Целиноград деген атаулардан қашан арыламыз?
Осыдан біраз жылдар бұрын, кезіндегі Целиноград атауын Ақмола облысы деп өзгерткенде, Целиноград ауданының аты сол күйінде өзгеріссіз қалды. Неге және не үшін осылай қалдырғанын түсінбедік.
Әлде, солтүстіктегі көршімізден немесе өз ішіміздегі орыс тілді қауым өкілдерінен сескендікпе?! Бір істі бастаған соң, аяғына дейін неге толық атқара алмаймыз осы?!
Целиноград атауы бұрынғы Н. Хрущевтің солақай, үстем саясатын елестетпейме. Соның ақымақтығынан солтүстік облыстарымыздан айырылып қала жаздадық емес пе?! Егер, Жұмабек Ташенов болмағанда... Тіпті, осы ауданды осы кісінің аты-жөнімен де атағанда артық болмас еді!
Сол сияқты, талайдан сөз болып келе жатқан Ұйғыр ауданының атын да, сол өңірдегі шартарапқа аты кеткен Шарынның немесе осы өңірдегі қазақтардың ауызындағы Қарадала атауымен де атағанда болар еді ғой.
Біздің әрине, бұл ұлттың өкілдеріне еш жамандығымыз жоқ. Бұлардың арасында да азаматтық қасиеті мол азаматшалар мен азаматтар көптеп кездеседі. Дегенмен, алдағы уақыттағы ұлтымыздың және еліміздің болашағын ойлағанымыз жөн емес пе?..
Еліміздегі өзге ұлт өкілдері секілді, бұларда ұлт өкілдері ғана. Тұтас ұлт емес, біздердегісі өкілдері ғана болған соң, осылай істеген жөн болар ма еді?.. Демографиялық дүмпуі жоғары болған соң, алдағы еліміздің жағдайын ойлайсың. Ұлттық тілінде оқи берсін, оларда шатағымыз жоқ. Қайта, тілін жоғалтпағаны дұрыс! Сыйластықпен, достықпен тұрмыс кешкенге не жетсін.
Сонымен қатар, тағы бір айтарымыз, Бурабай ауданының орталығы Щучинск қаласының атын да, Бурабай қаласы деп өзгерткенде толыққанды болар еді. Осы ауданның аумағында бір кездері қазақтың Ұлы ханы Абылайдың билік жүргізу ордасы тұрды емес пе. Сондықтан, өзге тілдегіден гөрі, қазақша атауы болғанда, оңды болар еді деп ойлаймыз.
Бейсенғазы Ұлықбек,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Abai.kz