Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2732 0 пікір 23 Қараша, 2012 сағат 07:46

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

VI

Толының тау жақ шетіндегі Азыкеннің қайын жұртының үйіне кеш жетіп қонып едік. Аттарды соның қорасына қойып, түске жақын көшеге шықтық. Жәйір мен Майлы, Барлық тауларының тымақты, тон-шалбарлы қазағының аудан орталығы болған бұл қалашыққа келіп базаршылап тұратыны аз ба? Мен де сол көп тымақты базаршының біреуі болып шыққанмын. Ешкім бөгдесініп көз қырын салар емес. Жеңіне қызыл белгі тағынған қызыл жасақ бұл қалашықта әлі де баршылық көрінеді. Бірақ, бұларға көше халқы бұрынғыдай сескене қарамай, сес көрсете қарайтындығын байқап келемін.

- Әлі тастамапты ғой бұ немесін! - деп бір қызыл жеңдінің дәл қасынан естірте тыжырынып өтті бір кексе әйел.

- Пырт, адыра қал, - деді біреуі танауын көтеріп. - Тылтия қарайды өзі! - Ашық масқаралап жарыса күлді екеуі.

- Үй, қатындар, үй, ақырын сөйлеңдер! - Бір шоқша сақал қарсы алдарынан жартылай күбірлеп, шектеу айтты. - Құдайдың жауыны тоқтаса да, «теректің жауыны» әлі үдеп тұрғанын білмейсіңдер ме!

- «Теректің жауыны» нажағай түсірер деп әлі қорқып тұрмысың, ей, албасты басқыр! - деген біріншісінің қалжыңын екіншісі тіпті қағындырды:

-  Ей, өзіңді пішіп, өгізге айналдырып қойғаннан сау ма осылар?

- Сынап көр нанбасаң!.. Аузынан қағынған шешендеріңнің көресісін әлі көріп жатқанын білмейсіңдер ме?

VI

Толының тау жақ шетіндегі Азыкеннің қайын жұртының үйіне кеш жетіп қонып едік. Аттарды соның қорасына қойып, түске жақын көшеге шықтық. Жәйір мен Майлы, Барлық тауларының тымақты, тон-шалбарлы қазағының аудан орталығы болған бұл қалашыққа келіп базаршылап тұратыны аз ба? Мен де сол көп тымақты базаршының біреуі болып шыққанмын. Ешкім бөгдесініп көз қырын салар емес. Жеңіне қызыл белгі тағынған қызыл жасақ бұл қалашықта әлі де баршылық көрінеді. Бірақ, бұларға көше халқы бұрынғыдай сескене қарамай, сес көрсете қарайтындығын байқап келемін.

- Әлі тастамапты ғой бұ немесін! - деп бір қызыл жеңдінің дәл қасынан естірте тыжырынып өтті бір кексе әйел.

- Пырт, адыра қал, - деді біреуі танауын көтеріп. - Тылтия қарайды өзі! - Ашық масқаралап жарыса күлді екеуі.

- Үй, қатындар, үй, ақырын сөйлеңдер! - Бір шоқша сақал қарсы алдарынан жартылай күбірлеп, шектеу айтты. - Құдайдың жауыны тоқтаса да, «теректің жауыны» әлі үдеп тұрғанын білмейсіңдер ме!

- «Теректің жауыны» нажағай түсірер деп әлі қорқып тұрмысың, ей, албасты басқыр! - деген біріншісінің қалжыңын екіншісі тіпті қағындырды:

-  Ей, өзіңді пішіп, өгізге айналдырып қойғаннан сау ма осылар?

- Сынап көр нанбасаң!.. Аузынан қағынған шешендеріңнің көресісін әлі көріп жатқанын білмейсіңдер ме?

- Олар еркектігінен қамалып жатыр! Иә, біздің қатарымыздан, иә олардың қатарынан көрінбей, саяқтап мықшиып қалған сенен Құдай сақтасын!

Әріптесінің желкесінен түспей қойған мына өткір қалжыңға күліп жіберіп, бір көшесінен айлана беріп едім. Тарқалып кеткен қолаң қара шашты әйел жаңа түбіт салысын қолына алып, жерге сүйретіп барады екен. Елтірі жағалы қара драп пальтосы да, жалтыраған құрым етігі де күтімді, тәрбиелі әйелдің бұл сүйреткісіне таңдана жетіп қатарластым. Қасымдағы Азыкен біреумен сөйлесіп артта қалған. Бидай өңді, қара қасты, қыр мұрынды, өңді әйелдің томсарып алып істеп келе жатқан бұл ісін ақымақтыққа қимай, төне қараппын. Басын төмен салып, өзіне-өзі күбірлеп келеді екен:

«... Мені жынды деп біле ме осылар, бәрі де сырт айланып кетеді! Жынды боп не қыппын бұларға, кері төңкерісшінің әйелі, кесірі жұғады дейді ғой!» - дей сала төне қарап келе жатқан маған жалт етіп бір қарады да, өзіне-өзі тағы сөйледі. - «Қой, Доланның сүйгені қалай боп кеткен демесін, түзу жүрейінші!» Тұра қалды да, сүйретіп келе жатқан салысын сілкілеп қағып бүктеп, қолтығына қысты. Жайылып кеткен шашын екі қолымен артына жиып тұрғанында салысы жерге түсіп кетті.

Мен озып өте шығып қайырылып, алдыңғы жағынан қарап тұрғанмын. Самай шәшін сылап, саусағымен тарағыштаб тұрып, күнге қарап сөйледі.

- «Күн, күн деген осы, түс боп қапты. Қой, кетейін! Балалар оқудан қайтады, мені іздейді!» Жерде қалған салысына қарамай жүріп кетті.

- Салыңыз түсіп қалды! - дегенімде жалт қайырылып барып еңкейіп, салысын қайта жазып сілкілей берді. Өзіне-өзі сөйлей берді. «Осы салыны Долан Шәуешектен әкеліп берген»

- Аса жақсы бала еді! - деді бір шал, күрсініп өте шықты қасымнан. - Қарамаңыз, жынды ма едім деп намыстанады!

- Есіріп ауырған ба? - деп сұрап қатарласа аяңдадым.

- Долан әкімнің әйелі ғой, естіген шығарсыз, осылай болғанына бес-алты жыл болды. Долан қамалып, күреске түсіп жатқан кезінде есерсоқ жендеттер бір итті өлтіріп, басын қанды мөшекке орап, үйіне апарыпты. Баласын емізіп отырған осы әйелдің алдына «Доланның басы, міне!» деп лақтырып тастаған екен. Жас әйел шыр қағып келіп бас салыпты. Мөшекті жалма-жан ашып қарап, иттің басын көре сала жығылып түсіпті. Содан жынданған, көрсетпеген доқтыр, істетпеген ем қалмады. Есіл бала осылай болып кетті!

Соңымнан Азыкен қуып жетіп тоқтатты. «Бұланбай мұғалімнің үйі мына жақта» деп бір көшеге бұрып әкетті мені.

Шеткері бір тар көшедегі тақтай қақпалы ауланың төріне салынған кең сәкілі үйге барып кірдік. «Шыңжан институтында» оқып жүргендігі тоқ шекелі, етті-жеңді бала жігітті, ол кездегіден әлдеқайда жуандап, құрсақ салса да жазбай таныдым. Ол, шырамытар да емес. Шай ішіп отырған шынысын дастарқанға қоя сала, әйеліне қарай сәл ығысып, төрден орын нұсқады. Амандаса келіп отырып, тымағымды арт жағыма қоя салдым. Сұраған амандығыма амандық айтып, әйелі құйған шайды қос қолдап алдыма қойды. Әйелі бажайлап, көз тоқтата қараса да, өзі қазақы күпім мен тері шалбарыма қарап қойып, жөн сұрады:

- Қай жақтан келдіңіз?

- Үрімжіден. Атым Биғабіл.

- Ой, Аллай! - Бұланбай жалт қарады да, қос қолын созып, сілкілеп амандасты. - «Қилы-қилы заман болады, қарағай басын шортан шалады» деген осы-ау, аға! Әр күні ескеріп, сағынып жүретін кісімді шырамыта да алмаппын ғой!

- Дәл осы шырамыта алмағаныңа қуандым! -Әйелі мен Азыкен төртеуміз қатар күлдік. - Әркім көрген жерден шырамыта берсе, біткенім ғой! Жә, былай болсын, - дедім іле-шала. - Атым суық, затым одан да ызғарлы қашқынмын, Ілеге кетіп барамын. Бұл жерде сезіліп қалып, кесірім тиетіндей болса, бүгін-ақ жүріп кетемін!

- Үйбай-ау, о не дегеніңіз, аға!

- Әрең көрістік, енді жуырманда айырыла қоймаймыз сізден! - дегенді әйелі мен ері қатар айтты да, ері әйеліне кезек бермей сөйлеп кетті. - Сіздің достар мен оқушыларыңыздың арасында «ұйымыңыз» бен «блоктарыңыздың» шарпуы тимей, аман тұрғаны мен ғана. Саяси жағдайы күмәнсіз тұрғаны да мен. Осында келгеніңіз тіпті жақсы болды!

Әйелі түрегеліп, қызып тұрған қазандық плитасына шәугім қойды да, түпкі үйіне кіріп, балаларының төсек-орнын қарсы үйге көшіруге кірісті. Мұнда қай жақпен қалай-қалай өтіп келгенім жайында сөйлесіп қалдық. Ақылдаса келе Бұланбай Азыкенге күн батқанша атты сырт адамға көрсетпей күте тұруды тапсырды. Өзінің бір кездегі ең жақсы көретін оқушысы екен. Мені осында аман жеткізгендігі үшін көп алғыс айтты. Мен жас жігітті баламша құшақтап, бата беріп қоштастым. Ымырт жабылған соң ер-тоқым мен қоржын-қолаңым осында келді де, атым Бұланбайдың жем-шөбі мол бір туысқанына тапсырылғандығы айтылды. Әңгіме дүкеніміз шағын ғана түп үйге құрылып, кең стол, мол дастарқан үстінде қызды.

Мәдениет топалаңының бұл ауданға ерекше тиген себебі, халық санасының төмендігінен, руға-жікке бөлінгіштігінен болған екен. Қырсық, ту бастан-ақ халықтың осы ең осал жерінен ұстап, «көзқарасқа» ру мен руды жаныстыра-сүзістіре бөліпті: бұзақы үгітшілер жағынан алдымен мұндағы ең іргелі «керей», «уақ» руларының арасынан от шашылыпты да, үрлеп дауылдатып-лапылдатып тармақ руларға, аталар мен ауылдарға дейін жалаңдаған қып-қызыл өртке айналдырыпты. Бірінен шыққан басы бар басшыға бір ру жасағы қарсы ұран көтеріп, «жоғалсын», «жойылсынның» астына алады екен де сол күзіккен «кері төңкерісшісін» көрге тыққанша тынбайды екен.

Алдыңғы кезекте ескі уақ руының атақты Уәйіс биін ат құйрығына үлкен ұлымен қоса байлап, сүйретіп өлтіріпті. Толы жеке аудан болып бөлінбей тұрған шағында «Дөрбілжін аудандық қазақ-қырғыз мәдени-ағарту ұйымына бастық болған қамқор Уәйістің қазасы осылай болыпты! Ол, Шыңдубан қырғынынан бері «ақырын жүріп, анық басатын» сақтық, әділетшілдігімен, халыққа жұғымды-жағымдылығымен көрсетіндіге ұшырамай, аман келе жатқан жұрт басшысы еді. Оның нақақтығын айтқан уақ-керей саналылары «кері төңкерісші» тізілетін арқанға қырқай маталыпты. Сөйтіп, әр рудың әулекілері кезектесе шабуылдасып, жол көрген жөн айтар көш басшыларынан бірін де қалдырмай алдымен қолға алдырып болған екен. Кейінгі жаңа буыннан шыққан басшыларына өрт сонан соң тұтасқан көрінеді. Рушыл әулекілердің бір-біріне кеткен кектері әлі де алынып бітпегендіктен «көзқарас соғысы» дейтіндері әлі тоқтай қоймаған екен. Тек, халық жұртшылығының мұндай ақымақтықтан безер болып, қолдамай, өзара ынтымақтасып алғандықтары болмаса, «көтеріліс заңды» деп қырқыстыруын науқан басшылығы әлі тоқтата қоймапты. Ойындары әлі қанбаған сияқты. Өштескен содыр топтардың бірін-бірі мұқату үшін істеп кететін қастықтарына жаза қолданылмайды. Рушыл бұзақылыққа жол тіпті кең көрінеді: «Төңкерістік әрекетті шектеуге болмайды», «Төңкеріс жолы қыңыр-қисық болады» деп әлі де Маудың сөзімен жауап қайтара салады екен.

- Мақсаттары рулар арасына мәңгілік өшпес өшпенділік орнату ғана! - деп Бұланбай маған шағына қарады. - Жұртшылықты сөйтіп өзара қырқыстырып қойып, өзіне ғана жалынышты пенде ететін отаршылдардың ежелгі әуеніне басты. Біздің Толыдағы «мәдениет төңкерісінің» негізгі ерекшелігі осы рушылдық болды. Ал, Қобықтағы «мәдениет төңкерісі» моңғол мен қазақ арасына ұлттық өшпенділік салу жолымен жүргізілген екен. Сондықтан өлім-жітім өнімі біздің ауданнан да молырақ алыныпты.

- Ал, өзің осы «төңкеріске» қандай жолмен қатынастың? - деп сұрадым мен.

- «Стиль түзеу» науқаны басталарда мен тауға шығып кетіп, «ашылу-сайрауға» қатынаспай қалғанмын. Сондықтан, «оңшыл», «жерлік ұлтшыл» деген қалпақтардан сырт қалдым. Тек, «Биғабіл ұйымы» тергеліп жатқанда екі-үш рет қана сұралып, «танымаймын, білмеймінге» шығып, бет бақтырмай қойдым. Басқалар қузастыра алмады да, өз жолдастарымнан ұлтшыл болып ұшынғандары қаншалық тергелсе де, мені ауыздарына алмады... Мұндағы «Биғабілшілерге» мәңгі борыштымын... Көпе-көрнеу жасырып кетті! Тап жағынан да қармаққа ілінбей, оқушы қалпыммен қалғанмын. Қызмет орным да мансапқорлар қызығарлықтай мансап емес, оқытушылық қана ғой. Ал, «мәдениет төңкерісі» дегені бұл ауданда рушылдық қозғалысқа айналып кеткендіктен мен тіпті сырт қалдым. Өзім мұндағы бір зор рудың ұрпағы болғаныммен рушылдыққа мүлде қарсы болып, азғантай қазақтың бұлай бөлшектенуіне наразы пиғыл көрсетіп келгенмін. Менің қазақ руларының ешқайсысын бөле қарамайтын мінезім белгілі болғандықтан өзімнің жуан руымнан ешкім «атқа мін, шық майданға» деп бұйыра алмады. Басқа ру азаматтарының мен туралы өшпенділік көрсетінділері, иә, орын-мансап қызғаныштары болмағандықтан қала бердім! - деп түсіндірді Бұланбай.

Қайдан естігендіктерін білмей қалыппын. Ымырт үйрілісімен жаңа-көне мұғалімдердің бір тобы жетіп келді. Үнсіз жыласып, тілсіз құшақтасып көрісті. «Керейі» де, «уағы» да, «найманы» да бар екен. Маған деген көне достық-туыстық сағыныштары да өзара ынтымақтары да күшті, бауыры ыстық жаңа жұртшылыққа әрине менің де іші-бауырым қосыла қалды. Рушыл-жікшіл суық іріткі сумаңдап, араларына жүгірген сайын бір-біріне жабыса түскен түрлері бар, бұрынғыдан да етене болып алған жайлары іркіліссіз-қалтқысыз сырларынан айқындала түсті.

Қазақтың өзіне іріткі салып бөлшектеп жүргендер, тек мансапқорлар ғана екен де, олардың айтақтауына үргендер, салпаңқұлақ көп надан екен. Айтақтаушылар басқа рулардан шыққан мансап иесін партияға қарсы «кері төңкерісші» етіп көрсетіп, аударып тастап, орнына өзі отыра қоймақ болады екен де, айтақталушылар, өз руласының-өз туысының мансап алуы үшін үреді екен. Сөйтіп, айқайшы-үруші белсенділерінің бәрі де «анау кері төңкерісші, мынауымыз ғана төңкерісші» деп үрсе керек.

Екі жаққа, тіпті төрт жаққа да күле қарап, партиясы отырады екен де, түсірген көрсетінді «факттерін» құр жібермей тізе береді екен. Жақсы сайрап, жақсы әшкереледіңдер деп бәрін мақтап қойып, бәрінен «қылмыс факттерін» сауып болған соң, көрсетілгендерді бір-бірден тарта беріпті күреске. «Біз шындықты іс жүзінен іздейміз», «ешкімге де обалды іс істемейміз», «мақсатымыз - ауруды емдеп, адамды құтқару», «оңшыл-ұлтшыл кері төңкерісшілердің барлық қылмысы қолымызда отыр», «кім төңкерісші халық жағында тұрса, сол төңкерісші. Кім империялизм, феодализм, бюрократ капитализм жағында тұрса, сол кері төңкерісші», «сыртынан әшкерелеу де, әрине, төңкерісшілдік, бірақ, бетпе-бет әшкерелеп, дұспанмен ашық майдандаспай ешкім де нағыз пролетарият жауынгері бола алмайды. Жұртшылықтың талабы бойынша дұспандарыңды алдарыңа шығарып отырмыз, қай жақта тұратындықтарыңның сын кезеңі осы!» дейді екен.

Көрсетілуші осы сөзбен ортаға бір тартылған соң оның қай жанашыры ара түсе алмақ. «Кері төңкерісші жағына шығып қалудан» қорықпасын ба. Сөйтіп, қолдаушыларын албасты түгел басады екен. Қарсы жағы арсылдап шығып, «дұспанды» арадай талап жатқанда үн қоспаудан-пассив болып қалудан тағы қорқады екен де, өздері де арсылдап, өз аяулысын өздері жұлмалап береді екен.

Осы жолмен бір жақтың ғана емес, бар жақтың сорпа бетіне шығарлары, ағы да, қарасы да, қоңыры да, қызыл да - түгел жұлмаланыпты. Өлгені өліп, тірісі көргілікті әлі көріп жатыр екен.

Халық арасына жік салып, өтірік шағым жүргізушілерге саналылар жағының ептеп айтқан ақылының, зор өртке қарлығаштың аузымен су тасығанындай да әсері болмай қалыпты. Тек, «ұртоқпақ» қарама-қарсы топтардың бірін де сау қалдырмай тиіп бола бере, мыңғы-дыңғысы шыққан бастарын шайқап-шайқап өздері шыға беріпті де, туысқандықты өздіктерінен қайта танып-табысып, өзара ынтымақтан басқа тіршілік жолы жоқ екендігін білгенде бір-ақ тоқтапты.

Халық қарсы алмағанның бәрі қаран қалып, «мәдениет төңкерісі» содан бері ғана нажағай ойната алмай тұралап тұр екен. Сау ақылды саналылар пікірінің дұрыстығы сонан соң ғана танылып, мұғалімдердің инабаты-абыройы өсіп қалыпты. Қазір бұларға әрқандай қанды қол жендет батынып тиісе алмайтын болып қалған көрінеді. Доланның «кері төңкерісшілдік» қалпағы, кигізушілердің өздері алмаса да өздігінен түсіп қалып, қайтадан әкім болып шыға келуі содан екен. Бұрынғыдан да күшеп, қазір айтқанын орындап тұрыпты.

Ұтыдағы мәселе Доланның үкімі бойынша шешіліп, қарақшылар тобын қолға түсіргендер зор жиында сыйлық алып қайтыпты да, қарақшылар қатты тергеліп, тағы бірнеше қарақшы тобын өздері әшкерелеп беріпті. Бұл жеңістер үшін Долан, бас сыйлықтың иесі боларлық «қарақасқа атты батырдың келмей кетуіне» ғана арманды екен...

Бұланбайдың мен үшін ұйымдастырған зияпатына келген мұғалімдер менің үш реткі өлімнен тірі қалып, ап-аман бет көрісіп отырғандығым үшін алғашқы тостты көтерді де, екінші тостты Доланның амандығы үшін көтерісті.

Төңкеріс атындағы бұл апатты дәл қызыл қырғын кезінің өзінде-ақ мұқатып, халық алдында масқаралаған талай қызықты әңгіме шыққан екен. Бәрі де осы аудан халқының бастарынан кешкен ащы оқиғадан туылса да қатты күлдіре, аса сүйіндіре таралыпты да, «мәдениет төңкерісі» деп аталған жабайылықтың маңдайына өшпес таңба болып басылыпты. Сақылдап күлісе тыңдап, соларды шығарған шешендер үшін де тост көтерістік. Осы базарға алғаш кіргенімде қалжыңшыл әйелден желкеленген шоқша сақалдың «тілінен қағынған шешендерің» дегені солар сияқты. Олардың соққыдан өлгендері өліп, қалғандары әлі де абақтыда екен. Ауыз қылмыстарына дереу жал тауып жауап бере алған бірен-сараны ғана құтылыпты. Жүсіп дейтін шеруші шал, тіпті, дәл сол майданда тергелгенде жеңіп, өшін екі еселеп алып шығыпты.

Ол, «зор секіріп ілгерілеудің» асқындап, «коммунизм қазанының» ашаршылықпен қырып жатқан ең сойқанды кезеңінде «қателескен» екен. Бір жас әйел тайқазанның кешкі өшіретінен өз үлесіне тиген бір шөміш көже суын құйғызып алып, бір ұрттапты да үйіне қарай ұмтылыпты. Қызыл қорғаушылар алдынан тосса, аш жатқан кәрі енесі мен кішкене баласына апарып беретіндігін айтыпты. «Өзің осы жерде ішесің, еңбек қылмайтын жатыпішерлерді асырауыңа рұқсат жоқ!» деп жендеттер ақырыпты. «Оларды аш қойып ішсем, өңешімнен өтпейді екен» деп еңіреп жіберген әйелдің қолындағы ыдысты жұлып алыпты жендет, «өзің тоқ екенсің ғой, ішпесең, міне!» деп шашып жіберіпті. Бүгінгі түннен шығарар деп бар сенген бір аяқ лай суынан айырылған әйел, зар қағып жер бауырлай жығылыпты. «Енді өлді-өлді» деп жылапты...

Өшіретте тұрған Жүсіп шал, көп арасынан қалтырай шығыпты соны көріп. Жендеттерге қалай соқтығарын білмей, «гымең де гымең болғанда осындай гымең көрмеппін!» деп күңіреніпті.

«Не деді, не деді?» десіп қызыл қорғаушылар жетіп келгенде сол сөзін көпшілікке түгел естірте, қатты дауыспен қайталап айтыпты Жүсіп кәрі.

«Мынау, кешірілмес кері төңкеріс!» деп ақырыпты бір қызыл жеңді.

«Пролетарияттың зор мәдениет төңкерісі бұған төңкеріс емес болғаны ғой, енді не? Кері төңкеріс демекпісің!» қызыл қорғаушылардың бірі осылай зекіре жетіп, шалдың алқымынан ала түсіпті де, шапалақпен жанып-жанып жіберіпті. Жүсіп қылғына тұрып, «жауабым бар, жауабым бар!» деп қайталай берген екен.

«Айтсын-айтсын!» деп шу көтеріпті көпшілік.  «Жауабын естілік!», «бұл қылмыстан енді тірі құтылады деп қорқамысың, босат!», «қалай да жауап беруі шарт!»

«Уа көпшілік, тыңдаңыздаршы арызымды! -Алқымы босай қалған Жүсіп даңғырлай жөнеліпті сонда. - Ең ұлы төңкерісші Маужушидің теңдессіз данышпан екендігін мойындамайтындарың бар ма?»

«Жоқ-жоқ-жоқ, сөйлей бер!», «тез бер жауабыңды!», «ұлы көсеміміздің данышпандығын мойындамайтындар, тек, сен сияқты кері төңкерісшілер ғана!»

«Әббәле, әділеттеріңе құлдық! - депті Жүсіп шал. - Пролетарияттың осы зор мәдениет төңкерісін «бұрынды-соңды болып көрілмеген төңкеріс» деген сөз, менің сөзім бе, көсемнің сөзі ме? Шындығын айтыңдаршы қане! Ұлы төңкерісші данышпан көсеміміз бұрын көрмеген бұл төңкерісті соқыр надан мен қайдан көрмекпін! Гымең де гымең болғанда, осындай гымең көрмегенім рас. Ал, көрмегендігімді кері төңкеріс дейтіндер айтсын қане, Маужуши көрмегенді көргенсіп, көсемнен өзін жоғары қойған аси күпір, нақтылы кері төңкерісші осының өзі емей кім? «Кешірілмес кері төңкерісші» деп кімді айтып тұр мына иттің баласы?»

Төніп тұрған қызыл қорғаушылар бұл қатерлі жеңілістен шегініп-шегініп шыға беріпті. Жаңағы өзін шапалақтаған жендет те тайқай бергенінде, ұзын бойлы, мол денелі Жүсіп шал желкесінен қыса қойыпты оны.

«Ей, енді өзің жауап бер, қызыл қорғаушы болып тұрып, Маужушидің осы сөзін естімедім деп құтыла алмайсың, талай естігенсің! Тек, Маужуши көрмегенді «көрмеппін» дегенім үшін мені кері төңкерісшіге шығарып шапалақтағаның кімді шапалақтағандық болды? Сөйле қане, жауап бер! Маужушиді де кері төңкерісшіге шығармақ болған сен өзің кімсің? Кешірілмес кері төңкерісші кім екен қане?» - Жүкең осы дәлелмен жендеттің өзінің кеңірдегінен алып, өзін шапалақтай жөнеліпті. - «Жауап беремісің жоқ па? Айт шыныңды, кім кері төңкерісші! Маужушидің сөзін жаттап, соңынан ерген мен кері төңкерісші ме, иә, алдына түсіп озып, қорламақ болған сен кері төңкерісші ме?... Не үшін ұрдың мені, айт шыныңды!... Маужушидің беріп отырған нормы көжесін өзіне пайдаландырмай шашып тастағаның да сол кері төңкерістік идеяңнан шыққан!»

«Көжесін төлеп берсін, төлеп берсін! Бұл қылмысы үшін өзін қатты тексерсін!» деген көпшіліктің кепілдігімен кекті қолдан әрең босаған жендет бүрсең қағып, аспазға бара жалыныпты да, көже алып, жаңағы әйелдің үйіне апарып бере сала зытыпты...

Жартастан жартасты жаңғырықтырып, аудан халқына лезде тарапты бұл әңгіме. Жұртшылық, «гымең де гымең болғанда осындай гымең көрмеппіз!» деп ду көтеріпті. Мәдениет топалаңының адамзатқа жат қылықтары көрінген жерде-ақ осы сөз шығып, жендеттерді қатты жасытатын болыпты. Балалар тіпті қатты айқайлап жіберіп, қарқылдасып күледі екен. Енді қойыңдар бұл сөзді деп тоқтау айтқандарды, «Маужушидің сөзін қойғызбақпысың!» деп қорқытады екен де, «біздің мына төңкерісімізге қарсылығыңнан айттың» деген жендеттерге «бұл сөзді Маужуши да қарсылығынан айтқан демексің ғой!» деп өзіне қадала түседі екен.

«Данышпан Маужуши, бұл нұсқауы арқылы «бұрын көрілмеген гымең» кезеңінде білінбеген қателіктердің де болып тұратындығын ескертпей, жалаң айта салды деп ойлаймысың!.. Халықты қит еткен жерде-ақ «кері төңкерісші» деп бас сала бермеңдер демей ме екен ол кісі!» Қызыл қорғаушыларды осы жөнімен де мұқататындар көбейіпті.

Жүсіптің аппақ сақалын дірілдетіп тұрып, көне жыр сарынымен екпіндетіп айта салған осы бір ауыз сөзі, халық басына түскен аса ауыр апатқа қаншалық ара түскен! Төңкеріс атын жамылып, халық тіршілігіне төнген қанды ауыз қастандықты жеріне жете масқаралап тұралататын, тістерін босатып, мүйіздерін мұқалтатын нағыз жауынгер сатира осылай болса керек! «Зор төңкеріс» дегендерінің жыны қашқан бақсыша, қазіргі атсыз-аяқсыз сәлмірейе қалуын осындай өткір тілдердің дәл ұрылған шанышқыларынан бөле қарауға болар ма!

Сол батырлардың атын бір-бірден атап отырып көтерілген тосттарды мен аса сүйіне көтердім. Бұрын өзім көрген, өлсе де тілін тартпай өлген ағаларымды елжірей ескеріп іштім.

Мұғалімдер соның ертеңінен бастап, мені шақыра берді үйлеріне. Өздерімен ұқсас киіндіріп алып, ортаға ала сайрандатты. Надандық, жікшілдіктері арқылы жем болса да, іргеліліктері арқылы желініп таусылмай, тез бой жазып, қалыптарына келіп қалған халық жігері «төбең көкке жетсе де төркініңмен» деген мақалды маған көп ескертті. Өйтетіні, Дөрбілжіндегідей емес, үкімет сақшысынан ғана жасырынғаныммен, халық арасында әшкере, қай үйге барсам да өз атыммен, өз бейнеммен көріне бердім.

Осы ауданның аты бар Зағыпар ақыны да сондай шанышқылы тілінен түрмеленіп жатқаны естіліп еді. Оны түрмеден аудандық партком сұрап алып, мекемесіне от жаққызып қойған екен. Бір күні Зәкеңнің аулада тоңқайып жазаланып тұрғанын естіп, сол көшеден өтетін базаршы болып барсақ, темір дарбаза ашық тұрыпты. Көкшіл көзі өшкіндей, сирек сарғыш сақал-мұрты ағарып, мүлде қартайған Зағыпар, бүгіліп тұра беруге шыдамай, екі қолымен тізесін тіреп алыпты. Оны бақылау міндетіндегі сақшы тізеге тіренбеуін бұйыра бақылдап тұр. Тірсегі мен білегінен теуіп-теуіп жібергенде ар жағынан бір бастығы шыға келіп, Зақаңды тергей жөнелді.

Зағыпардың бұл реткі қылмысы «тамады»[1] деген сөзді «қате түсінгендігінен» өтілген екен. Таң белгі бере түрегеліп, секретар бөлмесін жылытатын пештің отын тұтата алмай бықсытып жатқанында, залға қожайынның өзі шыға келіпті. Шалдың үрлеп, морлатып, залды түтіндеткеніне ашуланған құдірет иесі, тоңқайып жатқан құйрықты аяғымен теуіп қалып, «тамады!» деп кіжініпті де өте шығыпты.  Жас кезіндегі күлдіргі-күйдіргі әртіс ақын, секретардың бұл тілдеуін түсінсе де, қасақана бас изей сала төсегіне қайтып, ұйқыға кірісіпті. Пештің оты тамбайтындығын білсе де жата беріпті. Суық кеңседе қалған секретар Зағыпарды сол қылмысы үшін жазалаған екен.

Зақаң мына келген тергеушіге секретардың өзін кінәлай жауап берді.

- Мен өзім жасымнан-ақ компартияға сеніп келген кісімін. Секретар өтірік айтады деуге батылым тіпті де бармайды. Отты үрлеп тұтатып жатқанымда, ол кісінің өзі келіп, «тамады» деді. «Е, партияның өзі айтты ғой, енді тамбай қоя ма» деген сеніммен орныма қайта барып жатып ұйықтап қалыппын!

- Ей, кері төңкерісші, сол оттың таматын-тамбайтындығын сен өзің білмеймісің, мойында қылмысыңды! -деп тергеушісі зекіп қалды. -  Осындай суықта секретар бөлмесіне от жақпай қоюдағы мақсатыңды айт!

- Ойпыр-ау, Маужуши-ау, не мақсат болмақ менде! Тамады дегеніне сенбей үрлей берсем, партияға сенбеді деп, кері төңкерісші деп дәлелдейсіңдер, ал, сенсем, тамбайтын от жөнінде де өтірік айтқан өздеріңнен көрмей, от жақпаудағы мақсатыңды айт деп қинасаңдар! Ойбай-ау, Маужуши-ау, енді қалай күн көрдік!

Тергеуші, қақпа алдындағы бізге кет дегендей, қолын сермеп тастап ақырды Зағыпарға. Біз жүріп кеткен болып, қақпа босағасына далдаланып тыңдадық:

- Ей, есек, секретар жала жаба ма саған! Суық тигізіп ауыртып, халық үшін істейтін төңкерістік қызметіне зиянкестік істемек болғаныңды партия білмейді деп ойлаймысың, айт шыныңды!

- Партия білмейді деп ойласам, секретарымыздың «тамады» дегеніне сенем бе! Өзіңіз ойлаңызшы, партия секретарының бұрын титтей бір өтірік айтқанын көріп пе едіңіз?.. Әрине, көрмедіңіз. Өтірік айтқанын мен титтей де көрмегенмін. Маужуши мен оның секретарларына сенетінім соншалық, тұп-тура Құдайдың сөзі деп білетінмін. Мені албасты басқанда осы сенетіндігімнен басып жүр!

Қарсы терезеден тыңдап тұрған секретардың есікті ашып, от жаққызуды бұйырғаны естілді.

- Таматын болса, жағайын секретар, жағайын! Бірақ, шындап болжаңызшы, осы отыңыз тама ма, тамбай ма өзі? - деген Зағыпардың мына қылжағына тұншыға күлдік.

Секретардың «тамады!» деп тістене зекіргені тіпті анық естілді бізге. Былай шыға бере күлкімізден көше жаңғырықты.

Долан әкімнің оңаша уақытында үйіне ертіп апарып таныстыруды Бұланбайға келісімен айтып едім. Әкім Шәуешекке бір жиынға кеткен екен. Танысу орайы құрбан айт күні әрең табылды. Жалғасқан төрт-бес столға бір-ақ жайылған кең дастарқан толы адамның үстіне кіріп қалдық. Қырықтар шамасындағы қою қара шашты, жуан бас, етті қоңыр жүзді кісі үй иесі менмін дегендей есік жақтан қарсы алып, дастарқанның төр жағынан орын нұсқады. Әскери сары пальто ішік киген, сары малақайлы мені, айтшылап жүрген көптің бірі деп қана танығандай, шай ала отыруды қузағаннан басқа назар сала қоймады. Ортанғы терезе алдына отырып алып сөйлеген әйелі сөз берер де емес. Тарқатылған бұрымдарын салысының астына жиі қымтап, ибалылығын сақтағандай биязы-сыпайы ғана сөйлейді. Есі дұрыс емес екендігін, тек сөз қайталап, электр сайманына ұлының жетік ұста болып алғандығын айтып, бірнеше рет мақтап жібергенінен білдірді. «Мына радио қабылдағышты біздің ұлдың өзі түгел бөлшектеп тастап, қайта құрастырады. Мына лампаны да, анау төбедегі ұялы үлкен лампаны да құрған өзі! Мынаны да біздің ұлдың өзі жасады! Осы қорадағы барлық сымды да сол ұлымыздың өзі тартқан...  Тіпті, қойшы әйтеуір, мына әйнек шкаф та, соның қолынан шыққан! Жарығым әйтеуір тірі болсын, бәрін де істей алады....»

Аузы ұлын мақтаудан босамаған әйелінің сөзін әкімнің өзі де қызыға тыңдап отырғандай көрінген соң, айтшылап келіп отырған қонақтары тіпті құмарта тыңдағандай көз алмай, үнсіз мелшиіп қалыпты.

Әкімнің көзі сыртынан Бұланбай барып сыбырлағанда ғана ауды маған. Едел-жедел қарап, бас изей берді. Айтшылай келгендер сол жаңа таныстық жайтты сезгендей, дастарқанға «Аллаһуакбар» айтып шыға бергенде ғана келіп қолымды ұстады, үнсіз, қатты қысты.

- Құрбандық етіміз пысқанша отыра тұрыңыз! - деп күбірлегенде айтшылаушылардың жаңа бір тобы кіріп келді. Түрегеліп, түстен кейін келетіндігімді айтып шықтым.

Түстен кейін сағат үште Бұланбай жалғыз барып, айтшылаушыларына дастарқан қарсы үйге жасалғандығын, Доланның өз үйінде күтіп отырғандығын айтып келді.

Әкім сонда да оңаша емес, мені күткен дастарқанында ыңғай орта жастардағы он шақты кісі отыр екен. Мен кіргенде орындарынан түгел түрегеліп, қол беріп амандасты. Аттарымызды ешкім атап таныстырмады да, іштен білісетіндей қарасып қана, қайталап-қайталап ашық-жарық амандасып отырдық. Әкімнің өзі менің қарсы алдыма орналасты да денсаулық жайымды анықтап атап-атап сұрастырды. Дастарқан басқарушы жігіттердің бірі қолға су құйып, бірі орамал ұсынды. Шәуешектің «ақ қошқар» маркалы күшті арағы тізіліп, жаялы-жамбасты үлкен-үлкен табақ тартылды алдымызға. Пышақты сый қонақ ретінде алдымен маған ұстатты да екі-үш турамнан соң қасымдағы кісі алып турай берді. Рюмкаларға арақ құйылысыменДоланның өзі біреуін көтеріп, үнсіз ымдады маған. Алдымдағы рюмканы мен де көтере сөйледім.

- Үнемі дәл осылай аман көрісе берелік! - дегенімде, Долан ашық үстемелеп жауап қата қағыстырды:

-  Үнемі дәл осылай күресе берелік!

Дастарқандастар түгел түрегеліп, екеумізбен күбірлей қағыстырды рюмкаларын:

- «Мынау ырымды тілектер болды ғой, қабыл болсын!», «енділіктегі жастарымыздың екеуіңізден қалмауы үшін!», «нарларымыздың амандықтары үшін!» -дескен сырлы сөздері анық естілді. Жұтып салып қарасам, үйде күтушілер жоқ, қонақ иесі мен қонақтар оңаша қалған екен. Қысқаша амандықтан басқа жол-жөн сұраспауымыздың нақтылы жайын енді түсінгендей болдым: әкім бастатқан бәрінің де қауіптенетіні, сол күтушілердің арасында тәрізді.

- «Екеуіңіз» деп мені Дөкеңнің қатарына қоюларыңыз -маған артығырақ сый болса керек! - деп мен күбірледім де:

- Сіздің қатарыңызға шығарылуым - тек әкім атыма тартылған сый болса керек! - деп Долан күбірледі. Ду күлген дастарқандастарға қарамай, сөзін тиянақтата сөйледі. - Сіздің стажыңыз түгелімен күрес қой! Барлық ісіңізді естіп жатырмын!

- Тиіп қашып өте беретін әлжуаз жұдырықтар әр жерден шықты. Жау қаңсарын жапыра соғып, есеңгіретіп тастаған сом жұдырық осы ауылдан ғана шықты ғой, мадақтауға лайығы осындай жұдырық шығар!

- Сол «мадақтауға лайық жұдырығыңыздың» сиқы мынау болып қалды! - Долан білегін түріп жіберіп, қасқыр талағандай жұлма-жұлма болып қалған білегін көрсетті де, жеңін түсіре сөйледі. - Ал, сіз өзіңізге жерік болып арсиған тажал, қанды ауызға бұлай жем болу түгіл, көмекейінен жүз неше азаматты жұлып алғаныңызды да естігенбіз!

- Сол тажал аузынан неше он мыңдаған аш малшыны құтқарған жаралы білектің алдында «жүз неше азамат» дегеніңіз садаға кетпей ме! Мұны жолымдағы үш аудан халқынан естіп келдім. Бар алғысымыз саған тән, бауырым!

- Жеткізді-ақ! - деп стакан көтерді бір кәрісі. - «Ер қадірін ер білер, зер қадірін зергер білер» деген осы! - Арақ ыдысын алдымен екеумізге, онан соң басқаларына түгел қағыстырып ішті де, көзіне іркілген жасты сүртті. Күтушілер кірген соң көзімізді жасырғандай үнсіз тұқырып алып, ет асай бердік. Долан құйған арақ та сыбдырсыз өте берді тамағымыздан...

Дастарқан батасы беріліп, қол жуған абыр-сабырда, Долан маған ғана естіртіп сөйледі.

- Қасыңызда ауылымыздың мықты шежіресі бар екен. Бұл дастарқандастарыңызды содан естіп ұғысар деп таныстырмадым, айтшылаушылар көп қой. Ал, сіздің жөніңіз бен бұйымтайыңызды мен де осы шежіреден естірмін! «Дөрбілжіннен келген атсыз-жөнсіз мұғалім» мен әкім қазірше осылай ғана байланысқаны жөн көрінеді, кейінірек түсінерсіз!

- Дұрыс! Жай көзге көрінбейтін күлгін сәулемен дүрбі салып жүргендер жоқ деуге болмас! - дегенімде Долан қарқылдап күле изектеп қоштасты.

Бұланбай екеуміз, айтшылап жүрген көрініспен кете бердік. Жат біреу сұрай қалса, Доланның мені «Дөрбілжіннен келген мұғалім» деп қана білетін болғанын Бұланбайға ескертіп едім.

- Сол кісі Шәуешектен сіз туралы бірдеме естіп келді-ау! - деп таңырқай қалды ол. - Бекерге күдіктенбеуші еді!

Ертеңіндегі кеште Бұланбайды әкім шақыртыпты. Басқа бір үйде қонақтап отырғанымызда баласы келіп хабарлады. Бұланбайды жеке шығарып алып, «бұйымтайымды» қайталап айтып жөнелттім: «Қандай адамның атына жазылса да маған Ілеге жеткізетін жолхат қана қажет» екендігін айттым.

Бұланбай кеш қайтты. Әкім одан менің мініп келген атымның түсі-түгін де сұрапты. «Қара ат болса, соның қарақасқа ат болуы да мүмкін. Анықтап көрші!» деп күліпті.

Толы аудандық сақшыдан қанды қолдығымен өсіп, Тарбағатай аймақтық сақшының саяси бөліміне барған Қалымқан атты асқан саққұлақ бар екен. Жерлік қызметкерлердің ішінде сыйлықтан сыйлыққа ие болған ең сенімді жендет көрінеді. Доланның өзінен қарақасқа аттыны көрген-көрмегенін сол сұрапты: «Совет шекарасынан өтіп келген зор қарақасқа атты, жанмылтықты шпион, әскери сары киіммен Жәйірде жүргені естілген болатын. Кулиден келген меймандарға оқ шығарып, қарақшы деп жала жауып сендерге ұстатыпты. Бізге келген арыз көп, бәрі соны айтады. Ал, сол бейтаныс сары киімдінің ізі Дөрбілжін жақтан да бір көрініп ғайып болды. Біздің бір адам Дөрбілжінге дәл сол келгенде жоғалды. Қайда кеткеннен дерек жоқ. Ол Советке қашатын адам емес болатын. Зор қарақшы тобын қолға түсірген деп малшыларды сыйлап жатқаныңызда сол қарақасқа атты бейтаныс, егер жерлік адам болса, сіздерге бір көрінбей кетуі мүмкін бе?.. Ол өзін Сауан аудандық үкіметтің малшысымын деп таныстырып, жылқы іздеп жүргенін айтқан екен. Сол бойынша Сауан аудандық үкіметтен сұрасақ, олардан жылқы жоғалғаны да, бұл жаққа жоқ іздетіп жіберген ондай малшысы да жоқ екендігін айтты. Сізге сол жолаушыдан әліге дейін бір дерек бармады ма?» Қалымқан Доланнан осылай түсіндіріп сұрапты.

Долан, сол сары киімді, мылтықты бейтанысты өзінің де сұрап-іздестіріп, дерек таба алмай жүргенін айта келе Қалымқанның өзіне сұрау қойыпты:

- Сіз сол қарақасқа аттының «Советтен келген шпион» екендігін сипаттай аласыз ба?

- Менің сипатым, «Сауан үкіметінің жылқысы жоғалмағандығы мен бұл жаққа - Майлы-Жәйірге жоқшы жібермегендігінде. Шпион емес адам ондай жалған документ жасай алмайды!

- Ал, сіз қарақшылар үстінен біздің тексеріп анықтаған делоларымызды нақаққа-жаңсаққа шығармақ болғаныңыз қалай?.. Сол қара қасқа атты шпион «Кулиден келген жаңа меймандарымызға жала жауып, сендерге ұстатыпты» дегеніңіз не сұмдық? Советтен келген шпион бізді тонап жүрген бұлаңшыларды ұстасып беруге, бізге көмектесуге келуші ме еді? Өзін-өзі әшкерелеп, жасырып жүрген мылтығын атып, алал өнерін көрсетіп, жар салып жүретін шпион болушы ма еді! Сөзіңіздегі ең үлкен сөлекеттік, біздің тергеушілер мен соттың неше күн тексеріп анықтап шыққан қылмысты істерді де жоққа шығармақ болуыңызда! Мойындап, әшкерелеп берген басқа шайкаларының мәселелерін де жоққа шығара алар ма екенсіз? Мұндай амалыңыз болса, мархамат! Біздің бұл қызметімізде нақақтық болса, сіздер бір тексеріп шықсаңыздар артық болмайды!

- Дөкеш, менің пікірім көңіліңе келген болса, кешір! Бізге келген арыздардың мазмұны солай болған соң, сол бойынша сөйлеп бергенім ғой!

- Мұныңыз - қарақшылар мен Ұты сақшы пунктіндегі оларға ара түсуші ханзу ұлтшылдарының маған көрсеткен алғашқы «Бопай қорқыты» болатын. Факт көздеріне қадала түскенде ғана тоқтаған бұл байбаламнан! Сол бұралқы жала қазір сіздің аузыңыздан өз пікіріңіз болып атылып отыр! Мұндай сайқал пікірді көтеріп, жұртшылық пікіріне айналдыра сала зып беріп орын ауыстыра қоятын амалыңыз маған бұрыннан аян ғой, енді жасырынбақ ойнамалық! Қарақшылардың делосы қазір аудандық сотта, қайта қарап тексерсең рұқсат! Ал, қарақасқа атты шпион дегеніңізді мен Ұтыда тұратын шекара күзетіндегі батальонның комиссарынан да телефон арқылы сұрастырып жүрмін. Шпион болса, ізін солар табады! - Долан Қалымқанға осыны айтып кесетіп шығыпты.

Әкім осы жайтты Бұланбайға айтып беріп, сұрапты менің жөнімді. Ал, мен Бұланбайға сөйлеп берген әңгімемде Уәлибекке қарақшы ұстасып бергенімді қоспағанмын. Әкімге ол да менен естігенін ғана сөйлеп берген екен. Долан, тек Үрімжіден бергі жүрген жолымды естіп қана жорамалдаса керек, қарақасқа атты жолаушының мен екендігімді тұспалдаған сияқты. Күліп қана қойып, менің бұйымтайымды сұрап біліпті де, ертең-ақ орындап беретіндігін айтыпты. «Мініп келген атын, оған түр жағынан мүлде ұқсамайтын басқа бір жақсы атқа айырбастап бер! - деп қайтарыпты Бұланбайды. -Тек, қуса жететін, қашса құтылатын ат болсын! Ондай ат таба алмасаң маған айт!» - депті.

Ертеңіне Бұланбай менің атымды көріп, күліп қайтты. Қасқасындағы бояу өңіп қалған сияқты.

- Атыңыз жақсы ат екен. Бірақ, амал қанша, қылмысты ғой, үстемесіне мылтығыңызды қосып бермесеңіз, жақсы ат табылмайтын сияқты! - деп күлді.

- Қылмыстан ғана тазартып берсем, әрқандай жүйрікке баспа-бас айырбасталатындығына дау жоқ! - дедім де құмыраға құйып пешеттелген қара бояуды қоржыннан алып бердім. - Мә, қылмысты қасқасына осыдан жақсаң, «тап-таза» болып шыға келеді!

- Япырай, бүйтіп қашып жүргенше осы «дәріні» өзіңізге жағып алсаңыз болады екен-ау! - деп күлді де, атқа қайта кетті.

Қасқаны қайта бояп, сол күні өзі мініп кетіп еді. Ертеңіне түс уақытында «орнына өзімнің кершабдарым келді» деп қайтты.

Сол күні кеште жолхат та келді маған: әкімнің үйінде бірге болған өзім құралпастардың біреуі «Құлжаға туысқаншылап барып қайтамын» деп, аудандық сақшының куәлігімен алып шыққан екен. Маған жол бастап барып, майлы күңгейіндегі мал отарында біраз тұрып қана, Толыға Құлжадан қайтқан болып қайтатындығын айтып ақылдасты.

 

Көреген тергеушім, қарақшы ұстап-қасқыр соққан адал еңбек иесі қарақасқа атқа жабылған жала менің айта алмай жатқан түп еселі дауымды қозғап қойды: «Қасқырды қоңыраулы етіп жаратпаппын, неке сыртынан туылған баланы қарақасқа етіп жаратпаппын» деген өкініші, сіздің марқұм тәңіріңіздің өкініші емес, Алла атында халық арманынан шыққан аңыз. Фактке жүгінсек, ашкөз, қомағай қасқыр өзінің әзелде қоңыраулы болып жаратылмағанына, ұры кезеп бөлтіріктерінің қарақасқа болып туылмағанына ешқашан өкінбек емес. Өздеріңіз аз елде қоңыраулы, қарақасқа болып жаратылған болсаңыздар, мұншалық үдеп құтырмай, әлдеқашан халық табанының астында жаншылып біткен болар едіңіздер ғой. Түбімнің шикілігі шыға қалса-ақ, хандықтан тайып түсемін деп үнемі мақтанып, бөртіп өткен Тәңіріңіз, өзіне келетін мәселені әсте де айтпайды. Шындығында коммунизмші партия ұрпағы болудан садаға кеткір, нағыз «қоңыраулы», нағыз «қарақасқа» болып туылуға лайық жәндік өздеріңізден басқа ешкім емес. Адамзаттан адамзат өрбігелі сіздердей адам көрмегеніміз де, «гымең де гымең болғалы осындай гымең көрмегеніміз де» ып-рас.

(Жалғасы бар)

«Abai.kz»


[1] Тамады (ханзуша) - шешесін тілдеген иянатты сөз.  Ал, қазақ тілінде оттың тұтайтындығын білдіретін сөз екендігі белгілі.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377