Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Білгенге маржан 9526 17 пікір 24 Маусым, 2022 сағат 00:16

«Жошы хан - Алтын Орданың атасы...»

Жақында ғана Ұлытауда ұлттық құрылтай өтті. Осы үлкен жиында көптеген маңызды тақырыптар айтылды. Қазақстан Президенті Қ.Ж.Тоқаевтың баяндамасында ел күтіп жүрген өзекті мәселелер көтерілді. Ұлытауда ұлы Жошы ханның кесенесі орналасқан. 2023 жылы Жошы ханның таққа отыруының 800 жылдығын бүкіл ел болып атап өтеміз. Қазыбек Иса айтқандай: «Жошы хан - Алтын Орданың атасы, бүкіл Қазақ хандарының бабасы ғой!»

Шыңғыс ханның тұңғыш ұлы, батыл жауынгер, стратег және қолбасшы – Жошы хан. Оның анасы - Шыңғыс ханның бәйбішесі Бөрте, Меркіт елінің тұтқынынан босап келгеннен кейін көп ұзамай Жошыны дүниеге әкеледі. Бұл оқиға басқалардың Шыңғыс ханның әкелігіне күмән келтіруіне негіз болды. Бірақ ханның өзі не күмәнданбады, не ізгі ниетпен жаңа туған баланы асырап алуды ұйғарды. Осылайша Бөртенің жүкті болғанын, ал, Жошының өз баласы екені екенін дауыстап жариялады.

Кейбір деректерде Меркіт Шілгір-Бөкені Жошының туған әкесі деп атайды. Жошы мен Шыңғыс ханның арасында ешқандай жақындық болмаған, тіпті Шыңғыс хан өзіне мойынсұнбаған үлкен ұлын өлтіруге бұйрық берген деген қауесеттер де бар.

Жошының балалық шағы мен жастық шағы туралы мәлімет жоқ. Ол туралы деректер 25 жасынан бастап кездеседі. 1207 жылы Шыңғыс хан үлкен ұлын Байқалдың батысындағы жерді жаулап алуға жібереді. Онда тұратын орман тайпалары – телеуіттар, ұрсұттар моңғол қолбасшысына соғыспай беріледі. Тайпа ақсақалдарды сыйлыққа ақ боз аттар, бұлғындар және қыр сұңқарларын береді. Тұңғышының әскери дарынына, жорық нәтижесіне риза болған Шыңғыс хан Жошыға өзі жаулап алған тайпалардың жерін сыйға тартты. Дәл осы аумақтарда Жошы ұлысы – Алтын Орданың негізі қаланды.

1213 жылы Шыңғыс хан Цин империясына жорыққа шығады. Ол әскерін үш бөлікке бөледі. Негізгі әскерді өзі  кенже ұлы Төлемен бірге басқарды, батыс бөліктің басына ағасы Хасарды, ал, әскердің шығыс бөлігін басқаруға үш ұлын, Шағатай, Үгедей, Жошыны қояды. Бұл топ Тайхан жотасының оңтүстігінде соғыс жүргізіп, кейін Хуанхэ өзенінің солтүстік жағалауына шығады. Шабуылдаған  ағайындылар көптеген қалалар мен елді мекендерді, соның ішінде ең бай қала Шынсиді басып алып, тонайды.

Шыңғыс ұлдарының олжасы орасан зор болды, олар әскерлерін Бейжің маңындағы әкесінің жанына топтастырады. Шыңғыс ханның бұл жорығы өте сәтті өтеді. Цин империясы бітімге келуді сұрап, үлкен ақы төлейді. Моңғолдар әскерін жинап, еліне кетер жолда жергілікті халықты тонап, өлтіріп, тұтқынға алуды жалғастырады. Моңғолдар қолынан қаза тапқан бейбіт халық саны жүздеген мыңға жетеді. Цинь империясын жеңген моңғолдар 1217 жылы Байқал көлінің батысында батыл әрі табанды жау тұматтардың қарсылығына тап болды. Тұматтарды басуға аттанған моңғол жасақтары жеңіліске ұшырады. Қырғыздар тұматтар жағына шығып, моңғолдарға қарсы күреседі. Мұны білген Жошы хан Селенга өзенінің мұзы арқылы Енисейдің жоғары жағына өтіп, қырғыздардың орталық аймақтарына шабуыл жасайды да телеңгүт тайпасын бағындырады.

Аңыздарда Шыңғыс хан Орта Азияға жорыққа шықпай тұрып, тақ мұрагерін белгілеп кетеді. Ол алдында күтіп тұрған қауіпті болжаған дейді.

Шағатай Жошыны Меркіт ұрпағы санаған. Жошымен жекпе-жекке шығады. «Құпия аңыз» – ХІІІ ғасырдың қырқыншы жылдары шамасында қытай таңбасымен жазылған ең көне моңғол шежіресінде былай жазылады:

Шағатай «Бұл меркіт қалай тақ мұрагері болып, үстемдік танытпақ?», десе, Жошы «Хан әлі сені мұрагер етіп қоймады. Неге үстемдік етесің? Бізден артық емессің. Мен сенімен күресте жеңілмеймін», дейді.

Шыңғыстың екі баласы жекпе-жекке шығады. Бір қызығы, Шағатай Жошының тегіне күмәнмен қараса да, хан баласының екеуі де «шындық мынау» деп ашық айтпаған екен. Шыңғыс руы түркітілдес тайпалардан гөрі бұл әңгімеге әлдеқайда аз алаңдады. Керісінше, Жошының шыққан тегі күмәнді болса да, оның ұрпақтары нағыз «Шыңғыс әулеті» деп танылды.

Неліктен Жошы хан тұңғыш ұл болғанына қарамастан тақ мұрагері болмады? Кейбір зерттеушілер мұны моңғолдардың тайпалық дәстүрлерімен түсіндіреді. Сол бойынша ханның кенже ұлы мұрагер болып жарияланды. Бірақ, Шыңғыс хан үлкен ұлын басқа балаларынан кем көрмеген. Мұны келесі дерек дәлелдейді:  Шыңғыс хан өз туыстарына жер бөлу кезінде ең үлкен аумақты Жошыға берген. Жошы ханның өлімі де оның шығу тегі сияқты даулы мәселе. Жошы өмірінің соңына қарай әкесімен қарым-қатынасы шиеленісе түсті. Мұның себебін тарихшылар Жошының бүкіл Қыпшақ даласын жаулап алуға барудан бас тартуымен түсіндіреді. Жошы хан 1225 жылдың аяғында өткен Құрылтайға бармай, «аурумын» деп сылтау айтып, аңға шығып кетеді. Бұл Шыңғыс ханның ашуына тиді. Сүйтіп Жошыны сабасына түсіруге әскер аттандырады. Бірақ ешқандай соғыс болмайды. Жошы осы серуенде қайтыс болады.

Бұл оқиға туралы тарихшылар әртүрлі деректер келтіреді. Түркі тіліндегі дереккөздердің бірінде Жошы әкесінің айтқанына көнбеген соң, Шыңғыс хан оны өлтіруге бұйрық берген. Ал, Моңғолдардың дерегінде Жошы шынымен қатты науқастанып, әлдебір аурудан қайтыс болған. Моңғолдар арасында текті ханның қарапайым халық сияқты өлуі намысқа тиетін жағдай болып саналады, сондықтан өлімнің себептерін жасырып, көптеген қауесеттер таратты. Соның бірі, Шыңғыс ханның тыңшылары оны аңшылықта көрмеген дейді.  Бүгінде «Неліктен Жошы ханның кесенесі бар, ал, Шыңғыс ханның қайда жерленгені белгісіз?» деген сұрақ туады.  Жауап қарапайым. Жошы хан өмірінің соңында мұсылмандықты қабылдап, нағыз мұсылман ретінде жерленсе, Шыңғыс хан мен Бату хан пұтқа табынушылық дәстүрі бойынша жерленген.

Керімсал Жұбатқанов

Abai.kz

17 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1961