Жұма, 22 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 5541 5 пікір 15 Маусым, 2022 сағат 14:02

Қостанай қазақ мектебін ашуға неге құлықсыз?

Қазіргі таңда еліміздің барлық аймақтарында облыс басшыларының халықпен есепті кездесулері өтіп жатыр. Одан біздің Қостанай облысы да кенде қалған емес. Өңір әкімі Архимед Мұқанбетов бұл науқанды аяқтауға да жақын қалды. Әдетте мұндай бас қосуларда сол ауданның не қаланың негізінен экономикалық және әлеуметтік мәселерінің қозғалатындығы белгілі. Осыншама қордаланып қалған мұндай проблемалар түбі шешіле ме, шешілмей ме, кім білсін, алайда жыл сайын көптеген сұрақтар қайтадан өре түрегелетіндігі тағы да шындық. Сондықтан да бір ауданның бас ауруы екінші жерлерді онша толғанта бермейтіндігі рас.

Дегенмен, облыс әкімінің облыс орталығына іргелес қоныстанған Қостанай ауданы тұрғындарымен кездесуі осы өңірдегі көп жұртшылықтың есінде қалары сөзсіз. Аталмыш кездесуде әдеттегі жайлардың біразы айтылып, орталануға айналғанда облысымызға белгілі кәсіпкер Валерий Розумович деген азамат осы ауданның Жуковка деген шағын селосында мүмкіндігінше тезірек қазақ мектебін ашуды аса өтініп сұрап, елді елең еткізді.

- Мен осы жерде құс фабрикасын салу жөніндегі инвестициялық жобаны қолға алдым. Мұнда үйлер мен клубтар жөнделді. Ойымыз - қайткенде осы ауылды сақтап қалу. Ол үшін қазір осында қазақ мектебін ашу мәселесі өткір сезіледі. Мұндағы мектеп әбден ескіріп, құлауға айналған.

Біздің адамдар Шымкентке барып, келіссөздер жүргізіп қайтты. Олар мұнда келуге әзір. Олардың бір ғана талабы бар, ол - мұнда мемлекеттік тілде оқытатын мектептің керектігі. Сондықтан да бізге ең болмаса 100 орындық мектеп салып беруге көмектесіңіз. Мектеп құрылысының жобалық - құрылыс құжаттамасын жасап беруге де дайынбыз. Ауылымызда негізінен орыс ұлты тұрғанымен, олар келсе біраз қазақтанар еді, - дейді кәсіпкер.

Өзге жерлерде болса, мұндай айрықша бастаманы ешбір сөзге келместен қолдап ала жөнелер ме еді, кім білсін?.. Алайда бізде бұған селт ете қойған ешкім жоқ. Сол жиынға қатысқан Қостанай облыстық білім басқармасының басшысы Зәуре Байменова шарасыздық танытты.

- Мұндай ұсыныстың бізге түскендігі де рас, - дейді ол жауырды жаба тоқып. - Сол Жуковкада 90 орындық мектеп бар, алайда онда небәрі 43 бала ғана оқиды. Ал осы ауданда үш мектеп салуымыз қажет. Соның бірі - Еңбек ауылында. Оның құрылысы келесі жылы басталады. Еңбек болса, Жуковкаға тым жақын, бас-аяғы 9 ақ шақырым. Ол үшін қазір 5 автобус алуды жоспарладық. Міне, сондықтан да меніңше министрлік Жуковка ауылына тағы бір мектепке салуға рұқсат бермеуі де мүмкін, - дейді Зәуре Байменова.

Байменованың бұл жауабына қанағаттана қоймаған кәсіпкер тағы да біраз дәлелдерді алға тартты.

- Біз қазірдің өзінде 100 жұмыс орнын аштық. Келешекте тағы да 50 орын қосылмақ. Сонымен қатар мал соятын цех болады. Біз тұрмысқа қолайлы үйлер салып, адамдарды қабылдауға әзірміз. Тек қазақ мектебінің жоқтығынан адамдар бізге келе алмай отыр, - дейді кәсіпкер.

Өзіне бағынышты білім басқармасының басшысының осындай пұшайман халін сезді білем, облыс әкімі бұл мәселені өз қолына алып, қосымша зерттеуге уәде берді. Біз болсақ, Архимед Бекежанұлы оңтүстегі ағайындардың осында ат басын бұруға қолынан келгенше жәрдем берер деген үміттеміз.

Алайда бізді таң қалдырған әлгі білім басқармасы басшысының өзге ұлт өкілі бола тұра қазақ мектебін ашуға деген ереше ықыласына тым селсоқ қарағандығы еді. «Ол мәселе бізге белгілі» дегені осыны анық білдірмей ме? Сонда бұл кісі ана тіліміздегі мектептердің көбеюіне онша ынталы болмағаны ма? Әйтпесе, «министрліктің рұқсат бермеуі де мүмкін» дегені не сасқаны? Ол неге осы мәселе көтерілген бойда сол министрлікке арнайы хат жазып, бұл мәселенің мән-жайын тәптіштеп түсіндіріп, әлгі кәсіпкердің уәжін жеткізуіне кім кедергі еді? Кім біліпті, сонда министрлік жағдайды түсініп, шағын ғана жаңа мектеп салуға рұқсат беруі де мүмкін шығар. Енді келіп, «болары болып, бояуы сіңген» соң, өзімізше бал ашып отырмыз.

Демек, мұның бір-ақ қорытындысы бар. Оңтүстіктегі ағайындардың Қостанайға көшіп келуіне мұндағы білім басқармасындағылар онша пейілді емес. Одан басқа айтарымыз жоқ.

Жайберген Болатов

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1452
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3216
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5246