Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3505 0 пікір 23 Қараша, 2012 сағат 08:33

Зира Наурызбаева. Әжемнің ашаршылық жайлы әңгімесі

«Қырғыздар (қазақтар), экономикалық жағынан әлсіз болғандықтан, марксистік принцип бойынша бәрібір құрып бітеді. Сондықтан да революция үшін қаржыны  -  барлық мүмкіншілікті аштықпен күреске шығындаудың орнына майдандарды қолдауға жұмсаған маңызды». (Түркістандағы большевиктер фракциясының жетекшісі И.Тоболиннің 1919 жылғы Түркістан ЦИК-ң мәжілісінде айтқан сөзі. Т.Рысқұловтың  «Революция және Түркістанның жергілікті халқы» кітабынан).

«Егер біз, шет аймақтардың есебінен орталықты нығайтқан болсақ, бұл ісіміз дұрыс, табиғи іс болған болар еді. Егер орталықты күшейту үшін шет аймақтарды тонау қажет болса, оған да барған болар едік» (В.П.Затонский, украин большевиктерінің жетекшілерінің бірі,  ВКП (б) Х съезінде сөйлеген сөзінен. М.Шоқайдың «Кеңестер билеген Түркістан» кітабынан).

«Қырғыздар (қазақтар), экономикалық жағынан әлсіз болғандықтан, марксистік принцип бойынша бәрібір құрып бітеді. Сондықтан да революция үшін қаржыны  -  барлық мүмкіншілікті аштықпен күреске шығындаудың орнына майдандарды қолдауға жұмсаған маңызды». (Түркістандағы большевиктер фракциясының жетекшісі И.Тоболиннің 1919 жылғы Түркістан ЦИК-ң мәжілісінде айтқан сөзі. Т.Рысқұловтың  «Революция және Түркістанның жергілікті халқы» кітабынан).

«Егер біз, шет аймақтардың есебінен орталықты нығайтқан болсақ, бұл ісіміз дұрыс, табиғи іс болған болар еді. Егер орталықты күшейту үшін шет аймақтарды тонау қажет болса, оған да барған болар едік» (В.П.Затонский, украин большевиктерінің жетекшілерінің бірі,  ВКП (б) Х съезінде сөйлеген сөзінен. М.Шоқайдың «Кеңестер билеген Түркістан» кітабынан).

Қайта құру кезінде қазақ жерінде болған жаппай ашаршылық жайлы айтыла бастағанда, аштық туралы нағашы әжем Әкиба Темірғалиқызы Бекболатовадан (198-14-1991,  БҚО) көп жәйттарды сұрап білген едім. Әжемнің балалық шағындағы естеліктерінде 20-ы жылдардағы, оның ішінде шамамен 1922-23 жылдары болған ерекше қатал қыс есінде жақсы сақталыпты. Мүмкін ол кісінің айтқан жылдарының дәлдігінде қателік те болар, себебі ол кездегі қазақтың жыл санағы басқаша еді ғой. Қазір 80-і жылдардың аяғында сол кездегі әжем айтқан әңгімелерді компьютерге түсірген кезімде, «кейбір жерлерін өңдесем қалай болар екен» деген ойлар да келіп қалатын. Бірақ, олай еткен жоқпын,  бұл әңгімелерді әжем қалай айтса, солай қағазға түсірдім.  Әжем ол кезде жас та болса, өте зерек, жады мықты, есті қыз болыпты. Әкиба әжем  Байбақты руынан, оның Байжиені, одан Тоқсаба аталатын тармағынан. Жазғы жайлаулары  Қызылоба деген жер болыпты. Әжемнің әкесі Темірғали 1943 жылы 77 жасында (ата-бабасының көпшілігі осындай жасқа жетеді екен) дүниеден өтті. Бұл кісі өте ірі келген, қарулы, бойы екі метр, сауаты мол, еті тірі, көкірегі ояу кісі болыпты. Қазан қаласына барып қазақша кітаптар әкеліп, қыстың ұзақ кештерінде ауылдастарына арнап оларды дауыстап оқиды екен. Бір күні дастархан басында шәй ішіп отырғанда қонақтардың бірі темір жол мен шайтан арба жайлы әңгіме қозғағанда Темірғали атам: «Шайтан, шайтан деп қоймайсыңдар. Міне, мынау  самаурын қайнап тұр, оның селкілдеуінің себебін білесіңдер ме? Себебі, оны ішіне симай тұрған бу селкілдетіп тұр. Егер оның аяғына дөңгелек салсаң жүріп кетер еді» деп қарапайым тілмен түсіндіруінің өзі атамыздың сауатты екенін көрсетеді.

Сол кездің өзінде ол кісінің ел ішіндегі абырой-қадірінің, көкірегінің ояулығының арқасы болар, көптеген ауқатты орыстармен тамыр болған, Лбищенскіде (Кеңес заманындағы аты  Чапаев, аудан орталығы) тұратын орыстардың малын баққан малшы, бақташыларды басқарған. Соның арқасында орыстардың басшыларымен келісіп ағайындарын Лбищенскіге жақын жерге, сол кездегі заң бойынша қазақтарға Жайық өзеніне 10 шақырымнан жақын тұруға тиым салынған аймаққа көшіріп әкеліпті. Сол жерде қос ылди шатыры бар үй соғып, оны бойы екі метрлік темір шарбағы бар қақпамен қоршатады.

Атамның бірінші әйелі Отарқызы Қатирадан бір ұл (ерте өлген) және төрт қыз туған. Менің әжем қыздардың үшіншісі. Әжемнің айтқанынан білгенім, бұл әулетте әйелдерге, әсіресе қыздарға деген ерекше құрмет болған. Ру атауының Байжиен болып аталуының өзі (ғалым С.Қондыбайдың түсініктерді тарқатуын негізге алсақ) бұл руда матриархат үрдістері басымдықта болғанға ұқсайды. Темірғали атам қыздарын тәрбиелеуге көп көңіл бөлген, оларға ертегі, жыр, аңыз, мақал-мәтелдерді бала тілімен жеткізіп құлақтарына құйып отырған. Дене шынықтыру мәселесіне де назар салыпты. Әжем жас кезінде Жайық өзенін Чапаев қаласының тұсынан бір қолымен жүзіп (бір қолымен киімдерін ұстап) өтеді екен. Қыздарының иманды әрі зеректі болуы жағын да ойлапты. Кейін қилы заман орнағанда оларды әртүрлі қару ұстап меңгеруге де үйреткен. Әжем күйеуге шыққан соң, атамның кеңесімен тирге барып, сол кездегі «Воршилов мергені» деген атақты бір салғаннан алыпты. Кинофильмдерді көріп отырған кезімізде әжем кино кейіпкерлерінің қолындағы қаруларға қарап  «мынау наган мен маузер, мынау револьвер, пятилинейка, берданка, шолақ мылтық деп жаңылмай айтып отыратын. Мұның  барлығын айтып отырғаным  -   әжемнің айтқан әңгімелерін оңай түсіну үшін қажетті жәйттар  дегенім.

....1922-23 жылғы қыста аулымыз үлкен жүргін жолдың шетінде, үлкен елді мекенге жақын болғандықтан, атыс-шабысқа тап болдық. Күн сайын атыс, мылтықтың, пулеметтің дауысы естіліп тұрды. Күн сайын Лбищенскіден қызылдар қара шыбындай қаптап келіп тұрады. Әжемнің оларды «безенші» деп неге атайтынын сұрамаппын. Ақтардың отрядтары, басқа да әртүрлі бандиттер келіп ауылды шауып кететін. Бәрі де қайырымсыз, қатал, тамақтары аш, жүдеу, қолына түскеннің бәрін жинап алады. Қазақтың малын тәркілеп яғни кәмпескелеп сол жерде сойып жейді. Бұны өздері «қызыл қуырдақ» деп атайтын. Көп ұзамай нағыз аштық басталды. Балалар аштықтан ісе бастады, өлім көбейді. Ауылдастардың көпшілігі мұндай қауіпті аймақтан көшуге бел байлады. Темірғали оларға, көшкеннен пайда болмайтындығын, мынадай  сұрапыл қыста балалармен көшу қырылуға соқтырарын айтып үгіттегенімен оны ешкім тыңдамады. Көпшілігі көшіп ауылымызда үш-төрт қана үй қалды. Үйлері қаңырап бос қалды. Көшіп кеткен ағайындарымыздың көпшілігі сол кеткеннен мол кетіп, хабар-ошарсыз жоқ болды.

Темірғалидың екі үлкен қызы ол кезде тұрмысқа шыққан. Атам құда таңдауға ерекше қарайды екен. Қалың малына қажетті зергерлік бұйымдарды өзі істеген. Апаларымның біріне қалай құда түскені жайлы бір әңгімені әжем жиі айтатын. Апасының біріне Лбищенскіден алыс жерде тұратын, елде қадірлі бір кісі құда түсіпті. Атам қызын қасынан алыс жерге жібергісі келмесе керек, бірақ қадірлі кісіге ашық бас тарта алмайды. Сылтау іздеп, баяғы ертегілерде болатын үрдістер есіне түссе керек, қулыққа барыпты. «Қызыма қалың малға пәлен деген (өте сирек кездесетін) тұқымдас жылқы бересің» дейді. Құдалар оған да келісіп, жылқыларын айырбастап Темірғалидың барлық шарттарын орындайды. Амал жоқ, енді құдалықтан бас тарта алмайды, болашақ құдаларына қиын шартты орындатқанын түсінген, енді өз абыройын түсірмеу үшін атам қызының барлық жасауы мен қалың малын қомақты етуге күш салып қызын абыроймен ұзатады. Қиын заман орнаған кезде екі қызының да күйеулері өліп қалған соң, екеуінің де отбасын қасына көшіріп әкеледі. Әжем мен оның сіңлісінің бойлары үлкен емес-ті. «Аштықтан ғой» дейтін әжем. Керісінше екі әпкесі де бойшаң болыпты, маған «сенен де биік» (менің бойым 169 см) дейтін.

Темірғали атам сол кездегі қиын заманға, отбасын аштықтан аман алып қалуға дайындала бастайды. Сол кездегі қаңғып жүрген бірен-саран солдаттарға қарсы тұру үшін әркез бойында қару ұстап жүріпті. Қорасының қуыс-қуысына қаруларды тығып, қару болмаған кезде айыр, балта, шалғы сияқты суық қаруларды тығып жүріпті. Бірнеше рет тәркілеуге түсіп аман қалған екі сиырын егесіз қалған сарайларға қамап, тығып ұстайды. Оларға пішенді тек түн кезінде, жолында пішеннің бірде бір қылауын түсірмей жеткізіп тұрған. Малдың қиын ауыл сыртына апарып қардың астына жасырған. Сарайға барған ізін де жасырып отырған. Сиыр бұзаулаған кезде төлдерін үй астынан өжіре қазып сонда ұстапты. Сауылған сүтті тек бұзауларға берген, себебі үйде азық-түлік пен тамақ сақтау қауіпті. Тамақ дайындап жатқан кезде Темірғали жолға шығып күзетеді екен. Өзі тамақ жемей жартылай аш жүрген. Тамақ істеген қазанды босаған соң қармен әбден ысқылауды ұмытпаған. Солдаттар қазанда майдың ізі бар ма, жоқ па деп тексереді екен. Қыздардың қабырғаларын ұстап «аш балаға ұқсамайды, іспепті, сенде тамақ бар» дейді екен. Жүдеу көрінсін деп қыздарға алба-жұлба көйлек кигізіп, әжемнің тілімен айтқанда «сыған» қыздары сияқты киіндіреді екен. Солдаттардың да жағдайы мәз емес, аштықтан жүдеген, әлсіз. Бір солдат Темірғалидың үлкен қызының тамақты тығып жатқанының үстінен шығыпты. Тамақты тартып алмақ болған солдатты әйел итеріп жіберіп қаруын тартып алады. Келесі бір осындай жағдайда шоланда жасырып үлгермеген бір кесе сүтті тапқан солдаттар соған өзара таласып төбелесіп қалады. Бір кесе сүт ешқайсысына да бұйырмай төгіліп қалған, шоланда солдаттардың шинельдерінің жұлынған белбеулерінің үзінділері қалыпты.

Бір жолы қаңғып жүрген отрядтың солдаттары сиырдың біреуін тауып, алып кетпекші болғанда Темірғалидың екі қызы ер кісінің киімін киіп алып әкесі үшеуі солдаттарға қару кезінеді. Менің әжем атамның ымдауымен, қорқып тұрғанын жеңіп солдаттарға барып қолдарындағы сиырды бұйдасынан ұстап жұлып алады. Солдаттар кетіп бара жатып, отрядпен қайтып келеміз деп қорқытса керек, бірақ Құдай сақтап аман қалады. Осындай ерекше сақтықтың, жолы болғыштықтың арқасында солдаттар осы қыста Темірғалидың отбасынан бар болғаны 5 кило ұн және арнайы тігілген әкемнің қос қабат былғарыдан тіккен киіз жапсырмасы бар саптама етігін алыпты. Қыстан әбден жүдеп-жадап болса да, ең бастысы аман шығыпты. Ауылда қалған екі-үш отбасы ағайындарымыздың жағдайы мүшкіл болыпты. Әскерлердің дойыр қамшысының астына түскен, атып тастау қатерінен қорыққан ағайындар тыққан малы мен азығының жатқан жерін көрсетіп бәрі де аштан өледі. Бір ғана шал мен кемпір тірі қалыпты. Темірғали оларға көмектесе алмаған, егер олардың малын өз малымен қосып қосып бірге тыққан болса, өз балаларының өмірін қауіпке салады, сонымен бірге олар қорқып бірге тыққан малы мен азығының орнын айтып қойған болар еді. Тағы бір отбасыда ата-анасы мен жалғыз баласы аман  қалыпты.

Бірде осы үйдің отағасы Баймырза Темірғалиға келіп кемпірдің үйіне бір қайыршы қыздың кіріп қайтып шықпағанын айтады.  - «Сенің де балаларың бар, менің ұлым бар... Не істейміз?  Темірғали қолына шолақ мылтығын алып ағайын кемпірдің үйіне барады. Сарайында қыздың жіліктелген, тұздалған етін көреді. Кемпірге кірсе үйінде әлсіреп нашар халде жатыр екен. Келе жатқан адамның дыбысын естіген кемпір:

- Темір, сенсің бе?

- Иә, мен.  Апа өзің өлім аузында жатырсың. Жазықсыз жанның қанын жүктегенің не? Қалай тірі жүрмексің? Бір оқпен жаныңды алайын ба?

- Қасықтай ғана қаным бар. Туыс емеспіз бе. Атам десең ат.

Темірғали бөгеліп тұрып қалады, бірақ жақын туысын атуға бата алмай шығып кетеді. Көп ұзамай адамның еті де бұйырмаған кемпір өледі.  Темірғали кемпірді де, қыздан қалған сүйектерді де жерлейді.

Темірғалиға шешесі жағынан туыс келетін бір шал жалғыз қалған соң ағайындары кеңес құрып шалдан кімнің қолында тұратынын сұрапты. «Темірғалидың қолына барамын. Жақсылық та, жамандық та, шықса тентектен шығар» депті.

Көктем шығып табиғат оянған кезде қыздары көгалға ойнап, қымыздық теруге шыққан кезде әкесі қыздарының қастарында болып әркез шапанының астына шолақ мылтығын тығып жүреді екен. Қыздарын біреулер ұрлап кетер, адам жегіштерге қолды болар деп қорқады екен.

Жазғытұры шыққанда Темірғали екі үлкен қызына аман қалған екі баспағын беріп (жасауы ретінде) екеуі де қайтадан күйеуге шығады. Сүйтіп, осы қыстан шыққандар үшін жаңа өмір басталады...

***

Алматыдағы үйіміздің терезесінің алдында қызыл шие өсіп тұрды. Оны Кенжебек ақсақал егіпті. Бұл кісі Тәттімбет пен Мәдиге туыс екен. Қызыл шиенің жемістері ірі және тәтті болғандықтан ауладағы балалардың көз құртын жейтін еді. Балалардың талай шабуылдарына төзе алмаған (балалар шиені бұтағымен жұлатын) ағаш кейін өспей қалды. Жыл сайын көктем келгенде шиенің гүлдегенін көрген сайын әжем: «Жарықтық, тірі жанға көктем келді» дейтін еді...

«Abai.kz»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377