Өйткені, түбінде іске бәрінің жұмылып, атсалысқаны ләзім. Айналаңдағы адамдар сенің ұсынған амалына сеніп, жүрегіне жылы қабылдағаны маңызды.
- Сіз көпшілік алдында өзіңізді еркін ұстап, ойыңызды дәйекті түрде дәлелдей аласыз. Шешендік өнерін арнайы оқыдыңыз ба?
- Мен өзімді жақсы сөз білгірі деп ойламаймын. МГУ-дың механикалық-математикалық факультетін бітірген соң 7 жыл бойы мұғалім болып істедім. Мүмкін осы жайт әсерлі сөз сөйлеулеріме септігін тигізген шығар (күледі). Оқытушы мамандығы студенттер қауымы лекция тақырыбының байыбына барып, тереңінен түсінуі үшін ұғынықты тілмен сөйлеуді қажет етеді. Ал менің сабақ берген пәнім өте күрделі болды, өне бойы толған формулалар. Бүгінде бұл дағдылар жұмысымда көмектесуде. Қанға сіңген әдет үнемі шынайы әрі нандыра алатын деректер келтіруіме итермелейді (күледі).
- Қандай кітаптарды оқығанды ұнатасыз?
- Мен қалыпты санадан, танымнан тыс әдебиетті оқуға құштармын. Мысалға, Курт Воннегут және Хулио Кортасар сияқты жазушылардың шығармашылығын зерделеудемін. Бұл жазушылар маған рухани жақын. Әлі күнге дейін Кортасардың «Классиктерді ойнау» деген ерекше туындысы жадымда. Романның құрылымы өзгешелігімен ерекшеленеді. Кітапта бірден бірнеше оқиға жазылған. Оны қалай түсіну өз еркіңізде. Бір сюжет желісімен жылдам оқып шығуға болады немесе басқаша көзқарас танытып, шұқшия оқысаңыз мүлдем басқа заттарға кезігесіз.
Іскерлік әдебиет жайын айтар болсақ, өзім математик болғандықтан, басқарушылық шешімдер қабылдауды талдайтын кітаптарды оқимын.
- Бард шығармашылығын қадір тұтасыз. Бұл сіздің сүйікті ісіңіз бе әлде студенттік жылдардың қалдырған табы ма?
- Бард шығармашылығын Мәскеуде ұнатып қалдым. Онда мен мектеп пен университетті, аспирантураны аяқтадым. Араласатын адамдарымның көбісі бардтық орындаушылар болды. Осылайша бардтық өнерді жаныма жақын тұта бастадым (күледі).
Үйренуді армандағаным болмаса, гитарада ойнай алмаймын. Бірақ өлеңдерін қатты сүйемін. Оларды тыңдағанда бір демалып, көңіл-күйіп көтеріліп қалады.
- Жұмыстан басқа, отбасы бар дегендей...
- Мен отбасыммен бірге болып, саяхаттағанды, қонаққа барғанды немесе от басы, ошақ қасында болғанды ұнатамын (күледі). Кенже ұлым таяуда үшке келеді. Қырықтың қырқасынан асқаныммен, жас әкемін.
«Abai.kz»