Сенбі, 23 Қараша 2024
Бір сауал 4023 9 пікір 21 Маусым, 2022 сағат 14:05

Германия неге соғыс ашты?

Ертең, 22-маусымда Германияның Совет Одағына қарсы шабуыл бастағанына 81 жыл болады екен. Жыл сайын осындай кезеңде «1941 жылы 22 маусымда фашистік Германия опасыздықпен соғыс жарияламастан Совет Одағына басып кірді» деген құлаққа сіңісті тұжырым кезекті рет қайталанып жатады. Осы шындыққа үйлесе ме? Немістердің опасыздықпен басып кіргені рас па?

Ресей тарихшылары 2009 жылға дейін бұл тақырыпқа ауыз ашып көрген емес. Өйткені ақиқатты айтуға жол берілмейтін. Тарихи құжаттар болса не дейді? Тарихи құжаттар Германия 1941 жылы 21 маусымда соғыс жариялау туралы Берлинде әзірленген құжаттың 22-маусымға қараған түнде Мәскеудің ресми өкілдеріне тапсырылғанын айтады.

Германия елшісі Вернер фон дер Шуленберг 1941 жылы 22 мауымда Кремльге келіп, қабылдау бөлмесінде бірнеше сағат тосып, таңғы сағат үште Сыртқы істер халық комиссары В.Молотовқа өзі телеграф арқылы Берлиннен алған СССР-ге қарсы соғыс жариялау туралы нотаны тапсырған. Шамамен сол уақытта Германияның Сыртқы істер министрі И.Риббентроп Берлинде өзіне СССР-дің Германиядағы елшісі В.Деканозовты шақырып алып Совет Одағына қарсы әскери қимыл басталғаны туралы нота тапсырады. Құжат толықтай «Нота Министерства иностранных дел Германии Советскому правительству от 21 июня 1941 года» деп аталады.

Сондықтан «Германия Совет Одағына қарсы опасыздықпен тұтқиылдан соғыс бастады» деген тұжырым жалған болып шықты.

Сондай-ақ нотаға Германияның СССР-ге соғыс ашуға мәжбүр болған себептерін айғақтайтын үш ведомство әзірлеген хабарлама қоса тіркелген. Біріншісі, Германияға қарасты аумақтарда тоқтаусыз советтік диверсиялар жүріп жатқанын, екіншіден, Мәскеу тарапынан Рейхқа қарсы дұшпандық насихат өршіп кеткенін және көрші елдерде Коминтерн жұмысының белсенділігі күрт артқанын, үшіншіден, Германиямен шекаралық аймақтарда Қызыл Армияның 160-тан астам дивизиясы шоғырландырылып қойылғанын уәж етеді. Берлин СССР-дің мұндай әрекеттерін «ту сыртынан соққы беруге әзірлік» деп бағалап, фюрер Вермахтқа шығыс шекарада туып отырған «қауіпті жоюға» бұйрық бергенін хабарлайды.

Құжатта 1939 жылы 23-тамызда Мәскеуде Молотов пен Риббентроп қол қойған Совет Одағы мен Германияның өзара шабуыл жасаспау туралы шартты СССР күш жинау үшін уақытша тыныс беретін құжат ретінде бағалағаны айыпталған.

Сол нотада Германияның превентивтік соққы беруге, яғни СССР-ден бұрын соғыс бастауына себеп болған жайттар рас па еді? Ресейлік В.Резун, И.Л.Бунич, С.С.Захаревич, Л.М.Млечин сияқты зерттеушілердің еңбектерінде Совет Одағының Германияға шабуыл жасауды көздейтін «Гроза» операциясына әзірлік бір жыл бұрын, 1940 жылы наурыз айынан басталғаны айтылады.

Нақты деректерге қарағанда 1941 жылғы 12-мамырға дейін СССР-дің Белорус, Киев және Ленинград әскери округтарына 2 миллион 200 мың солдат, 8112 танк пен бронетехника, 6500 әскери ұшақ, 37 мың зеңбірек пен миномет шоғырландырылған. Шекара түбіне тасылған жанармай мөлшерінің молдығы соншалық, немістер шабуыл бастаған соң бір жылдан астам уақыт әскери техникасына сол жанармайды пайдаланған. И. Буничтің жазуынша Германияға қарсы шабуыл операциясына 5 миллион адам, 11 мың танк, 35 мың зеңбірек, 9-10 мың ұшақ қатысуға тиісті болған. «Ледокол» деген кітабында Виктор Суворов Қызыл Армия күштері шекара түбіндегі екінші стратегиялық эшелонға 1941 жылы 10-шілдеге дейін жайғасып үлгеруі көзделгенін айтады. Алайда қалыптасқан әскери шиеленіс жағдайында Германияға қарсы «Гроза» операциясын бастау 1941 жылғы 6-шілдеге белгіленілген. Мұндай қимылдарды сезіп қойған Германия сондықтан 17 күн бұрын қимылдап, 1941 жылы 22-маусымда Совет Одағына соғыс ашқан.
Сыртқы саясатында өзінің басқыншылық пиғылынан әлі күнге бас тартпаған Ресей билігі, әрине, мұны мойындамайды. Архивтерде совет-герман соғысына қатысты маңызды құжаттардың көпшілігінен «құпиялылық» таңбасы сыпырылған жоқ. Қайта мерзімі тағы 30-50 жылға ұзартылып тасталды. Бірақ совет-герман соғысының басталуына әлемдік революция жасауды көздеген большевиктік СССР-дің тура және жанама ықпалы болғанына көзіміз айдан анық жетіп отыр. Әрі бұл шындық қазақстандық мектеп оқулықтарында қамтылғаны құба құп болар еді.

Марат Бәйділдаұлы

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377