Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2827 0 пікір 23 Қараша, 2012 сағат 08:19

Берік Әбдіғалиұлы: «Ақпараттық шабуыл ел тәуелсіздігіне нұқсан келтіреді»

Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ,

Арқалық қаласының әкімі:

Қайда жүрсе де, өз ұлтына қызмет етуді бірінші кезектегі міндеті санайтын азаматтардың бірегейі - Берік Әбдіғалиұлы. Ол бұған дейін Қарағанды облысы Ұлытау ауданының, кейіннен Жезқазған қаласының әкімі болды. Қазір Қостанайға қосарлаған Арқалық қаласының әкімі. Ал одан да бұрын ұлттық-патриоттық бастамалардың басында жүрген тәуелсіз саясаткер болды. Тіпті «Нағыз Ақ жол» партиясында ұлттық блокты жетектеген саясаткерлігін де көрсеткен.

Алғашында Ұлытау ауданына әкімдікке тағайындалғанда, «кеңседен шықпаған тарихшы-саясаттанушы не жасай қояр дейсің?!» - деп, күдіктенгендер де болды. Бірақ Берік мырза бақылаушылар баққан қасаң заманда аудан әкімі «жауынның арасымен жүріп», өзін де, өзгені де құрғақ алып шығуға боларын көрсетті: аудандағы халық саны ең көп Жезді кентінің бас алаңында асқақтап тұрған Лениннің қола мүсінін алып тастап, орнына тәуелсіздік үшін күреске басын тіккен Кенесары ханның ескерткішін орнаттырды. Бұл ел санасын сілкуге бағытталған көп еңбегінің бірі ғана.

Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ,

Арқалық қаласының әкімі:

Қайда жүрсе де, өз ұлтына қызмет етуді бірінші кезектегі міндеті санайтын азаматтардың бірегейі - Берік Әбдіғалиұлы. Ол бұған дейін Қарағанды облысы Ұлытау ауданының, кейіннен Жезқазған қаласының әкімі болды. Қазір Қостанайға қосарлаған Арқалық қаласының әкімі. Ал одан да бұрын ұлттық-патриоттық бастамалардың басында жүрген тәуелсіз саясаткер болды. Тіпті «Нағыз Ақ жол» партиясында ұлттық блокты жетектеген саясаткерлігін де көрсеткен.

Алғашында Ұлытау ауданына әкімдікке тағайындалғанда, «кеңседен шықпаған тарихшы-саясаттанушы не жасай қояр дейсің?!» - деп, күдіктенгендер де болды. Бірақ Берік мырза бақылаушылар баққан қасаң заманда аудан әкімі «жауынның арасымен жүріп», өзін де, өзгені де құрғақ алып шығуға боларын көрсетті: аудандағы халық саны ең көп Жезді кентінің бас алаңында асқақтап тұрған Лениннің қола мүсінін алып тастап, орнына тәуелсіздік үшін күреске басын тіккен Кенесары ханның ескерткішін орнаттырды. Бұл ел санасын сілкуге бағытталған көп еңбегінің бірі ғана.

Бүгінгі таңда Берік мырза солақай саясаттың сойқанымен аңырап қалған Арқалықтың ағзасына қан жүгіртіп, қаңыраған қаланың бойына жан кіргізерлік тірлік атқарып жатыр. Біз әдетте газет бетінде әкім-қараға қатысты мадақ материалдар бермеуші едік, бірақ қазаққа қатысты ұстанымын басқа мүддеге мансұқ етпейтін Берік Әбдіғалиұлының азаматтығына тәнтілік таныта отырып, жуықта тағы да телефон шалдық. Сондағы өз ұстанымына БЕРІК әкімнің жауаптары мынау болды.

- Сіз Жезқазған қаласында әкім болып тұрғанда, аяқ астынан қызметтен кетіп қалдыңыз. Сіздің әкімдіктен кетуіңізді көпшілік «Қазақмыс» корпорациясы басшыларымен болған түсініспеушіліктің салдары деп бағалады. Сізді жергілікті ақсақалдардың сөзін сөйлеп, оларды «Қазақмыс» басшылары алдында иіп бермегені үшін, олигархияның сөзін тыңдаған билік қызметтен қуды деген сөз естіледі. Мәселен, нақтылап айтсақ, сіздің Жезқазғаннан кетуіңізге басты себепкер болған - «Қазақмыс» корпорациясының бір басшысы Эдуард Огайдың ықпалы деген де ақпарат бар. Қалай болғанда да, бір қақтығыстың болғаны анық. Осының жөн-жосығын өз аузыңыздан естісек деп едік...

- Ол әңгімені мен де естігенмін. Аса бір қатты қақтығыс болмаса да, тартыс болды. Қаланы электр қуатымен қамтамасыз ететін «Қазақмысқа» қарайтын мекеме тарифты екі есе көтеріп жіберді. Нақты сол жағдайда халық оған дайын болған жоқ. Шамамыз келгенше сол тарифты қатты көтермеуін талап етіп, елдің аманатын жеткіздік. Мәселені Астанамен тікелей шешуді үйренген олар біздің талабымызды құлақтарына қыстырғысы келмеді. Содан біз де қарап қалмадық...

Бірақ менің әкімдіктен кетуіме «Қазақмыстың» тікелей қатысы бар деп айта алмаймын. Болар іс - болды. Жезқазған қаласын дамытудың тәжірибесін басқа бір өндірістік саланы тірек еткен қалаларға қолдану үшін, үкіметтік моноқалаларды қолдау комиссиясына ауыстым. Бағдарлама қабылданғаннан кейін, Арқалық қаласына жіберілдім. Жалпы, Жезқазған, Семей, Арқалық секілді қалалардың ахуалы басқаларға қарағанда бөлек: әрқашан ерекше назар бөлуді талап етеді. Оған себеп те, негіз де бар. Үшеуі де тек бұрынғы облыс орталықтары ғана емес, сол өңірдің даму орталықтары. Бүгінгі күні үкіметтен бірталай көмек көрсетілуде, дегенмен де бұл таза экономикалық мәселе болмай тұр...

- Сіз әкім болудың қыр-сырын аз уақыттың арасында меңгеріп, жергілікті жерді жас және жаңаша ойлайтын мамандар басқару қажеттігін дәлелдедіңіз. Ал бүгінгі таңда қоғамда әкімдерді сайлау туралы ұсыныс бар. Әкімдерді ашық сайлау туралы пікірді қолдайсыз ба?

- Ия, қолдаймын! Сайлаудың басты мақсаты не, сайлау не үшін керек? Менің ойымша, ең басты мақсаты сол - әкімнің тағдыры халықтың шешіміне, беретін бағасына байланысты болуы керек. Сайланатын әкім өз бағдарламасын ұсынуы қажет, депутаттар секілді. Халық өз таңдауын жасап, лайықты дегенін қалап алады. Сол әкім ертең елдің сенімін ақтау үшін бар күш-жігерін салып, қызмет етуге мәжбүр болады.

Әкімге бағаны ең бірінші халық беруі керек. Әкім де ең бастысы халықтың көңіл-күйін ескеріп, жұмысын елдің көкейінде жүрген мәселелерді шешуге бағыттауы қажет. Ал басшыларға ұнау үшін, қағаз жүзіндегі көрсеткіштер үшін ғана жұмыс істейтін әкімдерге халық өз бағасын береді және беріп те жатыр. Бірақ ауыл мен қаланың өзіндік ерекшелігі бар. Менің ойымша, бірінші кезеңде облыс деңгейіндегі қала әкімдерін халық тікелей сайлауы қажет, ал облыс және аудан әкімдерін маслихаттар сайлағаны дұрыс.

- Не себептен?

- Облыс пен аудан бірнеше елді-мекендерден, әкімшіліктерден құралған. Ал қала әкімі халықпен тікелей жұмыс атқарады.

- Халық өткен сайлауларға әділ болмады деп наразылық білдіріп жатады. Әкімдерді сайлауда да осындай олқылықтар орын алмасына кім кепіл. Жалпы, әкімдерді халық немесе маслихат сайлағанда не ұтамыз?

- Әрине, бәрін жаппай сайлау керек деп айту - оңай. Өздеріңіз түсінесіздер, ол жақын арада болмайды. Менің ойымша, бірінші қадам ретінде алғашқы кезеңде елбасы облыс әкімдігіне екіден кем емес кандидатты облыс маслихатына ұсынса, жергілікті депутаттар өз таңдауын альтернативті сайлау жолымен, ұсынған бағдарламарын қарастырып жасауы қажет. Ауданның әкімдігіне де солай - облыс әкімі екіден кем емес кандидатты аудан маслихатына ұсынып, депутаттардың қалағаны әкім болып сайлануы қажет.

Бұл, біріншіден, маслихаттың беделін көтереді. Халықтың аманатын ескерудің алғашқы шарты. Екіншіден, әкімдердің маслихат пен халық алдында өз жауапкершілігін арттыруы қажет. Ал қаланың жөні бөлек. Алматы мен Астанаға елбасы қала сайлаушыларына екіден кем емес кандидаттар ұсынса, халық өз таңдауын жасар еді. Ал облыс деңгейіндегі қала әкімдерін халық тікелей сайлағаны жөн.

Бұл ұсыныстардың бәрін жартылай шара деп қабылдауыңыз да мүмкін, бірақ бұл алғашқы және оңтайлы қадам болады. Біз бәрін бір мезгілде өзгертіп тастай алмаймыз, ондай жағдайдың залалы да аз болмайды. Ең бастысы, әкімдіктен үміткерлер сол өңірдің дамуына байланысты өз бағдарламасын дайындап, ел алдында міндеттеме алуы қажет. Ел таңдауы ескерілуі қажет және сайлау әділетті түрде өтуіне билік орындары да мүдделі болуы тиіс.

- Сіз негізінен саясаттанушы ретінде Кедендік одаққа байланысты қоғамда орын алған әртүрлі пікірлерге өз ойыңызды білдіре кетсеңіз: мәселен, бұл одақтың тәуелсіздігімізге тигізетін қаупі бар деген ойға келісесіз бе?

- Шекараның ашылуы - ол әлемдік құбылыс. Одан ешқайда кете алмаймыз. Бүгінгі күні глобализация заманында тәуелсіздігіміздің тұғыры экономика да емес, саяси жүйе де емес, ол - ұлттық рух. Рухтың негізі - тіл, жігер, намыс. Азаматтардың тіл деп шырылдап, латын әрпіне ауыстыру қажет деп жүргені, бәрі де - осы ұлттық қауіпсіздік, тәуелсіздік мәселесінен туындаса керек. Ғаламдану заманында елді аман сақтап қалу үшін, тіл, ұлттық рух мәселесі бірінші кезектегі шара болуы тиіс деп білем.

Бүгінгі басты қауіп - біздің идеологиямыз Ресей идеологиясымен бәсекелестікке сай емес. Бізде тіпті сол идеологияның өзі жоқтың қасы, тек белгілі бір ұрандардың жарнамасы ғана бар. Бүгін Ресей ақпараттық жолмен империялық саясатын жаңғырту үстінде. Олар оны бізге бағыттап, әдейі жүргізбесе де, біз өзіміз өз еркімізбен тек ресейлік телеканалдарды көріп, орыс халқының қойнына кіріп барамыз. Бізде қоғамдық пікірді ресейлік ақпарат құралдары қалыптастыру үстінде. Мысалға, мамандардың зерттеуінше, Ресей әртүрлі сылтаулармен Грузияға әскерімен басып кіргенде, қазақстандықтардың басым көпшілігі Ресейдің іс-әрекетін жақтады. Себебі біз ақпаратты тек ресейлік телеканалдар мен Қазақстанда шығатын басылымдардан ғана алдық. Сондықтан, ең бастысы - Кедендік дықтан, экономикалық ықпалдан гөрі, ақпараттық интервенциядан, өзге идеологияның ықпалынан сақтануымыз қажет секілді. Ақпараттық шабуыл ел тәуелсіздігіне нұқсан келтіреді.

- Әңгімеңізге рахмет!

 

Біздің анықтама:

Берік Бақытұлы Әбдіғалиев 1971 жылы 18 қыркүйекте Сәтбаев қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін бітірген, тарихшы, тарих және қоғамтану пәндерінің оқытушысы. 1994-1997 жылдары ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері, директордың орынбасары болған. 1997-1998 жылдары - ҚР Баспасөз және бұқаралық ақпарат істері жөніндегі ұлттық агенттігінің басқарма бастығының орынбасары, Талдау, жоспарлау және реформаларды насихаттау басқармасының бастығы, Ішкі саясат департаменті директорының орынбасары қызметін атқарған. 1999-2000 жылдары ҚР Қауіпсіздік кеңесі Талдау орталығы меңгерушісінің орынбасары, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының бірінші орынбасары болған.

2001 жылы - Теміртау қаласы әкімінің орынбасары. Ұлттық зерттеулер институтының директоры (2002 ж.). 2003 жылдан - «Ақ жол» ҚДП Орталық аппараты жетекшісінің бірінші орынбасары. 2004 жылы - «Саяси білім беру қорының» президенті. 2005-2006 жылдары - «Атамекен» ұлттық даму орталығы» ЖШС-нің директоры.

2007 жылы ҚР Президенті Әкімшілігінің Қазақстан Халқы ассамблеясы хатшылығының бас инспекторы болды. 2008 жылдың наурызынан - ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 2008 жылдың қазанынан - Президенттің Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры болған. 2010 жылдың қаңтарынан бері - Ұлытау ауданы, Жезқазған және Арқалық қалаларының әкімі.

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,

«D»

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 43 (171) 22 қараша 2012 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5373